Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 24760 0 пікір 29 Желтоқсан, 2015 сағат 10:12

«КЕМЕЛДЕНУ ӘДЕБИЕТІ» НЕМЕСЕ ТАРИХИ ТАНЫМ ТАМЫРЫ

Шамалы алғысөз

Көрнекті суреткер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің шығармашылығы әр қырынан зерттеле бастады. Ол туралы әдебиеттанушы, тілші, тарихшы, философ, мәдениеттанушы, әлеуметтанушы ғалымдар қалам тартуда. Оның  әлемі, әсіресе,  жас ұрпақтың да үлкен қызығушылығын тудырып келеді. Және жастардың танымы, талдау жүлгелері қызғылықты.  Сондай сергек жастардың бірі – жас әдебиеттанушы Абдул Рахманұлы Абдулкәрім.

 

Сүлейменовтей суреткерді  қай қырынан талдаса да жарасады және қажет-ақ. Ал, Абдул жастың « ...бүгінгі күнге дейін Асқар Сүлейменов әдебиетінің шынайы мәні, оның сындағы, жазушылықтағы, драматургиядағы еңбектері бір-бірімен байланысты екенін білсек те, жазушы шығармашылығының толыққанды ғылыми негізін, қоғамдық-әлеуметтік маңызын айқындап бере алған жоқпыз» деуіне әбден келісуге болады.  Жап-жас болып «Асқар Сүлейменов шығармашылығы жайлы ортақ, дұрыс және жүйеленген көзқарас қалыптастыратын заман келгені...» туралы ойлануы және  өз тарапынан Асекең шығармашылығының генезисін пайымдауға ұмтылғаны; сондықтан да  өзі АС шығармашылығы туралы идеялық мақалалар циклын жазуға бел  буғаны және ізденіс аясының кең екені қуантады.

«...Асқар Сүлейменов шығармашылығы ең алдымен ұлтсыздануға қарсы шығармашылық, қарсылық әдебиеті. Демек, оның қайнар көзі де ұлттық дүниетанымда, ұлттық философияда, салт-дәстүрде, сана-сезімде... Асқар Сүлейменов дүниетанымының, әдебиетінің негізін батыстан емес, өз тарихымыздан, өз философиямыздан бастау керек...»  дейді автор. Мұндай пікірлер мақала, зерттеулерде, ауызекі пікірлерде  бірен-саран айтылып та жүр.  Бірақ, Абдул өзінше пайымдау-тұжырымдарымен  бұған ерекше ден қойып, назар аудартады.

Кез-келген ірі суреткердің болмысы, әсіресе, қазақтай ұлттың өкілінің шығармашылық құрамдасы - өзінің жеке рухани тәжірибесі; ұлттық құнары, топырағы және әлемдік рухани ая болып келеді ғой. Асекеңде де, мысалы, Абайдағы, Әуезовтегі  сияқты – өз ортасы, яғни қазақы пайым-таным, даналық және  шығыс пен батыс  әлемі (әрине, тек әдеби әлем ғана емес) толыққанды бар. Және осының бәрін Сүлейменов өзінше, өзгеше жаңғыртып, жетілдіреді.  Сондықтан да жас зерттеушінің  суреткер шығармашылығындағы... «толық адам» ілімі туралы ойлары, біздіңше, өте орынды да соны тұжырым. Абдул АС болмысын үш бірлікте қарастырып, ойларын осы арнада дамыта түссе -  «Кемелдену әдебиеті» деуі негізделе түсер еді.

Жалпы А.Сүлейменов шығармашылығының аса ерекшелігі – тереңнен тартатын генетикалық коды және оның  жасырындығы,  ойға дертіп тұратындықтан да  небір интерпретацияларға мүмкіндік беретіні.  (Және бір қызығы – өте биографиялылығы, бірақ, сюжеттік-сезімдік  арналарды мүлдем жауып тастайтындықтан онысы еш байқалмайтыны.)  Демек, Абдулдай көкірегі ояу, білімге құштар заманауи жастың да құлашын кеңге сермеуіне болады. Талантты жасқа үлкен болашақ, мақсатты қажыр тілеймін.  

Әлия Бөпежанова

   

«Кемелдену әдебиеті» немесе тарихи таным тамыры!

 (Асқар Сүлейменов шығармашылығы туралы идеялық мақалалар циклы)

 

                      Асқартанудың бағыты қандай болуы тиіс?

 

«О себе устами немца (некто Эшкер): «текст был столь непонятен,

что даже в отпечатках искали смысл» (А.Сүлейменов).

 

«Асқартану» - аты айтып тұрғандай, биікті тану, қазақ әдебиетінің көтерілген белесін тану. Адам өмірінің тарихи мәні оның өз мойнындағы парызы мен қарызын қаншалықты өтей алғандығымен де өлшенетін кездер болады. Міне, кешегі отарлық жүйені әшкерелеп, өмірін ұлтының рухани тәуелсіздікке жетуі үшін арнаған жазушы Асқар Сүлейменов сынды тұлғаларымыздың еңбегін дәріптеу, насихаттау, маңызын айқындап тарихи тұғырына көтеру де біздің өмірлік парыздарымыз бен қарыздарымыздың бірі болмақ.   

Асқар Сүлейменов шығармалары туралы бір тұжырым айтқың келген кезде жазушының прологтағы цитатасы бүкіл ойыңды тұқыртып кететіні бар.  Дегенмен де Асқар Сүлейменовтей мұхиттың тереңіне бойлай алмасақ та, тамшысынан тата алсақ, кіші бөлшегін болса да ортаға салсақ, сәл де болса тарих алдындағы, тұлға алдындағы парызымызды орындаған болмақпыз. Тек бұл ой обьективті болса болғаны. Осы орайда жазушының тағы бір цитатасы ойымызға оралады: «кез-келген қайшылықта үш түрлі көзқарас бар: сенің көзқарасың, сенің қарсыласыңның көзқарасы және дұрыс көзқарас». Мақаламызды идеялық деп таныстырғанымыз да сондықтан. Асқар Сүлейменов шығармашылығы жайлы ортақ, дұрыс және жүйеленген көзқарас қалыптастыратын заман келген сияқты.

