Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Деп жатыр 11015 0 пікір 29 Наурыз, 2016 сағат 10:54

МАССАЖИСТ-ЖЕЗӨКШЕЛЕР ПАЙДА БОЛА БАСТАДЫ

Қазақстанда жезөкшелік заңды түрде рұқсат етілмесе де, басқа қызмет түрлерінің атын жамылып, сол жезөкшеліктің дәл өзімен айналысып жүрген адамдар жетерлік. Сондай қызмет түрінің бірі – массаж. «Массаж жасаймын, тәніңізді ерітіп, релакс сыйлаймын» деген сарындағы хабарландырулар интернетте жетіп артылады.

Егер сіз көшеге шығып, жезөкшелікпен айналысуға намыстансаңыз және өзіңіздің сұлулығыңызға сенімді болсаңыз, массаж үйреніп, жезөкшелікпен «білдірмей» айналыса аласыз. Сондай хабарландыру арқылы ақша тауып жүрген қыздардың біріне хабарласқанымызда өз қызметінің 10 мың теңгеден басталатынын айтты. Өзін Нұргүл деп таныстырған қыз Астанаға 3 жыл бұрын қоныс аударған екен. Оның жоғары білімі бар. Алайда, Астанада бір жұмыспен күн көру қиын. Нұргүл массаж түгілі, жалпы медицинадан еш хабары болмағанын айтады. Бір танысы массажист екен. Әуелі содан үйреніп, сосын біраз арықтап, бой-басын күтіп, релакс массажға көшкен. Өйткені, бұл салада табыс мол. 

«Бізге массажды керексінген науқас адамдар хабарласпайды. Кейде шатасып түсетіндер бар. Оларға бармаймыз. Бізге керегі – демалғысы келетін ер-азаматтар. Әрине, массаж да жасаймыз. Денесін уқалап, босатып, сосын егер өзі қаласа қосымша ақыға интимдік қызметтер көрсетеміз. Астанада мен сияқты бойжеткендер өте көп. Ең бастысы – бала көтеріп қалмау керек. Біздің қызмет көшедегі жезөкшенің қызметінен қымбат болғандықтан келетін клиенттеріміздің де қалтасы қалыңырақ, ауқатты болады. Олар үшін біздің денеміз тауар, сондықтан күн сайын шынығып, диета ұстап, таза жүреміз. Күн-түн демей тәулік бойы қызмет көрсетеміз»,- дейді Нұргүл. 

Нұргүл сияқтылар жекелей қызмет көрсетеді. Олар өзіне ғана сенеді. Ал енді кәдімгі массаж салондары мұндай іспен айналыспайды дейсіз бе? Қателесесіз. Астанадағы сондай салонның бірі – «Эуфория-Спа» салоны. Астананың қақ ортасында, аумағы 900 шаршы метр болатын атшаптырым ғимаратта орналасқан. Оның сайтындағы көрсетілетін қызмет түрлерінен адам шошиды. «Моя госпожа», «Ты мне, я тебе», «Қуық безі массажы», «Лингама», «Соқыр массаж», «Мой повелитель», «Патшалар массажы», «Леди душ», «Соблазн», «Мұз бен жалын», «Суши леди», «Романтик», «Леди сопровождение», «Приват стриптиз», «VIP Exclusive» сияқты массаж түрлерін естіп көріп пе едіңіз? Атының өзі қоздырып, нәпсінің шарпуына шақырып тұрған жоқ па?!

Осы массаж салоны қыздарға мынадай мәтінде хабарландыру беріпті: «Егер сіз жас әрі сұлу, өзіңізге сенімді, ештеңеден ұялмайтын сексуалды, ер-азаматты есінен тандырардай қылықты қыз болсаңыз, бізге хабарласыңыз. Біз кәмелетке толған барлық сұлуларды релаксация шебері жұмысына шақырамыз!». Салон оған жұмыспен бірге тұратын баспана беріп, медициналық тексеруден өткізеді. Мұндай массажистердің көрсететін қызметі де арзан емес. «Лингама+қуық массажы» – 44 000 теңге, «Ты мне, я тебе» - 48 000 теңге, «Виагра» - 60 000 теңге, «Возрождение страсти» - 96 000 теңге, «Патшалар массажы» - 80 000 теңге. Сонда әлгі тәжірибесіз сексуалды қыздың бір массажы – 96 мың теңге болғаны ма? Оның көрсететін қызметі мүлде басқа екені айдан анық емес пе? Салон барлық құжаттарын әдемілеп рәсімдеп, тіпті клиенттерге қызмет ақысын карточкамен төлеуге мүмкіндік жасап қойған. Бүкіл әлеуметтік желілерде парақшалары бар. 

