1966 ЖЫЛЫ КЕҢЕСТЕР ОДАҒЫН МАСҚАРАЛАҒАН ТУЫНДЫ
Кеңестер одағының қылышынан қан тамып, аузын ашқанның тілін жұлып алатын кезеңде тоталитарлық жүйеге қарсы бірқанша шығармалар жазылғанын там-тұмдап білеміз. Десек те, солардың соқталысы 1966 жылы «Қазақстан пионері» газетінде үзіндісі ғана жарияланған Бердібек Соқпақбаевтің «Ергежейлі еліне саяхат» шығармасы еді. Неге екені белгісіз, бердібектанушыларды былай қойып, әдебиеттанушылар бұл шығарма жайлы (бірлі-жарым айтқандар болмаса) жақ ашқан емес. Бұл туынды ғаламға қатер төндірер қарумен құрсауланып, атом бомбасымен әлемге айбат шеккен КСРО-ның саясатын ашық сынайды. Сынап қана қоймай, отарлаушы империяның қабырғасы сөгіліп, шаңырағы ортасына түсетінін болжайды. Тұспалмен емес, ашық айтады, ашық жазады. Жазушының шеберлігі сол, тапқан формасы ғана оны жазадан құтқарып қалатынын байқайсыз. Мәселен, осы хикаятта мынандай жолдар бар.
– Ергежейлі халқын бақытқа жеткізуші данышпан көсем Жасабол жасасын! – деп, айқай салған ұранмен аяқтадым.
Елдесер менің әр сөзімді Ергежейлі тіліне аударып тұрған. Соңғы сөзімді аудармай бетіме бажырая қарады.
– Мен болдым, аудар, – дедім.
– Біздің президентімізді сіздің жәбірлігіңіз келе ме?
– Қалайша?
– Пендені көзіне мақтап қолпаштау, біздің елдің дәстүрінде өте ұят мәселе. Жәбірлеп тілдегенмен бірдей сөкет кылық.
Мен әрі сасып, әрі қысылып қалдым.
– Ойбай, онда аударма! – дедім.
Рас. Кешегі КСРО кезінде көсемді ұлықтау, оған табыну дәстүр болды. Біздің халық ол дәстүрді әлі де қаза етпей келе жатқаны мәлім. Демек, ұлық Бердібектің сол тұстағы наразылығы әлі өз күшінде тұрғанын мойындауымыз қажет.
Мұның бәрін былай қойып, қазірдің өзінде геосаясатымыз ушығып, іргедегі Ресей «Ергежейлі КСРО-ға» айналды. Атом бомбасымен әлемге айбат шегіп, ғалам тыныштығын бұзып бітті. Путиннің әр қадамын көрген сайын Бекеңнің «Ергежейлі еліне саяхатын» әлем тіліне аударса ғой» деп армандайсың...
Әлемді былай қойып бұл шығарманы өз қазағымыз оқыған жоқ. Ең алғаш толық нұсқасы 1990 жылы ғана «Жұлдыз» журналына жарияланды. Одан кейін Соқпақбаевтың ешбір кітабына енген емес. Біз бүгін сол олқылықтың орнын толтырып, «Аbai.kz» ақпараттық порталына хикаятты түгелдей жариялап отырмыз.
«Атом» деген тажал сөздің соңғы «м» әрпін алдыға шығарып, «мато бомбасына» айналдырған Батыр Бердібектің бұдан да басқа Сіз оқымаған шығармалары жетерлік. Алдағы уақытта жариялай жатармыз! Ендеше, іске сәт!
Қанат Әбілқайыр
ЕРГЕЖЕЙЛІ ЕЛІНЕ САЯХАТ
(хикаят)
Мен бұл повесті бұдан ширек ғасыр бұрын жазған едім. Шағын үзіндісі «Қазақстан пионері» газетінде (1966 жылы, №2-4) жарияланды. «Жұлдыз» журналына бердім, баспады. Сол кездегі Бас редактор (атын айтпай-ақ қояйын) маған ренішпен бажырая қарап: «баса алмаймыз, шығармаңыз идеялық тұрғыдан бізді қанағаттандырмайды. Қайдағы бір ергежейлі елін біздің соңиалистік елден артық көрсетесіз. Осы жарай ма?» – деген тәрізді сөздер айтты. Таласып жатудан пайда жоғын білемін, билік кімде болса, соның сөзі дұрыс.
Міне, ана заман өзгерді, шығармамды бір сөзін өзгертпестен «Жұлдызға» қайта беріп отырмын. Заман да, журналдың аппараты да өзгерген кез. Нағыз үлкен өзгеріс, үлкен төңкерістер әлі алда екеніне менің сенімім кәміл.
АВТОР.
I
Қыстың орнын жаз басып, жарқырап жылына бастаған кезде қыстаудан жайлауға ауысатын әдетім бар. Қыстауым – кабинетімдегі диван-кереуетім, жайлауым – балкон. Күн жылынысымен үйде ұйықтауды доғарып, таза ауада ұйықтаймын.
Таза ауада ұйықтаудың пайдалы екенін жұрттың бәрі біледі. Бірақ бәрі бірдей іске асыра бермейді. Біреулердің бұған жағдайы келмейді (айтайық, пәтерінде балкон жоқ,) енді біреулерге «кәрі жезде» – жалқаулық бөгет жасайды. Шойындай ауыр алақанымен екі иықтан жаншып басады да: «Әуре боп, тасымалданып қайтесің. Жылы үй, жұмсақ төсекте ұйықтай салсаңшы» дейді. «Кәрі жезде жалқаулықтың» көңілін көп жұрт қия алмайды, айтқанына көнеді, айдауына жүреді.
О баста мен де сондай едім – жалқаулықтың ырқына көнгіш едім. Сөйтсем, одан табар пайдам жоқ екен, шегер залалым ұшан-теңіз. Содан соң жездекеме айтар сөзімді бекемдеп бірақ айттым: «Сен мені иықтай бергеніңді қой, сенің достығыңнан да маған денсаулығым қымбатырақ. Мен енді таза ауада ұйықтауды әдетке айналдыруға белімді бекем буған адаммын» дедім.
***
Июнь айының бастапқы күндерінің бірі, таңертеңгі мезгіл. Әлгі айтқан рахат балконда түнеп шығып, енді-енді тұрайын деген оймен төсегімде шалқамнан керіле түсіп жатырмын. Күн әлі шықпаған, ақшыл қызғылт шұғыла шығыс көкжиекте жаңа-жаңа кеңейіп айқындалып келеді. Біздің үй қаланың қақ ортасында, тоғыз жолдың шуы мол торабында болса да таңертеңгі сергек тыныштық әлі бұзыла қоймаған, жұрт аяғы жапа-тармағай әлі қозғалмаған.
Бүгін мен үйде жалғыз едім. Әйел, бала-шағамды кеше кеште пойызбен Семейге қайын жұртыма аттандырып салғам.
Әйелімнің ел-жұрт, туған-туысқанын көрмегеніне бірталай жыл. Күйеуге шыққалы, яғни, менімен тұрмыс құрғалы, тырс етіп төркін жағына ат ізін салған емес. Енді ол бүкіл бір айлық демалысын сонда өткізіп қайтпақшы. Барсын, аға-жеңге, әкпе-сіңілі тәрізді аңсаған жақын тумаларымен мәре-сәре қауышып, мауқын бассын. Туып-өскен каласының көшелерін аралап, кешегі балдай тәтті балалық шағын есіне түсірсін. Кішкентай қос тентегім: үш жасар Әли мен екі жасар Мұхтар үшін де бұл сапар зор мереке емес пе?! Туғалы бері қаладан ұзап ешқайда шығып көрмеген сәбилер былайғы кең дүниемен дидарласып, тамаша етсін, пойыз үстінің, жол жүрудің қызығын бастан кешсін. Нағашыларының төрінде асыр салып ойнап, мұндағы менің ғана емес, олардың да біраз мазаларын кетіріп, есін алсын.
Ал мен болсам, бұл күндері оңаша тыныш үйде құлшына еңбектеніп, зая кетіп жүрген уақытымның есесіне біраз шаруалар тындырып тастамақпын.
Оянып алып жатқанда, басыма осы тәрізді ойлар келді. Кой, енді тұрайын, тіршілік қамына кірісейін. Кенет, дәл осы кезде, салмағы бала мысықтың салмағындай бір зат жоғары жақтан көрпенің үстіне, (дәл кіндік тұсыма) топ етіп құлап түскені. Күтпеген жағдай болғасын селк етіп шошып қалдым. Біздің үй ең үсті – төртінші этажда. Бізден жоғары ешкім тұрмайды. Ендеше, бұл не болуы мүмкін? Шатырдың шетімен келе жатып, тайып жығылған тәжірибееіз бала мысық болар деп ойладым да, басымды көтеріп алып қарадым. Қарасам, үстімдегі әлгі зат мысық та, ештеңе де емес, титімдей қуыршақ. Иә, иә, қуыршақ. Адам тәрізді басы, екі қолы, екі аяғы, көзі бар. Біздің аузымыз тәрізді аузы бар, үстінде адамша киген киімі бар. Онысы жай киім емес, аумаған космонавша.
Мына ғажапқа караңыз: қуыршақ жанды қуыршақ болып шықты. Құлап түскен орнынан адамша ұшып түрегеліп, төңірекке алаңдап қараумен тұр. Мен осы қайда түстім? Мынау айналамдағы не дүние дегендей таңырқап, әбігерлене қарайды. Басында кәдімгі космонавтар киетін скафандр-шлем. Үстінде қолбиған көкшіл комбинезон, аяғында жылтыр қара бәтеңке. Ол, сірә, аспан жақтан парашютпен түскен болуға керек, көлемі қол орамалдай көкала жібек парашют, ұп-ұсақ жіп-баулары шұбатылып, қасында жайылып жатыр.
«Иә, тағы не істер екен?» деп ешқандай қимылсыз қатып қараппын да қалыппын. Әлгінің қуыршақ та емес, тіпті, жанды қуыршақ та емес, тірі мақұлық екеніне менің көзім жете бастады. Ноқаттай жылтыраған қара көздері скафандр әйнегінің ішінен тышқанның көзіндей жылт-жылт етеді. Кеберсіген қызғылтым еріндерін, қас-қабақ, кірпігінің қозғалысына дейін анық көріп отырмын. Бір кезде ол бетіндегі скафандрды ашып қақпағы томпақ әйнекті екі қолымен жоғары қарай сырғытып жіберді. Ертеңгі салқын ауаны кеуде керіп, рақаттана жұтады. Маңдайы тершіп, бусанып, азырақ ентігіп тұр. Иә, иә қуыршақ емес, тірі мақұлық. Кәдімгі өзіміз тәрізді жаны бар адам. Айырмашылығы тек титімдейлігі. Бойының ұзындығы шамамен, бір сүйемнен аспайды.
Қуыршақ космонавт парашюттың өз денесіне байланған бауларын бір-бірлеп шешіп, ағытуға кірісті. Мен әлі сол қыбыр етпей, таңырқап қараудамын. Басымды ұмтыла көтерген қалпым, үн-түнсіз бақылаумен отырмын. Бір кезде ол өзіне үңіле қарап қалған мені көрді. Екеуіміздің көздеріміз тоқайласып қалды. Көргені түссін, бейшараның зәресі ұшып кетті, дәл бір жан алғыш әзірейліні көргендей болды. Ноқат көзі шақшиып шарасынан шығып барады. Өң-түсі лездің арасында күнге күйген шүберектей қуарып кетті.
Шынымды айтсам, мен сасыңқырап қалдым. Өңімді дереу жылытып, күлімсіреген болдым. Қолыммен ишаралап: сен менен қорықпа, шошыма. Мен саған тимеймін. Ешқандай жаманшылық істемеймін деген сөздерді айттым. Менің не айтып жатқанымды ол дәлме-дәл түгінбегенмен, бейілімнің жұмсақтығын аңғаратын тәрізді. Үрейленген қалпынан біраз басылып, бет-жүзінен аздап та болса сезім белгісі білінейін деді. Қолын кеудесіне қойып, еңкейіп, инабатпен тағзым етіп, нәзіктеу жіңішке дауыспен ол дағы бірдеңелер айта бастады. Үнінде, бет-жүзінің құбылыс қозғалысында аянышты жалынып-жалбарыну бар: тақсыр, аяушылық ете көріңіз, мен де өзіңіз тәрізді тірі пендемін. Менің де сізге істер ешқандай жаманшылық-жаулығым жоқ дейтін тәрізді.
Еңкейе түсіп үш саусағымен әлгіні белінен ептеп ұстадым да, бері көз алдыма алып келдім. Анықтап үңіліп қарай бастадым. «Қорықпа. Мен саған тимеймін. Қасың емес досыңмын» деп екініші қолыммен басынан майдалай сипап, тағы да ұғындыра түсіп жатырмын. Бұған ол басын иіп, бірдеңелер айтады. «Тақсыр, құп болады. Менің тағдырым енді сіздің қолыңызда, не істеймін десеңіз істей аласыз» дегендей, ешқандай қарсылықсыз, саналы түрде бағынғандық байқалады түрінен.
Міне, енді ол екеуміз ас үйде, стол басында шай ішіп отырмыз. Мен өзімнің күндегі дағдылы орнымда отырмын да, қонағым ас ішетін столдың үстінде бір жақ шетіне таман отыр. Астына орындық етіп сіріңке қорабын, стол етіп алдына шай салатын қаңылтыр қобдишаны қойып бердім. Кобдишаның үстіне дастарқан етіп бір жапырақ ақ қағаз жайдым. Бүның бәрін тинімдей қонағым мен тарапынан көрсетілген зор жақсылық ретінде қабылдап, көңілі сабасына біршама түсіп болды. Өз үйінде өз дастарқанының басында отырғандай ара-тұра жадырай күлімсіреп қояды. Әлгінде, асқа отырарда ол үстіндегі қалбиған қалың комбинезонды шешіп, ваннада менің көмегіммен беті-қолын жақсылап жуған. Комбинезонның ішінен қабаттап киген жеңіл қоңыр шалбары, жүннен тоқылған әдемі свитері бар екен. Шалбарының балағы жіптіктей. Бойына жарасымды жеңіл киімдерімен құнттай боп, өте биязы, әрі ықшам отыр.
Адам қуыршақтай болған соң сұлуланып кете ме, жоқ әлде, мынау өзі сондай сұлу ма, әйтеуір, көркіне көз тойғысыз. Өң-түсінің, шашынын бояулары кісі таңғалғандай ағы ақ, қарасы қара – ап-айқын. Оң жағына қисайта тараған қою шашы көмірдей қап қара. Көздері қарақаттай мөп-мөлдір. Күлімсіреген кезде маржан тістері аппақ болып жарқырап көрінеді. Екі бетінің ұшындағы қызғылт қолдан қондырылған бояу тәрізді. Оймақтай кішкене аузы сәби аузындай монтиып, еріндері жаңа пісіп келе жатқан шиедей қызғылттанып, уылжып тұр.
