Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 7244 0 пікір 5 Мамыр, 2016 сағат 17:33

ӨНЕР АДАМДАРЫН АРАНДАТУШЫ РЕТІНДЕ КӨРСЕТКІСІ КЕЛЕТІНДЕР КІМДЕР?

Өткенде бір топ өнер адамдары жиналып, «31 арна» жаңалықтарынан жер мәселесіне қатысты өз пікірлерін, көзқарас, ұстанымдарын айтқан еді. Сол видеоны әлдебіреулер басқа мақсатта пайдаланып, актерлар мен әншілердің сөздерін кесіп, өз ыңғайларына келтіріп интернет арқылы таратқан. Осы жағдайға байланысты үн қатқан актер Бекжан Тұрыстың айтқанын сөзбе-сөз жария етіп отырмыз.

Abai.kz

Бекжан Тұрыс, актер:

- 26 сәуір күні «31-арна» жаңалықтарынан бір топ өнер адамдарының (Сәкен Майғазиев, Бақыт Тушаев, Ринат Зайытов және мен) жиналып, Қазақстанның азаматы ретінде бүгінгі күні ушығып тұрған Жер тақырыбына қатысты өзіміздің азаматтық ойымызды, өз көзқарасымызды білдірген 2 минут 51 секундтық (https://www.youtube.com/watch?v=1BpwxiUYOlQ) көрсетілді. Ал ютуб арқылы таралған бейнежазбаның толығырақ нұсқасының ұзақтығы – 6 минут 52 секунд. Тақырыбы: «Жерді жалға беру – Қазақстанның өнер адамдарының пікірі» / «Мнение казахстанских артистов» (https://www.youtube.com/watch?v=P93_JUEcAyE). 
Мұнда жиналғандардың бір ғана: «Жер сатылмасын, жалға да берілмесін!» деген ұсыныс-тілегі болды. Билік тарапынан осы мәселе қайтадан қаралса, басқа шешім қабылданса деген тілегімізді «31-арна» арқылы білдірдік. Ешқандай қол жинамағанымызды, арандатуға жол бергіміз келмейтінін айттық... Билікке сенім артып үміттеніп отырғанымыз да шет қалмады. 
Өнер адамдарының бұл ұсыныс-тілегі Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті ХХIV сессиясында сөз сөйлеген Елбасымыздың сөзімен үндес болатын. Сессияда Жер – ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған ең басты қазынамыз, ұлтымыздың ұлы байлығы, қазақтың даласы халықтың меншігі екенін Президентіміз қадап айтты. «Дегенменен осы мәселеге көңіл бөлгені үшін мен ағайынға, бір жағынан, қуанамын. Лайым әрқашан Жерге деген қасиетті көңіл осындай болатын болса, біздің халық қасық қаны қалғанша осы Жерді қорғайды деп білемін», – деді Елбасымыздың өзі де (26.04.16).
...Қазір кез келген адамның интернетті пайдалануға мүмкіндігі бар. Әлеуметтік желілер арқылы кез келген Қазақстан азаматы кез келген мәселеде өздерінің ойларын, көзқарастарын білдіріп те жатыр. Дүйім жұртты дүрліктірген Жер мәселесіне байланысты әлеуметтік желілер арқылы «Алаш жолы» қозғалысының құрылғанынан да ғаламтор пайдаланушылары хабардар. Осы қозғалыс арқылы мамыр айының 21-і күні бейбіт шеру ұйымдастырылғалы жатқанын да көзі ашық оқырман біліп отыр.
Ал бүгін... Біздің сол сөздеріміздің өздеріне «тиімді» тұстарын ғана кесіп алып, ой-пікірімізді мүлде басқа бағытқа, яғни бізді қарапайым халыққа қарсы, билікке жексұрын етіп көрсеткен әлдебір топтың арнайы даярлаған бейнежазбасы (сюжет) әлеуметтік желілерге таралғанын білдік. Мұндағы мақсат не? Халық пен биліктің арасында алтын көпір болып, елдің мұңын Үкімет басында отырған ел ағаларына жеткізгіміз келген ниетімізді теріс бағытқа бұрып, өнер адамдарын арандатушы топ ретінде танытпақ болған бұлардың пиғылдарын қалай түсінеміз? Мұны көргенде қарапайым халық, біздің сүйікті көрермендеріміз кімге сенеді? Біздің – Серікзат Дүйсенғазы, Қалқаман Сарин және менің ватсап арқылы айтқан сөздеріміз (оны да өздеріне тиімді етіп кесіп пайдаланған, толық емес) бұлардың қолына қалай түсті? Бәрінен бұрын әлгі бейнежазбадағы жанымызға батқаны – 21-і күні бейбіт шеруден тыс қалмайтынымызды меңзеп, соған елдің назарын аудартып, сол күні әлдебір келеңсіздік орын алса тікелей біздің кінәлі болып табылатынымызды, бұқараның бізді айыптайтынын жеткізгендері. Қалай болғанда да, теріс пиғылды біреулердің кесірінен жаманшылық орын алса, оған тікелей бізді жазғыратынын ашық айтқандары... Бұл бейнежазба арқылы өнер адамдарын арандатушы ретінде көрсетіп отырғандардың өздері – нағыз арандатушылар! Өнер адамдарын өз көрерменіне, өз халқына жексұрын етіп көрсетіп отырғандар да, халықтың бірлігінің, елдің ынтымағының арасына іріткі салушылар да – осылардың өздері!
«Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит ұстап жүр ырылдатып» деп Абай атам айтпақшы, бұл қоғам алдында иілгісі келмейтін мінезі бар шын таланттарға жасалған әлдбір ағымдардың арандатушылығы деп білемін. Бізге Тәуелсіздігіміздің тұғырынан құламағаны, халқымыздың аман болғаны, қаламыздың қирамағаны керек. Біз бейбіт елдің, қарапайым халықтың, жігерлі жастарымыздың, бақытты балаларымыздың арандатушылардың арбауына қалып, нақақтан зардап шегуіне жол бергіміз келмейді. 
Сондықтан жұртшылыққа жетпей, сюжеттен кесіліп қалған сөзімді қайталап айтамын, бүгінгі елдік – ТЫНЫШТЫҚ, бүгінгі ерлік – САБЫР, бүгінгі отаншылдық – ТӨЗІМ! Ел бізді – өнер адамдарын бүлікке шақырушы емес, бірлікті сақтаушы ретінде таниды, ендеше, тыныштығымызды ойлап, арандатушылардан сақ болайық, ағайын!

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377