Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6403 0 пікір 21 Маусым, 2010 сағат 16:36

ЖАСАНДЫ ТҮСІК ТҮБІМІЗГЕ ЖЕТПЕЙ МЕ?

«Жасанды түсік жасауға заң жүзінде тыйым салу керек!». Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев осындай бастама көтеріп отыр. Шарана тірлігіне жаны алаң депутат Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған болатын. Біз осы мәселе төңірегінде Ирак Елекеевті сөзге тартып, жасанды түсіктің зияны мен залалы туралы мамандармен тілдескен едік. Сонымен...

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты:

«ҰЛТҚА ҚАУІП ТӨНБЕУ ҮШІН ЖАСАНДЫ ТҮСІККЕ ТЫЙЫМ САЛУ КЕРЕК»

«Жасанды түсік жасауға заң жүзінде тыйым салу керек!». Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев осындай бастама көтеріп отыр. Шарана тірлігіне жаны алаң депутат Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған болатын. Біз осы мәселе төңірегінде Ирак Елекеевті сөзге тартып, жасанды түсіктің зияны мен залалы туралы мамандармен тілдескен едік. Сонымен...

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты:

«ҰЛТҚА ҚАУІП ТӨНБЕУ ҮШІН ЖАСАНДЫ ТҮСІККЕ ТЫЙЫМ САЛУ КЕРЕК»

- Жыл сайын елімізде 300 мыңға жуық жасанды түсік жасалады екен. Бұл - жүз пайыз туу көрсеткішінің 80 пайызы деген сөз. Жан ауыртарлық жағдай емес пе бұл? Ащы да  болса, шындық: ұлт болашағы азғынданып барады. Себебі, баланы алдырту көп жағдайда жасөспірімдерге тән. Мектеп оқушысы - бала. Дегенмен, әсіресе, жоғары сынып оқушыларының бәрінің бірдей бойынан балалық байқалмайды: ерте есейіп кеткен. Мамандардың айтуынша, жасанды түсік жасатушылардың жас шамасы 14 жастан басталады, тіпті 12 жастағы оқушылардың да кездесетіндігін айтады. Ең басты өкініш, міне - осы. Сондықтан, жасанды түсік жасатуға қазірден бастап заң бойынша тыйым салмасақ, ұлтқа қауіп төнеді. Ар тазалығы деген бар. Біздің келешегіміз осы құндылықтан ада болып жатқан жоқ па? Ал арын былғаған қызға қандай үміт артуға болады? Олар ертеңгі ұлт болашағын қалай тәрбиелейді? «Ыстық сүтке аузы күйген салқын суды да үрлеп ішеді» деген бар. Алайда мұндай сақтықтықты адами құндылықтардан айырылған пенденің ойлай қоюы екіталай.

- Демек, жасанды түсік жасатуға тыйым салудың қоғамдағы келеңсіздік - жезөкшелікке жол бермеуге де белгілі бір деңгейде ықпалы бар ғой?

- Әрине, солай. Жасанды түсікке заң жүзінде тыйым салсақ, зинақорлықты да, жезөкшелікті де ауыздықтауға болады. Қыздар еріккеннің ермегі, қолжаулығы болмас еді. Әрі кейбір ер азаматтардың да санасы сілкініп, үйленгенде арлы қызды таңдар еді. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде жігіттердің талғамы төмендеп кетті. «Өмірлік серігім» деп таңдаған жары ана болу бақытынан айырылған болып шығады. Ал мұндай сор, яғни бедеулік көп жағдайда бірінші балаға түсік жасатудан болады. Бұдан шығатын қорытынды: жасанды түсік - отбасын ойран етеді.

- Мүмкін, заң бойынша тыйым салмас бұрын темірқазық - тәрбиені санаға сіңіру керек шығар. Көргенді ұрпақ арсыздыққа бармайды емес пе?