Қонағымның алдына ақ нанның жұмсақ жерінен ұсақтап турап қойдым. Шай касықпен алып май қойдым. «Же, жей ғой» деймін. «Тогол» деген сөзді айтты да, ол көмейлене асап жей бастады. Бейшараның қарны ашқан болуға керек.
Шай қасықпен бір қасықтай сүт ішті. Бір жарым қасық шай ішті. Оның бойына шақ ыдыстың болмауы біраз ыңғайсыздық жасады. Стақанға немесе кесеге құйылған шайды көтеріп алып ішуге шамасы келмейді. Сондықтан қасықпен оның аузына тосып ішкізуіме тура келді. Құйтақандай бір түйір ірімшік жеді. Сонымен менің көктен түскен олжа қонағым нықсырап тойып та қалды.
Тамақ үстіндегі бір байқағаным, тинімдей қонағымның ас ішудегі әдет-машығы соншалық тинімдей нәзік, өте бір мәдениетті жан екені болмашы әр қимылынан білініп тұр, нанды аса еппен саусағының ұшымен үзеді, майға батырғанда еппен батырады, шайнағанда аузын ашпай, мылжаңдамай, үндемей шайнап, жұтқанда білдірмей жұтады. Шайды, сүтті ұрттағанда да сондай.
Тойдым, болдым дегенді білдіріп, алақанының қырымен тамағын сызып көрсетіп «тогол», «тогол» деген сөзді және бірнеше қайталап айтты. Бұл сөздің мағынасын мен кейінірек білдім, – рақмет дегені.
Тинімдей қонағым менің тамақ жесіме ғажаптана қарайды. Онысы түсінікті, менің бір асаған наным оған бес күнге азық болар еді. Бір отырыста ішіп-жегендерім, ең кемі, бір айға азық. Соған ол таңырқамай қайтсын. «Ойпырмау, мына дәудің тамақ жесі сұмдық қой. Нағыз жалмауыздың өзі шығар. Егер жеймін десе, мені де шақ етуге шамамды келтірмей, бірақ қылғып жұтуы тақық-ау».
Адамның туа біткен мінезі кашан да көрініп қалып отырады. Мен өзім әзіл-әжуаға бейім жанмын. Басыма қылжақ бір ой сап етіп келе қалмасы бар ма? «Ергежейлі қонағымды қорқытып көрсем, қалай болар екен?» дедім де, аузы-басымды сүртініп, тамағымды кенеп жөтеліп алдым. Содан соң өңімді күрт суытып:
– Ал енді мен сені жеймін,– дедім. Қонағым казір ғана сол жымия түсіп, маған қаннен қаперсіз тамашалап қараумен отыр еді. Мына сөзді естігенде елең етіп, үркіп қалғандай болды. Кірпігі жыпылық-жыпылық етіп, өң-түсі сұп-сұр болып кетті. Мен болсам, одан бетер ызбарланып, көздерімді жоғарылы-төмен дөңбекшіте төңкеріп, есінеп алдым. Содан соң тинімдей қонағымды белінен әлгіндегіше үш саусағыммен қысып ұстадым да, аузымды арандай ашып, жайлап алып келе жаттым. Басынан бастап қылғып жұта салатын тәріздімін.
Қойсаңшы, шыбын жаны түскір тәтті ғой. Тинімдей қонағымның бір ғана рет шіңк етуге шамасы келді. Сірә, біттім, құрыдым деп ойласа керек. Көздері жұмылып, мойны былқ-сылқ етіп талды да қалды. «Мен бұлай болады-ау деп тіпті де ойлаған жоқ едім. Шынымды айтсам: жаман састым. байқұсты алақаныма салып, бетіне үрлегіштеп жатырмын. Бірақ есін жиятын емес. Кездері өлермен болған торғайдың көзіндей кілегейлене жабысып, басы олай аударсам олай, былай аунатсам былай былқ-сылқ.
Енді не істеймін? «Ойыннан өрт шығадының» кері келді-ау! Осы күйде бұл енді есін жимай, өліп кетсе не болмақ? Тағдырдың ойламаған жерде менімен кез келтірген, менің қолыма әкеп берген ғаламат құбылысы еді. Соның енді бірде-бір сыры ашылмай, өкінішті жұмбақ боп қалмақ па? Әй, осы менің жеңілтектік мінезім-ай, бірдеңені кейде ойланбай істей салып, артынан опық жеп, бармағымды тістеп жүргенім.
Тинімдей қонағымды ас ішетін столдың үстіне шалқасынан жатқыза салдым да, жүгіріп дәлізге шықтым. Ноль үшті бұрап, жедел жәрдемге телефон соғып жатырмын: – Алло, жедел жәрдем бе? Тезірек келсеңіздер екен. Мұнда біреу талып, есін жия алмай жатыр, неден, қорыққаннан... Иә, қорқып, содан талып, мм... былай: мен... неден қорыққанын сіз қайтесіз, одан да тезірек келіп, жәрдем берулеріңіз кажет кой. Жо, бала емес, ересек. Жо, жо, мас емес. Сау. Сап-сау. Комсомол және Космонавт көшелерінің бұрышы. Жақсы, тосып алайын.
Әйнегінде крест танбасы бар ақсары машина зыр етіп келе қалды. Мен оны көшеде, үйдің қасында тосып алдым да, аулаға бастап кіріп, тура біздің подъезге жетелеп әкелдім.
Дәрігер жастау жігіт екен. Қасындағы санитарларына:
– Зембілді алып жүріндер, – деп бұйрық берді.
- Жоқ, зембілдің керегі жоқ.
– Неге?
Кішкентай... Зембіл кажет емес.
– Жоқ, бала емес, үлкендігі мынадай – қуыршақтай ғана. Дәрігер аң-таң.
– Сіз не айтып тұрсыз? Сіз бізді тәлкек етіп тұрғаннан саумысыз?
Осыны айтып басқышпен жоғарыға жүгіре жөнелдім.
Басқыштың екі-үшеуін бірден қабаттап аттап, құйғытып келем. Төртінші этажға лезде көтерілдім. Тинімдей қонағым сол мен жатқызған орнында сұлық жатыр. Оны-мұны зат алғандай іліп ала салдым да, сол екпінімнен танбастан қайта жүгірдім. Өрттен безіп қашқандай жанұшырып тік төмен зырлап келем. Міне, бірінші этажға түстім. Сырт есіктен шыға берген кезде, сол арада есікті ашық тұру үшін тіреп қоятын добалдай бір тас болушы еді. Қырсық шалып, әлгі аяғымды қағып калмасы бар ма?.. Ұзынымнан созылып, таяқ тиген көбелектей құлап түстім. Оңбай қалдым.
Есіктің шыға беріс бет алды ояң. Жауынның жан-жақтан сарқын аққан шалшық суы әлгі араға жиылып жарқырап жатады. Бүгін де солай еді. Етпетімнен созылып құлап түскенде, колымдағы адам ұшып кетті де, шалшық судың дәл ортасына барып былш ете қалды. Дәрігер де, оның қасындағы санитарлар да бұның бәрін көріп, қарап тұрған. Дәрігер мені ақымақ деп, менің қолымнан ұшып түскен адамшықты жай қуыршақ деп ойласа керек.
– Тфу, сумасшедший! – деп, жерге бір түкірді де, машиналарына отырып, жөнеле берді.
– Доктор! Жолдас доктор, тоқтаңыз.
Тоқтамақ түгіл тыңдаған да жоқ. Белінде көкшолақ сызығы бар тұрқы ұзын құла машина бұлаң етіп қақпаға қарай бұрылды да, тартып отырды.
2.
– Кешір, кешіре гөр, айналайын. Бұл менің қалжыңым еді. Ойымда саған деген бір түйір жаманшылығым болса, бұйырмасын. Бұлай боларын тіпті де білген жоқпын. Мұншама тамақ тұрғанда, сені жейтін кісі жегіш жалмауыз емеспін ғой.
Бұл – менің тинімдей қонағым есін жиып, өзіне өзі келгесін жалынып айтып жатқан сөзім. Ол әуелгі талып қалған кезде-ақ бетіне суық су шашуым керек екен. Есік алдындағы шалшық суға былш ете түсуі пайдалы болды. Басын тітіркене шайқап, үсті сүме-сүме боп тіріліп тұрып келе жатқанын көргенде қуанғаным-ай.
Енді, міне, тинімдей қонағым су ішінен су құйып шығарған тышқандай малшыланып алдымда тұр. Көздерінде маған деген сенімсіздік үрей бар. Жоқ, мен өзімнің әлгіндегі бұған істеген ақымақшылығымды ешуақытта да кешірмеймін. Жаманның ақылы түстен кейін кіреді деп, сондай да қалжың бола ма екен?
Тинімдей қонағымның былғанған сырт киімдерін түгел шешіп алдым. Іш киімдері кәдімгі біздікі секілді труси, майка. Тоңғандықтан ба, жоқ әлде, қорыққандықтан ба, жағының жүні үрпиіп, дір-дір етеді. Иығына бір нәрсе жабайын десем, не жабарымды білмеймін. Менің киімдерім оған киім болмайтыны белгілі. Сосын, ары ойлап, бері ойладым да, ақыл таптым. Іші жүн, жып-жылы тері биялайым бар. Соның біреуін стол үстіне әкеп қойдым да, тинімдей қонағыма: «Мынаның ішіне кіріп жата тұр. Мен сенің былғанған киімдеріңді тазалап кептіргенше осында жатып дем ал, жылынасың» дедім. Менің айтқандарымды ол түсінді. Ұйықтайтын қапқа кірген адамша биялайдың ішіне аяғымен сүңгіп кірді де кетті. Басына қол орамалымды әлденеше қабаттап жастап биігірек еттім. Биялайдың аузынан қонағымнын қылқиып басы ғана шығып жатыр. Рақат. Бұл тәрізді әрі мамықтай жұмсақ, әрі жан-жағы бітеу ұядай жүн төсекте ол, сірә, бұрын-соңды ұйықтап көрді ме екен.
Тинімдей қонағымның су болып, былғанған киімдерін балконға алып шығып, кепсін деп, жайып қойдым. Кеппей тазартуға болмайды. Сосын қайтадан кабинетіме кірсем, ергежейлі қонағым құндақтаулы баладай балбырап, көздері жұмылып ұйықтағалы барады. Е, бейшараның ұйқысы келген екен ғой, ұйықтасын дедім де, жүзіне қызықтап біраз қарап тұрдым. Ойымда неше түрлі жұмбақ: Япырау, бұл неғылған жан?! Бұның елі, жері кайда? Кенет менің есіме баяғыда Гулливер саяхаттай баратын ергежейлі елі түсті. Мынау сол елден болмаса неғылсын?! Иә, иә, ергежейлі елінің азаматы. Бойы, мінез, қабілеті бәрі де сол Гулливер сыпаттап айтатын ергежейлі адамдарына дәл келеді. Иә, сол, соның өзі.
***
Әлгінде жаман шошытып, өлтіріп қоя жаздаған қонағымды енді мықтап бір қуантсам деген ойға келдім. Айыбымды солай жуып, тазалауым лайық тәрізді. Балалар әлемі дейтін магазинде неше алуан ойыншық нәрсе дүниелер, бұйымдар, ойыншық мебельдер бар. Қазір тез барып, соларды сатып алып келіп, кабинетімнің анау оңаша бұрышына жайғастырып қойсам. Қонағымның ұйқысын бұзбай еппен алып барып күмістей жарқыраған, серіппелі әдемі ойыншық керуетке жатқызсам. Сосын ол бір уақыттан кейін оянады ғой. Оянған бетте өзінің стол үстінде, тері биялайдың ішінде, жатпағанын көреді. Өз бойына шақ әсем керуетте жатыр. Асты-үсті тап-таза ақ шаңқандай ақжайма. Басында мамық жастық. Ол әуелі таңырқап не болғанына түсіне алмайды. Өңім бе, жоқ түсім бе деп ойлайды. Жан-жағына қараса, неше алуан әдемі жиһаз бұйым... Сосын бұның бәрі түсі емес, өңі екеніне оның көзі жетеді, қуанады. Менің оған шынайы достық бейілдегі адам екенім өз-өзінен айқындала түседі.
Қонағымды оятып алмас үшін аяғымды ұшынан басып кабинетімнен шықтым. Сырт есікті кілттедім. Біздің үйдің дәл іргесінен балалар әлеміне дейін троллейбус қатынайды. Соған отырдым да, зыр ете қалдым. Іздеген нәрселерім тіпті артығымен бар болып шықты. Үш сом тоқсан тиынның әдемі бір кұрама ойыншық үйі түсіпті. Төбесінде шатыры, есігінің алдында жазып қатар қалқымасы бар. Екі қабырғасында екі терезесі кәдімгідей ашылып жабылатын есігі бар. Ойыншық үй болғанмен, менің тинімдей қонағым үшін таптырмайтын әсем пәтер-жай. Сол үйді сатып алдым. Жасауы тамаша. Жұқа тақтайша таяныштарды құрып, оп оңай тұрғыза салуға әдем-ақ ойыншық керует, оған лайық ойыншық гардероб, төрт орындығымен ойыншық стол, бірсыпыра ойыншық ыдыс-аяқ сатып алдым.
Осылайша ергежейлі қонағыма оңаша үй де, ол үйдің ішін жасаулап жайнатып жіберерлік жиһаз-дүниелер де оп-оңай табыла кетті. Бұдан кейін енді ол әйел әпер деп қиғылықты салмас па екен деп, өз өзімнен жымиып күліп қоям.
Базар базарлаған адамдай үйге бір құшақ нәрсе аркалап келдім. Ергежейлі қонағым әлі ұйықтап жатқан болар. Ұйқысы әбден қанып оянсын деген оймен аяғымды тағы да ұшынан басып кабинетіме кірдім. Сөйтсем, тинімдей қонағым оянған. Биялайдың ішінен шығып столдың қақ ортасында қас-қабағы кіртиіп, әлденеге ренжіп тұр. Мені көріп, стол үстіндегі сия сауытты нұсқап көрсете береді. Сия сауыттың біреуінде сия бар еді де, екіншісі бос еді, байқасам, сол бос сия сауыттың ішіне түсі бөлек сарғыштау сұйық зат құйылып қалған екен. Мм... не болғанын бірден білдім. Қонағымның күйзелу себебі белгілі болды. Бірақ бұл үшін мен оған ешқандай да реніш білдіргем жоқ. Оным орынсыз болар еді. Өйткені біз секілді ол дағы тірі жан. Оның да табиғи мұқтаждықтары болуы заңды нәрсе. Соны күні бұрын ескеріп, жағдай жасамағаныма кінәлі өзім едім.
