Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6632 0 пікір 15 Мамыр, 2016 сағат 21:25

АЛТАЙ АСПАНЫНДАҒЫ ШОҚЖҰЛДЫЗ

 

Қазақстаннан жырақта, шекара сызығының арғы бетінде ғұмыр кешкен қазақтың бәрін мамыржай тірлікпен тыныш өмір сүрді деген ұғым бізде нық қалыптасқан. Тәуелсіздік жылдарында тарихи Отанына оралған қандастарын «ел басына күн туған қиын-қыстау кезде тастап кетіп, тыныштық орнап, дербестік алған соң қайтып келдіңдер» деп жазғыратындар да бар. Шын мәнінде, Қазақ даласында лаң салған отаршы қандықол өкіметтің ажал құрығынан шет жайлаған қандастарымыз құтыла алды ма?

Осы сұрақтың жауабын 1866 жылы Семей өңірінің Зайсан-Қалба мекенінде дүниеге келген, 1929 жылы Алтай тауының баурайында өктемдік еткен қытай басқыншылары қастандығының құрбаны болған Зуқа-қажы Сәбитұлының ерлікке толы өмір жолынан таба аламыз.

Бүгінгі күні тарихи Отанында ұрпақтары мен қазақ зиялыларының бастамасы арқасында 150 жылдық мерейтойы аталып жатқан Зуқа-қажы өз тұсында ел қорғаны, қандастарының жанашыры ретінде және ағартушылығымен, білімділігімен қандас бауырларының ықыласына бөленген айтулы тұлға болды. Енді, осы бір батыр бабамыз еліміздің жаңа тарихынан өз орнын ойып тұрып алатын уақыты келді деп білеміз.

Бала кезімізде ақсақалдар бас қосқан  той-томалақтарда Зуқа-қажы туралы аңызға бергісіз талай әңгіме-дүкенді құлағымыз шалғаны бар. Отаршы жауыздар қазақтың мысын басып, үрейін ұшыру үшін Сарысүмбе қаласындағы көпірдің бойына Зуқаның кесілген басын апта бойы іліп қойды дегенді естігенде, бала жүрегіміз аттай тулап, көкірегімізді кек кернейтін еді. Оның елін сүйген нағыз ер екені, халқының қамы үшін шейіт болған көрнекті қайраткер екендігі санамызға солай сіңіп, тарихтың беймәлім бір тармағын тануымызға септескен еді.

Енді, міне тәуелсіздіктің арқасында төрт құбыламызды түгендеп жатырмыз. Кезінде Алтайдың күнгейі мен теріскей бетіндегі ағайындар арасында атақ-даңқы аңызға айналған Зуқа батырдың есімі бүгінгі таңда ата жұртында ұлықталып, 150 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатыр.

Алтай тауын мекендеп, ата кәсібі мал-жайымен шұғылданып, өз бетімен шаруашылығын жүргізіп келген бейуаз қазаққа жат дінді, болмыс бөтен кәпірлер озбырлық жасауды ХХ ғасырдың бастапқы жиырма-отыз жылында тым тереңдетті. Гоминдан-коммунист болып жіктелген қытай да, ақ пен қызыл боп қырқысқан орыс та опа бермеді. Өзара қан төгіскен қытай-орыстың салған лаңы мен өрттей қаулаған қаупі ондағы қазақ ауылдарын да үнемі шарпып әкетіп отырды.

Бірі қуып, бірі қашқан екі топтың солдаттары мен шеріктері азық-түлік пен қару-жарақтарын, мініс аттарын бейғам отырған қазақ ауылдарынан алма-кезек берсе қолынан, бермесе жолынан дегендей тонап, тартып әкетуді әдетке айналдырды. Қарсыласқандарын атып-шауып, адам төзгісіз зорлық-зомбылық көрсетуді, қорлауды бұйым көрмейтін еді. Сол момын халқына қорған болған ұлт қайраткері Зуқа қажының ерлігі мен ағартушылық жолындағы өнегелі өмірі кейінгі ұрпақтың жадында сақталуға тиіс. Осы мақсатпен батыр атамыздың өмірінен кейбір тарихи деректерді ұсынуды жөн көрдік.

