Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4032 0 пікір 5 Мамыр, 2016 сағат 17:42

ӨҢІРДІ ІЛКІМДІ ІСТЕР ІЛГЕРІЛЕТЕДІ

Президент Нұрсұлтан Назарбаев осыдан бес ай бұрын Жетісу жеріне келіп, Алматы облысының әкімі лауазымына Амандық Баталовты тағайындаған күні өңірге инвестиция тарту, бизнесті дамыту керектігін шегелеп айтып, бірқатар тапсырмалар берген еді. Арада біршама уақыт өтті. Мемлекет басшысының тапсырмаларының қалай орындалып жатқандығын сараптап жүріп түйген ойымыз - әкімнен әкімнің артықшылығы іскерлігінде екендігі, еш дабырасыз атқарған сол жұмысын кез келген уақытта журналистерге екі тілде мүдірмей айта білуінде екендігі болды. Дүйім жұрттың алдында Елбасынан тапсырма алу, оны мемлекеттік тапсырысқа сай халықтың көңілінен шыға отырып, адал орындай алу кез келген әкімнің басына бұйырмаған бақыт екені тағы бар. Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВПЕН әңгіме барысында осы және басқа да мәселелер туралы сөз болады.

- Амандық Ғаббасұлы, Елбасының сізге тікелей берген тапсырмасы бойынша жаңа экономикалық саясатқа сай не істелінді?

- Елбасының басты тапсыр­ма­ларының бірі - жергілікті бюд­жеттің кіріс бөлігін көбейту бол­ғаны мәлім. Өкінішке қарай, аграрлық сектор мен өндірісте әлеуетіміз өте зор болғанымен әлі күнге дотациялы өңірміз. Сон­дықтан бірінші кезекте Жетісудың 16 ауданы мен үш қаласын тең дамытуымыз қажет. Негізі облыс бюджетінің 60 пайыздан астамын Қарасай мен Іле аудандарындағы өндіріс орындары толтырады. Салық төлемдерінің 40 пайызын да сол Алматы өңірі құяды. Мемлекет басшысының тапсырмасын мүлтіксіз орындау үшін жаңа жұмыс орындарын ашуымыз қажет. Сол үшін Алматы қаласында бизнесмендердің басын қосып, кездесу өткіздік. Онда іскер азаматтар өздерінің инвестициялық мүмкіндіктерін ашық айтты. Осы орайда респуб­ликада Алматы облысының инвестициялық мүмкіндігінің мол екендігіне көзіміз тағы да жетті. Осы басқосуда бизнесмендерге ауыл шаруашылығы саласының мүмкіндіктерін айтумен ғана шектелмей, облыс аумағында өндіріс орындарын ашуға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткіздік.

Нақтылай түссем, қай жерде жүгері, қант қызылшасы, көкөніс түрлерін өсіруге болатыны, қай жерден ет-сүт өнімдерін дайындауға болатыны, қай жерде сол өнімді өңдейтін өндіріс орнын салып, ашуға лайықтылығы, тиімділігі ұғындырылды. Нәтижесінде бүгінгі күні бізге 49 инвестициялық ұсыныс келіп түсті. Бірінші кезекте осы өңірден шыққан бизнесмендердің ұсыныстарын екшей отырып, жер телімдерін бөліп берудеміз. Сол жерге инфрақұрылым - электр қуаты желісін тартып, талапқа сай көлік жолын салып, суын жеткізіп беруге қажетті қаражат қарастырылуда. Кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салмау үшін әр ауданның әкіміне нақты тапсырма берілді. Бұл дегеніміз, жаңа жұмыс орындарын ашу және салықтық базаны нығайту қадамы болып саналады. Осындай мүмкіндіктерді пайдалана білсек, бізге жыл сайын мемлекеттен бөлінетін дотацияны 10-15 пайызға азайтып отыруға мүмкіндігіміз болады. Сондықтан бюджеттің кіріс бөлігін көбейту үшін тынымсыз әрі ұтымды еңбек етіп, қаражат табуымыз қажет. Баса айтар жайт, Елбасы бекіткен «Агро­бизнес-2020», «Бизнестің жол кар­тасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020», «Қолжетімді бас­пана-2020» мемлекеттік бағдар­ламаларын тиімді жүзеге асырып, бөлінетін қаражатты өз мақсатында жұмсай алсақ, жаңа жұмыс орны да ашылады, салықтық база да нығаяды. Бұл қадам нәтижелі болады деп ойлаймын.

