ҚАСҚАЙЫП АЛАҢДА ТҰР...
(Атамның әңгімесі)
Қазақ едік, қақ жарған қара қылды,
«Қорланбаймыз» деп халық өре тұрды.
«Ұлт пен тілді сақтайық» деген үндеу
Жастарға жасырын таратылды.
Қарлы, ызғарлы Алматы. Ашық аспан,
Мың тоғыз жүз сексен алты, желтоқсан.
Қонаев түсіп, ресейлік Колбин кеп,
Көңілді уайым-қайғы бұлты басқан.
«Басшы керек бізге өз ұлтымыздан,
Әділ емес, сайланған сыртымыздан».
Ержүрек студенттер ұрандатып,
Шеруге шықты, бөлініп жұртымыздан.
Олар ата-баба тілегін ту етіп бір,
Еркіндікті аңсаған, жүзінде нұр.
«Менің Қазақстаным!» әнін шырқап,
Олар, әне орталық алаңда тұр.
Жазалауға СОКП әскер жапты,
Ер демей, әйел демей тепті, атты...
Олардың тарихта өшпес аты қалып,
Алаңда... қып-қызыл қан су боп ақты.
Аш қасқырдай ОМОНың жалаңдады,
Он мың жасты қоршап ап алаңдағы.
Жүздеп қамап, қуғындап қанша мыңын,
Оқу мен жұмысына... бара алмады.
Рысқұлбеков Қайрат пен Ербол ұлым,
Ләззат қызым, Сәбира, Кенжегүлім.
Есімдері көгімде жазулы тұр,
Олар тірі, жүректегі мәңгі жырым.
Өлген жоқ, ортамызда рухы жүр,
Есімізде, өшпейтін жүзінде нұр.
Қазағына ұран сап, әнін шырқап,
Аязда қасқайып... әлі алаңда тұр.
Нұрсәуле Досназарова, Алматыдағы №2 Абай Құнанбаев атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп интернатының ІХ «а» сынып оқушысы.
Abai.kz