3.
Бұл күні түнде мен, әдетімше, балконға шығып жатпадым. Валконның есігін айқара ашып тастадым да, кабинетімдегі диван-кереуетіме жаттым. Өйткені тинімдей мейманымды бөлмеде жалғыз қалдырғым келмеді.
Таңертең әлдененің тысыр-тысыр еткен дыбысынан оянып кеттім. Басымды көтеріп алып қарасам, тысырлатып жүрген менің тинімдей қонағым. Ол менен бұрын ояныпты. Еденде тек трусишең күйі секіріп ыршып, шапқылап жүгіріп жүр. Бұнысы несі деп, әуелі таңырқап едім, сөйтсем, дене шынықтыру жаттығуларын жасап жүр екен. Жүгіріп келіп, қос аяқтап, ыршып секіргенде, резинка допша атылады. Қолдарын тік жоғары тарбита созып, бүкіл денесімен қырынан әулірлеп домалағанда тегершіктей зыр қағып жөнеледі. Атлет болсаң, осындай бол деп әрі сүйініп, әрі қызықтап қараймын. Бәсе, дене тұлғасының әдемілігі де ерекше еді. Денесінің өзге мүшесімен салыстырғанда екі саны бураның санындай жұп-жуан, тып-тығыз. Белі бикештердің беліндей жіңішкелеу. Қарны қабысыңқы да, оның есесіне иық дегенің қақпақтай, білегінің, төсінің жонарқа иықтарының бұлшық еттері түйін-түйін бөлек жүр.
...Күн артынан күн сырғып өтумен болды. Ергежейлі екеуміз бірге өмір сүріп тұрып жаттық. Орыстың бірінің ішінен бірі балалап шыға беретін ағаш қуыршағы тәрізді бір үйдің ішінде және бір үй. Үлкен үйде, кабинетте мен тұрып еңбек етем. Кабинеттің төр жақ бұрышына қойылған тақтай үйшікте менің тинімдей қонағым.
Кеш түскенде екі үйдің екеуінің де өз шамдары жанады. Қонағым тұратын үйшікке электр түсіріп бергем. Бұл тіптен оңай болды. Үйде елканың ұсақ лампочкалары бар еді, соның бірін жіңішке сымның бір жақ басына жалғап орнаттым да, үйшіктің терезесінен кіргізіп, дәл төбеге шеге қағып, салбырата ілдім. Сымның екінші үшін ток бөлгішпен (розеткамен) жалғадым.
Мен әдетте, түске дейін тапжылмай отырып жазу жазам. Бұл кезде менің тинімдей қонағым да, көбінесе үйінде болады. Неғып отыр екен деп терезесінен бақылап қараймын. Сөйтсем, басын бір жағына әнтек қисайта ұстап, шұқиып ол да жазу жазып отырғанын көрем. Жуандығы тебендей ғана көкшіл шарик қаламы, бірнеше әсем қалта дәптершелері бар. Соған сүйкетіп жазады да отырады. Мен оған бөгет жасамауға тырысам, көңілін бөлмеймін. Тез жазуының түрін көріп қызықтаймын, біз құсап солдан оңға тура созып жазбайды. Дәптердің бір бұрышынан екінші қиғаш бұрышына қарай шұбалтып иректеп әкетеді.
Ергежейлі адамдарының ғылым, білімге, әр нәрсені үйренуге өте қабілетті келетінін баяғыда, өз әңгімесінде Гулливер айтқан болатын. Сол рас екен. Бас-аяғы төрт-бес күннің ішінде тинімдей қонағым қазақша ептеп сөйлейтінді шығарды. Ал он шақты күн өткенде менімен кәдімгідей ұғынып әңгімелесуге жарап қалды. Оның кім екені, қайдан екені толық ашылды.
Әнеугі топшылауым дұрыс екен. Бұл сол Гулливер сыпаттап жазатын ергежейлі елінен болып шықты. Өзінің аты-жөні Елдесер Сапа.
Ергежейлі елі космосты баяғыда игеріпті. Соңғы уақытта Айға ракеталар жібере бастапты. Елдесер Айға ұшырылған тұңғыш ергежейлі-космонавт. Оған мынадай тапсырма берілді. Айға жақындап барып, қонбай айнала ұшып, бақылау жүргізу. Ай бетін жақыннан суретке түсіріп алу, келешекте жіберілетін ракета-корабльдердің қонуына ыңғайлы орындар қарастыру.
Елдесер Айға аман-есен жетеді, программа бойынша көрсетілген тапсырыстарды түгел орындайды. Содан қайта қайтқан кезде, жолда кенет ракета-корабльдің басқару тетігі ақауланып істемей қалады. Кабинадағы ауа күрт ысып кетеді. Жермен (ергежейлі елімен) радио-байланыс үзіледі. Елдесер сонда да сасып салдырамайды, қолдан келген амалдың бәрін істейді. Бірақ ракетаның ауасы түзелмейді. Кабинадағы ауа ысыған үстіне ысып, әр-берден соң тіпті төзуге мүмкін болмайды. Күйіп-жанып өліп бара жатқан соң, Елдесерге катапульта кнопкасын басып қап секіруден басқа амал қалмайды.
Аспанда қанша уақыт қалықтап ұшып жүргенін Елдесер білмейді. Өйткені катапульта кнопкасын басар кезде кірелі-шықтылы ғана есі болады. Содан соң есінен танып қалады. Қайтадан есін жиғанда, қалықтап әлі де ұшып келе жатқанын көреді. Бір уақыттарда төменгі жақтан жер байқалады. Бұл қай материк болды екен деп үңіліп қараумен болады, өз елінің қалаларына ұқсамайтын, аумағы орасан зор, үйлері зәулім үлкен керемет бір қала көрінеді. Ол біздің Алматы. Бұдан кейін не болғаны оқушыға белгілі. Тағдыр Елдесерді менің балконыма, менің дәл үстіме әкеп топ еткізіп қондырады.
* * *
Бір күні мен Елдесерге Гулливер туралы айттым. Осындай да осындай, бұдан үш жүз жыл шамасы бұрын Үнді мұхитында ағылшын елінің бір кемесі апатқа ұшырайды. Адамдары суға батады. Солардың ішінен Гулливер дейтін біреуін толқын шала жансар күйде бір құрлық аралға шығарып тастайды. Сөйтсе ол арал ергежейлінің елі екен. Гулливер бірнеше ай сонда өмір сүріп талай қызық уақиғаларды бастан кешеді. Кейін еліне қайтып келгесін көрген білгендерін әңгімелеп айтып береді. Сіздің ел туралы біздің естіп-білуіміз, міне, содан дедім.
Елдесер менің әңгімемді ден қоя тыңдап алды да:
– Мен бұл уақиғаны білем, – деді.
– Қайдан білесің!
– Бұл уақиға біздің еліміздің тарихында жазылған. Бірақ бізде оны Гулливер демейді, Тау адам деп атайды. Еліміздің орталық қаласы Мильдендода Тау адамға орнатылған ғажайып ескерткіш бар. Ескерткіштің үлкендігі шамамен дәл сіздің бойыңыздай.
Мен үшін бұл таңқаларлық жай болды.
4
Елдесерді уыздай жас жігіт болар деп ойлағаным дұрыс екен. Өз есептері бойынша оның жасы екі жүз отызыншы айға аяқ басыпты. Ергежейлі елінің астанасы Мильден қаласында мұғалімнің семьясында туған. Әуелде жүз он айлық мектепте оқыған. Одан соң БЗИ-дің есеп-филология тармағын бітірген. БЗИ дегендері біздің университет тәрізді ең жоғары оқу орны болса керек. Елдесер үйленбеген бойдақ екен.
– Еліңде сүйетін қызың бар ма? – десем.
– Бар, – дейді.
– Әдемі ме?
– Өзіме ұнайды.
Елдесер маған жақсы ермек, серік болумен қатар, пікірлес досым болуға айналды. Ақыл ойға алғыр, өте сезімтал жан. Не туралы болмасын сәбидей адал ойлап, адал топшылайды. Ол екеуміз түстен кейінгі уақытымызды негізінен демалуға арнаймыз. Елдесер үшін демалудың тамаша жолы табылды. Біздің үйде балаларым шомылатын кішкене ванна бар. Соны таңертең балконга шығарам да, толтыра су құям. Күннің қызуымен ол су түс қайтқанша жылып, жып-жылы болады. Кейде күн өте ыстықта ысып та кетеді. Елдесер шешініп тастайды да, сол суда рахаттанып шомылады. Бейне бір аквариумға салып қойған балық тәрізді о шетінен жүзіп бұ шетіне, бұ шетінен жүзіп о шетіне барады.
Әбден шомылып болған соң, сыртқа шығады да, балконның ып-ыстық тас еденінде денесі жез құмандай қып-қызыл, күп-күрең боп күнге қақталады да жатады. Кара теңіздің жағасында домалағаннан бір кем емес.
Кешкі уақытты көбінесе, әңгімемен өткіземіз. Телевизор қараймыз. «Сіздің елде телевизор бар ма?» – деп сұраймын. «Бар. Біздегі телевизор түрлі-түсті бояулармен көрсетеді» – дейді.
* * *
Бір күні Елдесер:
– Тау аға, маған қаланы аралатып көрсетсеңіз қалай болады? – деп, өтініш жасады.
– Жарайды, көрсетейін.
Осының бәрін мен Елдесерге түсіндіріп айттым.
Осылай деп айтарымды айтсам да, ойға қалдым. Оның себебі мынау еді. Елдесер жөнінде бір адамға ләм-мим деп айтқан жоқпын. Жұртпен соңғы кезде, жалпы, аз араласам. Кеңседе қызмет істемеймін. Творчестволық еңбекпен ғана шұғылданып, басқаның бәріне қолымды сілтеп қойған жанмын. Елдесер туралы елпең қағып ешкімге айта қоймауыма бірінші себеп осы.
Екінші себеп, мен бұл кезде өте бір тығыз жұмыстың үстінде отыр едім. Соны бітірмейінше ешқайда қия басып шықпауды, ешкіммен араласпауды өзіме міндет етіп қойғам.
Елдесер жайлы біреуге бірдеме деп айтар болсам, ол және біреуге айтады және біреу және біреуге айтады. Адамдардың әуесқойлығы қандай екені маған жақсы мәлім. Отыз тістен шыққан сөз табанда отыз рулы елге жайылады. Содан соң, қазіргідей уақытым тапшы кезде маған тыныштық бола ма? Айналайын, көрсетші, сенің үйіңде тинімдей ергежейлі бар дейді ғой, – деп танитын, танымайтындар қаптап, шұбырып келе бастамай ма? Істеп жатқан жұмысым, одан соң қалмай ма бір далада?
Осының бәрін мен Елдесерге түсіндіріп айттым. Әзірше сенің басқа жұртқа мәлім болмай тұра тұрғаның мақұл дедім. Бұған ол бірден келісті. Тіпті, қуана келісті. Жұртқа бір көрінген соң, өзіне де маза қалмайтынын ол да жақсы біледі.
Ал қаланы аралап көруге құштар болсаң, оның бір амалын табайық,– дедім.
Менің оңай-оспақ портфелім бар. Әрі портфель, әрі чемодан орнына ұстаймын. Елдесерді көшеге соның ішіне отырғызып алып шықпақшы болдым. Астына өзінің бір орындығын қойып, жайғастырып отырғызам. Дәл тұсынан самолеттің иллюминатор терезесі тәріздендіріп кішкентай тесік тесем. Содан соң портфель ұстаған адам боп жайымен көше аралап кетіп бара жатам. Елдесер болса тұсындағы ойық терезеден бәрін көріп отырады.
Бұл ақылым Елдесерге ұнады. Тек портфельді тесе бастағанымда:
– Тау аға, су жаңа портфель екен. Бүлінетін болды-ау, – деп аяушылық білдірді.
Мен қалжың-шынын араластырып:
– Тәйірі, портфель деген ол не, бұйым ба? Дос көңілі үшін бұдан да зор құрбандыққа баруға болады, – деп жауап бердім.
– Тау аға, сіз өте мейірбан адамсыз. Тірі болып сау жүрсем, маған істеген жақсылықтарыңызды қалай да қайтаруға тырысып бағармын.
***
Мінекей сары портфельді қолыма салақтата ұстап көшеге шығып келем. Оның ішінде не барын оқушы біледі. Мен білем. Басқа ешкім білмейді. Әдеттегіше, олай-былай қатты шайқамай, тыныш ұстауға тырысам портфелімді. Шайқасам, Елдесердің басы айналып құлап қалуы мүмкін ғой. Оқта-текте оңашалау жерде тоқтаймын да, портфелімнің аузын ашып, Елдесерге: «Хал қалай?» деймін. Ол бас бармағын көрсетеді. Онысы «хал мығым» дегені.
Келе жатқаным Комсомол көшесінің бойы. Коммунист проспектісіне жетіп, өрге қарай бұрылдым. Жазушылар одағының кеңсесіне бас сұқпағаныма бірталай уақыт өткен еді. «Не жаңалық бар екен?» деп ойладым да, кіре шықпақ болдым. Есік алдында төрт-бес адам топталып тұр. Іштерінде сайқымазақ Қалмұқан. Шеттерінен қол беріп амандасып жатырмын.
– Сен, немене, портфель ұстайтын болғанбысың? – деп Қалмұқан бірден менің колымдағы портфеліме назар аударды.
– Е, ұстаса несі бар?
Бұл бір жаңалық екен. Ішінде не бар?
– Не дейсің, ақша да. Қалмұқан қарқылдап күліп алды.
– Ақша деймісің? Көрсетші?
– Немене, ақша көрмеген бе едің?
– Бұл портфельдің ішінде не бар екенін мен көрмей-ақ айтам. Ал айт?
– Мұның ішінде жаматуға апара жатқан ескі бәтеңкеңнен өзге түк те болса, бұйырмасын.
Қалмұқанның аузында тыным болмаған жерде колында да тыным жоқ. Ол дереу менің портфеліме жармаса бастады. Ішін ашып көрсет дейді. Мен оның қолын кағып жолатпаймын. Қалмұқанның байқағыш тіміскі көзі портфельдің бүйіріндегі тесікті байқап қалды.
– Өй, мынау тесігің не? Жап-жаңа портфельді бүлдіріп, әдейі тескенбісің?
– Шаруаң болмасын.
– Ей-ей, тоқташы. Тесіктен бірдеңе жылтырап көрінеді. Портфеліңнің ішіне тышқан кіріп кеткеннен сау ма өзі?
– Егер білгің келсе, мен шынын айтайын – бұл портфельдің ішінде сен тәрізді тірі адам отыр. Көрсетсем, талып жығылар едің. Сондықтан да көрсетпеймін.