- Мемлекет басшысы индус­триялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының дұрыс орындалмауының салдарынан апорт, қант қызылшасы, жүгері өсірудегі олқылықтарды, сол өнімді өңдейтін өндіріс орындарының талапқа сай еместігі туралы да бірқатар кемшіліктердің бетін ашқан-тын. Нәтиже қалай?

- Елбасы қант қызылшасын өсіруді қайта жандандыру туралы тапсырма бергені мәлім. Бұл қажеттілікті өтеу үшін бюджеттен қаражат қарастырылып, қызылша өсіруші шаруаларға 4000 гектар жер бөлінді. Біз осыған орай қант қызылшасын өсіретін шаруалармен кездестік. Барлық жағдайын жасап, машина-трактор секілді ауылшаруашылық техникаларын сатып алуларына «Жетісу» әлеуметтік корпорациясы арқылы көмектесудеміз. Сондай-ақ, шаруалардың өнім өсіретін жер телімдерін дайындауларына және тұқым себу, тыңайтқыш секілді қажеттіліктеріне мемлекет тарапынан субсидия алуларына көмектесіп жатырмыз. Сөйтіп, әр гектарынан 300 центнерден өнім алу жөнінде жоспар қойып отырмыз. Бұл көрсеткіш одан әрі де жоғарылайтын болады. Сөйтіп, алғашқы уақытта 120 мың тонна қант қызылшасын жинасақ, зауыттан біз 12-15 мың тонна қант алу мүмкіндігіне ие боламыз. Ал облыстың сұранысы 10 мың тоннаны артығымен жабатын боламыз.

Бірінші қажеттілік қант қызылшасының тұқымын реттеп қойдық. Осы орайда айта кетер жайт, уақыт талабына сай қант қызылшасын өңдейтін жаңа зауыт саламыз дегенді естісімен осыған дейін шама-шарқынша жұмыс істеген қант зауытының басшылары жаңа технологиямен сапалы өнім шығара алатын қондырғыларды өздері сатып әкелетіндіктерін ашық айтып, тек өндіріс орнын тәтті түбірмен толтыруымызды өтінді. Біле-білсек, бұл бәсекелестіктің пайда болғандығын білдіреді.

Сонымен қатар, облысымыз жүгері өсірумен де ерекшеленген. Бұл мәселе бойынша Жаркентке барып, шаруалармен кездескенімде олар жылдар бойы шешімін таппай жатқан бірқатар мәселелерді көтерді. Ондағы бірінші мәселе алқаптарды уақтылы суару болғандықтан Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековпен кездестім. Ортақ мүддеге түсіністік танытып, министр өте үлкен көмек көрсетуде. Біздің өңірде 16,5 мың шақырым ирригациялық жүйе болса, соның 5,7 мың шақырымы иесіз қалып, бос жатыр. 5,9 шақырымы коммуналдық, өзгесі республикалық меншік болып саналады. Оны игеруге қаражат жеткіліксіз. Сондықтан инвентаризация жасап, иесіз жатқан жердің бәрін мемлекет меншігіне алып, пайдалану керек. Осы мәселеге орай республикалық тиісті орындармен келісімшарт жасасып, жұмысқа кірісіп кеттік.

Осының бәрін қалпына келтіріп, шаруаларға сұраған уақытында алқаптарын нәрлендіретін су жекізіп берсек, өнім көрсеткіші бір-екі емес, 3-4 есеге артады. Қазір Панфилов ауданында 25 мың гектар жерге жүгері тұқымын сеуіп, өсіреді. Рас олар алқапты кеңейте алады, бірақ одан түскен өнімді дұрыс бағада өткізе алмайды. Құдайға шүкір, биыл жүгері өнімі далада қардың астында қалған жоқ. Дер кезінде жинап, талапқа сай қоймаға сақтауға көмектестік. Негізі, кеңес дәуірінде Головацкий жасатқан қырманда қара жерге асфальт төселіп, өнім дегдітіліп, арасындағы тас пен құмды тазарту үшін електен өткізіліп, электр қуатымен кептірілген екен, қазір оның бәрі жоқ. Сол қырманды қалпына келтіріп, қайта жасатып беруді «Жетісу» әлеуметтік корпорациясы арқылы жоспарлап отырмыз. Осы орайда Жаркент крахмал-сірне зауытына респуб­ликадан 320 млн. теңге бөлінуіне көмек көрсетілді. Енді зауыт басшылары 35 мың тоннаға дейін өнім қабылдауға уәде берді. Осындай азғантай ғана көмегімізге шаруалар қуанып, көктем шығысымен жүгері алқаптарын кеңейтуге құлшынып отыр.

