Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Алашорда 5939 0 пікір 9 Желтоқсан, 2015 сағат 13:41

18 ЖАСЫНДА «ОЯН, ҚАЗАҚ!» ҰЙЫМЫН ҚҰРҒАН ҚЫЗ

Г.Бейбітова 1968 ж.

Үстіміздегі жылдың қазан айының басында Елорда да «Мәңгілік Ел» – Болашағы біртұтас ел» атты Республикалық Патриоттар форумына қатысудың сәті түсті. Форум жұмысына қатысуға барған облыс делегациясы құрамында «Атырау» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Биғалиев Ермекқали ағамызда болған еді.

Форум барысында Ерекең курстасы, Қазақстан баспасөзінің ардагері Бәдуан Имашұлы ағамызбен таныстырды. Ағамызбен тез тіл табысып кеттім. Кешкісін қазақы дәстүрмен дәм татып кетерсіздер деп дастарқанға шақырды. Бізді белгіленген уақытта ағамыз өзі келіп көлігімен қала сыртындағы үйіне алып барды. Есік алдынан қарсы алған аққұбаша келген апамыз бізге бәйек болып жүр. Бәдуан ағамыз «бұл кісі менің жарым Гүлжан Ғазизқызы Бейбітова апаң, айналайын» деп таныстырып жатыр. Апамыздың есімін естігенде сәл-пәл елең ете қалдым. Бұл кісі туралы баспасөзден оқығаным және телевизордан көргенім есіме түсті. Бірақ дәл сол  қазақтың қайсар қызы, анасы, бүгінде бақытты әже Гүлжан апай екендігінен бейхабар болғаным рас. Дастархан басында форум туралы, еліміздің батыл да патриот азаматтары туралы әңгіме өрбіді. Апамызды да форум жұмысына шақырған екен. 

...Баяу әңгімесін бастаған ақ шашты апамыз былайша сыр шертті. «Біз ол кезде ондай іске атақ пен даңқ үшін барған жоқпыз. Бізді жігерлендірген, қайраттандырған өр ұлттық сана, ұлттық мүдде, ұлттық намыс ұшқыны бізді жаныды» дейді. Гүлжан Ғазизқызы үшін ұлттық сана сол ұлтты құрайтын халықтың, әр адамның жеке тұрмыс-тіршілігінің сыртында өз ұлтының мүддесін, халқының тағдырын, ұрпағының болашағын ойлау қабілетінің ұлттық деңгейге көтеріліп, жалпы қоғамға тән ортақ сипатқа ие болған сана деген ой көкірегінде жатты. Ұлттық сана ұлттық дүниетанымға негізделетіндігі белгілі, сондықтан да әкелері Ғазиздің жанұядағы жеті баласына берген тәлім-тәрбиесі балалары үшін өмірлік қағида болып қалды десек артық айтқандық болмас.

Суретте солдан оңға қарай Гүлжан Ғазизқызы, жолдасы Бадуан Имашұлы, түргеп тұрғандар Аққали Ахмет, Ермекқали Биғалиев. Қазан айы, 2015 жыл.

Ұлттық мүдде – сол ұлттың құрамындағы адамдардың өздеріне тән халықтық рухани-мәдени және материалдық құндылықтарын сақтай отырып, ұлттың ілгері дамуын, өмір сүруін қамтамасыз етуді көздейтін негізгі нысаналы ортақ мақсаты. Сондықтан Гүлжан Ғазизқызы үшін ұлттық мүдде өмірдің бар саласында бірінші кезекте тұруға тиіс деген ұғым сонау балалық шағынан санасына өнегелі әке тәрбиесі арқылы сіңіп қалған болатын. «Әлі есімде 1950 жылдардың басында Бестөбе кентіндегі балалар бақшасына берген әкем  шашымды сипап тұрып «Балам, сен баратын балалар бақшасының тәрбиешілерінің барлығы да өзге ұлт өкілдері. Олар сенің есіміңді өзгертіп, басқаша Гуля, Галя деген сияқты орысша атайтын болса, келісіміңді берме»,- деді. Балабақшаға барған қаршадай қыз Гүлжанды қасына шақырып алған тәрбиеші Л.А.Шпанберг: «Давай мы тебя в садике будем называть Гулей. Гуля очень хорошее имя»  демесі бар ма, сонда мен жұлып алғандай: «Нет! Мне не надо никакая хорошая имя. Меня зовут Гулжан», - дедім. Қаршадай қыздан мынадай батыл да тура жауап күтпеген және қарсылықтан тосылып қалған тәрбиеші қайта-қайта басын изеп, тұтығып қалған. Ұлттық мүдденің қорғаушысы – намыс. Ұлттық намыс болмаған жерде ездік үстемдік алып, ұлтқа қатысты құндылықтарға бейтараптық, немектілік көзқарас қалыптасады. Намысын жаныған әкесі марқұм  түсті металлургия министрлігіне қарасты Ақсу, Жолымбет, Бестөбе кен орындарында ғұмыр бойы партиялық және басшылық қызмет атқарған ел азаматы болатын.  

