Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 8204 0 пікір 4 Мамыр, 2016 сағат 11:39

САЛАУАТ КӘРІМ. ПОВЕСТКА

әңгіме

Күн сәулесімен шағылысқан құлазыған жазық айна далада, қос ат жеккен шанамен зулап, қалың қатқан қардың үстімен аттарды күртікке сүріндірмей, жолды төте тартып, жүйткітіп келе жатқан ветеринар Сәлім кешкісін соғысқа шықырту алды, ал бүгін таң жарығында жолға шықты.

Көк шөп төселген шана артында қара тұлыптарға оранып жатқан жары Зағипа, бес жас пен үшке толмаған екі қызы, емшектегі ұлы Нығмет. Ойы түске дейін «Қызыл жол» колхозына, сол жерден демін  алып, кешкісін «Қызыл ақырап» кохозына аман - есен жету, бас аяғы ұзындығы жетпіс шақырым жол.

Сәлім арқасынан түрткен Зағипаға бұрылды, қара тон астында ұлын кеудесіне алып жатқан ол басын  шығарып тоқтауын сұрады:

-  Баланы емізіп алайыншы.

-  Еміз, еміз.

- Жол алыс, боран тұрмаса болды.

- Көке, неге тоқтадық,  – деп ұйқылы ояу, бес жасар үлкен қызы Ұлмекені  дауыс берді, Қоңыршасы тәтті ұйқыда жатыр.

Тәңертеңнен  бір мазаламаған  жеті айлық ұлын жол үстінде емізіп алған Зағипа күйеуінің қозғала беруін меңзеді.  

- «Қызыл ақырап» жолына шығамыз, Алла қосса, жетерміз, - деп жүген делбелерді ысқыра тартқан Сәлім сипалай қамшылап, аттардың шабысын тездете түсті.

Екі айдан кейін Сталинградтың батыс солтүстігі үшін болған ауыр ұрыстардың бірінде Сәлім өзінің оққа ұшатынын, ал Зағипа жиырма үш  жасында жесір қалып, жаңа ғана емізген жалғызына бүкіл ғұмырын  арнайтынын білген жоқ, ал қазір қос ат жегілген шана оларды даламен сырғытып, Сәлімнің туған ауылы, бұрын көкесінің қыстағы болған «Қызыл ақырап» колхозына алып бара жатты.  

***

Соғыс та жұттың бір түрі, айырмашылығы сол адамның өз қолымен жасалатын қасырет. Соғысың  не, жұтың  не  бірдей, айырмашылық жоқ, айналаның бәрі жұтылады, адамға ес жиғызбайды, жұт жеті ағайынды демей ме, бәрі майдан үшін, бәрі соғыс үшін, адам да, мал да, астық та, азық та, киім де майдан үшін. Ауылда қалған кемпір -шал мен әйел, ерлерінен айырылып, қара жамылып үлгерген жесірлер, қырманда, шөпте, мал артында жүрген қыз- келіншек, оларға ілескен белі қатайып үлгермеген жасөспірімдер. Олар Сталинге сенеді, соғыстың  аяқталарына сенеді.

Сәлім соғыс басталғаннан бері колхоздардан шықпады, аудандағы жиырма сегіз колхоз малының  саулығына жауап беретін, екі ветеринардың бірі.

Соғыста жұмыс, күні түні бітпейтін, майдан үшін қайыры жоқ жұмыс. Былтыр қыс бойы ет тапсыруға жауап берді, колхоз малының жем- шөбі мен қыстан аман шығуы, төлдеуі, сойылған малдың есебі, келесі жыл өсімі, бәрі  ақпарланады, бәрі жоспарлы, талап солай. Сталиннің  бұйрығы қатал, әркім өз орнында болуы керек.