Осы күнге дейін Асқар Сүлейменов шығармалары туралы бірнеше кітаптың жүгін арқалай алатын дүние жазылды. Оның көп бөлігі жазушының өмірлік позициясы және көз көргендердің жазушы тапқырлығы, шешендігі туралы естеліктерімен ұласып жатыр. Жазушы өзінің: «мінсіз шығарма жазу оңай. Қиыны – ғұмырыңды мінсіз шығармаға айналдыру» деген пікірінің үдесінен толығымен шыққанын ескерсек, бұл құбылыс заңды да болып көрінеді. Бірақ, жазушының өзі айтқандай: «бұл жақсы, бұл аз!». Себебі, әдебиеттану атты ғылым жазушы өмірінен гөрі оның шығармаларына ден қояды (биографизм мектебі өкілдерінен басқалары), сол арқылы жазушының әдебиеттанудағы бейнесі жасалып, әдебиет тарихындағы орны анықталады. Бұл жағынан келгенде қиналып қалатын тұстарымыз жоқ емес. Сондықтан Асқар Сүлейменов шығармашылығына арналған сыншылармыздың талдау мақалаларын, ғалым Ақжол Қалшабектің «А.Сүлейменов шығармаларындағы көркемдік ізденіс» атты кандидаттық диссертациясын, белгілі ғалымдарымыз Жарылғапов Жансая мен Пірәлиева Гүлзияның докторлық диссертацияларындағы талдауларын сараптап, Асқартанудағы келесі бағыт-бағдарды айқындау керек сияқты. Оның үстіне бүгінгі күнге дейін Асқар Сүлейменов әдебиетінің шынайы мәні, оның сындағы, прозадағы, драматургиядағы еңбектері бір-бірімен байланысты екенін білсек те, жазушы шығармашылығының толыққанды ғылыми негізін, қоғамдық-әлеуметтік маңызын айқындап бере алған жоқпыз. Себебі, ғалым Ақжол Қалшабектің диссертациясында Асқар Сүлейменов шығармаларының жанрлық сипаты интеллектуалдық-лингвистикалық негізде деген тұжырым жасалады, бірақ бұл «Асқар әдебиеті» дегенде жауап қызметін толық атқара алмайды, интеллектуализм тек шығарманың ж а л п ы мазмұндық-стилистикалық ерекшеліктерін ғана қамтитынын ескерсек, идеялық-құрылымдық, құрылымдық-концептуалдық, мәдени-әлеуметтік, эстетика-философиялық ерекшеліктер қарастырылмай қалады (бұл жерде біз жоғарыдағы тұжырымның теріс екендігін емес, бұл ұғымнан тыс қалған бөлшектер бар екендігі тұрғысынан айтып отырмыз, яғни «бұл жақсы, бұл аз» позициясында). Ал, сыншыларымыздың әр жылдары жарық көрген мақалалары фрагменттік талдаулар ғана болып, жалпылауға бара қойған жоқ. Оның үстіне Асқар әдебиетін ғалым Жарылғапов Жансая экзистенциалистік тұрғыдан түсіндіріп, экзистенциалистік ағым өкілі ретінде қарастырса, ғалым Гүлзия Пірәлиева оны психологиялық ерекшеліктері тұрғысынан зерттейді. Бұл жағдай бізге бір жағынан Асқар әлемін жан-жақты қырынан түсінуге мүмкіндік бергенімен, екінші жағынан Асқар шығармашылығының толыққанды идеялық мәнін анықтау қажеттілігін тудырады. Себебі, жазушы шығармашылығының биігін анықтап сол биікке әртүрлі қырынан шықсақ қана ғылыми жүйелікке жететін, нақты мақсат-міндеттерді анықтай алатын сияқтымыз. Себебі, Асқар Сүлейменов шығармашылығы үлкен мұхит дейтін болсақ, оны қалыптастырған қандай ұлттық арна, әлемдік ағындар екенін, генезисін анықтамай, бүгінгі күнгі нәтижесін пайымдаймыз деу әбестік болар.

 

Асқар Сүлейменов шығармаларының кілті - «Бесін»

