ИМ СИРИЯНЫҢ ШЫҒЫСЫНДА 400 АДАМДЫ АЛЫП КЕТКЕН
Сирияның шығысында жаңа аймақты басып алған «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы кемінде 400 бейбіт тұрғынды ұстап алып кеткен, олардың арасында әйелдер мен балалар бар.
Бұл туралы бүгін Сириядағы адам құқықтары ахуалына мониторинг жасайтын Ұлыбританияда орналасқан орталық хабарлаған.
Ұйымның мәліметі бойынша, ИМ содырлары әлгі адамдарды бұған дейін биліктің бақылауында болған Дейр-эз-Зор қаласының шетіндегі әл-Багалийе елдімекенінен күштеп алып кеткен. Орталық жетекшісі Рами Әбдел Рахманның сөзінше, ИМ алып кеткендердің арасында үкіметшіл күштер қатарында соғысып жүрген сарбаздардың туған-туыстары бар. DPA агенттігіне сұхбатында ол ИМ содырлары ұрланған адамдарды өлтіріп тастауы немесе құлдыққа салуы мүмкін деген қаупін айтқан.
Құқыққорғаушылардың дерегі бойынша, сенбі күні әл-Багалийе елдімекеніне шабуыл кезінде кемінде 85 бейбіт тұрғын және сириялық үкімет күштері мен жартылай әскери жасақ қатарынан 50 сарбаз мерт болған.
Сирияның «SANA» мемлекеттік агенттігі ақпаратында ИМ содырлары кемінде 300 бейбіт тұрғынды, негізінен қарт адамдар, әйелдер мен балаларды өлтірген деп айтылған.
«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Дейр-эз-Зор провинциясының көп бөлігін және оның осы аттас орталығын бақылауында ұстап отыр.
Абай-ақпарат