1942 жылдың күзгі мал санағы төл басының төмендегенін көрсетті,  мал басы қыстан көтерем шықты, шығын малда аз болмады, колхоз төрағалары шығын малдың есебін айтып ақталғанымен ештеңе шықпады, оның үстіне «қыстан аман шықпайтын көтерем, ауру малды колхоз төрағалары кемпір- шалы бар, балалы –шағалы үйлерге сойып үлестірді» деген шағым бойынша НКВД-інің тергеушілері  колхоздарды тексеріп әуре салды, деректер анықталмады, қылмыстық іс қозғалмады, есесіне аудандық партия комитеті бір топ колхоз басшыларына қатал сөгіс берді, сөгіс алғандардың ішінде Сәлім де бар, кінәсі қырағылық көрсетпегені, нақақтан нақақ басы шаталып кете жаздады, аман қалды, арты жаман болуы  мүмкін еді, бірін бірі білетін ел болғасын ба, жоғары жаққа жеткізбеді, есі түзу, дұрыс біреу тоқтатса керек, бұл соғыс уақытында жаудан қашқанмен, шегінгенмен, алғы шепті тастағанмен бірдей, көп жылға қамалып, не атылып кететін жәй. Бүкіл Совет одағында бекіген Сталиндік қатал тәртіп, ештеңе  өзгерген жоқ, ыңғайы келсе  адамды жазғыру, кінәләу, көзін құрту.  Өзін ұстай алмаған Сәлім аудандық партия комитетінің хатшысына: «Мені майданға жіберіңіз!» деп қолын бір сілтеп шықты.

 Содан келген бойда көктемнің басында басталып, қазылмай қалған  құдығын  бас көтермей қазды. Ойы құдықта емес, Зағипа мен балаларды ауылға жеткізу.  

- Көтеріл,салқын көжеден жұтшы, –деген  жоғарыдан шыққан дауыс бөліп жіберді. Қазып жатқан құдық жиегінде төмен қарап, тостақан толы  көжесін ұстап тұрған Зағипаға қазыққа екі оралып, құдыққа түсірілген  арқан қауғаларға тартылып атып шықты.

- Бәрі тек  майданға, мұндағы халық қарық болып жүргендей, айнала аш жалаңаш адамдар, төзімім таусылды, елден ұят.  Енді басым байлаулы емес, әскери комиссариатқа өтініш қалдырдым, күт деді.

- Артының бір қайыры болар,- деген Зағипа  көптен көрмеген ерінің иығына басын қойып, еркелеп жұбатты.

- Повестка келген күні ауылға апарып тастаймын, сол жерден пана іздерсіңдер.       

 Сәлім су шыққанша құдық қазды, еңбегіне  қарай құдық тұщы, ауыз суға толы шықты, аудан басы ауыз суға кенелді. Сәлім жұмысына қайтып, соғысқа шақырту күтті, қарашаның аяғында повестка келді.

 

***

Басында бай мен кедейге бөліп, жер дүниені қақ жарған Совет елінің принципі –  барлық адамдар тең, бәрі бірдей, бірақ Сәлімге одан келіп кетер  шамалы. Сәлім ес білген шақтан тегін жасырып келді, жеті класс бітіргенше жасырды, Самардағы веттехникумда оқып жүргенде, ауданға жұмысқа түскенде жасырды, танымайтын, білмейтін жерде үндемей қалады, өзі туралы жақ ашпайды. Әкесінің көзін көргендер Сәлімнің әкесін де, оның бәйбішесі мен тоқалдарын да, одан туған балаларды да, оның арғы тегіне дейін жақсы біледі, елдің аты - ел, жасыра алмайсың, көзін көргендер Сұлтанның әруағынан қорықты ма, әлде сыйлады ма,  Сәлімге қырын қарамады, ауылда осы күнге дейін «бай сілімтігі ауданда неғып жүр» дейтіндер де аз емес, Сәлім сөйте тұра Мүслима апасының қолына Зағипа мен балаларды тапсыруға асықты. 1921 жылы шегіне қашқан ақ әскерді қуған қызылдар далада ешкімді аямады, Сәлімнің әкесі Сұлтан мен анасы Бірғаным қызылдардың қолынан сол жылы қаза тапты, ақ казактарға жылқы сатқаны үшін атылды. Әкесінің кіші тоқалы Мүслима апасы емшектегі Сәлімді бауырына басып, тірі алып  қалды. Мүслима Бірғаным бәйбішенің орнын жоқтатпады.            

