Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Қоғам 11565 0 пікір 13 Сәуір, 2016 сағат 15:31

ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫН Е.САҒАДИЕВТІҢ ӘКЕСІ КҮЙРЕТТІ МЕ?

Сағадиев деген есім-сой қазақ ғылымы мен білімінің кеңістігіне һәм басшылығына етене таныс. Рас, қазіргі «мектепке үштілділік жүйе енгіземін» деп алашапқын болып жүрген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің әкесі Кенжеғали Сағадиұлын да (бір сұхбатында Әбен әкемнің інісі болған дейді – ред.) дүйім жұрт жақсы таниды. Кенжеғали Сағадиұлы бір кездері Ұлттық ғылым академиясын басқарған.  

Даңқы оқымыстылығымен шыққан Кенжеғали Сағадиұлы заманында Қазақстанның ғылымы мен жоғары оқу орындары тарихында бір адамдай-ақ із қалдырды. Ол кісінің сол ерен еңбегін жоққа шығару ойымызда жоқ. Бүгінгі білім министріміздің әкесі Республикамызға аса танымал Целиноград ауыл шаруашылық институты, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті, Халықаралық бизнес университеті сияқты төрт бірдей жоғары оқу орындарын және Ұлттық ғылым академиясының тізгінін қолына ұстаған еді. Қазақстанның төменгі заң шығарушы буыны Парламент Мәжілісіне екі мәрте депутат болып сайланды.

Көптеген ғылыми еңбектер жазды. Осылайша қазақ ғылымының дамуына бір адамдай-ақ үлес қосты. Осы еңбегінің арқасында экономика ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі атанды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының ерекше ықыласына бөленіп, үлкен саясатқа да араласты.

Түпкі тегі алаштың айтулы ұстазы Ахмет Байтұрсыннан аталас болып тарайтын Кенжеғали Сағадиевтің дәурені жүріп тұрған тұста біршама лауазымды қызметтерде болды. Бірақ, аталған азаматтың есімі ел есінде атқарған ізгі қызметімен емес, бір ғана қателігі арқылы жатталып қалған еді. Ол қателік, Қаныш Сәтбаевтай қазақтың біртуар ғалым ұлы құрған Ұлттық ғылым академиясын тарату туралы ұсынысты қолдап, президентке алғыс жолдауы болатын.


 Мекемтас Мырзахметов, Абайтанушы:

– Кенжеғали Сағадиевтің Ұлттық академияның басшысы болып тұрған кезіндегі осы бір оқиға туралы мен еш жасқанбастан айтып бере алар едім. Бірақ, мен ол кезде сол жерде болмадым. Нақты детальдарды білмеймін ғой. «Кенжеғали Ұлттық академияны жабу туралы бастаманы қос қолмен қолдап, Назарбаевқа алғыс айтыпты» дегенді естігеніммен, өз көзіммен көрген жоқпын. Сондықтан бәлен-түген десем, шындыққа жанаспай қалуы мүмкін ғой.

Кенжеғали Сағадиев Ұлттық академияны басқарып тұрған кезде шикі мәселелер көп болды. Оны барлығы біледі. Академиктердің арасында алауыздық та осы кезде ушығып тұрды. Ол рас әңгіме.

Жалпы алғанда Қаныш Сәтпаев негізін қалап, алағай да, бұлағай кезеңде ашқан осы ғылым ордасын жабу дегенге мүлде қарсымын. Сағадиев болсын, басқа болсын, бұл қадамға барған азаматтарды кешіре алмаймын.

Серікболсын Әбділдин, саясаткер:

– Мен бұл Кенжеғали Сағадиев деген азаматты өте жақсы танимын. Кенжеғали Аграрлық университеттің ректоры болып қызмет етіп жүрген кезде мен Жоғарғы билікте болдым. Сол тұстарда біз біраз шаруаны бірлесіп те атқарып отырдық. Кейін Кенжеғали Ұлттық ғылым академиясына басшы болып тағайындалды. Бұл тұста академик Өмірбек Жолдасбеков бұл қызметке әзірленіп жүрген еді. Тіпті,  Нұрсұлтан Назарбаев Өмірбекке уәде беріпті. Мұны маған марқұм Өмірбектің өзі айтып берген. Сол кездегі академиктердің барлығы Өмірбекті Академия Президенті болатынын біліп жүрді. Бірақ, ешкім күтпеген жерден бұл қызметке Кенжеғали Сағадиев тағайындалып кетті.