Қалмұқан да, оның қасындағы басқа адамдар да менің бұл сөзімді қалжың деп ұқты. Ешкім мән бермеді. Жабысқақ Қалмұқаннан тезірек құтылғанша асық болып, кеңсеге де кірместен тартып отырдым.
Қаланы әбден шаршағанша аралап кайттым.
5
Сырт есіктің коңырауы жеделдеп шыр-шыр етті. Жүгіріп шықсам, почта тасушы. Телеграмма ұсынады. Оқысам Семейден, әйелімнен. «Бесінде самолетпен шығамыз, Сексен бесінші рейс». Бесі ертең.
Бұл хабарды Елдесерге айттым. Елдесер әбігерленіп қалғандай болды. Онысы түсінікті. Бір ұядағы екі балапандай ол екеуміз бірімізге-біріміз бауыр басып, ың-шыңы жоқ оңаша оқшау тіршілікке әбден үйреніп едік. Енді міне тұрмыстың қалыптасқан ағыны бұзылайын деп отыр. Алдағы уақытта жағдайым қалай болады деп ойламайды, толқымайды деймісің.
Мен болсам Мұхтар мен Әлиден қауіптенем. Ол екеуі әлі ақыл-сана кіре қоймаған сәбилер. Елдесерді көрер болса, олар оны өздеріндей тірі жан деп, тіпті де ойламайды. Қуыршақ деп ойлап, бассалулары даусыз. Және қай бір жөнімен бассалады. Мен алам, мен алам деп таласып әптер-дәптер болады. Сөйтіп тинімдей бейшараны көкпар етіп тартқылап, өлтіріп қоюлары әбден мүмкін ғой.
Магазиннен бір ағылшын кұлыбын сатып әкелдім. Әлгіні кабинетімнің есігіне орнаттым. Кірген, шыққанда ылғи да сақтанып бекітіп жүрмекшімін. Мұхтар мен Әли өздіктерімен мүлде басып кіре алмайтын болсын дегенім.
Самолет келер уақытта такси алып аэропортқа бардым. Балаларым мені көріп томпандап жүгірісті. Сағынып калыпты. Оларды мен де сағынған едім. Мәз-мәйрам құшақтасып, сүйісіп жатырмыз.
Екі балам да марқайып өсе түскен. Күнге күйіп қарайып тотыққан. Уақыттарының көпшілігін ашық ауада Ертістің жағалауында өткізгендері білініп тұр.
Таксимен үйге қайтып келе жатырмыз. Екі балам бұл сапарда көрген-білгендерін, нағашыларының қолынан не ішіп, не жегендеріне дейін былдырлап айтып келеді. Мен олардың өздерін ғана емес, тәтті тілдеріне дейін сағынғанмын. Құлағымды тақата тосып тыңдаймын. Тек әйелім ғана бір түрлі томсарыңқы. Көздерін төңкере қарап:
– Біз жоқта бір ай бойы не көрдің? Жүдеп қалған жоқсың ба? – дейді.
Шыны ма, мысқылы ма, түсіну қиын. Әй, осы әйелдер-ай! Іш қатпарында не бұғып жатқанын біліп көр.
– Мен қазір үйде жалғыз емеспін, біз екеуміз,– дедім.
– Ол кім тағы?
– Қасымда біреу бар Сендер кеткелі бері ол екеуміз бірге тұрып жатырмыз.
– Әйел ме, еркек пе?
– Еркек болат та. Сендер кеткен күннің ертеңіне маған серік болайын деп, аспаннан Құдай жіберіпті.
– Не дейді?
– Рас айтам. Ғажайып адам. Бойының үлкендігі бір сүйем...
– Осы сен менімен қосылған күннен бері бір дұрыс сөйлеп көрген жоқсың.
– Дәл осы жолғы сөзімнің дұрыстығына бәс тігуге бармын.
Осы тәрізді әңгімемен үйге келдік. Қалтамнан кілт алып, сыртқы есікті ашып жатырмын. Кірдік.
Жайғасып болған соң, әйелімді ас үйге оңаша алып бардым да, Елдесердің жайын түгел айтып бердім. Ол жымың-жымың күледі, сенбейді. Рас болса көрсетші деп, тағат қылмай асығады.
Әйелімді кабинетке ертіп кірдім. Есікті балалар кірмес үшін дереу кілттеп жауып алдым. Елдесер көрінбейді.
– Елдесер, қайдасың? Мына жеңгең келді.
Үйшіктің төкімдей есікшесі сырт деп ашылып, Елдесер шыға келді. Әйелімнің көздері шайтан көргендей бақырайып кетіпті.
– Тау жеңге, саламатсыз ба? Ат-көлік аман келіп қалдыңыздар ма? – деді Елдесер айтар сөзін күні бұрын жаттап алғандай тақ-тақ етіп.
Әйелімде таңырқаудан ес қалмады. Елдесердің саналы тірі жан екеніне ол әлі де сенбей тұр.
– Берді, мынау бір керемет қой. Адам құсап кәдімгідей ап-айқын сөйлейді.
– Адам құсабың не? Мен саған айттым ғой...
– Берді, оңбай кетейін, адам емес. Сен бұл ғажап ойыншықты қайдан алдың, а?
– Ой, сен ұғамысың, ойыншық болса, сөйлей ме?
– Тау жеңге, мен ойыншық емеспін.
Елдесердің тірі жан екеніне әйелімнің көзі әрең дегенде жеткендей бөлды.
***
Елдесер бір күні өлім аузынан қалды.
Кабинетімде жұмыс істеп отырдым да, аз ғана уақытқа шығып есікті кілттемей кеттім. Қайта қайтып келсем, әлгінде ғана өз бөлмелерінде тып-тыныш ойнап отырған Әли мен Мұхтар көктен түскендей осында, Елдесер тұратын үйшікті құлатып бұзып тастаған. Үйшіктің шатыры бір жақта, қабырғалары бір жақта жайрап жатыр. Әлденеге таласып, жұлқыласып, шұрқырасып жатқан екі бұзақының үстіне келдім. Сөйтсем таласып жатқандары Елдесер екен. Жасы кіші Мұхтар оны екі қолына қысып ұстап, кеудесіне басын алған. Әли одан тартып алмақшы болады. Мұхтар кішкене болғанмен шақар, шыр-шыр етіп бермейді.
– Ой, ой, өлтірдіңдер, тастандар! – ден, ақырып жібердім. Елдесерді қолдарынан жұлып алып қарасам, былқ-сылқ: бет-жүзі, мойны, қолдары қанталап, қып-қызыл болған. Әйтеуір, еш жері сынбаған, қирамаған тәрізді. Кеудесінде жаны бар. Диванға шалқасынан жатқыздым да екі қолын бір жоғары, бір төмен созып жасанды тыныс бере бастадым. Мұрнына мүсәтір спирт иіскетіп, әрең дегенде тірілтіп алдым.
Мұхтар мен Әли аң-таң.
– Папа, сен бұл ойыншыққа не істеп жатырсың? – дейді.
– Ақымақтар, бұл ойыншық емес, тірі адам. Ендігі әрі бұған тиюші, жолаушы болмаңдар, – деп Әли мен Мұхтарды кабинетімнен қуып шықтым.
6
Сағат таңертеңгі тоғызды соққан кезде бүкіл еліміздегі секілді Алматыдағы ұлылы-кішілі мың сан мекемелер өздерінің қажырлы еңбек күндерін бастайды. Дәрежелері, әрі алатын жалақылары, ішетін тамақ, киетін киімдері әрқалай, бірақ мақсаттары бір мың сан қызметкерлер еселеген жігермен құлшына келіп, әрқайсы өзінің тиесілі жұмыс орындарына отырады. Мың сан қалам жорғалап, мың сан телефон шылдырлап, кәдімгі өзімізге танымал кеңсе өмірі, кеңсе тіршілігі басталады.
Құйындай ұйтқыған осы өмір ағынына бүгін мен де араластым. Сағат дәл тоғызды ұрған кезде астанадағы ең биік мәртебелі кеңсенің біреуіне телефон соғып, әуелі өзімнің жер бетінде бар жоғымды білдірдім. Содан соң «Төрағасының өзі мені қабылдауын өтінемін, маңызды шаруам бар» дедім.
Мен телефон соққан кеңсе – республика президентінің кеңсесі еді.
Ар жақтан жастау еркек дауысы естілді. Президенттің көмекшісі болуға керек.
– Шаруаңыз қандай шаруа? – деп сұрады.
– Кешіріңіз, мен оны президенттің өзіне ғана айтпақшымын.
Орта қол төрелердің мұндайда шыр етіп жәбірлене калатыны болушы еді. Мынау ондай емес екен. «Жарайды, бәлен уақытта келіңіз» деп президенттің қабылдайтын мерзімін айтты.
Лауазымы жоғары кеңселерге мен өзім көп жоламаймын. Біріншіден, шаруам бола бермейді. Екіншіден, зәуіде бір ісің түсіп бара қалсаң, қажет деген адамыңа бірден ене қою қиын. Қабылдау бөлмеде кезек күтіп отырып қаласың. Мұндай күту кейде тым ұзаққа созылады. Маған осынысы ұнамайды.
Өзімді-өзім, қолымнан келгенінше, тәртіпке баулитын адаммын. Президент кеңсесіне дәл айтылған уақытта жетіп келдім. Ойлағанымдай болды, қабылдау күтіп отырған біраз адам бар екен. Шет жақтан мен де жайғастым. Дәл қасымда жуан қарын, шоң желке біреу. Пысынап, терлеп, мойны басын қол орамалымен сүрткілеп, мазасы кетіп отыр. Сәл қимылдап қозғалса, астындағы шибұт орындық дірдектеп сықыр-сықыр етеді. Сынатын болдым-ау деп, жылап арыз айтқандай болады.
Міне, кезек маған келді. Тесік бүйір сары портфелімді қолыма ұстап кірдім, кабинетке. Портфельсіз кіруімде мағына жоқ. Қос қабат есіктің ар жағынан тай шаптырым ұзын кабинет көрінді. Былқылдақ қалың кілемінің үстімен төрге жеткенше бірталай уақыт өтеді. Сәулетті зор кабинет қанша тәккаппар болсаң да өзіңнің түкке тұрмайтын ұсақ адам екеніңді ұғындырып тастағандай болады.
Президент мосқал жастағы адам. Орнынан тұрып, столынан бері таман шығып, қол беріп, ілтифатпен қарсы алды. Жасы да, лауазымы да үлкен бола тұрып кішіпейіл мінез көрсетті. Ұнап қалды. Жұмсақ креслоға шөге түсіп жайғасып отырдым. Президент менің кім екенімді аты-жөнімді біліп отыр екен. Бірден не шаруамен келдің демей, әуелі әдебиет жағдайын аузына алды. Жазушылар, халдерің қалай? Не жазып жүрсіңдер? Дүниеге нендей жақсы кітаптар келіп жатыр? Халтурщик жазушылар азайды ма? Жоқ, әлде, арам шөптей қаулап көбейіп келе ме? Жастардың жай-жағдайы қалай, ешкім оларды ренжітпей ме? – деген секілді кәдімгі өзіміз бен өзіміз әңгімелейтін шынайы тіршілік сөзін бастап алып жөнелді. Мен бұнысына сүйіндім.
Әлден уақыттан соң ғана:
– Не шаруамен келіп едің? – деді.
– Келген шаруам бір оғаш шаруа, – дедім де, айта бастадым. Оным Елдесердің жайы. Бастан аяқ түгел баяндадым. Ит тойған жеріне, ер туған жеріне дегендей соңғы күндері Елдесердің елін ойлап аңсай беретіні, Отанына қайтудың бір жолы табылмас па екен деп, арман ететінін, Қазақстан үкіметінен соған жәрдем тілейтінін айттым.
– Ол өзі қазір қайда, сенің үйіңде ме?
– Жоқ, осында.
Портфелімнің аузын аштым да, Елдесерді алып шықтым. Президент столының үстіне қоюға батпай, қолымда ұстап отырдым. Елдесер сыпайы иіліп сөлем берді.
Президенттің жүзінде таңырқаудан гөрі қызықтау басым. Елдесерді столының үстіне қоюды өтінді. Содан соң дәрежесі өзімен тең сыйлы адаммен сөйлескендей, сыпайылап сөйлесе бастады. Ергежейлі елінің жай-жағдайын қазбалап көп сұрады.
Президенттің ең соңында айтқаны:
– Мен сіздің мәселеңізді таяу күндердің ішінде шешіп беруге тырысармын. Еліңізге аман-сау қайту үшін қолдан келген жәрдемнің бәрін істейміз.
Олжаға батқан адамдай көңілденіп қайттық.
7
Мазасыз күндер, мазасыз сағаттар басталды. Елдесер жайлы хабар лезде бүкіл калаға жайылыпты. Біздің үйдің телефонында тыным жоқ. Қаптап адамдар келе бастады. Көпшілігі газет-журнал қызметкерлері, тілшілер. Елдесерден де, менен де маза кетті. Істеп жатқан жұмысым жайына қалды.
Ғылым академиясында пресс-конференция болды. Елдесерге көптеген сұрақтар берілді.
Одан соң Жазушылар үйінде, журналистер үйінде Елдесермен кездесулер болды. Кездесулердің соңынан ергежейлі космонавтың құрметіне қонақасы беру – ішіп жеу.
Бұл жұртты қойсаңшы, бурылданып алған соң дүниенің бәрін ұмытады, ештеңемен санаспайды. Елдесерді дәл өздеріндей көреді. Оның тинімдейлігін есіне алмайды, «іш-іш» деп зорлайтынын кайтерсің. Ішпесе өкпе айтады.
Кай біреулер Елдесерге коньякты өздері ішетін рюмкадай рюмкамен ұсынады. Біз үшін оймақтай көрінетін рюмка Елдесер үшін шелекпен тең екенін ескермейді. Кісі шелектеп коньяк іше ала ма?
– Уақа емес, ішсін. Біз шын көңілімізден ұсынып отырмыз, – дейді зорлықшылар.
Жазушылар одағында берілген қонақасы Елдесерге ауыр соқты: «Зәм-зәм суын» жек көрмейтін екі жас ақын екі жақтан қоршай отырған екен. Қыза келе зықымызды әбден шығарды. «Космонавт жолдас, кеттік», – деп, рюмкаларын төңкеріп, қадалумен болады.
Елдесер көңілшек жан, ішкісі келмесе де өтінген сөзді қия алмайды.
