Инвестиция тартудағы кемшіліктер
Қазіргі жаһандану дәуірінде инвестиция – экономиканың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін басты қан тамыры. Капитал келмеген елде өндіріс тоқырайды, жаңа жұмыс орындары ашылмайды, технология жаңармайды, ал халықтың әл-ауқаты бір орында тұралайды. Қазақстан да соңғы жылдары осы ақиқатты айқын сезініп отыр. Ресми есептерде инвестиция көлемі өсіп жатқандай көрінгенімен, экономиканың нақты секторында дағдарыс белгілері күшейіп, қоғамда «неге экономика алға баспай отыр?» деген заңды сұрақ қоғамда жиі қойыла бастады. Бұл сұрақтың түп-төркінінде инвестиция тартудағы жүйелі кемшіліктер жатыр.
Қазақстанға шетелдік және ішкі инвестиция мүлде келмей жатыр деу – шындыққа жанаспайды. Алайда келіп жатқан инвестицияның көп бөлігі шикізат секторына, яғни мұнай-газ, тау-кен өндірісіне бағытталған. Осы салалар елге қысқа мерзімде валюта түсіргенімен, экономиканы әртараптандыруға, технологиялық серпіліс жасауға қауқарсыз. Өңдеуші өнеркәсіпке, ғылымға, жоғары қосылған құны бар өндірістерге салынатын инвестиция мардымсыз.
Нәтижесінде Қазақстан экономикасы бұрынғыша шикізат бағасына тәуелді күйде қалып отыр. Мұнай бағасы құлдыраса – бюджет қысқарады, ұлттық валюта әлсірейді, инфляция үдейді. Мұндай жағдайда инвестор үшін де тұрақты әрі болжамды орта қалыптаспайды.
Инвестор үшін ең маңызды фактор – заң үстемдігі мен институционалдық тұрақтылық. Өкінішке қарай, Қазақстанда осы бағытта шешілмеген проблемалар жеткілікті. Заңдардың жиі өзгеруі, нормативтік-құқықтық актілердің өзара қайшы келуі, шенеуніктік субъективизм – инвестициялық климатты әлсірететін негізгі себептер.
Кейбір инвесторлар үшін ең үлкен тәуекел – сот жүйесіне деген сенімнің төмендігі. Елімізде, даулы проблемалар туындаған жағдайда әділ шешімге қол жеткізу қиын деген пікір кең тараған. Ал құқықтық қорғанысы әлсіз елге ірі әрі ұзақ мерзімді инвестиция келмейтіні белгілі.
Инвестиция тарту тек форум өткізіп, меморандумға қол қоюмен шектелмейді. Бұл – ұзақ мерзімді, жүйелі мемлекеттік саясатты талап ететін күрделі процесс. Алайда Қазақстанда инвестициялық саясат жиі ауысып отырады, басымдықтар тұрақсыз.
Бір кезеңде индустрияландыру туралы айтылса, келесі кезеңде цифрландыру алға шығады, одан кейін агроөнеркәсіп кешені негізгі бағыт ретінде жарияланады. Мұның бәрі өз алдына маңызды, бірақ нақты сабақтастық пен орындалу механизмі жоқ жерде осы бастамалар декларация күйінде қалып қояды. Инвестор үшін мұндай белгісіздік – үлкен қауіп.
Экономиканың дағдарысқа тірелуінің тағы бір себебі – көлеңкелі айналымның жоғары деңгейі. Ашық әрі адал жұмыс істейтін бизнес салықтан жалтаратын, бейресми артықшылыққа ие субъектілермен бәсекелесе алмайды. Бұл жағдай әсіресе шағын және орта бизнеске ауыр соққы болып тиеді.
Сонымен қатар, нарықтағы монополиялану деңгейі де инвестицияға кері әсер етеді. Белгілі салаларда «таңдаулы» компаниялардың үстемдігі сақталған. Еркін бәсеке жоқ жерде инновация да, инвестиция да дамымайды. Инвестор нарыққа кіре алмайтын болса немесе әкімшілік тосқауылға тап болса, ол елден бас тартады.
Инвестиция тек қаржы емес, ол – білім, технология, басқару мәдениеті. Қазақстанда адами капитал проблемасы әлі де өткір. Білім жүйесі еңбек нарығының нақты сұранысына толық сай келмейді. Кәсіби, техникалық мамандар тапшылығы, басқарушы кадрлардың халықаралық стандарттарға сәйкес келмеуі – инвестор үшін қосымша шығын мен тәуекел.
Көп жағдайда инвестор жергілікті кадрды қайта даярлауға мәжбүр немесе шетелден маман тартуға тырысады. Бұл инвестицияның тиімділігін төмендетіп, жобалардың іске асу мерзімін созады.
Түсінген адамға, еліміздегі экономикалық дағдарыс – бір күнде пайда болған құбылыс емес. Бұл – жылдар бойы қордаланған құрылымдық жағдайдын нәтижесі. Қазақстанда экономиканың негізгі моделі әлі де экстрактивті, яғни табиғи ресурстарды өндіруге негізделген. Мұндай модель XXI ғасырдың талаптарына жауап бермейді.
Өңдеуші өнеркәсіптің әлсіздігі, инновацияның тапшылығы, ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтық – экономиканың ішкі қуатын шектеп отыр. Ал ішкі нарық әлсіз болған жағдайда сыртқы шоктар ел экономикасын оңай шайқалтады.
Дағдарыстан шығудың жалғыз жолы – инвестиция тартудың сапалық жаңа моделіне көшу. Бұл үшін ең алдымен құқықтық мемлекет қағидаттарын нақты іске асыру қажет. Заң бәріне ортақ болуы тиіс, ал мемлекеттік аппарат бизнеске серіктес ретінде қарауы керек.
Екіншіден, экономиканы әртараптандыру сөз жүзінде демейік, нақты өндірістік жобалар арқылы жүзеге асуы тиіс. Өңдеуші өнеркәсіпке, жоғары технологияларға, экспортқа бағытталған салаларға басымдық ұсыну – ұзақ мерзімді табыстың кепілі.
Үшіншіден, адами капиталға инвестиция артпайынша, қаржылық инвестицияның тиімділігі төмен болады. Ғылым, білім және инновация – экономиканың жаңа тірегі болуы қажет.
Инвестиция тартудағы кемшіліктер – Қазақстан экономикасының дағдарысқа ұшырауының басты себептерінің бірі. Бұл кемшіліктер жекелеген қателіктерден тұрмайды, жүйелі сипатқа ие. Егер, ел даму жолында шын мәнінде жаңа кезеңге өтемін десе, инвестициялық саясатты түбегейлі қайта қарауға тиіс. Әйтпесе уақытша көрсеткіштерге алданып, терең экономикалық проблемаларды кейінге ысыра беру дағдарысты одан әрі ушықтыра түспек.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz