Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 7115 0 пікір 15 Мамыр, 2016 сағат 02:52

МЕНІҢ ДИДАҒАМ...

Түс көріппін! Түсімде «Баспалар үйіндегі» өзім жұмыс істеген «Ел-шежіре» баспасында отыр екенмін. Дидағам мен отырған бөлмеге кіріп келді.

Жанарым оң жақ көзіне қадалды. Көп-көңбек. Біреу ұрғандай күп болып ісіп кетіпті. Түрі шаршаңқы. Шашы ұйпа-тұйпа!

«Ағам бұлай жүрмеуші еді ғой. Мен қызығатын сымбаты мен серілігі қайда кеткен?. Ой, Дидаға қайтыс болды демеп пе еді? Тірі екен ғой. Бәсе, сезіп едім. Тірі екен. Тірі екен»...

Ағаның жүдеу жүзіне жүрегім ауырса да, «тірілігін» жаныма медет тұтып, көңілім алып-ұшты. Осы бір қуанышты хабарды өзгелерге айтпақ болып, әлгі бөлмеден атып шығып, дәлізде жүгіріп келе жатырмын. Қас қылғанда алдымнан біреу шықсашы... Ешкім жоқ.

Оянсам, түс екен...

Соңғы бір жылда осы тектес түстерді жиі көремін. Әрине, оның бәрін қағазға түсіріп, оқырманға жорыту ойымда жоқ. Тіпті, сол бір шым-шытырық түстер жайлы ешкімге тіс жармаймын да.

Менің ішкі әлемімдегі күйзелісті сыртқа шығарғаннан не таппақпын?!

«Мені де мүсіркеңіздер, мен де зар илеп, запыран құстым» деп айғайлағандай болмаймын ба?

Бұл қайғы менің ғана емес, «әдебиетті ардың ісіне» балайтын әр қазақтың қабырғасына батқанын білемін!

Сондықтан да, Алтай мен Атыраудың арасы боздап жатқанда, өзіммен-өзім саяқ кетуді жөн санадым. Өйткені ел қазақтың қабырғалы жазушысынан айырылды. Бұ пақырыңыз қабырғалы жазушыдан – бір, жанашыр ағадан – екі айырылды.

Бүкіл баспасөз ұлтым деп туған тұлғаны жоқтап, естеліктер жазып жатты.

Мен де сол тұлғадан көппен бірге көз жазып қалдым.

Бірақ, мойындағым келген жоқ.

«Баспалар үйіне» барсам, ағам құшағын айқара ашып, күтіп алатындай сезімде болдым.

Міне, «Баспалар үйінің» алтыншы қабатындағы темір есіктің тұтқасын жүрексіне ұстадым. Ағамның «күрек ұстаған» қолы сан мәрте аялаған тұтқаның өзі сұп-суық болып, әлдебір жаманатты сездіргісі келгендей түксие қалыпты. Оны да менің «жүйрік көңілім» елегісі келмеді. Мұның ар жағында ағам отыр. Сөзсіз, қазір мен келді деп қуанып қалады. Есікті бар күшіммен тартып қалдым... Жабық тұр. «Е, ағам жұмысқа келмеген екен» деп ойладым.

Дидаға үйінде шығар. Үйіне барайын деп, Райымбекке тарттым. Қасымда Бейбіт Сарыбай, Жадыра Нармаханова және Жұлдыз Әбділдәлар бар. Дидаға бізді есік алдынан күтіп алатындай асығып-ақ жеткеніммен, мұнда да жоқ екен. Ағамның үйі иесін күткендей тұнжырап тұрды. Жұмыс бөлмесіндегі жазу үстелінің өзі жазушыны сағынғандай жетімсіреп қалыпты. Үйдегі әр жиһаз ағам жайлы естелік айтқысы келгендей жабырқау көңілмен үнсіздіктің пернесін басып-басып қояды. Байқұстарда тіл жоқ, әйтпесе, әзір-ақ аһ ұрар еді.

Дидағамның жары Лиза тәте маған «Ағаңның көзіндей көріп жүр деп кеудеше мен күртешесін сыйға тартты.

Сонда да мені «Дидағам, Катонға кеткен шығар» деген алдамшы үміт меңдеп алды. Сол соқыр үміттің жетегіне еріп, екі мәрте Алтайға бардым. Тек ескі естеліктер ғана көз алдымнан көлбеңдеп өткені болмаса, ол жақтан да Дидағамды таба алмадым.

Дәулет әкесінің басын қарайтыпты. Тасқа қашалған ағамның суретіне ұзақ қарадым. Дидағаға айтсам-ау деген іштегі бар шерімді ақтарғым келді. Ақтара алмадым.

Өйткені, Дидаға тірі, ол кісі көз жұмуға тиіс емес. Сондықтан да, о дүниелік болған жақыныма айтар естелікті ағама бағыштап ешқашан айтпақ емеспін. Айтқым келмейді.