- Апорт ше?

- Жер ұйығы - Жетісу кезінде алманың апорт сортымен әйгілі болғаны белгілі. Апорт таулы аймақтардағы 950-1300 метрге дейінгі биіктікте өседі. Жалпы, облысымызда 13 300 гектар жерде алма бағы, оның ішінде 2000 гектар таза апорт бағы бар. Елбасымыз бізге апортты жаңғырту, қайта қалпына келтіру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес біз ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе жұмыс жүргізудеміз. Осы көктемде қосымша 2000 гектардан астам жерге апорт ағашының көшеттері отырғызылады. Бағбан­дарға субсидия бөліп, түрлі көмектер көрсетудеміз.

Біз бүгінде Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовпен бір­лесіп, жұмыс жүргізудеміз. Мүмкіндігіміз мол әрі жеткілікті. Маған Солтүстік Қазақстан об­лы­сының әкімі Ерік Сұлтанов хабарласып, жеміс-жидек және көкөніс өнімдерін сатып алуға келісімшарт жасасу туралы ұсы­нысын білдірді. Бұл тапсырыс­ты біз толығымен қанағаттандыра аламыз. Сондықтан өзге облыстар сұраныс түсіріп жатқанда, Алматы қаласын жеміс-жидек, көкөніс және ауыл шаруашылығының өзге өнімдерімен қамтамасыз ете алмау­ымыз ұят. Алматының іргесіндегі Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының бойын айналдыра, қоймалар салып, тоңазытқыштар орнатып және логистикалық орталық ашуды жоспарлаудамыз. Сөйтіп, өнім өндірушілер мен кәсіпкерлердің өзара кездесіп, өз қажеттіліктерін бірлесіп шешу­леріне мүмкіндік тудырамыз. Нә­тижесінде келісімшарт жасалып, логистикалық орталық арқылы барлық өнімдер ешқандай делдал­сыз оңтүстік мегаполистің сұра­нысын қанағаттандыратын болады.

- Елбасы үш ауысымдағы және апаттық мектептер мәсе­лесін бекер көтермеген шығар?

- Биыл облыстағы 59 мектепте 55 457 оқушы үш ауысымда оқуда. Бұл мәселені неғұрлым тездетіп шешу мақсатында 51 жаңа мектеп салу жоспарланды. 2014 жылдың соңында Талғар ауданы, Жаңалық ауылындағы 180 орындық мектеп аяқталып, қолданысқа берілді. Биыл құрылысы жүргізіліп жатқан 9 мек­тепті пайдалануға беріп, тағы 17 мектептің құрылысын бастай­мыз. Ал 2016 жылы барлығы 24 мек­теп салынады. Осылайша 2017 жылы облысымыздағы үш ауы­сым­да оқитын 59 мектептің мәсе­лесі толық шешімін таппақ. Сонымен қатар, апатты жағ­дай­дағы мектептерді жою мақсатында 2015-2016 жылдары жаңа 6 мектеп салу жоспарланып, ол жұмыс биыл аяқталады.

Елбасы әлеуметтік мәселелер жөнінде бізге нақты тапсырмалар берді. Өкінішке қарай, бізде балабақшамен қамту мәселесі 64 пайыз болып, дұрыс шешімін әлі таба алмай отыр. Тұтастай алғанда, облыс бойынша 245 балабақша салу керек. Оның барлығын бюд­жет есебінен салу мүмкін болма­ған­дықтан 142 балабақшаны бизнесмендер есебінен салмақпыз. Оған бізде мүмкіндік бар. Тек биз­несмендерге жағдай жасап, бос тұрған ғимараттарды беріп, жер телімдерін бөлуіміз қажет.

- Төл міндетіңізді атқару барысында тыным таппай, Хантәңірі мен Алакөлдің, Қорғас пен Алматының арасында шап­қылап, игілікті істердің ұйыт­қысы болып жүргеніңізді халық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оқып та, көріп те тара­зылап отыр. Оның төрешісі - уақыт. Ал қазір мемлекеттік сая­сат­қа сай атқарылған сол жұмыс­тар­ды ретімен айтып бере аласыз ба?

