Сенбі, 8 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 96922. Жазылғандар — 70680. Қайтыс болғандар — 1058
Қоғам 7395 1 пікір 30 Наурыз, 2016 сағат 11:58

«АЛЖЫП» СӨЙЛЕГЕН ӘЛЖАППАРОВ ХАЛЫҚТАН КЕШІРІМ СҰРАУЫ ТИІС!

Мемлекеттік арна мәртебелеп өткізген «Жұлдыздар айтысады» деген жоба телеэкран арқылы көрерменге ұсынылды. Әншілер мен ақындар жұптасып өнер көрсететін бұл сөз жарысына "жұлдыздар" жақсы дайындықпен келіп, көрерменге жарысты өнер, жарасымды қалжың ұсынды. Біздің айтып отырғанымыз, қазір әнші, бұрынғы айтыскер Еркін Нұржанов пен атыраулық Шалқарбай Ізбасаровтың думаны. Бұл екеуі қазақы қалжыңның қаймағын қалқып, ұйқасты  сөздермен қоғамның қотырын  "қасып" берді. Халықтың күткені де осы еді ғой. Халық түгілі «шатпақ айтысқа» қазылық етіп отырғандардың  да қабақтарының қары ерігендей болды.

Жүрсін Ерман бастаған, айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева, «Әзіл әлемі» театрының көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Қабатовтар қабақтары қатулы отырған еді осыған дейін. Еркін мен Шалқарбайдың айтысы халықтың да, қазының да көңілінен шықты.

«Шоу айтысты өткізудегі негізгі мақсаты – қазақтың дәстүрлі өнерін жаңаша бағытта халыққа насихаттау, оның аудиториясын жасарту»,- деп ақталған ұйымдастырушылар былтыр да жұрт наразылығын тудырған-тын.

Ашығын айтқанда, биыл да «жұлдыздар» жетістіріп айтыс жасай алмады.

«Әзіл әлемі» театрының әртісі Қанат Әлжаппаров биыл Сарамен тағы айтысты. Егер бұны айтыс деп атауға келсе, әрине. Былтырғы Бекболат Тілеуханның осы жұпқа деген ерекше ықыласы Қанатқа қанат  бітірсе керек, ол биыл тағы киелі сахнаның төрінде лағып сөйлеп, лақпа айтыс көрсетті.

Өнер адамы бесаспап әм әмбебап болуы керек деген қағиданы Қанат мырза білмейтін сияқты, себебі ол биыл тағы да домбыра шерте алмады. Үстелінің үстіндегі қағазға жазып бергенді жаттап шығатын жөні бар емес пе еді. Әттең... 

Қанаттың қарсыласы Сара Тоқтамысова - даусыз талант иесі. Талай айтыстарда өзінің өзгелерден озық екенін дәлелдеп үлгерген Сара Қанаттың «қума талантының» құрбаны болып кетті.

Қанаттың сахна төрінде айтысты сайқымазаққа айналдыруы қоғамдық орта мен әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызуда.

Мысалы, ұлттық өнер жанашыры Талғат Жанысбай "жұлдызды айтыстың" сор айтысқа айналғанына айтып, "Әзіл әлемі" театрының әртісі Қанат Әлжаппаровқа видео-сәлемдеме жолдады.

Талғат Жанысбай шоу-айтыста домбырасын құшақтап, "нөкерлерімен" келген Қанатты сынның астына алып, екінші жобаға бір-екі нота үйреніп келмегенін айыптады.

"Шоу-айтыс былтыр шыққанда, Қанат айтыстың абыройын төгіп, қазақ болып қолына домбыра тарта алмауы, ал биыл соны қайталауы - масқара", - дейді Талғат Жанысбай.

Бұдан әрі Талғат қазақтың қанына сіңген, ұлттың мәдениетін дәріптейтін өнердің болашағына алаңдайтынын жеткізген.

"Айтысымыз бара-бара шоуға айналса, бұл жастарға не бермек, ағайын?", - деп автор көпшілікке ой салды.

Ақын Сара Тоқтамысқызы да Қанатпен шығуға екі ойлы болғанын Instagram желісінде жазған еді.

"Көптен күткен айтыс та өз мәресіне жетті. Шықпаймын деп ары ойланып, бері ойланып шықтық-ау әйтеуір", - деп жазды Сара жеке парақшасына.

Түйін: Рас, шоу айтыстың шуы басылмай тұр қазір. Ұйымдастырушылардың әуелгі ойлары дұрыс болғанымен, жасаған эксперименттері өте сәтсіз шықты. Және бір емес, екінші мәрте қайталанып отыр. Демек, қоғам қабылдамайтын дүниені күштеп өткізу кімге керек?! Әрине, Астана төрінде дүркіретіп айтыс өткізу үшін аз қаражат жұмсалмайды. Демек, бұның артында астарлы мәселе бар. Шоу – бизнес көзі. Ал киелі сахнаға шығып, ұлттық өнерді мазақ қылғын әртіс Әлжаппаров халықтан кешірім сұрауға тиіс-тін. Халық та Қанаттан осыны күтеді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

1 пікір