Ішімдік ит жаман ғой, тізгініңді бір тартып алса, оңайлықпен қайырым бермейді. Елдесер біраздан соң қатты қызып қалды. Мана кеш басталғаннан момақан тыныш отыр еді. Енді желпініп не болса соған қарқылдап күлетінді шығарды. Жұрт сөзіне араласқыш болып алды. Ол жұрт тамақтанып отырған столдың үстінде менің оң жағымда отырған. Орнынан әлсін-әлсін тұрып кетіп, әркімнің алдына бір барып, қисалаңдап, «кешірім етіңіз» деп, бұрын байқалмаған небір оғаш мінездер көрсете бастады. Ара-тұра құлағына сыбырлап:
– Елдесер, не болған саған? Өзінді-өзің ұстасаңшы, ұят болады, – деймін.
– Тау-аға, құп болады, ұстаймын.
Столдың екінші жағында бізбен бетпе-бет К. деген жазушы әйелімен отыр. К-нің әйелі бетінен нұры тамған, көздері ойнақшыған тартымды сұлу адам. Елдесер бір кезде соның алдына барып басын сәнмен иіп сәлемдесіп:
– Кешіріңіз, сізбен танысуды өзіме зор бақыт санар едім, – демесі бар ма?
Мен К-ні өте жақсы білем, барып тұрған қызғаншақ адам. Әйелін жұрттан қызғанғанда жарылып өліп кете жаздайды. Елдесердің қылығына жаман састым. К. оған әйелін қызғанып бір сойқан істемесе жарар еді деп ойладым. Әйел болса ешқандай абыржымады. Күлімсіреген жүзбен Елдесерге сұқ қолының саусағын созып ұсынды. Тырнағына қызыл бояу жағылған сүйіріктей әсем саусақты Елдесер қадалып сүйіп жатыр. Абиыр болғанда, қызғаншак К. кереметтей ұстамдылық көрсетті. Ол дағы жайбарақат күлімсіреп қарап отыра берді.
Ертесінде Елдесерге: Түнде қонақасының үстінде осындай-осындай ыңғайсыз мінез-қылықтар көрсеттің», – десем, білмейді. «Тау аға, жұрттың көңілін қимай – іше берем деп мас боп қаппын. Не істеп, не қойғанымның бірі есімде жоқ» дейді.
Бұдан кейінгі қонақасыларда ол ішімдікті татып алмайтын болды.
Елдесерді Москва шақыртып жатыр.
– Елдесер досым, қуана бер. Енді ұзамай еліңе қайтасың, – дедім.
– Көзіңіз анық жете ме?
- Жеткенде қандай?
Бір топ адам болып Елдесерді кешкі ұшақпен самолетке шығарып салып қайттық.
– Тау аға, тірі боп жер басып жүрсем, сіздің жақсылықтарыңызды ешуақытта ұмытпаймын, – деп, ол менімен жыласып ажырасты.
8
Арада, екі-үш жыл өткенде телеграмма алдым. «Отаныма қайтатын болдым. Сізді жан-тәнімен сүйіп, құрметтеуші Елдесер» депті.
... Арада екі ай өтті. Күз кезі, ыстық қайтқан, қалада тұру, жұмыс істеу жаздағыдай емес, едәуір жеңілдеген. Бір күні үйде тек өзім кабинетімнің терезесін айқара ашып тастап жазу жазып отыр ем. Кенет жылап оянған баладай телефон оқыс шылдыр ете қалды.
– Бұл республикалық сырткы істер министрлігінен. Бізге тез келіп кетсеңіз, – дейді.
– Мақұл,– дедім де трубканы іліп қойдым. «Сыртқы істер министрлігінің менде не шаруасы бар? Шет елдің біреуіне елші етіп жібергілері келе ме?»
«Неге шақырды екен?» деп ынтық боп кідіріссіз келдім. Министр өзі отыр. Күлімдеген жүзбен қарсы алды.
– Соқпақбаев жолдас, сізге өзгеше бір елден келген шакыру бар. Бір ай мерзімге қонақ болып қайтуға шақырады. Қалай, барасыз ба?
– Қай елден?
– Өзіңіз қай елден болар деп ойлайсыз? Мен иығымды қомпаң еткіздім.
– Шақыру сізге ергежейлі елінен келіпті, – деді министр.
– Ергежейлі елінен?
– Иә.
Мен бірден Елдесерді есіме алдым. «Е, бұл соның ісі екен ғой» деген ой басымда жарқ ете қалды.
– Шын айтасыз ба?
Министр мырс етіп күліп жіберді.
– Міне, қызық. Сізді қалжыңдасуға шақырды дейсіз бе? Әңгіменің шын екенін білген соң:
– Егер бару мүмкін болса, барайын, – дедім.
- Онда дайындалыңыз, әуелі Москваға барасыз. Сапарыңыздың егжей-тегжейімен сонда танысасыз.
Самолетпен Москваға келдім. Міне, ССРО Сыртқы істер министрлігінде отырмын. Шегетін сапарымның сыпат ерекшелігі мүлде өзгеше. Сонау баяғы замандағы Гулливерден кейін, Ергежейлі елінің топырағына аяқ басқалы отырған екінші «алып» адам мен екем. Гулливерден кейін ешкім онда барып көрген емес. Өйткені, Ергежейлі елінде сол ерте уақытта заң бар көрінеді. Ол заң бойынша, алыптар елінің, яғни, біз тәрізді елдердің бір азаматына Ергежейлі еліне, ал Ергежейлі елінің бірде-бір азаматына алыптар еліне баруға тыйым салынған. Ол занды кімде-кім бұзса, өлім жазасына кесіледі. Ергежейлі елінің өзге дүниемен ешқандай қарым-қатысы, байланысы балмай келуі сондықтан екен. Әлгідей заң барын білген соң мен шошып қалдым.
– Барған соң, өлім жазасына кесіліп жүрмеймін бе? – дедім.
– Жоқ, қорықпауыңызға болады, – деп жауап берді сыртқы істер министрлігіндегі жолдастар. Сөйтсем, мені қонаққа шақыру мәселесін ергежейлі мемлекетінің ең жоғарғы заң шығару орны – Ұлттық Советтің өзі қарап шешіпті. Мен соның арнайы қаулысы бойынша шақырылған екем.
Екі күн самолетпен ұштым. Одан соң вертолетке отырдым. Күндізгі уақыт, аспан ашық. Терезеден көз салып қарап келе жатырмын. Астымда шетсіз-шексіз көк теңіз. Үнді мұхиты. Бір заманда Гулливер мінген желкенді кеме осы мұхиттың осы тұсында апатқа ұшырағаны есіме келеді. Ол кезде самолет, вертолет түгіл моторлы кеменің өзі жоқ еді.
Кенет менің ойымды ұшқыштың:
– Ергежейлі елінің самолеттері, – деп дауыстаған үні бөліп жіберді. Терезеге үңіле түсіп қараймын. Самолет тәрізді ештеңе көрінбейді. Тек алдыңғы жақтан үлкендігі тырнадай оншақты ақ құс екі қатар боп үшкілдене сап түзеп ұшып келеді. Сөйтсем, Ергежейлі самолеттері осылар екен. Бізді қарсы алып, қошамет көрсетуге ұшып шығыпты. Бес-бестен екі топқа бөлініп, вертолеттің екі жақ қанатынан тізіле қоршап алды. Кабинадан ұшқыштың бастары қылтиып көрінеді.
Тағы біраз ұшқан соң көк теңіздің ортасынан аумағы үлкен арал көрінді. Ергежейлі елі осы деп хабарлады вертолет командирі. Менен жерге түсуге дайындалуымды өтінді. Вертолет қонбайды, қонуға рұқсат етілмейді. Жерге қарай шұбатылып ұзын жіп саты тастады. Мен сонымен түсуге тиіспін. Москвада бірнеше рет жаттыққаным бар. Міне түсіп келе жатырмын. Мен түсіп болған соң вертолет жіп-сатыны жинап алады да, ізінше кері қайтады. Дәл бір айдан соң, менің бұл елде қонақ болу мерзімім біткен кезде, қайта оралды. Тағы да жерге қонбай, әуеде қалықтап тұрып, төмен қарай шұбалтып жіп-саты тастайды. Мені бұл елден солай алып жөнеледі.
Шағын ергежейлі елінің ең зор аэродромдарының бірі болуға тиіс. Оң жақ, сол жағым қаз-қатар тізіліп қонып отырған көп самолеттер. Ергежейлі елінің самолеттерінің үлкендігі, шамамен қаздай. Сырт тұлға көрінісі зулап ұшып келе жатқан қарлығашқа ұқсайды.
Мен соңынан бұл самолеттердің қалай ұшып қонатынын көрдім. Кәдімгі құс тәрізді жерден бірден жылдам тіке көтеріліп ұшады, жерге тіке қонады. Олардың ұшып-қонуы үшін арнайы аэродромның болу-болмауы шарт емес.
Ергежейлі елінде соғыс самолеттері атымен жоқ. Оның себебін оқушы әңгіменің кейінірек тұсынан білетін болады.
Мен түскен алаң айнаның бетіндей теп-тегіс, жып-жылтыр мұздың үстінде тұрған тәріздімін. Алғашында мен бұны мәрмәр көк тас болар төселген деп ойлап едім. Сөйтсем, асфальттарының өзі осындай екен. Айтуларына қарағанда, беріктігі тастан да мықты. оңайлықпен тозбайды.
Тура бет алдымда өте бір әдемі стильмен салынған екі қабат аэровокзал үйі. Оның қасында мені қарсы алуға жиылған қара құрым қалың топ. Көбі – ақ киімділер. Барлығы қолдарына бірдеңелер ұстап алған, сөйтсем, олары гүл екен.
Қалың топ маған карай қозғалды. Араларынан біреу суырылып шықты да жүгірді. Неге жүгіріп келе жатқанын ұға алмай, қарадым да тұрдым. Әбден жақын кеп қалғанда байқап таныдым. Елдесер! Менің Елдесер досым.
Шынайы сағынысып көріскенде қалай болатыны белгілі ғой. Екеуміз де арсалаңдап мәз болып күле береміз. Елдесер менің уысымда тұр. Құшырлана қысып жүрегіме басамын.
– Елдесер, бармысың, аманбысың? – деймін.
– Бармын, аманмын. Сізді көргеніме шексіз бақыттымын.
Мосқал жасты, дене тұлғасынан бітіміндегі әдемілікті әлі жоғалтпаған, сұңғақ бойлы, келбетті ергежейлі қалың топтың алдында оқшауырақ келеді. Бұл – ергежейлі елінің басшысы, атақты Жасабол президент екен. Жасаболды мен сырттай (Елдесердің айтуынан) өте жақсы білем. Елдесер менің қолымда тұрғанда ол туралы көп айтқан, данышпанның данышпаны ретінде жер-көкке сыйғызбай мақтап, даріптеген. «Е, сол данышпан Жасабол осы екен ғой».
Мен бір тізерлеп отыра қалдым да, басымды бірнеше қабат иіп, ілтипатпен сәлем бердім. Осы кезде қайдан жетіп келгенін білмеймін, үсті ашық қара машина Жасабол екеуміздің арамызда пайда бола кетті. Жасабол мен Елдесер артқы есіктен машинаның ішіне кірді. Сол кезде о ғажап, машинаның артқы екі адам (екі ергежейлі) отыруға арналған қорабы машинаның өзге денесінен бөлініп, тік жоғары қарай көтеріле бастады. Жіпке байлап ұшырған шар тәрізді. Қораптың астыңғы жағындағы көтергіш-тіреуіш қылдырықтай жіңішке сым. Салмағы әжептәуір қорап пен оның үстіндегі екі ергежейліні әлгі жіңішке сымның қалай майыспай көтеретініне адам таңқалады.
Қорап көтерілгеннен көтеріліп менің бойыммен шамалас деңгейге жетіп тоқтады. Маған енді тізерлеп отырудың қажеті болмай қалды. Қорап көтерілген сайын орнымнан мен де көтеріле бердім. Енді міне тікемнен-тік тұрмын. Жасабол мен Елдесердің бойы менің бойыммен теңесті. Солай тұрып Жасабол менің бұл елге келуімді құттықтап сөз сөйледі. Ергежейлі халқы мені көруге құштар екенін, өздерінің ержүрек батыр ұлдары Елдесерге менің істеген жақсылық-қамқорлығымды ешуақытта ұмытпайтынын; уақытымды бұл елде көңілді өткізіп қайтуыма бар жағдайды жасайтындарын айтты. Жасаболдан кейін мен сөйледім. Сөзімнің соңын:
– Ергежейлі халқын бақытқа жеткізуші данышпан көсем Жасабол жасасын! – деп, айқай салған ұранмен аяқтадым.
Елдесер менің әр сөзімді Ергежейлі тіліне аударып тұрған. Соңғы сөзімді аудармай бетіме бажырая қарады.
– Мен болдым, аудар, – дедім.
– Біздің президентімізді сіздің жәбірлігіңіз келе ме?
– Қалайша?
– Пендені көзіне мақтап қолпаштау, біздің елдің дәстүрінде өте ұят мәселе. Жәбірлеп тілдегенмен бірдей сөкет кылық.
Мен әрі сасып, әрі қысылып қалдым.
– Ойбай, онда аударма! – дедім.
9
Менің мәртебеме құрметті қарауыл қойылған екен. Соның алдынан өттік. Мен жаяу өттім. Елдесер мен Жасабол әлгі сол қара машинаның үстінде қорап-мұнарада тікелерінен тік тұрған қалыптары менмен катар жүріп отырды.
Айта кететін бір нәрсе. Мұнда құрметті қарауылды әскерден қоймайды екен. Тіпті еркек те емес. Кілең жас, әдемі қыздардан қояды екен. Киімдері бірдей: ақ кофта, қоңыр юбка. Қолдарына мылтық емес, бір-бір шоқ гүл ұстаған.
Ергежейлі елінде әскер атымен жоқ Тек тәртіп сақтауын бақылайтын, қылмыскерлерді ұстап жазалайтын адапсолар (Адапсо – біздегі милиция тәрізді мекеме) ғана бар. Бұған күші мығым жас жігіттер қабылданды екен.
Сөз арасында айта кетейін, осы күнгі Ергежелі елінде ғылым мен техника ғажап өркендеген. Еңбекті жеңілдетуге арналған мың түрлі машиналар көресіз. Өнер табу, жаңалық ашу бұл елде аса құрметтеледі.
Мені қарсы алуға байланысты сән салтанат бүкіл елге телевизор арқылы көрсетіліп, радиодан беріліп жатты.
* * *
Империяның астанасы Мильдендо қаласында ішіне елу мың ергежейлі сиятын жабық стадион бар екен. Маған резиденция (қонақ үй) ретінде соны дайындапты. Одан басқа ыңғайлы ғимарат табылмаған.