- Мемлекет басшысының алдымызға қойған тапсырмаларын орындау үшін уақытпен санаспай нәтижелі еңбек етуіміз қажет. Елбасының «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылғандай, жаңа экономикалық саясат бойынша республикамызды электрлендіру желісі Талдықорған арқылы өтеді. Бұл бізді қуантып, үлкен мүмкіндіктер жолын ашатыны анық. Елбасының тапсырмасымен «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы Панфилов ауданындағы Қорғас маңында ірі трансұлттық жоба - құрғақ порт құрылысын жүргізуде. Ол жерде бүгінгі күні жұмыс өте қызу жүруде. Атқарылып жатқан жұмыстардың көлемі өте ауқымды. Осыған байланысты «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті Асқар Мамин екеуміз жұмыс алаңында болып, жоспарлардың орындалу барысымен таныстық. Болашақта құрғақ портта 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жос­парлануда. Ол жерде шағын қала бой көтермек. Сондықтан бүгінгі күні құрғақ порт аумағында бой көтеретін жаңа қаланың бас жос­пары дайындалуда.

Индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасы аясында біздің облысымыз арқылы Батыс Еуропа - Батыс Қытай көлік дәлізі өтеді. Құрылыс жұмыстары бастау алуда. Сөйтіп, болашақта Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырады. Тағы да ерекше тоқталар жайт, Елбасының тапсырмасымен елді мекендерді газдандыру жұмыстары да жүзеге асырылуда. Қалай есептесеңіз де, сұйық отыннан гөрі газды пайдалану арзан әрі тиімді екені рас. Сондықтан өндіріс орындары көп­теп ашылуда. Мысалға, жақында Қарасай ауданында өте қуатты екі өндіріс орны іске қосылды.

Аудан әкімдеріне қойып отырған бір талабым - индус­трия­лық алаңдар ашу. Талдықорғанда 600 гектар жер индустриялық алаң болып белгіленгенімен, біз сол жердің 100-150 гектарын бө­ліп алып, инфрақұрылым - электр қуатымен, су құбырымен, тағы басқа қажеттіліктермен қам­та­масыз етіп, қандай да бір зауыт, фабрика саламын деген бизнесмендерге берудеміз.

Туризмді дамыту үшін баса айтар мәселе - жол. Алдағы уа­қытта Алматы - Талдықорған - Үш­арал - Достық жолы жаса­лып, құдайдың бізге берген құты - Алакөл мүмкіндіктері толығымен пайдаланылады. Алакөлдің айналасын талапқа сай қалпына келтіру жұмыстарымен толықтай айналысудамыз, жоспарымыз да бар. Осы өңірде туып-өскен танымал бизнесмендердің көмегімен Алакөлдің жағалауында 5 жұлдыз­ды қонақ үй салынғалы жатыр. Үкі­меттің қолдауы арқасында авто­көлік жолдарын жөндеуден өткізіп, әуежай қатынасын қал­пы­на келтірсек, туризмді дамытудың жарқын жолы ашылатын еді.

- Амандық Ғаббасұлы, 2001 жылы Алматы облысының орта­лығы Талдықорған қаласы бо­лып бекітілгенде Қаратал өзе­нін бойлай шығыстан батысқа қарай бірнеше шақырымға со­зыла тартылған жуандығы түйе­нің беліндей құбырға таңыр­­­қаған журналистерге мемле­­кеттік тапсырысқа орай сол құ­бырды бойлай зәулім ғимарат­тар, тұрғын үйлер салынаты­нын айтқансыз. Бұл - факт. Енді?..

- Бұл мәселеге тоқталмас бұ­рын біз облыс орталықтарына абат­тандыру, көркейту мәсе­лесінде Аста­наға қарап, бой түзеуіміз керек деп есептеймін. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астананы қалай көрікті, әсем етіп тұрғызды. Әрбір ғимараттың құрылысы Елбасының жіті назарында. Сондықтан біз Астанадан үлгі алуға тиіспіз.