Әрбір өнер туындысы біз үшін жаңа әлем болса, шығарма атауы, кітап атауы сол әлемнің кілті болмақ. «Бесін». Асқар Сүлейменовтің алғашқы кітабы осылай аталды. Бірақ, неге - «Бесін»? Асқар Сүлейменов әлеміне бойлау үшін ең алдымен осы түйінді шешу керек сияқты. Ал, біз білетін түйінді соңынан бастап шешеді, яғни түйіннің тоқтаған, аяқталған жерінен сөгеді. Сүлейменов 1992 жылдың 17 наурызында Томас Карлейльдің «Қаһарман. Пайғамбар. Муһаммед» атты еңбегін қазақ тіліне аударды. Сонда: «Муһаммедтің 52-дегі кезі; екіндіге бет алған кезі; достарының қатты сиреген кезі» - дейді. («Екіндіге бет алған кез» күннің тас төбеге көтеріліп батуға бет алған кезі, яғни мұнда орта жастан бесіннен) өтіп жатқаны айтылуда). Одан алдыңғы, 1987 жылы жазылған «Төрт тақта - жайнамаз» драма-диологында: «Райфин: Бәлкім. (Пауза. Шүйіліп отырып сағатын ұзақ бұрайды) Мына сардаба тұрып қапты. Уақытыңыз қанша болды? Кемпір: Уақыты несі? Райфин: Сағатты айтам. Кемпір: Біздің сағат - намаз. (Терезеге назар қыдыртады.) Тұман сіңілім кеп қапты ғой. (Пауза.) Жоба - жоба. Бесінге сүт пісірердей уақыт бар» - деген диалог өрбиді. (Мұнда да автор қазақ танымында уақыттың өлшемін келтіріп тұр). Әр жылдары жазылған, жазушы шығармаларының идеялық-мотивациялық негізіндей көрініс тапқан «Шашылып түскен тіркестерінде»: «Уақыт - енеді. Адамға да, қоғамға да, мемлекетке де енеді», - десе, тағы бірде: «Сананың намаздігер кезі, намазшам кезі, құптан кезі, алакеуім кезі, сәрі кезі, шапақ кезі, шаңқай кезі, екінді кезі, бесін кезі - біздегі қайсысы?» - дейді. Осы мысалдардан жазушының «уақыт» туралы философиясын, оның қазақ танымындағы өлшемі ретінде дініміздегі намаз уақытын алғанын байқаймыз. Енді, тікелей «Бесін» кітабына енген, 1968 жылы жазылған «Бесатар» повесінде бірінші жақпен баяндалатын «Сәруар» және «Сәруар, 1916 ж., 8-шілде, бесін» деп аталатын соңғы бөлімінде: «Ақсайдан күн ауғанда өткенбіз, ал қазір болса шөбін жұлсаң сүт тамар Керегетастың аңғарына бесін тұна бастаған екен»,  «Қазір ойлап қарасам, үндемегенім ақыл болды ғой деймін;  себебі менің сауал атып, оның жауап лақтырғанынан Төреханның жалғызының байлауға  қалған басынан жүген-ноқтаның сыпырылып қалуы кәдік-ті. Крейгель себебі, міні тәулік  жарымнан асып барады, менен жүген ноқтаны сыпырып емес, маған бұғалық салумен әлек» - деген жолдар келеді. Бұл тараулар  басқа тараулардан ерекше бірінші жақпен және әлдеқашан болып өткен оқиға ретінде баяндалады. Ал жоғарыдағы сөйлемдерді, филологиялық талдау жасамай-ақ, сәл зер салып оқитын болсақ  осы шақта баяндалып отырғанын байқамыз. Біз білетін суреткер – ең алдымен уақыт перзенті, өз ортасының, қоғамының жыршысы болғандықтан, Асқар Сүлейменов те «Бесін» концептуальды-символы арқылы өз дәуіріндегі отарлық жүйенің бетпердесін ашып беріп, отарландырудың-орыстандырудың жалғасып жатқанын жеткізіп отыр. Себебі, жазушы бұл шығармасын ХХ ғасырдың бесінінде, яғни ғасыр межесі «тәулік жарымынан асып бара жатқанда» жазды. (Осы орайда, автор бірінші жаққа да басқаша, жаңаша қырынан келгенін ескеру қажет, бірақ бұл жайлы тағы бірде жеке тоқталамыз). Асқартанудың алғашқы қадамы, көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Кітап аты - «Бесін», авторы - Асқар» мақаласында: «Берілген көріністерінде мән бар, серпін бар – әлденелерді астыртын аңдата кету бар», - деуі де  тегін болмаса керек. Осылардан келіп шығып Асқар Сүлейменов әдебиеті, тарихшы Мәмбет Қойгелді ағамыз айтқандай: «Алашордашылар бастаған қарсылық әдебиетінің жалғасы, ұлттық рухани тәуелсіздік әдебиеті» екені дәленденеді. Бұл тұрғыда да Алашордашылар әдебиеті мен Асқар Сүлейменов шығармаларының рухани сабақтастығы туралы жүйелі ғылыми еңбек жасалуы керек сияқты.  

 

Нейро-лингвистикалық бағдарламалау

Жазушы өзі өмір сүрген жүйдегі шектеулерді түсіне отырып өз идеяларын генерациялау үшін жаңа жолдарды, жаңа стилистикалық бағыттарды пайдаланды. Сондықтан да, ғалым Гүлзия Пірәлиева айтқандай, оның сөйлемдері: «қысқа болғанмен оқуға ауыр, ой мен сезім қақтығысы мол күрделі әлемге алып келеді». Жазушы өмірге алып келген стильдің ғылыми негізін қалыптастыру бүгінгі әдебиеттанудың күн тәртібіне қойылуға тиіс. Қоғамда жаңа ұғым пайда болған кезде, ол ұғым белгілі бір терминмен түсіндіріледі, сол терминге құндалақталады. Асқар Сүлейменовтегі сөйлем структурасының мәнін түсіндіру үшін де осындай жаңа термин қажет етілетін сияқты.

Осы ретте, біз айтқан ерекшеліктер түсінікті болу үшін жазушының «Бесатар» повесінен үзінді келтірсек. Мысалы: «мана, сырттан демесең, көз тоқтатып қарай алмап еді – кірген бетте жұлдыз іздегендей түндікке ұлып тұрып алған ақ төре жарау аттай ширақы кісі екен. Сәруар ұ ш ы п орнынан тұрды. Крейгель белін жазғаны ма, қос қолын мықынына таянып оңды-солды теңселіп кетті. Тәрбиесінде к і ш і д е н алдымен иба, ү л к е н – н е н алдымен салиқалық күтіп үйренген жас жігіт бұтынан бұзау өткендей ұзын сирақ офицердің мына қылығынан қатты ыңғайсызданып қалып еді». Қарапайым сөйлемдер. Офицердің бел жазғанын баяндау неге қажет? Соңғы сөйлемді бұлай шұбыртпай-ақ: «жас жігіт офицердің мына қылығынан қатты ыңғайсызданып қалды» - десе де жеткілікті емес пе?  Бұл үстірт ойланғанда туатын сауалдар әлбетте. Байқап қарасаңыз, автор қазақ баланы, Сәруарды қорлыққа қимайды, бірақ ақиқаттан да аттай алмайды, өйтсе оқушысын жоғалтады, сенімнен айырылады. Тілмаш болып істейтін кез-келген қызметкер төре келгенде орнынан тұрады, бірақ бір жағынан намыс кетіп жатыр. Себебі, академик Рабиға Сыздық айтқандай: ««Бесатардағы» ...ой-сана тартысы – зиялылардың өзара пікір таласы емес, ұлттық намыс пен империялық өктемдік арасындағы арпалыс» болатын. Осы кезде автор, офицерге ерсі іс-әрекет жасатып алады да, оны келемеждеп қояды. Сол сәтте эпитет арқылы бір жағынан жас жігітті інілік парызын орындап «ибалық» жасады деп «ұшып орнынан» тұрғанын көмкеріп кетіп, ақтап алады, ал екінші жағынан орыс офицерін «оңды-солды теңселгенін» үлкен адамға жараспайтын салиқасыздық қылып тұқыртып кетеді. «Сөз құдіреті» деген міне осы болса керек. Жазушы сөйлемдеріндегі бұл ерекшеліктердің ғылыми анықтамасын жасамас бұрын, осы стильге алып келген негізді, тамырды танып алу қажет етілетін сияқты. Біз білетін әдебиеттегі жағымсыз, антигуманистік іс-әрекеттер оқырманды жирендіру үшін, ондай іс-әрекеттерден, қылықтардан аулақ болуы үшін баяндалады, ал жазушының бұл әрекеттен саналы түрде бас тартқаны, жаңа жол іздегені оның шығармаларынан, жоғарыдағыдай үзінділерден айқын көрінеді. (Жазушы тілмаш баланы жалбақайлатып, құрақ ұшырып ол әрекетті жиренішті етіп көрсете алар еді).