Мүслима түн ішінде терезені тарсылдата соққан Сәлім мен Зағипаны жылап қарсы алды.

Жолдан тынығып алған Сәлім Мүслима апасының қасында түске дейін болды:

- Тірі қалсам оралармын, – деп киіне бастады, түннен бері көз ілмеген Мүслима апасымен қоштасқан Сәлім келген ізімен қайту үшін жолға шықты. Сәлімнің қарасы ауылдан жоғалғанға дейін Мүслима мен Зағипа көз алмай шығарып салды.

 

***

Аудандық әскери комиссар берген үш күнде шаруасын бітіріп үлгерген Сәлім ветстанцияға аттар мен шананы,  тұлыптарды өткізіп, аудан басында әскерге шақырылғандарды тиеген «полуторка» көліктерінің  соңғысына жанталаса  секіріп үлгерді. Майдан шебі  жақындап, ірі әскери – оперативтік байланыс торабына  айналған  Орал қаласына сол күні кешкісін  жетті, қала ортасында қоныстанған байланыс батальонының  қоймасынан екі жүз адам гимнастеркалар мен шинелдерге оранды, ертеңіне эшелондарға тиелген сарбаздар құрамаларға аттанды. Сәлім үшін соғыс басталып кетті.

Эшелондар батысқа бағыт алды, Сталинград түбіндегі басты шабуылдар алдында толықтырылып, күшейтіліп жатқан дивизиялар, бригадалар мен корпустардың  жаңа құрамдарына жеткізілді.

Полк құрамасы  жасақталғанша  екі -үш күн өтті, жинақ  базасы толған әскер, шегі жоқ, саны жоқ, ығы - жығы адам,  әрлі берлі сапырылысқан саптар, қызыл сарбаздар, жауынгерлер, колонналар, ақ жабылған сансыз зеңбірек, техника, танкілер, қару - жарақ,  қайда барсаң айқай -шу, сағат сайын түгендеу «перекличкалар», айқайлаған: я, я, я...я-лар,  осылай күнде. Сәлім взводқа бөлінді,  ерекше  атқыштар взводына іріктелді, қазақтан қалған үшеуі. Түгендеу, күнде түгендеу: Жирков Виталий, Козыбаев Жангали, Сундетов Сапаргали, Султанов Салим....

Қару тапсырылды, күні бойы автоматын екшелеп, текшеледі, атуға үйренді, жаттықты, ату алаңына барғанда дискілі оқ қорабының жартысын жұмсады, қалғанын ұрысқа қалдырыңдар деген взвод командирінің даусы қатал шықты.          

Сәлім бұрын «трехлинейкадан» талай атқан, ал пулемет түріндегі автомат ППШ-ның қарқыны басқа, нысанды көздеуге жеңіл, ұстауға да ыңғайлы, ол қаруын кеудесіне қос қолымен қыса  түсті. 

 

***

Қазан айында Сталинград түбінде басталған қарсы операциялар  ауыр ұрыстарға жалғасып, күніне мыңдаған, он мыңдаған  адам өлімінің шығындарымен, майданның әрбір қадамы, әр шақырымы үздіксіз ауыр зеңбірек дүрсілдерімен, әуе күштерінің  соққыларымен жауды қыспаққа, қоршауға алды, жаяу әскер кескілескен майдан аумағында қарсыластың  тірі күштерімен  жұлысып жатты.

 Жаңа құрылған полк та майдан шебінің алдыңғы траншеяларына жетті, ұрыс алдында полк командирі: «Товарищи, бойцы Красной Армии, вы  пришли не умирать, а воевать и защищать город Сталина, фашистам пощады не будет!» деген сөзінен кейін жауынгерлер қатарларын жазбай шексіз шақырымға созылған терең траншеяларға жайғасты. Қаңтардың ызғарлы, аяз, дүлей боранды күндері штабтар мен байланыс қызметтері, медсанчасть,  взвод жауынгерлері үшін кең қазылып, жабдықталған салқын жерасты блиндаждарда шабуыл командаларын күтіп жатты.