Ол үшін алдымен, мына сұрақтың басын ашып алуымыз керек. Неге отаршы үкімет Зуқаның басын алып, оны көпір бойына іліп қоятындай өлердей өштесті? Әдетте, саяси ауыр қылмысы барлар ғана солай жазалануы керек еді ғой. Жоқ! Ол тұста олай болмады.

Халықты езіп-жаншу, жерін аяққа таптау, бар байлығын тонап, өздерін ұлт ретінде жер бетінен жойып жіберу үшін отаршы үкімет қазақтың арасындағы сорпа бетіне шығар зиялысын, көзі ашық білімділерінің көздерін жоюды мақсат етті. Сол арқылы халықты үрейде ұстап, дегенін жасамақ ойда еді. Алайда, халық қаһарланса, оның алып дауылы өздерін де қиратып кетерін аңғарған соң ғана қажының басын қайтарып жұртты сабасына түсірмек болған жайы бар.

Әрине, зұлым отаршылар Зуқа сынды ақылды әрі ықпалды көшбасшыны түрлі айла-шарғымен өздеріне қаратуға бар өнерін салып та бақты. Алайда, туадан ұлтына адал, дініне берік әрі мінезі өжет, батыр текті  Зуқа қажыны тура жолдан тайдыру, алтын-жамбы, атақ-мәнсаппен алдап-арбау тіпті де бос әуірешілік болатын. Оны білген жаулар енді, қорқытып-үркітуге көшіп, неше түрлі жаламен ұстап, абақтыға да қамап көрді. Онысынан да ештеңе шықпады. Ақылы басым екендігін көрсетіп, басынан сөз асырмады, тіпті, айыптамақ болғандардың өздерінің құтын қашырды. Ақыры, босатуға мәжбүр болды.

Шығыс Түркістан жерін мекендеген қазақтар алдымен, мәнжі-шиң үкіметінің, кейін гоминдан қытайына алман-салық төлеп, әбден титықтаған еді. Көзі ашық Зуқа сынды зиялылар елінің қамы үшін сыртқы жаумен күресуді, отарлықтан құтылуды халыққа түсіндірумен келді. Мәнжілер де, одан кейінгі қытайлар да мұздай қаруланған кәсіби армиясы бар, халықты қанаудың неше түрлі зымиян саясатын жетік меңгерген  әккі залымдар еді.

Отаршы үкімет өздерінің қатал жауыз әкімшіліктерін нығайту үшін халықты мейлінше бөлшектеп, күштерін ыдыратуға, араларына жік салатын істерін асқан қулықпен жүзеге асырып жатты. Ел-жұрттың белі қайысарлықтай ауыр салықты аямай жүктеп, өздеріне тиесілі мал-жандарын ешбір ақы-қақысыз бақтыруды көздеді. Жергілікті халықтың санын өсірмеудің де неше түрлі астыртын әрекеттерін жасап, барынша қытайландыруды, қазақты тек құл ретінде ұстауды көздей бастады. Қытай саудагерлері арқылы тұтыну тауарларын барынша қымбаттатып, халықтың қалтасын қағуды, мал өнімдерін түкке тұрғысыз төмен бағамен алуды ғана көздеді.

Олар мал жайылымдарын егін алқабына айналдыру үшін шұрайлы жердің бәрін тартып алуға озбырланумен болды. Халық жауыз билеушілердің ондай әрекетіне үн-түнсіз көніп отыра берген жоқ. Әр жерде түрлі қарсылықтар мен көтерлістер бұрқ етіп, жаудың зәре-құтын қашырған тұстары да көп еді. Оның бәрі тарих беттерінде әлі де толық таңбаланып біткен жоқ.

Зуқа батыр халқының шын жанашыр қорғаны ретінде отаршылардың салған жөнсіз салықтарын төлемеуді, оларға құлша бағынудың қажеттілігі жоғын түсіндірумен болды. Жаулардың әлегіне түсіп, жапа шеккендер мен жәбір көргендеріне араша түсті.