Мұны түсіну үшін Асқар Сүлейменовтің дүниетанымдық қайнарын қазбаласақ. Ең алдымен жазушы қазақ қоғамындағы танымдық деңгейдегі тоқырау процесін зайыр ұқты. Сондықтан да ұлттық психологияның қазіргі қалпы жайлы: «екі ғасырдың жүзі молынан өтті – біз өзі ұранның, бұйрық боп жеткен ұранның этносы боп алдық; алып келдің, барып келдің этносы боп алдық; болыс болған Күлембай сияқты сонымызды және мақтан тұтар боп алдық. Туасы, өзі ж ұ м с а п үйренбеген, өзінің     ж ұ м с а л ғ а н ы н  өнер деп ұғады; майысқақ Қаратай болса бір жөн, жорға Жұмабайшылап, тізгін тілеп құлдырағанды бақ деп, бақыт деп ұғады» - дейді. Тағы бірде: «Жазмыш десең жайдақ, юмор боп шығады. Дұрысы: біз (қоғам) оқыған, бізді (қоғамды) оқытқан қисынның өзінде ме дейсің. Не оқыдық, не оқытты?». Қазіргі маркентинг заңдарымен келісетін болсақ, «жарнаманың жаманы болмайды». Автор жаман қылықты жарнамалаудан бас тартып, «сүрінгенін секіргендей көрсетуге» тырысатын сияқты. Бұл ретте жазушымен келіспеу қиындау. Себебі, бұл психологияның тамырын, рухани бастауын «Бесатар» повесінде Сәруардың ішкі монологымен былай деп жеткізеді: «Сәруар, маза қашқан осындай бір сәтте, Крейгельдің қолындағы билік пен мылтықты өзіме берсе не істер ем деп қалып еді. Өзінен бірақ сұсы сұмдық ұлыққа мылтық кезеніп, билік айтарлық дәт тапқан жоқ. Крейгельге жаңағы бір әзірде өркеш-өркеш сөз айтып, білем-білем ашу көрсеткенін ұмыта бастаған Сәруар оған наган кезенгенді тәтесінің сақалына жармасқандай бейжосық, беймүмкін әрекет деп таныды. ..Өзі, көзінің жеткен жеріне дейін шарлап, білігінің батқан жеріне дейін бойлап қараса, бұл ел Крейгельдей мұз жанар офицердің алдында құрдай жорғалап өткен. Гимназияның төрт класын тауысқанда оқып шыққаны да осы - құрдай жорғалау. Гимназияның айдарлап берген тағылымы да осы - құрдай жорғалау». Байқағанымыздай жазушы шығармадағы «сөйлемдердің автономды» өмір сүріп, идеялогияға қызмет ететінін, оның ұлттық санаға кері әсерін көріп, тамырын сезіп отыр, өз туындысы арқылы оларға тағы бір дәлел тауып бермеудің жолын іздейді. Ол жол оның өзіндік ерекше стилі болды. Оның «қысқа болғанмен оқуға ауыр» сөйлемдері - біз үшін жаңа дүние. Ол өз кезегінде оқырманнан жинақылықты, зейінді талап етеді. Оқырманға рационалдық-эмоцияналдық әсер етуге тырысады, яғни автордың сөйлем құрағанда оқырман санасын, оған қандай ақпарат баратынын да ескергенін көреміз. Осы орайда қазір жедел дамып келе жатқан, сөйлемнің, сөздің тікелей адам тағдырына, санасына әсерін зерттейтін нейро-лингвистикалық бағдарламалау деп аталып жүрген ғылым саласы еске түседі.

Нейро-лингвистикалық бағдарламалау (НЛБ) (орысша нейро-лингвистическое программирование (НЛП) - бұл психотерапия мен практикалық психологияның 1970 жылдары пайда бола бастаған бір саласы, әзірше акедемиялық ортада мойындала қоймаған. НЛБ негізінен сөз арқылы адам санасына әсер ету, яғни қарым-қатынас кезіндегі сөз құдіретін зерттейді, тиімді сөйлем құру жолдарын қарастырады. Асқар Сүлейменовтің бұл ғылым саласынан хабардар болғандығы туралы деректер жоқ және әңгіме де бұл жайында емес. Әңгіме біз жоғарыда айтқандай жазушының шығармаларындағы ерекшеліктердің ғылыми негізін жасау, анықтау, түсіндіру бүгінгі әдебиеттанудың күн тәртібіне көтеріліп отырғандығы. Осы қырынан келгенде Асқар Сүлейменовтің сөйлем құру ерекшеліктерін осы ғылым саласының призмасында зерделеу қажет сияқты.