Алғашқы бұйрықта та келіп берілді, мақсат та қойылды, бүкіл майдан шебі бойында күндіз басталатын шабуылды түнге қалдырмай аяқтап, сегіз шақырымды қамтитын  аумақты, жау бекінген деревня мен қала шетін басып алып, бекіну жүктелді. Ұрыс алдында «сталиндік»  жауынгерлік жүз грамм таза спирт таратылды. Сәлім ішпеді, веттехникумда ұрттап, одан шашалып, мұрнынан шыққан, өліп қала жаздағаны бар, содан бері аузына алған емес, көршісіне бере салды, ол өзінікімен бірге ұрттап салды.

-   Поднятся, в атаку! Ура, Ура, Ура ..., дауыстар оңнан да, солдан да  жамырады.

-   Батальон, готовиться к атаке, вперед!, –деген бұның командирінің айқайынан жауынгерлер бірінен соң бірі окоптарынан қарғып, көтеріліп  алға ұмытыла бастады.

Сәлім де көтерілді, арқасындағы автоматын  бұрып үлгергенше,  жау минометтерінің  зуылдаған ысқырықтарынан аяқ астында жер дүмпілін  сезді. Ол ентігіп алға ұмтылды,  ұрыс алдындағы  үрейін жеңіп, соған қуана қуаттанып, жанындағы басқа да жауынгерлермен ілесе жүгіріп, бар дауысымен «уралап» айқайлап, сүріне құлап, қайта тұрып, қорқынышын ұмытып, автоматынан оқ жаудырып, алға жүгірді.

 

***

Сәлім соғыстың ащы дәмін татып үлгерді, әрбір  ұрыстан кейін  қасында жүргендерден айырылып жатты, өмір мен өлім арасы қас -қағым сәт екенін күнде көзімен көріп, жүрегімен сезді. Ол ұрыс алдындағы қорқынышын жеңе білді, не жауынгерлік шабуыл, не тапсырма болмасын ішкі сезімдерін өзіне бағындырып, бойында тыныштық сақтап, қалай қимылдау, неге бағытталу, өзін қалай ұстау керектігіне үйренді. Соңғы шабуыл кезінде жау бекінісіне ебін тауып, жауынгерлердің алды болып жетті, оқ жаудырып қарсыластың солдаттарын жерге құлатты. Батальон командирінің назарынан тыс қалмады, полк командирі сап алдында Сәлім Сұлтановқа  Бас Қолбасшының алғысын жариялады, рота замполиті бірден әскери кітапшасына тіркеді, өзіне деген оның сенімі артты.

Соғыста өмірдің еш қадыры жоқ, соғыс дегенің  өмір үшін арпалыс, оның да өлуі мүмкін екені есіне түскен сайын  Зағипа мен балалары еске түсіп, бойын  сағыныш билеп, өмірге деген үміті қайта оралып, өзіне –өзі  келетін болды.

Шешуші ұрыс алдындағы тыныштық бірнеше күнге созылды, жауынгерлердің аяқтарындағы салқын етіктер жылы байпақтарға, шинелдер фуфайкаларға ауыстырылды, күндіз ақ жамылғыларын шешпеуге бұйрық берілді, қара нан ақ нанға ауыстырылды,  бұрынғыдай бөлімшеге емес, енді екі адамға жарты бөлке берілді.

Батальон бекінісі орналасқан жерден Еділдің жағасын, қара түнекке оранып, жермен жексен болған, қол созымдағы Сталинград қаласын көруге болатын.

Полк  артында тұрған ауыр зеңбірек техника, одан кейін тізілген ауыр танктер мен «тридцать четверка» моторларының гүрілдері алыстан естілді, жоғары командалық  деңгейдегі  генералдар тобы бірінен соң бірі жасырын басқару пунктіне жиналып, нұсқаулар мен бұйрықтар алып жатты. Жазғы Дон майданы кампаниясының ауыр ұрыстарынан қалжырап, шегінген Рокоссовский армиясының әккі жауынгерлері бұл тегін тыныштық емес, алдамшы «қырғынның көкесі» алда  деп жорыды.