- Бұл сөзіңіздің жаны бар. Бірақ тәрбиелейміз, санаға сіңіреміз десек, уақыт өлтіріп аламыз. Оның үстіне, әр шаңырақ демесек те, қазақтың көп шаңырағы қызының қылықты болып өскендігін қалайды. Мектепте де саналы жас қабылдайтындай тәрбие беріліп жатыр. Бүгінгі жас жеткіншек - ертең бір отбасының діңгегі. Сол діңгек әлсіз болса, ол қандай мәуелі ағаш болады? Сондықтан, кеш болмауы үшін заң бойынша тыйым салу керек. Заң -  етек-жеңді жинауға негіз болады.

- Заңмен тыйым салынса, шетелге барып түсік жасатушылар көбейеді. Және елімізде заңсыз түсік жасау бизнесі қызады деген пікір айтушылар бар.

- Шетелге барып түсік жасатушылар көбеймейді. Себебі, әлгінде айттым, мұндай әрекетке көбіне жас қыздар барады. Мектеп жасындағы, болмаса, кеше ғана мектеп бітіріп, ауылдан арман қуып келген қыздар ұрынады. Ал олардың шетел асуға ақшалары жоқ. Заңсыз операция жасаушылар көбейеді деушілерге айтарым, дәрігердің бәрі имансыз емес. Заң бойынша қандай жаза қолданатынын біле тұра олар бастарын қауіпке тікпейді. Себебі, «Ел құлағы - елу», «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады» деген бар. Тәуекелге барып, пайда тапқысы келетіндердің былығы түбінде әшкере болады.

Айта кету керек, мен жасанды түсік жасаушылардың бәріне бірдей қарсы болып отырған жоқпын. Әйелдің денсаулығын ескеру керек. Яғни, тек бір ғана жағдайда өміріне қауіп төндіретін болса, жасанды түсік жасатуға рұқсат беру керек.

- Ал балабақшада кезектің көптігін сылтау етіп, тастандылардың көбейетіндігін алға тартушыларға қандай уәж айтасыз?

- Мен депутаттық сауалымда біраз жайтты айтқан едім. Бәрі сайып келгенде, қоғамдағы әлсіз топ - балалар туралы болатын. Мысалы, таңнан кешке дейін кабинеттерде қамалып жұмыс істеп жатқан үйленбеген жігіт пен тұрмысқа шықпаған қыздарға алаңдаушылық білдірдім. Олар сонда кім үшін, не үшін еңбектеніп жатыр? Расында, «қара басы үшін ит те тірлік етеді» емес пе? Бізде бала - біздің болашағымыз деген ортақ түсінік жоқ.

Жас сәбилі аналардың құқығы қорғалмаған. Егер баласына қандай да бір жағдай болған әйел жұмыстан сұранса, жұмыс беруші оған қырын қарайды.  Ал бала ертеңгісін тұмау тиіп ауырып тұрса қайтеді: балабақша алмайды, тастап кететін ата-әжесі, әпкесі жоқ. Мұндайда басшылық қызметкерге баланы күтіп үйде отыруды, болмаса, жұмыс істеу керектігін ескертеді.

Ал журналистер соның ішінде жасанды түсік жасауға заң бойынша тыйым салу керектігі туралы ұсынысымды іліп әкетіпті.

Рас, балабақшаға бару үшін кезек күтіп жүрген бүлдіршіндер жетерлік. Тастанды сәбилердің де саны азаймай отыр. Бірақ мұны желеу еткендердің пікірлері - негізсіз. Сонда тірі жанды жатырда тұншықтыра беруіміз керек пе? Ислам дінінде құрсақтағы шарана Алланың үмбеті саналады. Оны алып тастау - күнә.

Елбасы биылғы Жолдауында құзырлы органдарға «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Осы мемлекеттік бағдарламаның арқасында 2020 жылы елімізде балабақшамен қамтылмаған балдырған болмайды. Экономикасы мықты дамыған кейбір облыстарда балабақша мәселесі белгіленген межеден бұрын шешіледі.

Елбасы Жолдауында ана мен бала өлімін мейлінше азайтуға күш салу керектігін тапсырды. Ана мен баланың денсаулығын қорғау жөнінде арнайы бағдарлама да бар. 500 грамдық шарананың өмірін арашалап қалу үшін дәрігерлер жұмылып еңбек етіп жатыр. Жыл сайын бала  күтімі үшін берілетін жәрдемақы көлемі де артып келеді. Яғни, ана мен балаға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп отыр.