 

Жазушы философиясының ұлттық негізі

Сөз жоқ, Асқар Сүлейменов жан-жақты білімді адам. Әлемдік философиялық ілім жауһарларының барлығымен дерлік хабардар болған адам. Ешқандай философиялық трактат жаза қоймаса да, көркем шығармаларындағы философиялық түйіндер, дүниетанымдық негіздер бірнеше кітаптың жүгін арта алатындай ауқымды екені даусыз. Осы ретте: «Жазушы қандай әдеби-философиялық ағым өкілі? Дүниетанымдық көзқарасы қандай?» деген сияқты сауалдың туатыны анық. Жауап іздеп көрсек.

Ғалым Жарылғапов Жансая ағамыз өзінің докторлық диссертациясында Асқар Сүлейменовті батыстық экзистенциализмнің өкілі ретінде қарастырады.  Дәлел ретінде «Бесатар» повесінің идеялық-философиялық шешімі қызметін арқалаған детальді келтіреді. Яғни, «Ажал сапарына дайынбысың?» деді ол, - жоқ дедім мен - Атыларымды сәскеде ғана білсем қайтіп дайын болмақпын?» «Ақымақсың - деді ол, - ақымақсың. Адам, себебі, ажалға өмір бойы дайындалуға керек; Адамның ғұмыры, себебі, жалғыз сәтке – ажал сәтіне дайындық» - деген, экзистенциализмнің түпкі мәнін ашып беретін «өлім» концептісі,  ажалмен бетпе-бет келу сәті суреттелетін сәтті келтіреді. Жазушының ең танымал шығармарсының экзистенциалистік көзқараспен шешім тапқаны ой тоқтатуға тұрарлық. Бірақ «Бесатар» повесі осымен бітпейді, мұнымен басталмайды да. Одан бөлек Асқар Сүлейменов шығармашылығы да «Бесатармен» басталып, «Бесатармен» аяқталмайды. Сол себепті, белгілі бір жазушыны қандай ағымның өкілі ретінде қарастырсақ та, жекелеген детальдарға емес, жалпы шығармашылығына зер салуымыз керек сияқты.

Алдымен жалпы экзистенциализм дегеніміз не екеніне тоқталсақ. Экзистенциализм - адам өмірінің мәні, оның тұлғалық болмысы жайлы батыс философиясындағы иррационалистік бағыт. Негізгі зерттеу обьектілері «экзистенция», яғни өмір сүрудің қарапайым нақтылығы, шынайы өмір сүру деген сияқты сұрақтардың айналасындағы ұғымдар болып табылады. Ал, «шынайы өмір сүру дегеніміз – күнделікті өмірмен тығыз байланысты, өз басының сезімі мен тілегінің, сенімі мен қауіптілігінің, тәжірибесі мен үмітінің, өз қамы мен мұқтаждығының жиынтығы негізінде іс-әрекет жасаған адамдардың э к з и с т е н ц и я ретінде тіршілік етуі». Экзистенциализм философиясына тән тағы бір ерекшелік ол «шекаралық жағдай». «Шекаралық жағдай» адам тіршілігіне өзінің біртұтастығын, өзгермейтіндігін, аяқталғанын түсінуге көмектеседі. Қысылтаяң жағдайда, өлім қаупі туғанда, т.с.с. өзінің рөлін, пайдалы іс-әрекетін шын мәнінде терең түсінеді.

 Енді осы айтылғандар Асқар Сүлейменов шығармашылығында қандай көрініс тапқанын саралап көрсек. Негізгі дәлел «Бесатар» повесінен алынып отырғандықтан біз де осы шығарма көлемінде пікір қозғасақ. Алдымен, мойындау керек,  «Бесатар» повесінде экзистенция көрініс тапқан, бірақ ол батыстық экзистенция сияқты жеке тұлғалық, индивидтік деңгейде қалмайды, көбіне ұлттық болмысқа, жалпы қоғамдық мәнге талпынады. Себебі, «Бесатар» повесіндегі Сәруар батырлығы, намысы, өмірлік мәні экзистенциализмдегідей «шекаралық сәтте», өліммен бетпе-бет келген кезде емес, одан алдын, Крейгельдің «мамық мәмлесіне» алданып, тек өз әкемді құтқарсам болды, ел жұрттың мұң-зарын мойныма арқалаған емеспін, ондай қауқарым да жоқ деп, «өмір - ата, намыс - бала», сол себепті өмір ата басымен, баланың - намыстың қанжығасына байланбауы керек деген ұстанымды жұтып отырған, көніп отырған кезде сол Крейгельдің кішкентай оқыс қимылынан туған болатын. Ең шешуші сәт Крейгелдің «төрдегі қайқы қылышты» алып «доғал еркектің бала жұбатқанындай қос алақанына сап салмақтап көрді де тырнағын жонып байқады», сонсоң «Айтсам айтты дейсің ғой. Бунт неңді алған сендердің. Қынға бұққан қылыштарына дейін төршіл тағы да» - деді, міні осы ситуация Сәруардың бүкіл өмірінің астан кестеңін шығарды, көзқарасын, дүниетанымын өзгертті, ұлттық намысын оятты. Жазушы Сәруардың осы күйі арқылы сол кездегі бүкіл қазақтың күйін, ұлт-азаттық көтерілісінің бастау негізін, қайнар көзін баяндап отыр. Себебі, ер жігіттің соғысқа қатыспай, қару-жарақ берілмей, тек тылда еңбек ету үшін ғана майданға шақырылуы, алмас қылышты тек тырнақ жону үшін ғана қынынан шығарғандай қорлық еді, намысқа тиюдің ең сорақы түрі еді. Сондықтан да ұлт-азаттық көтеріліске шыққандардың ең алғашқы талаптары: «қолымызға қару беріп, соғысқа қатыстыратын болса ғана барамыз» деген талап болатын. Демек, жазушы батыстық экзистенциализм сияқты жеке адамның болмысы, мәнін емес ұлттық рухтың қайнарын, ұлттық болмысты ашуға талпынғанын көреміз.

