"ИНТЕРНАЦИОНАЛДЫҚ ОТБАСЫ" НЕСІМЕН ҚАУІПТІ?
Кейінгі кездері тастанды балалардың көбейіп кеткендігі, мұның қоғамның бір айықпас дертіне айналғандығы жасырын жайт емес. Бұған бәріміздің де қабырғамыз қайысады, жүрегіміз ауырады. Осы орайда сол жәутімкөз балаларға жүрек жылуын сыйлап, сол мүскіндерді қанатының астына алып жүргендер жайлы естігенімізде бір марқайып қаламыз. Мәселен, біздің Қостанайда Нұрлан Төлегеновтың отбасы сегіз баланы асырып алған, өзінікімен тоғыз. Ал Ақтөбедегі Мұрат Қабылбаевтың отбасы да тоғыз баланы балалар үйінен алып, қанатының астына басқан. Мұндай үлкен жүректі, жетімдерге қамқор жандар жайлы жақында ғана еліміздің барлық баспасөзі жарыса жазды да. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген осы болар.
Алайда, біздің айтпағымыз бұл емес. Неге екені белгісіз, осы отбасылардың барлығы дерлік әртүрлі ұлттың балаларын асырап алады. Негізінен орыстар секілді еуропалық нәсіл басым болып келеді. Бұл не сонда, баяғы сол «интернационалдық отбасы» деген дүниеге әуестік пе? Біз неге алдымен өзіміздің қаракөздерімізге мейірім шуағын төкпейміз? Алдымен соларды асырап алып, өз діні мен ділі, салты мен дәстүрін санасына сіңіріп, елінің лайықты азаматы етіп тәрбиелейміз? Бұлар сонда отбасында қай тілде сөйлеседі? Көпұлтты жерде алдымен қазақ тілі құрбандыққа шалынатындығы жасырын жайт емес қой. Мен Қостанайды тілге тиек етіп отырғаным жоқ. Мұнда қай тілдің басым екендігін айтып жатудың өзі артық. Ал анау Ақтөбедегі Қабылбаевтар отбасындағы жағдайды жаза келген бір басылым «Мұнда қазақтар, орыстар, түріктер мен метистер де бар» дей келе «Мұнда барлығы да қазақша және орысша сөйлейді» деп өзгелерге үлгі етеді. Мәселе міне осы жерде. Орысша мен қазақша жүрген жерде қашанда орыс тілі үстемдік ететіндігін айтып жатудың өзі артық. Сосын, «бір отбасында екі тілде сөйлеседі» дегенді мен мүлдем түсінбеймін. Сонда қалай, маған қазақша тіл қатса, мен оған орысша жауап қайтарамын ба?
Сосын, дін мәселесі де ойыншық дүние емес. Әлгіндей отбасында құдайға ғибадат еткенде қазақтар мешітке, ал орыстар мен өзгелер шіркеуге жол тарта ма? Қазір қоғамымыздың өзі дін мәселесінде талай жікке бөлініп жатқанда, отбасына мұның да әсері болмайды деп айта аламыз ба? Айтпақшы, дін демекші, Мұрат Қабылбаев осы мәселеге келгенде өзі асырап алған балалар өскесін дінді өздері таңдап алады деген сенімде. Сонда қалай, өзгесі-өзге бұрын мешітте имам болған бұл кісінің мұсылман дініне қарай бұрудың орнына, «өздер біледі» деген несі?
Мен бұл жерде біреуді кінәлап немесе ғайбаттаудан аулақпын. Тек тәрбие мәселесінде ұсақ-түйектің болмайтындығын ескерткім келеді. Оның үстіне патриоттық тәрбие деген де құрғақ сөз емес шығар. Болашақ азаматтарымыз ата салты мен дінін ұстанып өссе деген тілек қой біздікі.
Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Мұрат Қабылбаевтың «Время» газетіндегі үлкен суретінде ол өзінің «Покажи мне небо» деген кітабын ұстап түсіпті. Бұл кісі неге кітабын алдымен қазақша, сосын орысша жазбаған екен деген сауал ойға түсіп кетті. Осыдан кейін бұл отбасында қай тілдің басым екендігін болжау қиын болмас.
Мұратбек Дәуренұлы, Қостанай
Abai.kz