Аэропорттан Мильдендо қаласына дейін онша қашық емес көрінеді. Бүкіл елде мені көтерерліктей машина болмаған себепті президент Жасабол менен кешірім өтініп, астанадағы резиденцияма жаяу жүріп баруыма тура келетінін айтты. Мен бұған қуана-қуана келіcтім. Біріншіден, жаяу жүруді сүйетін адаммын, бұған ештеңем құрымайды. Екінші – бұл өте қолайлы екенін айттым.
Айнадай жарқырап созылған оқтай түзу асфальт жол. Жол – мың екі, шамамен, елу-алпыс сантиметрдей. Менің қысылмай еркін адымдап жүруіме болады. Жол үстінде бұл кезде бір қыбыр еткен кара жоқ. Жүрістің бәрін тыйып тастаған. Тек менің алдымда бес метрдей жерде президент машинасы жол бастап келеді. Машинаның әлгінде аспандап көтерілген артқы қорабы орнына қайта түсірілген.
Күн ашық, жылы. Бұл елде қазір жаймашуақ күздің кезі болу керек. Жолдың екі жақ қапталы сары ала түсті әдемі кілем төсеп тастағандай. Жемісі мәуелеген баулар, тақта-тақта баушалар, ойдым-ойдым сынаптай жарқыраған мөп-мөлдір айна көлдер. Мен ғажап бір ойыншық дүниені немесе театр сахнасына арнап істелген әсем декорацияны аралап келе жатқандай әсер алам. Оң жағында асфальт жолмен жарысып, домбыраның қос ішегіндей теміржол. Онымен жолаушы пойызы зырлап кетіп барады Отыз шақты әсем вагондары бар. Жолаушылар терезелерге жапырлай жабысып, маған тамашалап қарайды. Қолдарын бұлғап қошамет көрсетеді. Мен де қол бұлғап жауап қайтарам.
Бір жерде қауын қарбыз жинап жүрген шаруалар кезікті. Қауын-қарбыздарының үлкендігі қойдың құмалағындай. Ең зор дегені түйенің
құмалағындай. Бір ергежейлі шаруа ең үлкен деген қарбызды құшақтап
мықшия көтеріп алып, маған қарай жүгірді. Шіңкілдей айқайлап, бірдеңелер
айтады. Біздің қолымыздан дәм тата кетіңіз дейтін тәрізді. Мен еңкейіп
қарбызды алдым. Ортасынан қақ бөліп қарасам, қызылдығы қандай. Жеп
көрсем, сізге өтірік, маған шын балдай. Балдай емес-ау, балдың нақ өзі. Мен
осы өмірімнің ішінде дәл мұндай тәтті қарбыз жеп көрген емен.
Өзен бойларында қой, ешкі, сиырлар жайылып жүр. Көлдерде жүзіп жүрген мың сан қаз-үйрек. Ал үйрек-қаздары біздің кара шыбын шамалас.
Жол бойы шоғыр-шоғыр деревнялар. Әр үй өз алдына оқшау. Үйлерінің сыртын ақпен бояп, жұмыртқадай жарқыратып қояды екен. Төңірегі саялы бау. «Шіркін, өмір осылардікі екен-ау» деген ой басыма мықтап орнады.
Бір деревня жолдың дәл үстінде екен. Асфальт жол деревняны қақ жарып өтеді. Әлгіге кеп қалғанымда, тауық-қаздар каңқылдап, малдар үркіп, иттер үріп, азан-қазан болды. Сірә, мені қозғалып келе жатқан тау деп ойласа керек.
Бір кезде алдымыздан Мильдендо қаласының төбесі көрінді. Баяғы Гулливер әңгімесінде бұл қаланың сырты төрт бұрышты қорғанмен көршалған. Үйлері сол қорғанның ішінде. Бірін-бірі кесіп өтетін басты екі көшелері бар. Қалған көшелері тар, үйлері үш-бес этажды дейтін еді ғой. Осы кездегі Мильдендо Гулливер сыпаттаған қалаға еш ұқсамайды. Жиырма, отыз қабат биік үйлер, кең түзу проспектілер. Көшелерінде адамнан машина көп. Қалада жер астының катынас жолы метро бар екен. Гулливер Мильдендо қаласында бес жүз мың тұрғын тұрады дейтін еді, қазіргі тұрғын саны бес миллионнан асатын көрінеді.
Қалаға кіре берісте дөң үстінде үлкендігі дәл біздей қалпақ киген бір алып адам екі аяғын жолдың екі жағына талтайта қойып, ары қарап тұр. Мен келе жатқан асфальт жол әлгінің аяғының арасынан өтеді. Мен ғажап қалдым. «Менен басқа да мұнда «алып» біреу келген бе?» деп ойладым. Бірақ, әлгі адам қыбыр етіп қозғалмайды. Әсем қаланы қызықтап өзге дүниені түгел ұмытып, қарауылдай қаздиып қатқан да қалған.
Алдымда кетіп бара жатқан президент машинасы әлгіге жақындаған кезде тоқтады. Жасабол мен Елдесер жерге түсіп жатты. Сөйтсем, бұл тұрған жаны бар адам емес, бір кезде осы елге тағдыр айдап келген Гулливерге Ергежейлі елінің орнатқан ескерткіші екен. Бір сағаттай бөгеліп, ескерткішпен таныстым.
Ғажап! Адам таңқалатындай ерек нәрсе. Гулливер екі қолын шалбарының қалтасына салып, әсем астанаға биіктен асқақтай қарап тұр. Екі аяғының арасынан өтіп жатқан асфальт жол арағырақ барған соң қаланың ең басты да айтулы проспектісіне айналады. Ол проспект Гулливердің құрметіне Тау адам проспектісі деп аталады екен.
Ескерткіш түгелдей қоладан құйылып істелген. Іш жағы қуыс. Және ол қақырап бос тұрған қуыс емес.
Гулливер-ескерткіштің жер басып тұрған екі аяғы – сыртқы екі тобығының орнында сопақша дөңгелектеу екі есік бар. Әлгінің біреуінен жұрт шұбап кіріп жатса, екіншісінен шығып жатады. Кірген жұрт қайда барады?
Ескерткіш-Гулливердің сирақтарының бойымен жоғары-төмен зырқырап жүріп тұрған лифт бар. Кірген жұртты лифт зыр еткізіп жоғары көтеріп әкетеді. Гулливер ескерткіштің қарнының ішіне алып барады. Бұл ара дөңгелек келген биік жал. Онда балмұздақ жеп, тынығып отыратын кафе орналасқан.
Залдың төбесі іш жағынан қарағанда күмбезденіп, тарылып келеді де, дөңгелек апан үңгірге айналады. Ол үңгір – Гулливер ескерткіштің өңеші. Оған көтерілетін айналма саты бар. Сонымен үңгірге көтерілуге және үңгірдің ішінен ары бастың ішіндегі қуысқа өтуге болады
Бастың іші ол дағы шағын дөңгелек зал. Мұнда ештеңе жоқ, бос. Тек әуестенгіш жұрттың осы арада заңғар биікте тұрып қалаға тамашалап қарауына арналған. Үлкен астана бұл жерден алақанға салғандай сайрап көрінеді. Ескерткіш Гулливердің екі көзінің орнында формасы көз тәріздес екі терезе. Танаудың екі тесігінің орнында уілдеп ауа кіріп тұратын екі тесік-желдеткіш.
Бұл ғажап ескерткішті көрмекке жұрт империяның түкпір-түкпірінен келеді екен.
10
Мынау, міне, қаладағы ең кең, ең әсем Гулливер проспектісі. Мен президент машинасының соңынан ілесіп келе жатырмын. Көшенің транспорт жүретін орта тұсы бос. Ал екі жақ шетте бірнеше қатар болып тізілген құжынаған халық. Мені тамашалай көруге астананың бүкіл халқы жиналған тәрізді.
Бұл көшенің бойындағы үйлердің көпшілігі жиырма, отыз қабат үйлер. Жиырма қабат үйдің биіктігі шамамен бес-алты метрдей. Отыз қабат үйлер сегіз-тоғыз метрдей, яғни менің бойымнан әлде қайда биік. Көшеге сыймаған жұрт қаптап сол биік үйлердің шатырларына шығып алған. Үйлердің балкондарына, терезелеріне шығып алған ергежейлілер қаншама.
Өз тілдерінде улап-шулап бірдеңелер айтады. Мен анықтап түсінбегенмен қошамет сөздер екенін әбден жақсы сезінем. Екі қолымды аспандата бұлғап бір қолыммен бір қолымды қысып, қошаметпен жауап қайырам.
Жоғарғы жақтағылар төбемнен қарша боратып бума-бума гүл шашып лақтырады. Мен ол гүлдердің біразын құшағым толғанша жинап алам да, биік үйлердің үстінде, балкондарда тұрғандарға қайта лақтырам. Қызылды-жасылды керемет жұпар гүлдер ізімде нөпір болып төселіп қалып жатыр.
Көше бір кезде үлкен бір алаңға тіреліп тұйықталады екен. Ішіне елу мың ергежейлі сыятын жабық стадион. Міне, осы арада кең алаңның қақ ортасында үлкен әсем дарбаза есік президент машинасы жақындағанда ашыла берді. Машина тоқтамай кіріп барады. Соңынан мен де кірдім.
Жабық стадионның мөлшері қандай екенін білу үшін аумағы жиырма шаршы метрдей, биіктігі үш метрдей сәл ұзыншалау төбесі әйнек тәрізді мөлдір затпен итарқаланып жабылған бір бөлме әсем үйді көзіңізге елестетіңіз. Мен, міне, сол үйдің ішінде ғажаптана қарап тұрмын. Алматыдағы өз үйімде, өзімнің жұмыс кабинетімде тұрғандаймын. Мынау қайта жалпақ та, кең диван, ортаға үлкен стол, жұмсақ кресло қойылған. Еденге көздің жауын алғандай әдемі қызыл ала жаңа кілем төселген. Кіре берістегі оң жақ бұрышта кісі бойы әсем шарайна, сол жақ бұрышта киім ілетін дөңгелек сәнді ілгіш. Осы аталған жиһаз-дүниелердің бәрі де үлкендік жағынан кәдімгі біздегідей. Біз тәрізді «алыптардың» пайдалануына арналып жасалған. Мені ғажап қалдырған да осы еді. Бұның бәрін бұлар қайдан алды? Қалай тасып жеткізді? Міне, осыны сұрағанымда Елдесердің айтқаны.
Тау аға, бұның бәрін де біз сіз келетін болған соң сізге арнап, өз өндіріс орындарымызда жасаттық. Стол, орындық, диван-креслоны осындағы мебель фабрикасы жасады. Мына едендегі кілемді кілем тоқитын фабрика тоқыды. Айнаны айна заводы жасады. Анау сіз ұйықтауға арналған көрпе-жастық, сіз тамақ ішетін ыдыс-аяқтарға дейін бәрі өзіміздің шеберлердің істегендері. Мен одан бетер ғажап қалдым.
– Сіздердің өздеріңіз мұншалық кішкентай халық болғанмен, өндірістеріңіздің күші, мүмкіншілігі керемет екен! – дедім.
– Аманшылық болса, сіз біздің елде бұрын өткен керемет нәрселерді көресіз.
Менің резиденцияма және оншақты машиналар келіп кірді. Бәрінен де ергежейлілер түсіп жатыр. Әйел, еркегі аралас елу шақты ергежейлі жиналды. Бұлар министерлер, ғалымдар, белгілі жазушылар, өнер қайраткерлері, қысқасы, ұлттың сүт бетіне шығар ығайы мен сығайлары екен. Араларында жұмысшы-шаруалары да бар.
Осы топтың арасынан талдырмаш денелі бір жас қыз қалың жұлдыздың ішіндегі шолпан жұлдызындай көзге оғаш шалынады. Ойпырай, пенденің де дәл мұндай сұлуы бола береді екен-ау. Әлгінің әдемілігін сыпаттап айтуға менің тілім жетпейді. Жо-жоқ ергежейлі деп, пенде деп айту лайықсыз. Ертегілерде айтылатын хор қызы, періште деген нәрсе рас болса, мынау соның дәл өзі. Ал өтірік болса, онда әлгіндей қажетті атаулар тек осыған, осы қызға ғана берілуі керек. Жер бетінде қор кызы атануға, немесе періште болуға лайық бұдан басқа әйел заты бар дегенге мен өзім басымды кесіп алса сенбеймін. Әй, сенбеймін-ау!
Міне, осы сұлу қызды сіздер кім деп ойлайсыздар? Бұл – менің Елдесер досымның калыңдығы екен. Баяғыда Елдесерден «елінде сүйетін қызың бар ма?» деп сұрағанымда, бар деп еді ғой. Сол осы екен. Елдесер оны өзге жұрттан бөлектеп менің алдыма ертіп әкелді. Содан соң өте сыпайыгершілікпен таныстырды. Адал достың қуанышы өз қуанышыңнан кем болмайды екен. Мен әсем қызға өзім үйленетіндей қуандым.
– Шырақтарым, бақытты болыңдар! Үбірлі-шүбірлі болыңдар! – деп, ағымнан жарылып, батамды бердім.
11
Президент Жасаболдың атынан менің келу құрметіме қонақасы берілді. Қонақасы қызық жағдайда өтті.
Бөлменің (жабық стадионды енді осылай атағаным жөн болар) дәл орта тұсына қойылған үлкен ұзын стол бар емес пе? Соның үсті қатарынан тақта-тақта етіліп үш алаңға бөлінген. Оның бірі маған тиесілі, яғни менің алдымдағы дастарқаным. Жаңа жауған қардан да аппақ ақ дастарқанның үстінде ергежейлі елінің не бір атақты шебер аспаздары әзірлеген неше алуан дәмді тағамдар, бөтелке-бөтелке ішімдіктер. Менің алдымдағы шарап құйылған бөтелкелердің үлкендігі, шамамен жүз елу, жүз алпыс грамдық. Бұны да мұндағы әйнек заводында арнайы мен үшін жасатқан екен. Ұзын столдың бір жақ шетінде мен оңаша отырмын.
Үлкен столдың орта тұсы, яғни, ергежейлілер мен менің дастарқанымның екі аралығы кең алаң. Ол духовой оркестрдің отыруына және биге арналған. Жұрт ішіп-жеудің ара аралығында, жұбайларымен әлгі араға шығып би билейді. Мен ергежейлі адамдарындай әсерлі, сәнді билейтін халықты көрген емен.
Тамақты маған вертолетпен тасып әкеледі. Үш пе, төрт пе вертолет бірінен соң бірі алмасып келеді де тұрады. Мұндағы вертолеттер ұшқанда дарылдап парылдамайды екен. Сарымасадай сәл ғана ызыңмен келіп қалады. Содан соң вертолеттің омырау тұсынан төмен қарай есік ашылады. Есіктің бір шеті жерге (столдың үстіне) тіреліп, еңкіш көпір болып тұрады.
