ОБАМА ПУТИНМЕН СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕСКЕН
Обама бұл әңгіменің егжей-тегжейін Тонер сыйлығын беру құрметіне жайылған салтанатты дастарқан басында айтқан.
АҚШ президенті Ресей басшысымен болған әңгімелерінің бірінде Владимир Путинге онымен салыстырғанда өзінің (Обаманың) сөздері жазылған мақалаларды түзетпейтінін айтқан.
The Blaze басылымының жазуынша, 2015 жылғы үздік саяси журналистика иелерін марапаттаған салтанатты кеште Обама бірде Путиннің өзіне америкалық әкімшілік басшылығының сыртқы саясаты туралы Atlantic журналындағы мақаланы еске салғанын айтып берген. Обаманың сөзінше, Путин мақаладағы бірқатар оймен келіспейтінін білдірген. АҚШ президенті мақаланың кей тұсы өзінің көзқарасымен сәйкеспейтінін айта келіп, Путинге: «Владимир, саған қарағанда, мен мақалалар жарыққа шығар алдында оларға түзетулер енгізбеймін» - деп жауап қатқан.
Ол сонымен бірге америкалық ақпарат құралдарының АҚШ президенті сайлау науқанын қалай жариялап жатқанына да тоқтала кетті. Барак Обама «өрескел пікірлердің көбейгеніне, орындалмайтын сайлауалды уәделердің басылым беттерінде жиі бас тақырыпқа айналатынына және митингтердегі тәртіпсіздіктерге» алаңдаушылығын білдірді. Ол журналистерді сайлауалды науқанына байланысты материалдарға жауапкершілікпен қарауға және жұмыстарында өздеріне жоғары талап қоюға шақырды.
Abai.kz