Екінші, «Бесатардағы» идеялық-философиялық қорытынды қызметін атқарған «Адамның ғұмыры, себебі, жалғыз сәтке – ажал сәтіне дайындық» деген тұжырым да жеке индивидтік қызметте емес, қалың бояу және концептуалдық символдардың астарында, бүкіл ұлттық мағынада, бүкіл қазақ атаулыға қатысты айтылып отыр. Автор бұл қорытындыға жайдан-жай келмейді, оған барлық кейіпкерлерді, оқырманды жетелеп алып келеді. Ең алдымен Крейгельдің санасына: «Бұлардың жылқысы, желіске жоқ демесең, шабысқа келгенде, дес берместің өзі. Қос танауын анар сиярдай ғып айналдырып ап емінгенде Орлов пен Ростовтан қолқалап әкелген ұзын сирақ арғымақтардың шаң қауып қалғанын жексенбі жарыстарда талай көрген» - деген ой жүгіртеді. Кейін, Төреханның табиғаттың мінезі туралы көзқарасын баяндайды: «Төреханның шілде десе, шілденің қапырығы десе қаны қараятыны да осы. Бердеңкенің дүрсілін қыр асырмай жұтып қояды, пәдеріңе нәлет. Шіркін, ешкі түшкіріктің өзін жаңғыртып алып кететін қауыстың қызыл шұнақ аязы болар ма дейді. Аяз болса, қашып атысқан, көрінбей атысқан төрт-бес жігіттің соңынан шатқал-шатқалға емініп еріп келген қалың карательді лақша бақыртып шықшыттан атуға да мүмкіндік бар екен. Аяз жоқ бырақ: ал оның есесіне, киіз көмей, маңқа мақау қапырықтың тұнып тұрысы мынау»; Одан соң осы екі концептуалды символдардың шешімін Төреханды, Сәруардың қамалатынын есіткенде, ойлантырып қойып, тапқызады: «Не шара бірақ? Басқа түскен екен көріп алады да. Әйтпесе Қазығұрттың ақ майы кілкіген ақ қымызын таң асырып ішіп отырғанда ел басына осыншалық апат төнер деп кім ойлаған. Нені көріп алады сонда? Апыр-ау, осы елдің түбіне көріп алам жетпеп пе еді, бір Алланың өзі сақтар жетпеп пе еді; ауып келіп асыңды ішіп, табағыңды тепкен жендеттің қымыз кекіріп тұрып маңдайыңнан шерткенде қол қусырғаның, қол қусыра бергенің жетпеп пе еді? Нені көріп аласың сонда? Ел айбаты көп ердің іркес-тіркес айдалып кеткенін бе?». Сырттай қарағанда келтірілген үш мәтін де бір-біріне қатысы жоқ үш әлем сияқты, бірақ тереңіне бойласақ бір-бірінің тікелей жалғасы екенін көреміз. Ең алдымен Крейгельдің жылқы туралы ойы, қазақ жылқысының желіске жоқтығы, шабысқа, яғни ашық күрес, тікелей тайталасқа бейімдігі неге айтылып отыр? Бұл жерде автор қазақ жылқысы арқылы қазақтың өз болмысын танытып отыр. Себебі, «қазақ жылқы мінезді», «қазақ жылқы тектес» деген тіркестерді көп естиміз, ондай қазақтың да тарихи уақыт пен кеңістікте «желіс» яғни бірқалыпты соғыссыз бейбіт дамитын кезеңдерге бейім емес екенін, тікелей шабыста, соғыста ешкімге дес бермейтіндігін айтып отырған сияқты. Одан кейінгі Төреханның «жазғы мақау қапырық» пен «қысқы ашық аязды» баяндағаны осы ойды толықтырып тұрған сияқты. Себебі, тәуелділіктің түр-түрі болғандай, соғыстың да түр-түрі, ашық түрі (әскери, саяси, экономикалық), жасырын түрі (идеялогиялық, ақпараттық) болатынын білеміз. Осы екі концепцияның түйінін, осыған алып келген себепті де автор дөп басып табады. Қазақтың бодан мемлекетке айналып қалғанын «жайбарақаттық», «немқұрайлық», «көріп аламыз» деген сынды кертартпа мінездерден көреді. Енді, автор осы жағдайдан шығу жолын Сәруарға тапқызады, ол жол: «Ажал сапарына дайынбысың?» деді ол, - жоқ дедім мен - Атыларымды сәскеде ғана білсем қайтіп дайын болмақпын?» «Ақымақсың - деді ол, - ақымақсың. Адам, себебі, ажалға өмір бойы дайындалуға керек; Адамның ғұмыры, себебі, жалғыз сәтке – ажал сәтіне дайындық» - деген тұжырым болатын. Мұны ұлттық деңгейге көтеретін - тәуелсіздік үшін күрес бір сәтке де тоқтамайтындығы болмақ. Бұл идея әсіресе бүгін өз маңызын тауып отыр. Себебі, мәңгілік ел боламыз десек тәуелсіздік үшін (яғни ажал сәтіне, тәуелділікке ұрынбау үшін)  мәңгілік күресуіміз қажет, соғыстың ашық және жабық (аяз бен қапырық) түрлеріне төтеп беруіміз қажет, халықымыз желіске де, шабысқа да дайын болып, «көріп аламыз» деген сияқты кертартпалықтан ада болуымыз тиіс. Әрине, бұл менің жеке интерпретациям болғандықтан, менімен келіспесеңіз, Асқар Сүлейменовтің прологтағы өз сөзін айтып, жоғарыдағы тұжырымды тұқыртып кете салу түк емес. Өзім де өзіме осыны айтып қанша тоқтау салдым, «жоқты айтып кеткен жоқпын ба?» деп қайта-қайта осы детальдарды оқып көрдім. Бірақ, сонда да бұл тұжырымды ортаға салуды жөн көрдім, бұған екі адамның пікірі түрткі болып, айтуға мәжбүр етті.