Қазақта: «Қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» деген нақыл бар. Сондықтан, әлеуметтік жағдайға байланысты баланы алдырту - бекершілік. Қандай қиын жағдай болса да, ана бауыр еті - баласынан безінбеуі тиіс. Ал тастандылар көбейеді деп дабыл қағу - кертартпалық. Себебі, біз бұл жерде тірі жанның өмірін арашалау туралы  әңгіме қозғап отырмыз. Тастандылар тағдыры - бөлек  мәселе. Бұл проблеманы патронат отбасылардың санын көбейту арқылы шешуге болады. Ал мұндай отбасыларға қаржы аударуға, сөйтіп жетім балалар проблемасын шешуге еліміздің әлеуеті жетеді.

Әрине, түсік жасатуға заңмен тыйым салмасақ, демографияға да кеселі тиеді.

70-жылдары Қазақстан мен Өзбекстанда халық саны бірдей еді. Қазір оларда 25 млн. адам бар. Ал біз 16 миллионның айналасында жүрміз.

Жасанды түсікке заң бойынша тыйым салуды адамның жеке құқығына қол сұғу деп емес, ұлт қауіпсіздігін сақтау үшін істелген әрекет деп түсінуіміз керек.

Мақаш ТӘТІМОВ, демограф:

«ЖАСАНДЫ ТҮСІККЕ ТЫЙЫМ САЛМАСАҚ, КӨБЕЙМЕЙМІЗ!»

- Жасанды түсік жасатуға заң бойынша тыйым салатын мезгіл жетті. Бұдан әрі созуға болмайды. Себебі, ауру асқынып барады. Ал асқынған дертке дауа жоқ. Тыйым салуға байланысты қоғамдағы адамдардың әртүрлі пікірде болуының өзі осы - аурудың асқынып бара жатқанының көрінісі. Әйтпесе, кертартпаушылықтар болмауы керек-ті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұдан 5-6 жыл бұрын жасанды түсік жасатуға халық қарсы болса, өзі де қолдау білдіріп, осыған қатысты үкім шығаратындығын айтқан еді. Расында, жасанды түсікке тыйым салмасақ, қазақтың саны өспейді.

Мұсылмандары басым ел біз түгілі, Португалия мен Польша сынды католик елдер алғашқылардың бірі болып түсік жасатуға тыйым салды. Мұның бәрі сайып келгенде, аталған мемлекеттер азаматтарын қорғауды жан-жақты қарастырады.

Деректерге сүйенсек, біздің елде жасанды түсік жасаушылардың дені - жас қыздар. Балауса арманының орындалатынына сенім артып, ауылдан қалаға келген қыздардың көпшілігі сол ізгі мақсаттарын өздері күл-талқан етеді. Әйел бақыты - бауырындағы сәби. Өкінішке орай, қыз-келіншектердің бәріне бірдей бұл бақ бұйырмайды. Мұның себебін дәрігерлер түрліше түсіндіреді. Ал ең бастысы, осы бақытсыздықтары үшін көп әйелдің өздері кінәлі: көбіне бірінші шарананы алдыртып тастағандар балалы бола алмайды. Аяғы ауыр болып қалған қыз некесіз балалы болуды ар санайды. Қызының екіқабат екенін анасы білсе, ұят деп түсінеді. Екі жақ та дереу баладан құтылудың қамын жасайды. Мұндай әрекетке бастайтын - төмен түсінік, сананың жоқтығы, рухтың жұтаңдығы. Себебі, шын аршыл ұятты арсыздыққа бармастан бұрын ойлайды. Арды  аттағаннан кейінгі «қысылу» - жалған намыс. Сол себепті, некесіз туылатын бала болса да, бейкүнә, періштенің жарық дүниеге келуіне қысастық жасамау керек. Әкесі немесе шешесінің ағаттығы үшін, бәлкім ортаның ортақ кінәсі үшін ең әлсіз, ең қорғансыз жан жазаланбауы тиіс. Сондықтан, әсіресе, бірінші баланы алдыртуға жол бермеуіміз керек.