Ал Жетісудың кіндік қаласы Талдықорғанның табиғаты әсем, көрген жанның көзін тойдыратын ғаламаттығы тағы бар. Осындай көркем қала өзінің табиғи сұлулығына сай болуы қажет деп есептеймін. Сондықтан, Талдықорған туралы ерекше айтқым келеді. Қазір қаламызда халық саны да өсіп келеді. Қаланың бас жоспарына сәйкес, жүйелі түрде жұмыс жүргізу үшін жағдайымыз да, мүмкіншілігіміз де жеткілікті. Қазір заман талабына сай Алматы - Өскемен автокөлік жолы салынуда. Бірінші кезекте Жетісудың орталығына келе жатқан адамдар қалаға кіреберістен үлкен бір әсерге бөленуі тиіс. Осыған орай біз Талдықорған қаласына кіреберістегі қақпадан бастау алатын 3,5 шақырым жолды қайта жаңғырту, жол алаңын кеңейтіп, оны абаттандыруға көңіл бөлудеміз. Ойымызға алған жұмыстарымыз аяқталған кезде, қала жұртшылығының көңілінен шығады деп ойлаймын. Сонымен қатар, қалаішілік көшелерді кеңей­ту, оларға күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілетін болады.

Талдықорған қаласы жастар­дың мекені деуге болады. Бірінші кезекте осы жастардың мәселесіне де көңіл бөлудеміз. Мәселен, екі жастың қол ұстасып, жаңа өмірге қадам басқан кезіндегі қуа­ныштары мәңгі есте қалатын болсын деген ниетпен қаламызда Неке сарайын салу жұмыстарына кірісіп кеттік. Ал бұрын неке қию салтанаты ескі ғимаратта өтетін. Оның өзі ыңғайластырылған ескі ғимарат болатын. Сондықтан екі жас шаңырақ құрып, қуаныштарын бөліскен кезде мәңгілік естерінде қалатын керемет Неке сарайын салуды жөн көрдік. Екіншіден, Алматы облысының орталығы Талдықорғанда халықаралық байқаулар және тағы басқа үлкен шаралар өткізетін ғимарат - көрме павильоны бой көтереді. Бұл көрме павильонының да жұмыстары бас­талу үстінде. Бұл төл міндетімізді көрсететін қажеттілік деп санаймын. Үшіншіден, кішкентай ғана Талдықорғаннан елімізге белгілі әртістер шыққан. Артық айтқандық емес, түсіріліп жатқан тарихи-көркем фильмдердің көпшілігінде басты рөлдерді біздің әртістеріміз ойнайтыны ақиқат. Сондықтан «Ел іші - өнер кеніші» дегендей, рухани байлығымызды одан әрі байытып, елді рухтандыру үшін уақыт талабына сай жаңа теа­тр салуды да қолға алдық. Бүгінгі күні бұл үш ғимараттың эскиздік жобаларына еліміздің танымал архитекторлары арасында байқау жарияланып, оған оннан астам жоба ұсынылды. Ендігі мақсат - осы ұсынылған жобалардың арасынан қаламыздың климатына және архитектуралық келбетіне ыңғайлы деген жобаны таңдап алуымыз қажет.

Төртіншіден, Талдықорғанның төрінен керемет бір қонақ үй бой көтерсе қандай жарасымды болар еді. Сондықтан қаламызға келіп жатқан қонақтар демалатын 5 жұлдызды қонақ үй салуға Алматы қаласының бизнесмендерін тартып отырмыз. Оларға қажетті жер телімдері де берілді. Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасымен Талдықорған әуежайының ұшып-қону жолақтары халықаралық талаптарға сәйкес, күрделі жөндеуден өткізілді. Үстіміздегі жылы Талдықорғанға үлкен әуе компанияларының ұшақтары қатынайтын болады деп жос­парлап отырмыз. Сөйтіп, қала тұрғындарының ұшып-қонуына да ыңғайлы жағдай жасалмақ. Бұл тұрғыдағы мәселе басты назарымызда. Сөз реті келгенде сан-алуан ағаш өспейтін Қызылорда, Ақтау өңірлеріндегі әріптестеріме Жетісу жерінің тағы бір артықшылығы - не ексең де жайқала өсетіндігін айта кеткім келеді. Сөйтіп, бір сөзбен айтқанда, Жетісудың бас қаласы болашақта еліміздің әсем де, көрікті қалаларының біріне айналары сөзсіз. Және Алматы облысы еліміздің экономикалық дамуына өзіндік сүбелі үлесін қосады деп есептеймін.

- Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, Облыс әкімі Амандық Баталовтың "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбаты

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377