Қытай басқыншыларынан қуғын-сүргін көрген жандар Зуқа батырдан пана іздеп маңына топтасты. Олардың арасында ұйғыр, монғол, хань, дүңген секілді өзге ұлт өкілдері де баршылық еді. «Жат жарылқамайды, өз өлтірмейді» демекші, сол бөгделер арасынан сатқындар табылды. Оны асқан айлакерлікпен пайдаланған отаршы үкіметтің 1927 жылы тағайындалған Цинь-Чу-Рен есімді зымиян басшысы әлгі сатқынды өзінің тыңшысы ретінде пайдаланды. Зуқаның басқан ізін аңдып, үнемі өкшесін сығалаумен болды.

«Аңдыған жау алмай қоймас» дегендей, ақыры, ұрымтал тұсты әккілікпен пайдаланып, оңаша қалған сәтін қалт жібермей ұрланып келген жаудың қарулы жасағы батырдың шағын аулын құрсаулап қоршайды да тұтқиылдан тап береді. Алаңсыз жатқан ауыл қанға бөгіп, аяулы арыс ажал аранына сүңгіді.

Осылайша, қаныпезер үкімет Зуқаның басын алса да, артында қалған қандас бауырларының санасына нық орныққан азаттық арманын көкіректерінен өшіре алмады. Қазақ бауырларымыз толассыз күрес жолына түсті. Бірде жеңіп, кейде ұтылып, екі жақ арпалысқа түскен кезең басталды. 

 Қытай басқыншыларының Зуқадан кейін де алаштың 40 азаматын  құрылтайға  қатыстырамыз  деген  желеумен  Үрімжіге  жинап  алып,  бәрін  тірідей  жерге  көмгенін  тарих  ұмытпайды.

Әсіресе, 1942-1943  жылдары  Шыңжаңдағы  қазақтар  мен  өзге  түркі  тектес  халықтар  үшін рухани  ояну  дәуірлері  басталды.  Халықтың  мәдениеті  мен  руханиятының  ілгерілеуі  олардың  санасын  оятып, Қытай  отарынан  бөлініп  кетуіне  жағдай  тудырды. Отарлаушы  империяның  жымысқы  саясаттары  елге  мәлім  болып,  ұлттық болмысты  сақтап  қалу  үшін  қалай  да  жеке  дара  мемлекет  құрып, ел  болу  қажет  екендігі  әркімге  аян  болған  еді.

Ұлт  өкілдерінің  саяси  санасының  оянуы  қытай  басқыншыларының  зәресін  ұшырды. Көршілес  қызыл  коммунист  Кеңес  Одағы  да  қатты  састы. Дәл  өзінің  іргесінде  түркі  сипатындағы  ислам-демократиялық  мемлекетінің  орын  тебуі  Орта  Азия  республикаларына  сөзсіз  әсер  ететіндігінен  Сталин  өлердей  қорқып  сақтанды. Осындай  үрей  Қытай  басқыншыларында  да  болғандықтан  отаршыл  қос  империя  дереу  ауыз  жаласып  мүдделес  бола  қалды.      

Қазақтардың  атқа  қонып,  қару  асынып  бас  көтерген  ұлт  азаттық  қозғалыстары  жер-жерлерде  тау бұлағынша қайнап жатты. Қарулы  көтеріліс  1943  жылы  алдымен  Алтай  аймағында  басталды.  1944  жылы  сәуір  айында  Іле  өңірінде  жалғасты. Олар  басқыншы  қытай  әскерлерімен  елдің  амандығы  мен  жер-судың  бүтіндігі  үшін  жан  аямай  соғысты.

Ұлттық  намыс  пен  ата-баба  өр  рухына  жігерленген  қандас  бауырларымыз  жаудың  жойқын  күшінің  алдында  тізе  бүкпеді. Шығыс  Түркістанның  50  мың  атты  сарбаздары  қытайдың  мұздай  қаруланған  кәсіби  армиясының  140  мың  әскерін  жер  жастандырып, тас-талқанын  шығарды. 1945 жылы  шығыстүркістандық  қандас  бауырларымыз  өздері  мекендеген  үш  аймаққа  қарасты  22  ауданды  қаптаған  қытайдан  толық  тазартып, азат  етті. Осылайша, жауынгер  де  отаншыл  қазақтар  ел  басына  күн  туған  ауыр  сәтте  жаудың  қандай  болсын  жойқын  күшінің  күлін  көкке  ұшыра  алатын  қаһарман  жұрт  екендіктерін  тарих  алдында  дәлелдеген  болатын.