Жасанды түсік жасауға құлшынып тұратын хирургтер де жоқ емес. Ақша жасауды мақсат тұтқан олар құрсақтағы бала үшін, ананың денсаулығы үшін жаны ауырмайды. Меніңше, жалған диагноз қою арқылы пайда жасайтын дәрігерлерге қатаң жаза қолдану керек.

Қазір елімізде бала туу көрсеткіші жақсы. Бірақ бұл өсім 2015 жылы шарықтау шегіне жетеді, азаяды. Себебі, елімізде 90-шы жылдың аяғында дүниеге келген балалар аз. Сондықтан, көрсеткіш төмендеу болады. Қазір көп болатыны,  демографиялық тасқынның кезінде дүниеге келген балалардың есебінен болып тұр. Сондықтан, бүгінгі көрсеткішке тоқмейілсімей, жасанды түсік жасатуға заң бойынша қатты талап қою керек.

 

Бауыржан ЕСМАХАН, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы:

«ИСЛАМ ДІНІ ЖАСАНДЫ ТҮСІККЕ ТҮБЕГЕЙЛІ ҚАРСЫ»

 

- Қасиетті Құран Кәрімде («Шура» сүресі, 49-50): «Алла қалаған пендесіне қыз береді, қалаған пендесіне ұл береді. Қалаған пендесіне ұлды да, қызды да нәсіп етеді. Сондай-ақ қалаған пендесін бедеу қылады» деп айтылған. Яғни, бала сүю -  Алланың сыйы. Тағы да Қасиетті Құран Кәрімнен мысал келтірейін: «Расында біз адамды нағыз балшықтан жараттық. Содан кейін оны жатырда тұратын тамшы су қылдық. Сол тамшыдан ұйыған қан жасадық. Ұйыған қаннан кесек ет жасап, кесек еттен сүйек жасадық та, сүйектерге етті қаптадық. Сонан кейін оны басқа бір жаратылыс қылып, жан салдық. Алла шебер жаратушы», - деген аят бар. Ислам ғұламалары осы аятқа берген түсініктемесі бойынша, 120 күннен кейін жан беріледі. Бір ғана жағдайда баланы алу харам болмайды. Егер баланы босану әйелдің өміріне айтарлықтай қауіп төндірілетін болса, онда да 120 күнге дейін алынуы тиіс. Одан кейінгісі, яғни жан берілгеннен кейін - адам өлтірумен тең болады. Ал ислам дінінде адам өлтіру кешірілмес күнә. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Алладан қорқыңдар және перзенттеріңнің бәріне бірдей мейірбан болыңдар!» делінген. Және пайғамбарымыз: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмбетімнің алдында мақтаныш етемін» деп өсиет еткен.

Қорыта айтқанда, ислам діні жасанды түсік жасатуға түбегейлі қарсы.

 

 

Дәметкен ҚОЖАНОВА, Адам репродукциясы мен отбасын жоспарлау орталығының бас дәрігері:

«ЖАСАНДЫ ТҮСІК -  АНА ӨМІРІНЕ ҚАУІПТІ»

- Жасанды түсік - тірі жанды өлтіру деген сөз. Дегенмен, әйелдің өз еркімен түсікті жасауына біздің елде еш кедергі жоқ. Баласынан безінген әйелдер медициналық тәсілмен шарананы алдыртып құтылғанымен, айықпас дерт жамайды. Тіпті, өміріне қауіпті, - дейді Дәметкен Мұқанқызы.

Ол жасанды түсіктен кейін қабыну процесі басталатындығын айтады.  Қабыну аурулары әйелдің жыныс мүшелерінде түсік жасатқанға дейін анықталмаса, түсіктен кейін өршелене түседі екен.

- Осы жағдайдан соң алдын ала емдеу жүргізгеннің өзінде нәтижесі аз. Ең өкініштісі, қабынудың салдарынан әйел бала сүю бақытынан айырылуы әбден мүмкін. Сонымен қатар созылмалы ауруларға ұшырайды. Аурулардың емі нәтижесіз болса, біраздан кейін жатырда, аналық бездерде ісік пайда болады.