Мен Кенжеғалидан бір жас қана үлкен болсам да, ол маған «Сераға» деп ілтипат білдіріп жүреді. Арамызда ешқандай түсініспеушілік деген болған емес. Десек те, мен қиын-қыстау кезде Қаныш Сәтпаев құрған осынау Ұлттық ғылым академиясының қазіргі мүшкіл хәліне қарап, жаным түршігеді. Сондықтан мен шындықты ашық айтамын.

Кенжеғали Академияға басшы болып тағайындалған соң, іле-шала Президент Назарбаевқа «академик» атағын беруді ұсынды. Бұл ұсынысқа өзге түгілі Назарбаевтың өзі үркіп қараған-тын. Өйткені, Назарбаев ешқандай да академик емес қой. Сондықтан, Кенжеғалидің бұл ұсынысы академиктердің ішіне іріткі салды. Академиктердің  жартысы қарсы болды. Дәл сол кезде, билік академиктердің аузын майлауға кіріскен еді. Академиядағы азаматтарға Президент степендия тағайындады. Ұмытпасам, ол кездегі өлшеммен, 500 доллардан болды-ау. Осыдан кейін-ақ, академиктердің көбі жұмған ауыздарын ашқан жоқ. Ауызбастырықтарын алып, тып-тыныш жатты. Ал Кенжеғали керуенін сүйреп жүре берді. Өтірік емес, Сағадиевтің осы бастамасынан кейін-ақ, академиктер жалпақшешейленіп, билікті мақтаудан әрі аса алған жоқ. Қазір де солай.

Осы тұста қолында билігі бар, ақшасы бар қаншама адам көлденең келіп, академик атанып жатты. Бұның соңы Ұлттық академияның ыдырап, тарауына әкеліп соқтырды. Ол кезде екі ірі академия бар еді. Бірі – осы Қаныш Сәтпаев ашқан Ұлттық ғылым академиясы болса, екіншісі – Ауылшаруашылығы академиясы еді. Соңғы 20 жылда ғылым академиясы не болды? Қазіргі ғылым жүйесі – өкінішке орай коммерцияға айналып бітті. Бұған кінәлі екі адам болса, соны бірі – Кенжеғали Сағадиев. Бұл менің ғана пікірім емес, көпшілік көздің айтып жүргені.

Тағы бір мәселе, сол кездегі ірітудің нәтижесінде бүгінгі академия мүшкіл хәлге жеткені өтірік емес. Мысалы, соңғы жиырма жылда академиктерге дұрыстап еңбекақы да төленбейді. Кеңес кезінде Йосиф Сталин ғалымдарға жағдай жасап, олардың еңбекақыларын Министрдің айлығымен теңестірген еді. Қазір еліміздегі ғалымдардың айлықтары Министрдің шопырының айлығынан да аз. Тіпті Білім және ғылым министрлігіне көлденең көк аттылар келіп-кетіп жатыр. Олар өз істерінің маманы болмағандықтан да, қазіргі білім мен ғылымның жұлма-жұлмасын шығарып бітті.

Ал өткен жолы Кенжеғалидің баласы білім министрі болатын кезде, Кенжеғали Президенттің қабылдауында болды. Мен оны жақсы білемін...

Ұлттық академияны жабу – ұлттың болашағына балта шабу. Өкінішке орай Кенжеғалидің сол кездегі қадамы өте қауіпті еді.

Түйін

Әрине, біз бүкіл академияның күйреуіне бір азаматты кінәлаудан аулақпыз. Десек те, әр азаматтың елі үшін жасаған ұшан-теңіз еңбегін осындай бір сәттік әрекеті жуып-шайып кететінін ескертуді ғана жөн санаймыз. Біздікі әке жолымен сатылап өскен Ерлан Сағадиев әкелер қателігін қайталамаса деген тілек қана. Себебі, әр іске уақыт қана төрелік айта алады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1534
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3314
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6007