Осыдан он шақты жыл бұрын жарияланған бір сұхбатыма бола мені бауырына басып еді. Сол ыстық бауыр әлі суыған жоқ. Ол кісі ұзақ уақытқа іссапарға кетіп қалды. Ертең, ертең-ақ ортамызға оралады.

Ортамызға оралмағанның өзінде, біз барамыз...

Әйтеуір, басы бар, аяғы жоқ, шым-шытырық түс көріп жүргендеймін. Ертең оянғанда біз ұлт пен діннің, діл мен тілдің әңгімесін айтып, қызыл-күрең  шайды сораптап ішіп отырамыз. Мен кенет, ағаның шығармашылығы жайлы әңгіменің шетін шығара қоямын. Ол кісі дереу тыйып тастайды. Өзін мақтағанды қаламайды ғой, себебі.

Ол кісі сөзсіз оралады. Сосын біз екеуміз ғана Аягөздің төсін қақ жарып, жеңіл көлікпен Алтайға қарай зымырап бара жатамыз. Мұндайда екі адам емес, бір адам, бір жан, бір жүректің иесіне айналып кететінімізді сеземіз. Бұрын да солай еді. Жаның мен жүрегің бір адам болғасын іште бүгулі сыр қала ма?

Менің бар сырымды білетін адам, көз көрмес, құлақ естімес сапарға кетіп қалды. Оның біраз ішке бүккен әңгімесі менің көкейімде сайрап жатыр.

Бұл – көр-көкей. Ағаның барлық сырын ішке жұтты да, жоқ қылды. Бәлкім, осылай болғаны дұрыс та шығар.

Ұлты үшін зар еңіреген алып жүректі тоқтатқан заманаға лағынет айтқаннан не табамыз? Абайдан бастап, Дидахметке дейінгі сан қаламгердің кеудесіне ұялаған шер – қазақтың жайы, алаштың зары еді. Кері кетіп бара жатқан саясат, ұлтын ойламайтын шенділер, ел мен жердің тағдыры Дидағамның жүрегіне ауыр жүк арқалататын-ды. Оған өзі жақсы көретін Қалихан ағасының қайғысы жамалды.

Жоқ, мен бәрібір сенбеймін. Аға, тірі... Іссапарға кетер алдында маған қоңырау шалып: «Мен сені сағынам ғой» деді ауыр күрсініп. Кейін Дәулет маған «әкемнің соңғы сөйлескен адамдарының бірі сен екенсің» деп, ағаның телефонындағы қоңыраулар тізбегін көрсетті.   

Аға, мені емес, мен оны сағындым... Сол сағыныш бірнеше рет қолыма қалам алғызды. Дидағам жайлы жазбақ болып, неше рет оқталдым. Бірақ, дәл желкемнен бір өткір көз қадалып, қарап тұрған сияқты болады. Ол өткір көздің иесі – Дидағам секілді, ол мені көріп тұрғандай...

«Мен өзім жайлы емес, Дидағам жайлы жазуға тиіспін. Менің жазғанымнан Дидағаның тұлғасы анық көрінуі қажет». Осындай ой сананы мың мәрте шырмағанмен, екеуміздің арамыздағы сан түрлі әңгімелердің нобайы қағазға түскенде үйлеспей, қиюы қаша берді. Бұған себеп, ағаны о дүниеге қимағандығым болар... Әйтеуір, өзім ұқпайтын көңіл-күй ішкі әлемімнің астаң-кестеңін шығарып жатыр.

Сөйтсем, Дидағам шындығында тірі екен!

Мен оны жұмысынан, үйінен, туған жерінен текке іздеппін.

Қалай байқамағанмын «Тасқаласынан» бастап, соңғы жазылған «Кеш» атты шығармасына дейінгі әр туындысы Дидахмет болып тыныстап, қазаққа айтарын айтып тұр екен ғой.

Дидахметті іздеген әр адам оның шығармаларына үңілгені жөн. Өйткені, ағамның бар болмысы сол әңгімелерінде менмұндалап көрініп тұр... Кез келген адамның сағынышы мен мауқын басуға Дидахмет мұрасы толығымен жарайды.

Сол себепті де ол кісі жайлы өткен шақта естелік айтуға болмайды.

Бүгін Дидағам тағы түсіме кіретін шығар... Бұл жолы сымбатты, сырбаз қалпымен енер деп үміттенемін. Мен Дидағаның тірі екенін айтпақ болып, дәлізге жүгіріп шыққанда алдымнан Жадыра (Нармаханова) шыға келер...

Кім білсін?! Әйтеуір бір жылда суымаған көңілім, мәңгілікке ыстық табында қалатындай көрінеді.

Дидахмет Әшімханұлы өлген жоқ...

Қанат Әбілқайыр

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060