Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Қоғам 8251 0 пікір 31 Желтоқсан, 2015 сағат 11:45

АУЫРДАН АУНАП ТҮСТТІК

Әлем күнтізбесін ауыстыратын кез келді...

Біреулер 31 желтоқсанның жарым түнінде жететін күнді, яғни, Жаңа жылды - жер бетінде өздерін «христиандар» атайтын бір қауым ел «Құдай» санайтын Иса пайғамбардың туған күніне балап, мұсылман жұртына мәкүрік сынды санайды...

Кім білсін, бір есептен, бұл да дұрыс шығар, ата-бабамыздың тарихынан «шыршаны айналдық» дегенді кездестірмедік, есесіне, қажылыққа барып, Қағбаны айналу - мұсылманның бес парызының бірі...

Қалай десек те, тірі пенденің жер бетіндегі тіршілігінің он екі айы артта қалды. 2015 жыл - қазақ үшін аса ауыр жыл болды.

Біреулер «Теңге девальвацияға ұшырады» деп жүр, мен мұнымен келіспеймін, меніңше, екі еседей құнсызданған қазақ ақшасы есінен танып, құлап түсті...

Теңге құнсызданбайтынына жыл басында «сендірген» үкімет жыл соңында жер шұқып қалды. Былтырғы жылдың күзінде Ресей рублі «нокаут» алғанда, Кәрім Мәсімовтың үкіметі қалың «қорылынан» оянуы керек еді. 2015 жылдың ақпанының 15-сінде ел басшысының қаржы нарығында өзгеріс болмайтынын айтып: «Ауызбен орақ оратындарға емес, ресми тұлғалардың сөзіне сену керек» - дегені де ұмытылған жоқ. Сәуірдің соңындағы кезектен тыс сайлауда жеңіске жеткен мемлекет жетекшісінің: «Сайлаудан кейін де күрт девальвация болмайды. Қазақстандықтар менің кім екенімді біледі, егер ондай белгі болса, қалай сақтанып, қорғануды да өзім айтамын» - деген де есімізде...

Ресейдің қаптаған арзан тауарларының бәсекесінен қауіптенген қазақ кәсіпкерлері теңгені девальвациялау туралы үкіметке бірнеше мәрте ұсыныс жасады. Астана күні мейрамынан кейін 45 күн өткенде тамыздың 19-ы күні Қазақстанда 1 АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы 189 теңгеден 198 теңгеге көтерілді. Ертеңінде Қазақстан Үкіметі ұлттық валюта бағамын еркіне жіберіп, теңге 30 пайызға құнсызданып, 1 АҚШ долларының бағасы орташа есеппен 255 теңгеге дейін қымбаттады. Қарашаның 2-cінде ұлттық банктің жаңа төрағасы болып Данияр АҚЫШЕВ тағайындалды. Дегенмен, Данияр да далақтап жүргенде, желтоқсанның ортасында 1 АҚШ долларының бағамы 350 теңгеге дейін шарықтады. Жаңа банкир жаңа сылтаулар тапты: «Мұнай бағасы арзандады, Ресей валютасы құнсызданды, әлем экономикасы дағдарысқа түсті»...

Расында, біздің елдің бюджетінің 75 пайызы мұнай сатудан түскен қаржыдан құралады. Сондықтан өндіріс құрып, отандық тауарлар шығару керек. Іс-әрекет, өнім мен табыс жоқ жерде - экономика түзелмейді. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың: «Теңге мұнай мен рубль өзгерісіне тәуелді болып қала береді» - деуі де сондықтан...

Әйткенмен, қандай қияпатта да «шүкірінен» жаңылмаған ұлтпыз. Қазаққа бар жақсылық ертең келетіндей болып тұрады. Бір болжағыштар: «Қазақ банкілері доллар мен теңгенің курстік айырмасы бойынша пайда табатын мүмкіндіктерін тауысты, яғни, теңге бағамы тұрақтануы керек. Теңгенің еркіндікке кеткен ең ауыр кезеңі өтті» - деген үміт сәулесін жылтыратса, келесі бір «Қорқыттың көрін» көргіштер: «Қазақ бензині үш мұнай зауыты 2018 жылы толық жұмыс істегенде ғана арзандайтын болады» - деген гөйгейінен жаңылмайды...

...Жыл бойына қыл үстінде жүргендей мазасыз күй кештік. Жыл қазақ үшін аса ауыр тиді. Бір үміт ұшқыны - мүлікті заңдастырудан 3,5 млрд теңге шамасында қаржы түсіпті. Жаман емес. Енді ірі ұры-қарыларға ес кіріп, етектей қаржысының елеулі бөлігін елге қайтарса, қатып кетер еді. Әйтпесе, жер жүзін түгел қаптаған дағдарыстың біреудің сырттағы дүниесін аман қалдыруы екіталай, тапқанын - ит, арқасын - бит жегенше, еліне бұйырсын!..

Ертеңге үмітіміз ерен. Ауырдан аунап түскен секілдіміз...

Тәубә! Биылғы «Төлтолғам» да тәмәм...

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036