1966 жылы орта мектепті үздік бітіріп, Целиноград медициналық институтының бірінші курсына мемлекеттік емтиханды ойдағыдай тапсырып, оқуға түседі. Институтта бірде-бір пән қазақ тілінде оқытылмады. Сабақтар орыс және латынша өткізілді. Шалғай ауылдардан қазақ тілінде бітіріп келген үздік студенттердің орыс тілін дұрыс білмеуінен оқу үлгерімдері күрт нашарлап кетті. Ал, оларға институт басшылығы тарапынан тиісінше көмектер көрсетілмеді, яғни қосымша сабақтар өткізілмеді. Алғашқы семестрдің нәтижесімен орыс тілін жетік білмейтін қазақ студенттерін оқудан шығару науқаны басталды. Студенттердің талпынысы мен талаптарына ешкім көңіл де назар аудармады десе де болады. Өкініштісі болашағынан зор үміт күттіретін талай таланты қазақ жастарының «аға ұлттың» тілін білмегендігіне байланысты болашақтарына балта шабылды. Курстастарына жаны ашыған, мұндай келеңсіз жағдайға  төзе алмаған қайсар Гүлжан Ғазизқызы ылғи өзге ұлт өкілдерінен құралған профессор-оқытушылар құрамымен жиі-жиі сөзге келіп қалып жүрді. Ашынып тұрып, «Тіліміздің тағдыры – біздің өзіміздің тағдырымыз. Оған салғырт қарау өзгені емес, өзімізді сыйламау, ұрпақ тағдырын ойламау» деген ойларын ашық айтқаны профессор-оқытушылардың көбіне ұнамағаны анық. Селт еткен біреуі жоқ! Жоқ! Енді бұдан әрі әрекетсіз отыра беру мүмкін еместігіне көз жеткізген ол нақты іске кірісті. 2 курстағы 18 жасар студент қыз медицина институтының қабырғасынан қазақ жастарының басын біріктіретін бір ұйым құруға белін бекем буынды. Болашақ құрылатын ұйымның атауы «Оян, қазақ!» деп белгіленді. Сөйтіп, Сарыарқа төсінде тарихымыздың «ақтаңдақ» беттеріне айналатын, ұлт тағдырына алаңдайтын тағы бір жастар ұйымы өмірге келді. Бұл батыл ойын алғаш рет жатақхананың бір бөлмесінде тұратын әрі курстасы Сәлима Қасымоваға жеткізді. Сәлима құрбысы бірден қолдау білдірді. Алғаш институт басшылығына жалпы білім беретін пәндерді қазақ тілінде оқыту жөнінде талап қойған хат жазуды қолға алды. Қайсар қыз ұлттық рухани құндылықтарды қорғауға бағытталған «Оян, қазақ!» атты ұйым құруға шақырған үндеудің қазақ және орыс тіліндегі мәтінін өз қолымен жазып шықты. Сол үндеуден: «Қазір қазақ халқын толық орыстандыру саясаты жүріп жатыр. Қазақ мектептері жаппай жабылуда. Балабақшаларда бүлдіршіндер таза орыс тілінде тәрбиеленеді. Барлық жерде бірдей қазақ тілінің қолданыс аясын қасақана тарылтып, бірте-бірте ұлттық тілімізді мүлде жойып жіберу науқаны белең алған. Ұлттық дәстүріміз бен мәдениетіміз өгейсіп барады. Ұлт өкілі ретінде партия, совет және комсомол қызметінде жүргендер халық мүддесі үшін бір ауыз жылы сөз айта алмайды. Қазақша қойылған есімдерінен бас тартатын балалар көбейді. Бізге ұлттық болмысымыздың болашағы үшін, туған тілімізді сақтап қалу үшін күресетін кез келді. Конституциялық құқымызға сәйкес талап етеміз: қазақ тілі мен мәдениетіне, ұлттың дәстүрі мен діліне қысым көрсету тоқтатылсын!..».