Командирі хат жазуға рұқсат етті. Сәлім жер асты блиндажға түсті, рота замполитінен  қағаз алды. Ол ақ қағазбен қоса патрон гильзасына кигізілген ұшталған қарындаш берді, Сәлім сиямен жазатынын айтып, қалам ұштық сұрады. Сәліммен жасы шамалас замполит командир сумкасынан шүберекке оралған екі ұштықтың біреуін ұсынды.

Бұрын көңілін адамға білдіре қоймайтын Сәлім елжіреген сағыныш сезімдерін ақ қағазға қалай ағылып, төгілгенін өзі де байқамады: «Амандық хат. Ардақты, аяулы Мүслима апа, асылым Зағипа, құлындарым Ұлмекен, Қоңырша, Нығметжан  хабар беріп, амандығымды жеткізейін деп қолыма қалам алдым. Хабарсыз кетсем, сөкпеңдер, сендерді де, өзімді де мазалағым келмеді. Көңіл – күйім, қалым  өте жақсы, мен тұрған жерде үскірік аяз, үстімізге  жылы фуфайка, аяғымызға байпақ берді, салқын ала қоймас, соғысқа үйренген сияқтымын» деп бастаған ол ақ беттің екі жағын толтырды, оралған соң балаларын өсіріп, мал дәрігерлігін жалғастыратынын,  үй салатын арманын жеткізді, соңында «Нығметжанымның иісін сағындым, Зағипа ұлымды өзіңе тапсырдым, жолыққанша аман болыңдар!  Сағыныш сәлеммен, Сәлім» деп алғашқы және соңғы хатын бес бүктеп, үш бұрыш жасады да, адресін жазып, замполитке ұсынды.

***

Ақпанның ортасында таң алды тоқтаусыз ауыр зеңбірек соққыларынан кейін совет әскерлерінің Сталинград түбіндегі шешуші шабуылы басталды. Қоршауда  қалған, жанталасқан жау әскері  өзінің негізгі күштеріне қосылмақшы болған «пантера» танкілері мен жаяу әскерлеріне қарсы тұрған батальон ерлікпен тойтарыс берді, неміс техникасы өртеніп, жаудың жаяу автоматшылары сұлап жатты, жаудың  басы қосылмады, қоршаудан шыға алмады.   

Сәлім  жараланғанын сезбеді, снаряд  ұшқыны  иығының  бұлшық етін тесіп, денесін қызыл қанға бояды, саулаған қанды тоқтату үшін байлаған орам бинттің оң қолының қозғалуына ыңғайсыздық туғызғасын жұлып тастады. Екі күн мен екі түнге созылған ұрыстан  кейін батальон  құрамында тірі қалғандардың  ішінде  Сәлім де бар.

Батальон командирінің жауынгерлердің позицияларға мұқият болсын, әркім өзін оқ-дәрімен толықтырсын деген бұйрығын естіген Сәлім жарақатын ұмытып, қолына  қаруын қайта алды, белін буды. Батальоннан қалған санаулы жауынгерлерге позицияларды жалғауға бұйрық берілді, «зиг-заг» әдісімен жүгіре қозғалған олар аңдаусызда жаудың жаудырған оғына тап болды. Қасындағы бірнеше жауынгердің мерт болғанын көрген Сәлім неміс пулеметінің  назарын өзіне аударып, түрегеле жүгіріп оқ жаудырды,  иығының жарасына қарамастан тоқтап гранатын жұлқи лақтырды. Қар үстіне құлады, оқ жаудырған неміс пулеметінің үні де өшті, осыны пайдаланған жауынгерлердің  қалғаны   бекініс шептеріне аунап жеткендерін  көрді, көз қиығымен шығарып салды, күші таусылып, демін алып, біраз еңбектеді.     

Бар күшін жинап, көтеріліп жүгірмекші болған тұста кеуде түсына түйілген қатты соққылардан қас- қағым сәтте денесі ыстыққа өртеніп, жерге екпетінен құлап түсті, кеудесінен аққан қызыл қан қарды ерітіп, ақ қарға жайылып, көзі ашық, әлі де  тірі,  жауынгер  Сұлтанов Сәлім:  «Көке, көке, көке», - деп сыбырлап, ажал құшағында жанталасып жатты. 