Біріншісі, көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің: «Басқа бір жазушы, мүмкін, жазалаушы офицердің бес адамды қабаттастырып қойып оқ нешеуін тесіп өтер екен деп атқанына ондаған бет берер еді. Асқар оған қызықпаған» деген пікір болатын. Ең алдымен санаға келген сұрақ: «неге қызыққан сонда?» Адамдарды аяусыз, ешкімнің басына кіріп шықпайтындай, жауыздықпен атқанына, көп көңіл бөлмей, қай-қайдағы бір жылқының шабысы мен желісін баяндаудың, қарт шалдың «аяз бен қапырықты»  салыстырғанын неге сонша тәптіштегенін түсінбейсін. Осы жұмбақтың шешімі де жоғарыдағы концепцияларда жатқандай көрінеді.

Екінішісі, академик Рабиға Сыздықтың: «Бесатардағы» ...ой-сана тартысы – зиялылардың өзара пікір таласы емес, ұлттық намыс пен империялық өктемдік арасындағы арпалыс» - деген пікірі. «Бесатардағы» әрбір монологтың өзінде ұлттық сана мен империялық сананың астыртын күресі сезіліп, көрініп жатады. Әрине, әрқайсысыңыз өз кеуделеріңіздегі ақиқат таразысына салып, қайталап оқып көріп, пікірімізді қолдау-қолдаумаңызды да өздеріңіз шешесіздер, себебі біздің жоғарыдағыларды айтудағы мақсатымыз өз ойымызды сіздерге артып, сіздерді де сондай ойласын деген мақсат емес, тек қана әдебиеттің қоғамдық-әлеуметтік мәніне терең бойлауға талпыныс қана болатын. Себебі, «Бесатардың» - ұлттық мәдени мақтанышымызға айналатын дәуірі келген сияқты.

Асқар Сүлейменовтің  батыстық экзистенциалистерден ең басты ерекшелігі де оның ұлттық болмысқа ден қойғанында. Мойындайықшы, құралды пайдаланып өз дүниетанымын таныту бар да, сол құралды аясында тұрып дүниені тану бар. Бұл екеуі екі әлем. Асқар Сүлейменов экзистенцияны пайдаланып өз идеясын жеткізді, экзистенциализм аясында тұрып әлемді тануға, танытуға талпынған жоқ. Демек, ол экзистенциализмнің өкілі емес. Егер, белгілі бір ағымның артықшылығын пайдаланды деп сол ағымға жатқызатын логикаға сүйенсек, Асқар Сүлейменов ең алдымен символизм өкілі болмақ онда. Олай емес екені бәрімізге ақиқат қой. Одан бөлек Асқар Сүлейменов танымының: «жаңа мемлекетке, қатты бұлқынып, балтыр қайрат көрсетіп шідер үзіп көрмеген тай мемлекетке, психо-физикалық астары қат-қабат дипломатияның, ..АҚШ-тың адам правосын ұлт правосынан жоғары қоюы жүрмейді. Жастығына қоса өз территориясында өзі тіленіп жүрген елдің ұстанары: ел азат болмай - мейлі Достоевский боп кетсін - ер азат емес. Адам провосының приматы таза ұлттық құрылымда жүреді» - деген ойынан да, оның батыс экзистенциализмі сияқты таза индивидуалистік және соның арқасында барынша пессимистік формадан әлдеқайда өзгеше, әлдеқайда биік, жалпыхалықтық, жалпыұлттық таным екенін көреміз.

 

Сонымен, Асқар Сүлейменов шығармашылығы не туралы?

Асқар Сүлейменов интеллектуалдық-лингвистикалық ағымның арнасына сыймайды екен, экзистенциалист емес екен, психологизм оның бір қыры ғана екен, сыншылар фрагментальды талдау ғана жүргізіпті, сонда Асқар Сүлейменов әдебиетінің, феноменінің қазақ тарихындағы, әдебиет тарихы мен теориясындағы орны қайсы, Асқар Сүлейменов әдебиеті дегенде алдымен не айтылуы қажет, не еске түсуі қажет, оның шығармашылығы, әдебиеті не туралы?