Жазылған үндеуді құрбысы екеуі қолдан көшіріп, көбейтті. Үндеуді қаладағы студенттер арасында кеңінен таратуды қолға алды. Студенттер Ақбаян Малдыбаева, Жақсылық Сәрсембаев, Жібек Байтышқанова қолдау көрсетті. 1968 жылы Гүлжан Ғазизқызы өзінің артынан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тыңшысы түскенін сезді. Сол жылдың қоңыр күзінде қаһарлы мекеме тарапынан «шақыртуда» келіп жетті. Бұл тексерістен өзін сенімді ұстаған батыл қыз үкіметке қарсы ешқандай әрекет жасалмағанын, ел үкіметінің саясатын мойындайтындығын, Қазақ КСР-інің Негізгі Заңына сәйкес қазақтың тілі, дәстүрі мен мәдениетінінің құқығын қорғау талаптарын қойғандығын ашып айтты. Астанадан арнайы келген бірнеше комитет қызметкері жауап алды. Жауап алу  барысында Г.Ғ.Бейбітоваға ұйым құруға қатаң тиым салынатындығын ескертіп, оқу орынында ұлттық кемсіту кемшіліктерін алдын алу шаралары жасақталатындығы туралы мәлім етілді. Апайдың бұл тексерістен аман-есен шығуына себепкер болған азамат сол тұстағы облыстық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қабдулхамит Нұрғалиевтің көмегі тигендігін ерекше ықыласпен айтқаны біраз жәйттан хабар берсе керек. Бұл шақырту қатаң шараға ұласпай, бітімгершілік негізінде бейбіт түрде аяқталуы туған халқының ұлттық қасіретін бар болмысымен сезінген ұлтжанды азаматтың еңбегі екендігін апай аса ризашылық сезіммен айтып өтті. 1972 жылы институты аяқтаған жас маман бар ғұмырын сүйікті ісі денсаулық сақтау ісіне арнады. 1978-1989 жылдары Целиноград қаласындағы №2 емхана бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. Сол он жыл өз жерінде өгейсітілген ұлттық кадрлар үшін күреспен өтті десе де болғандай. Ұлт мүддесін жоғары қоя білген білікті маман бас дәрігер, нағыз шовинистік көзқарастағы Екатерина Рыбакова әріптесімен көқарастары қарсы келіп қалатын. Себебі, бас дәрігер білікті де білімді ұлттық кадрларды емханаға жақындатпаудың құйтырқы әрекеттеріне баратын еді. Екеуінің жұмыс бабындағы екіұдай көзқарастары үшін болған келіспеушілік бірнеше рет қалалық денсаулық сақтау бөлімі мен қалалық партия комитетінде қаралды да. Ұлтық кадрлар үшін жанын салған білікті маман бұл текетіресте талай жеңіске жетті.  

1989 жылы қаладағы жаңа ашылатын №6 емханаға бас дәрігер етіп жіберді. «Он екіде бір нұсқасы жоқ» емхананы ашу өте қиыншылықпен жүргізілгенін айта келіп, «қалалық емханалардың бірде-біреуінде қазақ бас дәрігері жоқ, Гүлжан-ау, бұл қорлықтан қашан құтыламыз?» деген қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Б.Әлімжановтың сөзі намысымды қайрады деп еске алады. Ұлттық кадрлардың болашағын ойлаған басшы қалалық денсаулық сақтау бөлімінің шектеу қойғанына қарамастан кадрларды жергілікті ұлт өкілдерінен жинақтады. Тек бір талап қойды. Ол білім мен біліктілік. Қайсар қазақ дәрігерінің бұл әрекеті облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы В.Мальцевке ұнамады. Ол Гүлжан Бейбітқызы «нағыз ұлтшыл» деп айып тағып, мәселесін әртүрлі деңгейдегі комиссияларға  қаратты. Өз ісінің білікті маманы Гүлжан апай оған еш мойымады, керісінше бар күш қайратын жинақтап, өз жұмысына білек сыбана кірісті. Тексерген комиссиялар бас дәрігер тарапынан ешқандай өрескел заң бұзушылықтың, маман кадрлардың білімі мен біліктілігіне қояр ешқандай талаптарының жоқтығын айтқан соң ғана «емханада қазақ кадрлары шектелсін» деген негізсіз шешім шығара алмады. Бар жоғы 18 жасында ұлтының намысын жыртып «Оян, қазақ!» ұйымын құрған апамыз аса қиыншылықпен өзі құрған ұжымында 21жыл жұмыс жасап, зор абырой беделмен зейнеткерлікке шықты. Тәуелсіз еліміздің «Құрмет» ордені мен бірнеше медальдың иегері апамыз бүгінде Бәдуан ағамызбен Айдар, Айдын, Айбек есімді ұлдары мен немерелерінің қызығын қызықтап отырған бақытты ана.   

...Қоштасып далаға шықтық. Астана түні. Маған  сол сәтте түнгі ашық аспанда жымыңдаған жұлдыздар арасында ерекше жарқырап тұрғандары бейне бір елін, туған жерін жанындай сүйетін Гүлжан Бейбітқызы сияқты мыңдаған патриоттардың жарық жұлдызы сияқты көрінді.

Міне, «менің Мәңгілік Елімнің патриоттары осындай болуы керек» деген мақтаныш сезімі кеудемді кернеді.

Аққали Ахмет, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3523