***

Ылғал сіңіп, жер кепкен бойда «Қызыл ақырап» колхозшылары жер жыртуға, егістік алқаптарды ұлғайту жөніндегі ауданнан түскен директиваны орындауға кірісті, бұрын жыртылған егістік жерлерге  арпа, бидай себу қалдырылсын, ал бір мың гектар тың  жерге тары егу көзделсін деген нұсқау келді.

Халқы бұрыннан да ұйымшыл «Қызыл ақырап» кохозшылары алауыздыққа, енжарлыққа жол бермеді, соғыс оларды ұйыстыра түсті, күшейте түсті, қандай болмасын тапсырмаға ауыл жұдырықтай жұмылып, майданға өздерінің үлестерін қосып жатты. Ел ішінде оларды «Қызыл ақыраптықтар» деп атамайды, «Ақырап» колхозшылары дейді. Ауыл адамдары колхозға бірігуге аса бір ықылас білдірмесе керек, колхоздастыру қиыншылықпен жүрді, халық көнбеді, колхозға кіруге ынтасы болмады, жоғары жақ не ұсынбасын  кері қайтарып отырады екен. Шыдамы таусылған советтер малды күшпен тартып алады, оларды қорқытып колхозға кіруге көндірді. Аудан колхоздың атын «Октябрь» болсын деп шешеді, ауыл басындағылар бұған қарсы болады. Шын өтірігі белгісіз, көзі көргендер: ауылда мектеп әлі ашыла қоймаған кезде, бұрынғыдай балаларды ауыл молдасына арабша оқытуға береді екен. Ауыл молдасы: «Октябрь» мұсылманша, арапша - «ақырап» қой дейді, балалар «ақырап» сөзін іліп алып кетеді, әке- шешелеріне жеткізеді, содан кейін ауыздан  ауызға таралып, ақыры «ақырап» аталып кетіпті. Аудандағылар «Ақырап» колхозының  халқынан  жалыққаны соншалықты  бұл атауға көнеді, тек  соғыс алдында ғана «ақырап» сөзінің  алдына  «қызыл» дегенді қосты  дейді.                            

Мүслима мен Зағипа өздеріне  бөлінген жер учаскесін өгіз жегілген ағаш соқамен күн батқанға дейін жыртады. Мүслима апасы өгіздің басында, Зағипа соқаға ие. Емшектен шыққан Нығмет кішкентай апаларының қолында қалады. 

Жарты ай ішінде жыртып, содан соң тырмалап өтті, міне енді екі күн болды тары сеуіп жүр. Ақ орамал киген екеу дорбалары толы тарыны шашып себеді. Қыраттан төмен түсіп, алыстан оларға қарай жаяу адамдар келе жатыр. Алыстағыларды көрген Мүслима:

- Зағипа, анау төраға ғой!

- Иә, апа.

- Анау Әсимажан, ұлы  Мырзағали да  қасында, бізге көмекке келе жатыр ау.

- Өздері сеуіп бітірген ғой .

Жаяушылар жақындай түсті, оларды егіс жиегіне де шақырмады, жақындап келеді, аман саулық та сұрамады. Жаяушыларды тоқтап, күтіп тұрған  Мүслимаға қарт төраға жақындап келді, бірдеңе айтты, хатты ұсынды, «Сәлім, Сәлімжаным» деп қара жерді тізелеп, зар жылаған Мүслима апасының дауысына жалт бұрылған Зағипа көздері жасқа толы абысыны Әсиманы, оның ұлы Мырзағалиді көріп, суық хабар әкелгендерін түсінді. Апасының қолынан хатты жұлып алған Зағипа егіс жиегіне  жүгірді, сол жерде ешкімге көрсетпей зарын төкті, біраздан соң қайғы запыранға толы екеу, көз жастарын орамалымен сүртіп ай далада дән сеуіп жүре берді, жүре берді....

Бүкіл жер дүниені, адам жұртын жайлаған қасырет адам өмірін қиып, үміт- армандарын жерге көміп жатты, соғыстың аяғына дейін әлі 2 жыл 8 күн бар еді.

Cалауат Кәрім

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052