Білектің  күші,  найзаның  ұшымен  тәуелсіздікке  қол  жеткізген  үш  аймақтың  халқы  өз  өкіметін  құрып,  басшыларын  таққа  отырғызды.

Зуқа батырдың көзін көрген, мүдделес болған кейінгі буын елді, ұлттық  тәуелсіздікті  сақтауға,  отаршылардың  алдау-арбауларына  түспеуге  шақырумен болды. Жеңістің  қадірін  білуді,  оны  баянды  етуді  уағыздады. Гоминдан  билеушілерінің,  жалпы  қытайлардың  отарлау  саясатының  өте  күрделі  әрі  жымысқы  екеніне жұрт әбден көз жеткізген еді.

Өз  бетімен  дамудың  даңғыл  жолына  түскен  тәуелсіз  Шығыс  Түркістанның  дербестігін Кеңес  Одағы  мен  коммунист  Қытай  бесігінде  буындырып, үнін  өшіруге  жанталаса  кірісті. Отарлаушы  империяларға жас  елдің  ұлттық  тұрғыдан оянуы  ұнай  қоймады. Өздерінің  арам  пиғылдарын  халықтан  жасыруларына, оларға  ұлы  қамқоршы,  құтқарушы болып  көрінулеріне,  аз  ұлттарды  алдап  уыстарына  түсірулеріне  Зуқа-қажы сынды ерлердің артында рухани мұра етіп қалдырған үлгі-өнегесі кедергі  жасайтынын  алдын  ала  білді.  

Кезінде  батыс  Еуропада  елес  болып  кезген  коммунизмнің  жалған  қиялы  Қытай  арқылы  Шығыс  Түркістан  жеріне  де  сырттан  «экспортталып»  әкелінді. Қиялдағы  жалған  елесті  өмірдегі  ақиқат  етіп  көрсетуге  Кеңес  Одағы  да  барын  салып  кірісті. Оның  себебі  түсінікті  еді.  Олар  үшін  ұсақ  ұлттар  тезарада  яғни  қанаттары  қатаймай  тұрып  дербестіктерінен  ажыраулары,  интернационалданып  ұлы  империяларға  сіңіп  кетулері  пайдалы  болды. Сондықтан  енді  ғана  аяғынан  қаз  тұрған  елдің санасын өз бағытынан адастыруға,  коммунистік  идеологиямен  саясиландыруға  көшті.               

Ақыры, үш  қазақ  аймағы  құрған  төңкерістік  өкімет  1947  жылы   әлсіреп,  ыдырауға  бет  алды. Алтай  аймағының  көрнекті  қоғам  қайраткері, белгілі   қолбасшы  Оспан  батыр  мен  оның  қайсар  да  ер  жүрек  сарбаздары  коммунистік  идеологияны  мойындаудан  үзілді-кесілді  бас  тартты.  Отаршылардың  әрбір  әрекеттеріне  жан-тәндерімен  қарсылық  білдірді.  Шығыстан  Қытай,  батыстан  Кеңестік  Ресейдің  өңештерін  созып, үш  аймақты  жұтып  жіберуге  барын  салды.

Үш  аймақтың  бірлігін  нығайтып,  тас  түйілген  жұдырықтай  еткісі  келген  талай есіл  ердің  адал  ниеті,  асыл  мұраты  адыра  қалды. Сыртқы  жаулар   қазақтарды аймақ-аймаққа  бөліп,  араларына  от  жағып,  өзара  соғыстырып  қойды.  Әрине,  мұндай  соғыста  кімнің  ұпайы  түгенделері  айтпаса  да  түсінікті  еді.           