Сол көпірдің үстімен официанттар маған арнап әзірлеген тағамдарды ыдыс-пыдысымен вертолеттен қоларбаша итеріп сырғанатып түсіреді. Мен үшін ісгелген әр ыдыстың түбінде шарик-дөңгелектері бар. Сол дөңгелектердің арқасында официант ергежейлілер өздерінен бірнеше есе үлкен ауыр ыдыстарды оп-оңай сырғанатады екен.
Тамағы желінген бос ыдыстарды, шараптан босаған бөтелкелерді әлгідей әдіспен вертолетке тиеп қайтып алып кетеді. Бұлайша техниканың көмегіне сүйенбесе, мені күтіп-сыйлау бұларға оңайға түспес еді.
Менің адресіме бірсыпыра қошамет сөздер айтылды, тостар көтерілді. Қарыздар боп қалмауға мен де тырысып бақтым.
Ергежейлі шараптарының дәмі ғажап. Ішсең, іше бергің келеді. Ал коньяктары күштілігі жағынан біздің коньяктарға қарағанда бәсең бе деп қалдым. Бірақ оның да дәмі соншалық ұнамды.
Қонақасының соңынан Мильдендо қаласының айтулы артистері өнер көрсетті.
12
Ергежейлі елі жағасы жайлауынан келіп, оңаша оқшау жатқан ел емес. Онымен көрші және бір күшті империя Блефуску империясы бар. Бұны біз баяғы Гулливер әңгімесінен де білетінбіз. Гулливер әңгімесінен біздің және білетініміз: бұл аталған екі ел ол заманда бірімен-бірі араз. Ол араздық әуелі ұсақ нәрседен басталады. Ергежейлі елінің императоры жұртқа піскен жұмыртқаны үшкіл жағынан жармай, доғал жағынан жаруға міндеттеп указ шығарады. Халықтың бір бөлегі бұл указды қабылдайды, бір бөлігі қабылдамайды. Қабылдамағандарды өкімет қудалап, өлім жазасына кесетін болады. Қуғын көрушілер елден қаша бастайды. Көрші Блефуску еліне өтіп жан сауғалайды. Блефуску елі зәбір-жапа көрушілерге қамқорлық жасайды Мінекей осы үшін Ергежейлі елі Блефускумен араз болды. Бұның бәрі Гулливер әңгімесінде айтылған.
Содан бері бірнеше ғасыр уақыт өтсе де екі елдің араздасуы тоқтамапты. Араларында талай-талай қақтығыстар, соғыстар болып келген. Талай мың халық бостан-босқа қырылған, талай қала өртеніп, талай қазына таланған.
Соғыс пен соғыстың екі аралығындағы бейбіт кезеңдердің өзінде ел бейшараның ішкен астары бойларына тарамайды. Қанаттанып өмір сүрген бір күндері болмайды. Қайдан болсын, құлайтын жартас тәрізденіп төбелерінен күндіз-түні соғыс қаупі төніп тұрса... Екі елдің екеуі де мың миллиондай армия ұстайды. Қаруланған үстіне жанталасып қаруланады. Қазына-байлық ел игілігіне жұмсалудың орнына қарап боп соғыс мақсатына жұмсалып жатады. Тепсе темір үзетін жас жігіттер еңбек етіп ел байлығын молайтудың, ата-анасын асыраудың орнына соғыстың, кісі өлтірудің айла тәсілін үйренеді. Ешкім соғыстан құтылудың жолын таба алмайды.
Әр халықтан әр жүз жылда бір данышпан дүниеге келеді дейді ғой. Сол, сірә, рас болса керек. Ергежейлі елінен Жасабол дейтін торсық шеке ұл туады. Ғылым, білімге керемет жетік болады. Ол өзінің бойындағы кемеңгерлік ақылын, күш-қуатын сарп етіп халықтың бақытты өмір сүруі үшін, бейбітшілік үшін күреседі. Қарапайым еңбекшіл жұрттың, әсіресе, кедей-кембағалдың қамын Жасабол көп ойлайды екен.
Жасабол көп-көп еңбектер жазады. Оның жазған кітаптары, сөйлеген сөздері жұрт көңіліне қона кеткіш болады.
Халық Жасаболды президент етіп сайлайды.
– Біз әуелі баянды бейбітшілік болуын қамтамасыз етуіміз керек. Онсыз бақытты бола алмаймыз, – дейді Жасабол президент. Блефуску еліне өзінің ақылды деген министрлерін келіссөз жүргізуге жібереді. Мақсат: армия атаулыны мүлдем тарату, қару-жарақты жою.
Келіссөз бірнеше айға созылады. Еш нәтиже бермейді. Жанталаса қарулану екі елдің екеуінде де өрши түседі. Келіссөз жүргізетіндер әбден тіл мен жағына сүйеніп ысқаяқтанып алған су жұқпас ділмәрлар. Бірінің сөзін бірі аңдып қылт-сылт ете қалуы тіптен оңай. Негізгі басты мәселе екі жақтың екеуі де келіскен болады әуелі. Ал бірақ қолма-қол талдап шеше бастағанда, алдарында мың да бір қолдан жасап алған тосқауыл тұрады.
Мәселен, бір жақ айтады: қарусыздануды әуелі танктерді жоюдан бастайық дейді. Екінші жақ бұған келіспейді, шалқасынан түседі. Жоқ, танктерді емес, зеңбіректерді жоюдан бастаған жөн дейді. Бұған ана жақ көнбек емес. Осыдан келеді де табандасқан текетірес туады. Біреуіне біреуі жол бергісі келмейді. Бұны олар майдалап «келіссөздің тұйыққа тірелуі» деп атайды екен.
* * *
Жанталаса қарулану екі елдің екеуінде де өршіген үстіне өршіді. Екі алып империя бірі мен бірі бәсекелесіп, қарудың не бір тажал сұмдык түрлерін ойлап шығарумен болады.
Блефуску мемлекеті мато кару дейтін жаңа қару жасайды. Әлгінің булату күші керемет болса керек. Бір мато бомбасын тастаса, бір қала өртеніп, қирап жоқ болатын көрінеді.
Біраз уақыттан кейін бұл сұмдық қаруды Ергежейлі елі де жасап алады. Соғыс қаупі бұрынғыдан да күшейеді.
Мато қаруының бір сұмдық қорқынышты жері оны сынап жарғанда, ауа уланатын көрінеді. Ол у жанды-жансыз тіршілікке бірдей қауіпті. Тағы да келіссөздер жүргізіледі, тағы да еш нәтиже бермейді. Жасабол «Не өмір, не өлім» деген кітап жазады. Екі империя да өз көрлерін өздері қазып жатқанын; енді соғыс болса, жеңуші болмайтынын: екі елдің екеуі де бірдей құритынын дәлелдейді.
«Соғыс апатынан құтылудың қазір енді бір ғана жолы бар – ол әр ел біреуіне-біреуі ешқандай шарт қоймай, талап қоймай, армиясын өздігінен түгел тарату, қару-жарақты түгел жою, яғни, біреуіне-біреуінің сенуі»...
«Бұнсыз іс бітпейді, бүгін бұны істемесең, ертең кеш болуы мүмкін» деп тұжырымдайды Жасабол.
Министрлері мен сарапшыларын жинап алып, ойын ортаға салады. Алдағы қолайлы деген күндердің бірін «Бейбітшілік күні» деп белгілейді. Сол күні армия атаулыны таратып, қару-жарақ атаулыны түгел құртайық дейді.
– Енді соғыс болса, құрымайтын ел жоқ. Жанталаса қарулану өрши түсіп отырғанда соғыс болмайды деуге қисын және жоқ. Сонда былай да, былай да құритынымыз анық болып шығады. Ауруы бел алып өлеріне көзі жете бастаған адам ем-домның небір қатал түріне, пышақтаудың қандайына болса да көнер болар. Қазір біз сол халдеміз. Менің ұсынар емім – әлгідей...
Жасаболдың көкейге қонымды сөзін министрлер мен сарапшылар сүттей ұйып тыңдайды.
– Жарайды, өз тарапымыздан армияны тараттық. Қару-жарақты жойдық. Ал Блефуску мемлекеті бұның бірін де істеген жоқ. Сонда қалай болады?
– Онда Блефуску мемлекеті бүкіл дүниежүзі халқының алдында өздерінің нағыз соғысқұмарлар екенін, бейбітшіліктің жауы екенін ашықтан ашық дәлелдеген болып шығады.
– Ал, егер, Блефуску империясы бізге шабуыл жасаса қалай болады?
– Бірде-бір солдаты, бірде бір оқ шығарар қаруы жоқ елге шабуыл жасап басып кіру – ол қиын шаруа. Бұған, бәрінен бұрын, сол басып кіретін армияның өзі жол беруге тиісті емес. Өйткені қарсы солдат та адам, оның да ары бар, ұяты бар. Алдарынан қарсы мылтық кезенген бір адам көрінбеген соң олар қайда бара жатырмыз, неге бара жатырмыз демей ме?
Мәселе талқыланады. Ақыры Жасаболдың ұсынысы тәуекелмен қабылданады. Үш мың алты жүзінші айдың он бесі күні бүкіл Ергежейлі империясы бойынша ең зор мереке «Бейбітшілік күні» болып тағайындалады. Сол күні армия түгел таратылып, кару-жарақ түгел жойылуға тиіс. Жұрт ол күнді асыға күтумен болады.
***
Күткен күн келіп жетеді. Бұл күні Ергежейлі империясында бұрын-соңды ешбір ел, ешбір жерде болмаған ғажап ұлы оқиға болады. Бүкіл әскер киімін кигендер иықтарындағы погондарын жұлып ап, табандарына салып тастайды. Қаруларын тасқа ұрып қиратып, темір сынығын үйгендей шөмеле-шөмеле етіп үйеді. Оқ-дәрі сақталатын қоймалардың есіктері айқара ашылады. Жер бетіне өмір емес, өлім себуге арналған жәшік-жәшік ажалдар (бомба, снаряд, оқтар) көк теңізге күмпілдеп құлатылумен болады.
Пілдей-пілдей танктер, кеңірдегі сорайған зеңбіректер, олар да қиратылғаны қиратылып, қиратылмағаны бөлшектеніп, тау-тау болып үйілген металл сынығына айналады.
Сосын самолеттері жай азаматтық самолетке, соғыс кемелері жай жүк таситын кемелерге айналдырылып, қайта жабдықталады.
Үш күн, үш түн елде мейрам болады. Үш күн, үш түн халық көшеде би билеп, өлең айтады. Бұл күндері асхана, ресторандар тамақтарын тегін береді. Дүкендер арақ шарапты тегін босатады. Транспорт атаулы тегін, такси тегін. Армиядан босап, жағалары жайлауларынан келіп, үйлеріне қайтып бара жатқан солдаттар, офицерлер...
Дәл мұндай ұлан-асыр шаттық мереке бұрын-соңды ешбір ел, ешбір жерде болған емес.
13
– Ал Блефуску империясы қайтеді?
Сабыр, оқушым, сабыр. Қазір оны да айтып берем. Блефуску империясының билеп-төстеушілері әуелгі кезде ергежейлі елінде осындай оқиға болғалы жатыр дегенге сенбейді. Бұл әншейін насихат үшін қажет, жұртшылық пікірін алжастыру деген мәлімдеме жасайды. Ал содан соң аталмыш күн жетіп, ергежейлі елінде әскер шынымен таратылып, қару-жарақ жойылғанын көргенде, олар не айтарға білмей сасады. Ергежейлі елі бейбітшілік күні карсаңында Блефускуге: «Өкілдеріңізді жіберіңіздер. Бізде не болып, не қойғанын көрсін» деп, шақыру жіберген екен. Блефускуден бірталай адам келген. Олар әлгі шараның бәрін де өз көздерімен көрген, өздері куә болған. Көрген-білгендерін өз үкіметтеріне айтып барған.
Блефускудің басшылары бірнеше күнге созылған құпия кеңестер өткізеді. Ақырында мынадай мәлімдеме жасайды: «Ергежейлі елінің бұл істеп отырғандары – көзбояу. Олардың жер астына салған құпия соғыс қаласы, соғыс заводтары бар. Мато бомбасын көп етіп тығып алған».
Ергежейлі елінің басшылары бұны естіп күледі. Жасабол «Сенбеушілік араздықтан да – жаман» деген үлкен мақала жазды Көрші отырған екі ел біріне-бірі сенбесе, баянды бейбітшілік болмайтынын, бұндай саясат қатер екенін дәлелдейді.
Блефуску елінің билеп-төстеушілері бұған құлақ аспайды. Жанталаса қарулану саясаты жүргізіле береді. Рас, ел ішінде біраз толқулар болып, мұнда да әскердің таратылуын, қару-жарақтың жойылуын талап еткен екен. Үкімет ондай талап қоюшыларды қудалап, ергежейлі елінің агенттері, Отанның қорғаныс күшіне қастандық жасаушылар ретінде қатаң жазалай бастапты. Халық қамын ойлаушы талай асыл боздақтарды атып-асып жоқ етіпті.
Блефускудің басшылары Ергежейлі елінің үкіметі қарусыздану жолында әлгіндей батыл қадам жасайды, көз жұмбай ерлікке барады деп, шынында да ойламайтын, бұған аса зор күдікпен қарайтын болулары керек. Олар соңғы уақыттары шекараларын мықтап бекітіп алады. Ұшқан құстан басқа не ары, не бері тірі пендені өткізбейді. Ергежейлі елімен ешқандай қарым-қатынас жасамайтын болады. Қысқасы бүкіл империяны леп шықпас темір қоршаумен қоршап алады.
Ергежейлі еліне мен қонаққа келген кездегі екі елдің арасындағы жағдай, міне, осындай екен.
* * *
Армия қалай таратылып, қару-жарақ қалай жоғылды, Ергежейлі елінің хал-тұрмысы гүлденіп жүріп береді. Жұрт тұтынатын заттар, тағамдар көбейеді, баға арзандайды. Жауыннан кейін қаптап өсетін саңырауқұлақтар тәрізденіп жаңа әсем үйлер тұрғызылады. Аңсаған армандарына қолы жеткен еңбекші ел бейбіт күннің рақатын көріп, жемісін теруге біржола бет қояды.
Мұндағы жұрттың аузында ерекше ардақталып аталатын бір есім бар. Ол – Жасабол. Ергежейлі елінің оған деген сүйіспеншілігін тілмен айтып жеткізу қиын.
Осы күнгі Ергежейлі елінде пәтер тапшылығы деген жоқ. Халық әдемі, әсем, кең үйлерде тұрады. Еңбекақыны мол алады. Киім, тамақ, тұрмысқа қажетті мебель, ыдыс-аяқ және басқа бұйымдар өте арзан. Ғылым мен техника керемет дамып өскен, қол еңбегі дейтінді білмейді, жұмыстың бәрін машина атқарады.