Түсіктен кейін әйелдің жүйке жүйесінде айтарлықтай өзгерістер болады. Әйелдің ағзасы жүктілікке дайын болған кезде процесті тоқтатып тастау күйзеліске ұшыратады.

Жасанды түсіру -  хирургиялық әдіс болғандықтан, жыныс мүшесінің зақымдануы мүмкін. Соның салдарынан, жатыр тесілуі, оның мойнының жыртылуы және тарылуы мүмкін, - дейді бас дәрігер. Дәметкен Мұқанқызының айтуынша, жасанды түсіктен кейінгі жүктілік қалыпты, қиындықсыз өткеннің өзінде босанатын уақытта асқынулар көбейіп кетеді.

- Әйелдердің емшек безі рагіне ұшырауының ең басты себебі - жасанды түсік.

Жасанды түсік әдетте 12 аптаға дейін жасалады. Ал әйелдердің денсаулығы бала көтеруге жарамаған жағдайда 22 аптаға дейін жасалады. Операция неғұрлым кеш жасалса, соғұрлым зардабы көп.

Жасанды түсік жасатқаннан кейінгі жүктілік ана жатырындағы баланың өсуін 3,7 есеге дейін азайтып жібереді. Ондай балалардың әрбір үшншісі, жеңіл салмақпен дүниеге келіп, нәрестелердің 77 пайызы қаназдық және экссудативтік диотез дертіне шалдығады, - дейді Дәметкен Қожанова.

Елімізде соңғы жылдары «медикаментозды аборт» тәсілі енгізіліп отыр. Хирургиялық түсікке қарағанда оның асқынуы төмен. Бірақ Дәметкен Мұқанқызы әйелдердің бұл тәсілді де қолдануын құптамайды:

- Дұрысы, қыз-келіншектер баланы қаламаса, бала көтермеу үшін сақтану керек. «Медикаментозды аборттан» соң ауруханадағы гинекологиялық бөлімшелерге түсіп, қан кеткен әйелдердің саны аз емес. Себебі, кейбір әйелдер бұл әдісті дәрігердің бақылауынан тыс, өздері жасайды.  Бала түсіретін дәрілерді  базардан сатып алады. Ал ол дәрілердің талапқа сай келіп, келмейтіндігіне, қайда жасалғанына мән бермейді. Ақырында оның жанама әсері - қан кетіп, қабыну процесінің сепсиске дейін өршуі мүмкін. Сепсисті емдеу нәтижесіз  болса, әйел жатырдан айырылады. Міне, жасанды түсіктің салдары осындай.

Дәметкен Мұқанқызы жасанды түсік жастаушы мектеп оқушыларының, әсіресе, 14-15 жастағы қыздардың көп екендігін айтады.

- Қыздар көбіне құрбыларымен келеді. Аналарымен келетіндері де бар. Бірақ, әйелдер ана болып қызының денсаулығына бас ауыртып жатпайды. Олардың санасында бір ғана түсінік: «Баланы қалайда алдыртып тастау керек!». Мұндай анаға жасанды түсіктің зиянды екендігін түсіндіру қиынға соғады. Олар: «Елден ұят» деп шыж-быж болады. Ұятты ұятты іс істегенге дейін ойлау керек. Қыз бала 13 жасқа толған соң әр ана баласымен ашық әңгімелесіп, сырласуы қажет, - дейді бас дәрігер.

Дәметкен Мұқанқызы жас қыздардан бөлек, жасы үлкен әйелдердің де баласын алдыртып тастауға келетіндігін айтады.

- Кейде, тіпті жасы 40-тан асқан әйелдер келеді. Біз оларға да жасанды түсіктің зиянды екендігін егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Операция кезінде шарана жанталасып пышақтан қашады. Расында, құрсақтағы бала - кәдімгі  баладан өзгеше емес. Ерекшелігі: ол әлі жарық дүниеге келген жоқ. Бірақ, он екі  мүшесі қалыптасқан.