Қазақтардың  өзара  соғысып  әлсіреуі,  ортақ  мұратқа  деген  ынтымақтықтың  аздығы  коммунистік  идеологияның  сөзсіз  келіп  орнығуына, иеленіп  алып  отарлаудың  жаңаша билеп-төстеудің жаңа  бір  формасының  Шығыс   Түркістанда  жедел  жүзеге  асырылып  кетуіне  мүмкіндік  жасап  берді.  Ендігі  жерде   күрес  пен  соғыстан  нәтиже  шығара  алмасын  білген  үш  аймақтың  басшылары  автономияны  місе  тұтуға  мәжбүр  болды.  Ал,  Оспан  батыр  бастаған    топтар  оған  көнбеді.  Олар  Шығыс  Түркістан  үшін  және  оны  тәуелсіз  мемлекет  ретінде  сақтап  қалу  жолында  жандарын  құрбан  етуге, ақырғы  демдері  үзілгенше  күресіп  өтуге  баратындарын  мәлімдеді.

Ел  басқарған  өзгелер  мәмлеге келуге  ниеттенді. Алайда, Зуқа-қажы сынды ерге жасағанындай сол  басшылардың  да  түбіне  қытайлар  жымысқы  әрекетпен  жетіп  тынды. Үш  аймақ  басшыларын  келіссөз  жүргіземіз  деген  сылтаумен  Пекинге  шақыртады  да  із-түзсіз  жоғалтып  көздерін  құртып  жіберді. Кейін  халыққа  оларды  жол-жөнекей  ұшақ  апатынан  мерт  болды-деп  хабарлаған. Қытайлар  осылайша  қулығын  асырып, елді  басшысыз  қалдырды  да  момын  халықты  зымияндықпен  алдап-арбап  жаулап  алудың  оңай  жолын  тапты.         

Құлжа  қаласындағы  Кеңес  Одағының  елшісі  үш  аймақтың  өкілі  етіп,  қасына  үш  адам  ертіп  Пекинге  барады. Олар  сонда  ҚХР-сының  құрылу  салтанатына  қатысады. «Соған  қатысқан  Сайфеддин  мен  Хәкімжан  екеуі  Мао-Зе-Дунға  шапан  жауып,  үш  аймақ  Шығыс  Түркістан  өкіметінің  ініне  су  құйды» - деп  жазды,  кейін қытайдағы  қазақ  тарихшылары.

Шығыс  Түркістанның  ұлттық  армиясы  болған 50  мың  атты  әскерді  бейбітшілік  орнады,  енді  соғыс  болмайды  деп  алдап-сулап,  қару-жарақтарынан  айырған  соң  құрылыстың  ауыр  жұмыстарына  салып, адам  төзбес  қорлық  көрсетіп  азаптаған. Осылайша, азып-тозған  алаш  азаматтары  кейін  өз  ауылдарына  әрең  жеткен  екен.

Ал,  Алтай  аймағындағы  Оспан  батыр  бастаған  күрескерлер  қару-жарақтарын  тастамай  қақтығысты  жалғастырып, азаттық  үшін  қан  төгумен  болды.  1949  жылы  КСРО  мен  ҚХР  армиясы  бірігіп  шабуыл  жасағанда  да,  олар  қайсарлықпен  қарсыласып  бақты. Өздерінен  неше  мәрте  көп  әрі  қару-жарақтың  жаңа  түрлерін  иемденген  жаудың  жойқын  күшіне  төтеп  бере  алмай  шегінсе  де  ержүрек  қазақтар  берілмеді.

Алайда,  қазақ  халқының  осынау  тарихи  тағдыры, шынайы  ерліктің,  тектіліктің  үлгісі  болған  деректермен тарихи Отанымыз әлі де толық танысып үлгермей жатыр. Олар сан жағынан аздық етіп те жатқан жоқ. Ал, Зуқа қажы – еркіндік үшін күрес үшін жолында жанын пида еткен сан жүздеген есіл ерлердің ішіндегі Алтай аспанында жарқырап жанған бір шоқжұлдызы болатын.   

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, халықаралық журналист

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475