Асқар Сүлейменов шығармашылығы ең алдымен ұлтсыздануға қарсы шығармашылық, қарсылық әдебиеті. Демек, оның қайнар көзі де ұлттық дүниетанымда, ұлттық философияда, салт-дәстүрде, сана-сезімде. Байқап қарасақ, оның әрбір шығармасында бұл ерекшеліктер айқын көрінеді. Мысалы, жазушының үш көлемді шығармасы «Ситуация», «Бесатар», «Адасқақ» повестерін алайық. Үшеуіндегі негізгі кейіпкер, обьект «Бектұров», «Сәруар», «Біржан» сияқты көзі ашық, зиялы қауым өкілдері, тегін адамдар емес. Бірақ, үшеуі де, автордың суреттеуі бойынша, қазақ танымындағы идеалдар, толық адамдар емес. Ғалым Әуезхан Қодар айтқандай: «ол өзінің кейіпкерін әйгілі Данте шығармасындағыдай «тозақтың тоғыз шеңберінен» өткізеді, көп иллюзиядан арылтып, көп нәрсеге көзін ашады», соның нәтижесінде кемел образ, толық адам жасайды. Сонау Әл-Фарабиден басталған ақылды жүрек басқаруы керек деген ұстанымның, Абайда көрініс тапқан «толық адам» ілімінің, Асқар Сүлейменов шығармаларында қайтіп жүзеге асқандығын, сол толық адамға жету жолын көреміз, оның мүмкін екендігіне көзіміз жетеді. Себебі, ол кейіпкерлерін таза реалистік қалыпта, барлық артықшылықтарымен, кемшіліктерімен қабылдап алады да, әртүрлі ситуацияларға салып, оқиға соңында шынайы романтикалық, қазақ танымындағы идеал бейнені, толық, кемелденген адамның образын жасайды, адам күш-жігерінің, ар-ұятының, жылы жүрегінің жеңетініне сендіреді, адамның жеңетініне сендіреді. Мысалы, «Ситуация» повесіндегі Бектұров жас жазушы, сыншы оқиғаның соңына дейін моральдық-гуманистік ұстанымдарын жұтып қойып, ескі таныс-білістік, жерлестік сияқты майда ұғымдардың айналасында жүреді де, оқиғаның соңында келіп, барлық лас айла-амалдарды, өтірікті, жалаң жағымпаздықты, бос мақтанды көріп олардан жиіркенеді, жарылады, ол ең алдымен өзін жеңеді, себебі сол жерде үндемесе де оған ешкім ештеңе дей алмайтын еді, салқын ақылға салса қайта Сержанның рақмет-ырзашылығына кенеліп қалатын еді, досын да жоғалтпас еді, бірақ өнерге деген, оның қоғамдық-әлеуметтік, ұлттық маңызына деген жүректегі ар-ұят сезімі жеңіп шықты, сөйтіп жылы жүректің, суық ақылды жеңіп, оны нұрландырғанын көреміз. Жазушының басқа повестеріндегі кейіпкерлердің де осындай халдерді басынан кешіргенін, осыған ұқсас жайттардан өткенін білеміз. Керек десеңіз, жазушының «Ситуация» деген атауды қолдануында да үлкен мән жатқан сияқты. Себебі, адамды қарапайым уақыт өлшемі, күндер, айлар, жылдар өсірмейтіндігіне, кемелдендірмейтіндігіне бүгінгі күнде жасы бірталай жерге жетіп жас баланың әңгімесін айтып жүргендер тірі дәлел болса керек, қайта көбіне адамдардың белгілі-бір өмір тауқыменін көріп, қиын ситуацияларға түскен соң көп ойланып, оң-солына баға бергенін, өскенін, кемелденгенін көріп жатамыз. Осыдан келіп шығып адамды жылдар емес, ситуациялар өсіреді деген тұжырымның дұрыстығына көзіміз жеткендей болады.

Бір жағынан, жоғарыда жоққа шығарған экзистенциямызға да келіп тұрған сияқты, бірақ ондай еместігіне тағы да дәлелдер жеткілікті. Ең алдымен экзистенциализмге неге ұқсайтынына келетін болсақ. Экзистенциализм жоғарда айтқанымыздай иррационализмнің бір тармағы болып келеді. Ал, иррационализм дегеніміз шығыс философиясының батыстық көрінісі болып табылады. Негізінен ақылға, яғни рационализмге қарсы туған ағым болып табылады. Қысқаша қайырғанда: «Иррационализм дегеніміз пайдагерлік ақылдың, тәжірибелік ойлаудың танымдық мүмкіндіктері шектеулі деп санайтын және руханилықты, сезімді, түйсікті, қиялды дүниетанымның негізі деп есептейтін, рационализмге қарама-қарсы таным жүйесі. Азаматтық қоғамдағы қарым-қатынаста адамгершілік, ізгілік және үндестік, жеке адамның кемелденуі - иррационализм танымының негізгі түп қазығы». Демек, біз айтып отырған Асқар Сүлейменов әдебиетінің экзистенциализмге жақындайтындығы, ұқсастығы осымен дәлелденеді. Бірақ, Асқар Сүлейменовтің олардың біржақты индивидуалистік бағытын жақтамайтындығы, ұлттық болмысқа ден қойғандығы туралы айтып кеткен болатынбыз. Одан бөлек және ең маңыздысы батыстық иррациализмнің негізгі түп-тамыры шығыста, қазақ даласында, сонау әлемнің екінші ұстазы саналған Әл-Фарабилерден бастау алатынын ескеруіміз қажет. Сондықтан да, Асқар Сүлейменов дүниетанымының, әдебиетінің негізін батыстан емес, өз тарихымыздан, өз философиямыздан бастау керек сияқты.

А.Байтұрсыновтың : «мен көркем дүниенің құндылығын оның қандай идеяны негізге алғандығымен емес, адамның жан дүниесіне, сезіміне қалай әсер етуіне байланысты бағалануы керек деген көзқарасты жақтаймын» - дегені де, осы орында үлкен мәнге ие болып отыр, тіпті, бұл ұстанымды ұлттық өнер философиямыздың негізі ретінде де қабылдасақ болатындай. Оның үстіне бүгінгі нейрофизиологияның соңғы жетістіктері бойынша анықталғандай, адам белгілі-бір іс-әрекетті  істемей, жай ғана көретін болса, санада сол іс-әрекетті істегендегіндей нейрондардың қозғалысы байқалады екен. Демек, Ахмет Байтұрсыновтың шығарманың көтерген идеясы емес, оның қандай әсер ететіні, қандай сезім тудыратыны маңызды деген ойының ғылыми негізі бар екенін  көреміз. Сондықтан да, Асқар Сүлейменов кемелдікке жетуге болатынын, жүректің, ондағы гуманистік сезімдердің, ақылды, пайдакүнемдікті, немқұрайлықты жеңуге болатынын дәлелдеуі, оны оқыған адамдардың, ол оқиғаны елестеткен адамдардың санасында сол процестің жүргенін, сол әрекетті жасағандай нейрондардың қозғалысы болғандығын, әдебиеттің, жазушының өз мақсатына жеткендігін көреміз.

Жоғарыдағылардан келіп шығып, «Асқар Сүлейменов әдебиеті қандай әдебиет, оның шығармашылығы не туралы?» - деген сауалға, «Оның әдебиеті адамның жеңісі, адамгершіліктің жеңісі, адам күш-жігерінің жеңісі туралы. Оның шығармашылығы адамның кемелдену процесі туралы. Ал, оның әдебиеті «кемелдену әдебиеті» - дер едік.

Сіз не дейсіз?

Абдул Рахманұлы Абдулкәрім, магистрант

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5353