МиГ-31 АҚШ-тың барлаушы ұшағын нысанаға алды
Ресейлік МиГ-31 жойғыш ұшағы Камчатка маңында АҚШ әскери-теңіз күштеріне тиесілі Пи-8 "Посейдон" барлаушы ұшағын ұстап, 15 метр қашықтықта бірге ұшып жүрген. Бұл туралы Пентагонның өкіліне сүйенген The Washington Free Beacon басылымы жазады.
АҚШ-тың Тынық мұхитындағы қолбасшылығының ресми өкілі коммодор Дэйв Бенхэм басылымға Пи-8 ұшағының халықаралық әуе кеңістігінде жоспарлы тапсырмасын орындағаны туралы хабарлады. Ол ұшақты "ұстаудың" "кәсіби және қауіпсіз" өткенін жеткізді. Ұшақтарын кәсіби біліксіз түрде нысанаға алды деп санаған жағдайда АҚШ әскери және дипломатиялық арналар арқылы үнемі қажетті шараларды қолданады.
Пентагон өкілі сонымен бірге МиГ-31 ұшағының кемеге қарсы патрульдік Пи-8 "Посейдон" ұшағынан небәрі 15 метр қашықтықта ұшқанын айтты. Оқиға Ресейдің әскери теңіз флотының атом сүңгуір қайықтарының базасы орналасқан Петропавловск-Камчатскіге жақын маңда болған. Осы айда ресейлік ұшақтар үшінші мәрте американдық ұшақтар мен кемелерді ұстап, нысанаға алып отыр.
Абай-ақпарат