Негізі, ұрық 7-8 аптада жетіліп, адам кейпіне келеді. Сол кезде ультрадыбыстық аппаратпен баланың жүрек соғысын анықтауға болады.13 аптада шарананың басы, қолы, аяғы, саусақтары мен ішкі мүшелері, тіпті тіс төмпешіктері де болады. 16-28 аптада салмағы артып, кірпік, қас, тырнағы да өседі. Іштегі нәресте 7,5 айлығында әке-шешесінің даусын ажырата алады. Дегенмен, баланы алдыртуға келген әйелдердің ішінде мұның бәрін түсініп, жанына жақын қабылдайтындар аз, - дейді Дәметкен Қожанова. Ол әр әйелге контрацептивтік дәрі-дәрмектерді пайдалануға кеңес береді. Былтыр облыстық бюджеттен жүктіліктен сақтанатын дәрілер алу үшін 8 млн. теңгеден астам қаржы бөлініпті.

- Облыста бала тууға қабілетті жастағы 250 мыңнан астам әйел бар. Біздің орталыққа көмек сұрап келген әйелдерге дәрігерлер жоспарсыз жүктіліктен сақтандыру үшін кеңес береді. Жүктілікті болдырмаудың тәсілдері жетерлік. Бірақ  бұл тұрғыдан әйелдердің сауаты аз. Сондықтан да, жасанды түсік жасатушылар көп.

Біздің мамандар АХАЖ-ға барып, жас жұбайларға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мектепте семинар өткізеді. Дегенмен, бәрібір жоспарланбаған жүктілік азаймай отыр. Соның салдарынан қаншама бейкүнә нәрестелер шейіт болып жатыр. Былтыр облыс бойынша 10 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Ал жасанды түсік жасатқандардың саны - 4026. Оның 2696 -сы қалада жасалған. 1808 түсік жеке емханаларда жасалды. Жеке емханаларда түсік жасатушылар неге көп? Себебі, жасанды түсік - кіріс көзі. Барлық дәрігерлер жұмылып жасанды түсікті жасатпауға кірісуі керек. Әйелге жасанды түсіктің зиян екендігін маман ретінде түсіндіру әр дәрігердің міндеті, - дейді Дәметкен Мұқанқызы.

P.S:

Жасанды түсік жастатушылардың бір тобы әлеуметтік жағдайды желеу етеді. Соны алға тартып, ақталғандай болады. «Әнғам» сүресінде, 151- аят былай делінген: «Жарлықтан балаларыңды өлтірмеңдер. Сендерді, оларды біз ризықтандырамыз». Міне, осыны, дүниеге келген әр сәбидің өз ырзық, несібесі болтынын жұмыр басты пенде түсінсе екен дейсің.

P.P.S:

Ақтөбе қаласындағы жеке емханаларда «медикаментозды аборттың» құны - 12 мың теңге. Бұл тәсілді жасауға арналған дәрілердің бағасы 3 мың теңге тұратынын ескерсек, «кәсіпкердің» қанша пайда табатынын есептей беріңіз.

P.P.P.S:

Сонымен, Елекеевтің дабыл қағуының жөні бар. Расында, заң бойынша жасанды түсікке тыйым салынбаса, ұлтқа қауіп. Онда ана мен баланың денсаулығын қорғау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаның өз деңгейінде орындалмауы әбден мүмкін. Ана мен бала өлімін мейлінше төмендету межесіне қол жеткізуіміз арман болып қала бермек. Себебі, түсінікті: жасанды түсік бизнесі қызып тұрғанда шарана шейіт болады, ал анасы айықпас дертке шалдығады. Сондықтан, ертең кеш болмауы үшін құрсақтағы сәбидің бәріне бірдей жарық дүние есігін ашуына мүмкіндік беретін заң керек.

Біздің дерек:

***

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын 80 млн.-ға жуық әйел жоспарсыз жүкті болады. Соның 20 миллионы жасанды түсік жасатады екен. Соның салдарынан жыл сайын 68 мың әйел көз жұмады.

***

2009 жылы әлемде 30 миллион жасанды түсік жасалса, со­ның 300 мыңы Қазақстанға тиесілі.

***

Қазіргі уақытта Қазақстанда жасанды түсік жасатушылардың жас ерекшелігі 14-50 жас аралығында.

***

Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі жасөспірім қыздардың 10 мыңнан астамы екінші мәрте түсік жасатқандар екен.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351