МЕШІТТЕР БАҚЫЛАУҒА АЛЫНАДЫ
Тәжікстан астанасының билігі дін қызметкерлеріне қысқа уақытта қаладағы барлық мешітке бақылау камерасын орнатуды бұйырды.
Камера орнату шығынын мешіттер жұма намаз кезінде түсетін садақа есебінен өтеулері керек.
Астаналық шенеуніктер бұл шара мешітке келушілердің қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және оқыс оқиғалардың алдын алу үшін жасалып жатқанын айтты.
Соңғы жылдары мешітке намазға келгендердің қауіпсіздігін есік алдындағы милиция қызметкерлері күзететін. Олар сонымен бірге 18-ге толмағандарға мешітке келуге тыйым салынғандықтан, жасөспірімдердің кіріп кетпеуін қадағалайды.
Дін істері жөніндегі Комитеттің өкілі Афшин Муким 29 наурызда бұл шара тек астанадық мешіттерге қатысты екенін мәлімдеді. Оның сөзінше қауіпсіздік талаптарын орындау үшін дін қызметкерлері садақа қорындағы ақшаны жұмсай алады.
Абай-ақпарат