Ергежейлі елінің заң-тәртібі, көп жағдайда біздікінен өзгеше. Мен соның қай біріне тоқтала кетейін.
Президентті бұл елде бірінші елбасы санайды. Оның орынбасары екінші елбасы. Бұл екеуі әр отыз айда жасырын-жабық дауыс жолымен қайта сайланып отырады.
Бір орынға бірнеше адамды ұсына беруге болады, шек қойылмайды. Ұсынылғандардың ішінен кім де кім ең көп дауыс алса, сол сайланған болып табылады. Өткен жолғы сайлауда, мәселен, бірінші елбасылыққа жеті адам ұсынылған екен. Жасабол ең көп дауыс алған.
Ергежейлі елінде жұмысшы мен шаруаға құрмет ерекше. Олардың омырауға тағып жүретін арнайы белгілері бар. Шаруаның белгісінде бір тал масақтың, жұмысшының белгісінде балғаның суреті салынған. Бұларға не нәрсе болмасын кезексіз босатылады. Бірінші елбасының алатын жалақысы ең озат жұмысшының алатын жалақысымен қарайлас.
Партия бұл елде жоқ. Басқару қызметіндегі адамдардың барлығы тек сайланып қойылады. Әр коллектив өзінің жұмысы үшін өзі жауап береді. Біреудің үстінен біреу жоғарыға арыз айту, шағымдану, сөйтіп өзінің де, өзгенің де басын қатырып, миын шағып әуре-сарсаңға түсу кездеспейді. Бұнда бәрі де ашық айтылып, ашық талқыланады. Қандай мәселе болмасын жұрттың жаппай қатысуымен ашық шешіледі. Заводтың жұмысшылары, мекеменің қызметшілері өздеріне ұнамаған басқарушыны кез келген уақытта қызметтен алып тастай алады. Ұнатқан адамдарын сайлай алады.
Қылмыс бұл елде жоққа таяу. Өйткені қылмыс істеген адам жазаланбай қалмайтынын біледі. Ешқандай кешірім деген болмайды. Зандары қатал да, әділ. Ешкімнің даңқ дәрежесіне, өткендегі қызметіне қарамайды. Бір рет ұрлық жасаған адамның бір саусағын, екі ұрлық жасаған адамнын екі саусағын шауып тастап отырады. Кісі өлтіргенді дарға асады.
Дарға асу жұрт көзінше, халықтың ең көп деген жерінде, көбінесе базар алаңында жүзеге асырылады. Біреудің өміріне қастандық жасағысы келетіндерге бұл мықты соққы.
Ергежейлі елінде бір ай болғанда, мен көшеде мас боп жүрген біреуді көрген емеспін. Мас болуды мұнда масқарашылық деп қарайды. Көшеге мас боп шықса, ешкімге тиіссін, тиіспесін апарып қамайды да, жазаға тартады.
Ергежейлі елінде, бірлі-жарым болмаса әйелдер жұмыс істемейді екен. «Бұл қалай?» деп таңырқап сұрағанымда: «Әйелдер үй ішіне қарайды, балаларын тәрбиелейді. Бұл аз жұмыс па?» – деген жауап естідім.
Әдетте, әр семьяда екіден артық бала болмайды екен. Немесе одан көп балалары барлар өкіметке салық төлейді. Бала неғұрлым көп болса, салық та көп (бұл халық санын белгілі мөлшерден артыққа өсірмеудің шарасы көрінеді).
Қыздарға жасы екі жүз он алты, ұлдарға жасы үш жүз он айға толмай некеленуге рұқсат жоқ. Бойдақтарды мұнда қатты құрметтейді. Мемлекет оларға ай сайын ақшалай сыйлық беріп тұрады екен.
Ергежейлі елінде халықтың өсу мөлшері тым аз. Жаңадан қала салып, үй салып адамдарды сыйғыза алмай оларға жұмыс тауып бере алмай жанталасып жатпайды.
Некелесу үшін де бірталай жағдай керек. Бойжеткен қыздар күйеуге шықпас бұрын арнайы курстан өтіп, аналық паса (диплом) алуы шарт. Онда (курста) олар үй ұстай білуді, тамақ істеуді, киім тігуді, бала күтуді, күйеуімен сыйласуды, қонақ қабылдауды, т.б. үйренеді. Ол кім көрінгенге берілмейді. Белгілі бір мамандыққа ие болған, семьясын бағуға шамасы келетін дені сау, ақыл ойдан кемшілігі жоқ жігіттерге беріледі. Алды-артын ойламай сүйдік-күйдік деп, бүгін некелесіп, ертең ырың-жырың ажырасып жүру бұл елде кездеспейді екен.
Ергежейлі елінде жас балаларға соғыс ойнауға қатаң тыйым салынған.
* * *
Ергежейлі елінің маған көрсеткен сый-құрметі ғажап. Империя жерінің қай бұрышына барам десем, бардым. Кімдермен кездесіп, әңгімелескім келсе, әңгімелестім. Соның бәрінде Елдесер досым қасымда бірге еріп жүрді.
Өзім жазушы болғандықтан бұндағы жазушылардың өміріне баса назар аударуым заңды шығар. Сол тарапынан азырақ әңгімелеп берейін.
Ергежейлі елінде бүкіл жазушыны бір орталыққа бағындыратын ұйым жоқ. Әр түрлі бағытта, әр түрлі сыпатта көптеген газет-журналдар шығып тұрады. Ақын-жазушылар, міне, солардың төңірегіне топталады. Кім не жазам десе, еркі. Қаламақы сол кітапты сатудан түскен пайданың мөлшеріне қарай төленеді. Қандай кітап болмасын әуелі аз ғана тиражбен шығарылады. Жұрт ұнатып, талап алып жатса, үстін-үстін шығарыла береді. Жұрт алмаса, еселеп басылмайды.
Ал егер шығарылған кітап мүлдем өтпесе, онда бар шығынды автор көтереді. Сондықтан да өз талантына өздері сенбейтін дарынсыздар жазушы болам деп ойламақ түгіл қиялдамайды екен.
Халық ұнатқан өтімді, жақсы кітаптар еселеп басыла беретін болғандықтан одан түсер пайда көп. Пайда көп болған соң автордың алатын қаламақысы да көп. Талантты жазушылар бір жақсы кітап жазып та байып кетеді екен. Талапсыздарға әдебиетке келер жол жоқ.
Жазушыға даңқ әперетін, материалдық жағдайын көтеретін жазған кітаптарының саны емес, сапасы. Сондықтан да бұндағы жазушылар шығармаларын мейлінше жақсы етіп асықпай, қолдан келер өнерін барынша жұмсап жазуға тырысады екен.
Біздегі тәрізді көркем әдебиеттің ең таңдаулы шығармаларына жыл сайын сыйлық беріп отыру мұнда да бар. Бірақ оны комиссия қарап шешпейді. Қай кітап көп басылса, тиражы неғұрлым көп болса, сыйлық сол кітаптың авторына беріледі. Талантты авторлар мен талантты кітаптарды көтермелеудің бұл да бір жолы.
14
Елге қайтуыма екі күн қалғанда Елдесер мен оның періште қалыңдығының үйлену тойы болды. Той менің пәтерімде, яғни, жабық стадионның ішінде өтіп жатқан. Тойға шақырылған жұрттың саны он мыңнан асады. Дәл мұндай салтанатты, дәл мұндай жомарт тойды мен өмірімде көрген емен.
Бұл демалыс күні күндіз болатын. Тамашаның нағыз қызған кезі. Жарым-жарты жұрт дөңгелене би билеп, жарым-жартысы өзара әңгіме-дүкен құрысып, біреулер биллиард ойнап, біреулер ән тыңдап, әркім уақытты өзінше өткізуде.
Кенет жердің асты дүр ете қалды да, біз үстін басып тұрған қара жер оқыстан шайқалып кетті. Үйдің төбесін құрай бекіткен каркас темірлер, әйнектер бірнеше жерден сатыр-сұтыр сынды. Жер сілкінді. Жұрттың бәрінің басына келген бірінші ой осы еді. Әйелдерінің қай бірі шыңғырып, қай бірі бақырып, еркектер үдірейісіп, тойға келген он мың халық үріккен қойдай опыр-топыр болысты. Бірін-бірі баса көктей жүгірісіп сыртқа шығып барады. Жұрттың соңын ала мен де шықтым.
Қала халқы түгел у-шу. Үйлерінен қашып шығып жатқан үрейлі халық, кей жерде үйлер қирап, өрт шыға бастаған. Сондай өрт шыққан үйдің біреуі біз тұрған жерден онша қашық емес, жабық стадионның дәл қасынан өтетін өзеннің арғы бетінде. Өрт сөндіретін машиналар жөпелдемеде келіп үлгермеді. Ал үш этажды көне ағаш үй бірінші этажынан бастап лапылдап жанып барады. Ол үйде тұратындар нәрселерін терезелерден лақтырып, шырылдап жылаған балаларын өрттің ішінен көтеріп шығып, жанталасып жүр. Естері шыққан бөгде жұрт ешқандай жәрдем көрсете алатын емес.
Іске менің араласуыма тура келді. Ергежейлі елінің өзендері бізде арықта ағып жататын су шамалас. Екі аяғымды екі жағаға қойып, талтайып тұра қалдым да, еңкейіп екі алақаныммен суды жеделдете күреп алып, өрт шыққан үйге шаша бастадым. Мұндағы үйлердің терезелері өздеріне қарағанда үлкен болады. Шашқан суым терезелерден дәл барып кіріп жатыр. Әлгінде ғана қызыл тілін сүйреңдетіп үлкен үйдің ішіндегі зат мүлкімен түгел жалмап қоймақ болған асау өрттің тынысы тарыла бастады. Біраздан соң бықсып сөнуге айналды. Мен сонда да шаша бердім. Өртті әбден тып-типыл етіп бірақ тоқтадым.
Батыс жақтан көкжиектің аспанмен астарласқан тұсынан орасан зор қоп-қою қарақошқыл түтін көтеріліп келеді. Өрт! Өрт болғанда да ғажап үлкен өрт. Бүтін бір дүние өртеніп, жанып жатқандай. Стадионның қасындағы биік мұнараның басына шығып бақылағандар:
– Өрт біздің жерде емес, дарияның ар жағында, Блефуску елінің жерінде, – деген хабар жеткізді.
Жұрттың шошынуы одан бетер күшейді. Әлгінде ғана той-тамашаға белшеден батып сайрандаған халық оның бәрін ұмытты. Алыстағы апат өрттің лезде қоңырсық жаман иісі енді біраздан соң ауада біліне бастады. Мұншама зор өрт неден шығуы мүмкін деп, бұндағылар біле алмай дал болды.
Жасабол үкімет мүшелері мен сарапшыларын жиып, табанда осы араның өзінде, төтенше мәжіліс өткізді. Өзара пікір алысқан соң барлау жасап біліп қайтуға Блефуску еліне бірнеше самолет жіберуге ұйғарым қабылданды.
Самолеттер аса сұмдық жаманат хабар әкелді: Блефуску елінің астанасын түгелдей қып-қызыл өрт басып кеткен. Қала маңындағы темір жол бойларында өлген жыландар тәрізденіп қирап жатқан составтар. Олардың да қайбірі өртеніп жатыр. Кей жерлерді су басып кеткен. Бұрын жоқ өзен көлдер пайда болған. Елдегі бүкіл армия өрт басқан қалаға карай ағылуда.
Блефуску елінің аса зор апатқа ұшырағаны айқын еді. Ол апат неден болды? Аса күшті жер сілкінуінен болды ма? Жоқ, әлде, басқадай себеп пе? Ол туралы мұндағы оқымысты мамандар әр түрлі болжамдар айтып жатты.
Бақытсыздыққа ұшыраған Блефуску мемлекетіне жәрдем көрсететін төтенше комиссия құрылды. Комиссия бастығы – Жасабол. Бірсыпыра шұғыл шаралар істеле бастады. Апатқа ұшыраған халыққа жүк таситын самолеттермен, кемелермен көптеген дәрі-дәрмек, киім-кешек, тамақ жөнелтіліп жатты. Мыңдаған дәрігерлер, емшілер, ауру-сырқауға жәрдем көрсетуге аттанды.
Екі елдің ортасындағы теңіз онша терең емес. Көп жерін менің кешіп өтуіме болады. Дәл орта тұста аздаған терең жер бар. Одан жүзіп өтіп, Блефуску елінде не болғанын менің де өз көзіммен көруіме болатын еді. Көргім келіп те еді. Бірақ уақыттың тапшылығынан оған мүмкіндігім болмады.
...Міне, менің бүгін еліме қайтатын күнім. Мильдендо қаласының қасындағы анада өзім келін түскен аэродромда тұрмын. Ергежейлі елінің менімен қоштасуға жиналған мың сан халқы. Бойжеткен сұлу қыздардан қойылған қарауыл. Жасабол бастатқан үкімет мүшелері түгсл осында. Өзінің жас сұлу жұбайымен Елдесер досым да осында. Енді жарты сағат уақыттан кейін аспанда вертолет пайда болады да, төмен қарай салбыратып жіп-саты тастайды. Мен сол сатымен көтеріліп, вертолетке мінем. Қонақжай Ергежейлі елімен ең соңғы рет қол бұлғай қош айтысам.
Аэропорт басындағы қалың жұртты кақ жара асығыс келіп бір машина тоқтады. Ішінен жеңіл сидам киінген жас ергежейлі жігіт түсті. Қолындагы пакетті Жасаболға табыс етті. Жасабол ашып оқи бастады. Президенттің жүзі бір қуарып, бір сұрланады.
Оқып болды да, ол тістерін шықырлата тістеніп, ернін қисайта қымқырып сүлей сопа тұрып қалды. Содан соң қасындағы жұртқа бірдеңе айта бастады. Президенттің не айтып жатқанын білуге мен де ынтызар болдым.
Сөйтсем, Блефуску елінен хабар келген екен. Онда елді бақытсыздыққа ұшыратқан апаттың неден болғаны жазылған. Соңғы уақытта Блефуску империясының басшылары астана тұрған жердің астынан мато бомбасын жасайтын зор құрылыс – завод салған көрінеді. Сол заводта, әйтеуір, бір себептен жарылу болған.
Үш миллион халқы бар үлкен қаладан ешқандай тамтық қалмаған.
Көк теңіздің үстімен вертолет парылдап ұшып келеді. Мен тұнжырап ойға калып отырмын. Әлгінде естіген сұмдық хабар бүкіл жан жүрек сезімімді билеп, жайлап алған. Ойланбасыма қоймайды.
Бердібек СОҚПАҚБАЕВ
1966 жыл
Abai.kz