Былтыр Алматы полицейлері шетелден келген элиталық жезөкшелер тобын қолға түсірген еді. Олар да массаж жасаймыз деген желеумен жергілікті жігіттердің қалтасын қағып келген. Көбісі Ресей, Өзбекстан мен Белоруссиядан ауып келгендер болатын. Олар қаланың қақ ортасындағы қымбат тұрғын үйде пәтер жалдап, оны жынойнақтың ордасына айналдырған. Ең «арзан» жезөкшенің 1 сағаттық қызметі – 25 мың теңге. Ал бір түнеп шығу – 85 мыңға барады. Тәнін сатып пайда табатындар үш бөлмелі пәтерді айына сегіз жүз мыңға жалдап тұрған. Мұнда қонақтарды стриптиз билеп қарсы алып, май шамның түбінде түнімен көңілін көтереді. Сол ұсталғандардың бірі Ким Елена (Өзбекстан) былай дейді: 

«Қазақстанға келгеніме 6 айдан асып кетті. Елімде бір жарым жастағы ұлым бар. Айына 3000 долларға дейін табыс табамын. Бір мың долларды Өзбекстандағы баламды қарау үшін ата-анама жіберсем, мың долларын пәтер ақысына және жарнамаға беремін. Қалғанына киім-кешек, қажетті заттар аламын. Алматыға сатушы болып қызмет жасаймын деп келдім. Дұрыс жұмыс таппаған соң таныстардың айтуымен осында түстім. Әке-шешем мені Ресейде менеджер болып нәпақа табады деп ойлайды». Ал екінші бір «массажист» Настя (Ресей) «Елімде дұрыс жұмыс жоқ. Ол жақта бұл іспен айналысуға жақындарымнан қорқам. Алматыға келгелі қалаға шыққан емеспін. Клиенттің қалауына қарай күні-түні қонақ күтем. Айына жүз еркекке дейін қызмет көрсетемін. Қызмет ақысы сұранысқа қарай 15 мыңнан 80 мыңға дейін барады. Тұрақты клиенттеріміз бар. Басым көпшілігі қазақ ағашкалар. Олар жақсы. Көңілін жақсы көтерсең, келісілген сомадан артық ақша тастап кетеді. Ал үйіне шақырса баға екі есеге дейін өседі» деген болатын. 

Алматылық полицей Нұрланның сөзінше, алып шаһардағы ең қымбат жеңіл жүрістілердің бағасы 3 000 АҚШ долларына дейін жетеді. Олардың барлығы Украина мен Белоруссияның “мисстері” екен. 

Мұндай элиттік массаж салондарының «крышасы» болмаса, алаңсыз жұмыс істеуі мүмкін бе? «Маскировка» жасап, жезөкшелікпен айналысу, соның арқасында миллиондаған табыс табу кәсіпкерлікке жата ма? Жуырда осы тақырыпты әлеуметтік желіде де талқыладық. Біреулер жезөкшелер заңсыз жұмыс істегенше осылай басқа атпен заңды түрде жұмыс істегені жөн деген пікірде. «Өйткені, салығын төлеп отыр, өз жұмысы үшін жауап береді. Жұмыс орындарын ашып отыр» дейді. Енді біреулер «оларды тексерген күнде де бәрі заңды болып шығады. Соларды тексерушілердің өзі сол салонның массажына бармағанына кім кепіл? Сұраныс бар жерде мұндай салондар болған, бола береді» деп пессимистік көзқарасын жеткізді. 

Одан қалса еліміздегі жарнамалық газеттерде «массаж жасаймын», «әдемі, 18 жастағы метис қыз тәніңізге ләззат сыйлайтын массаж жасайды», «тек еркектерге арналған естен тандырарлық массаж» дейтін сарындағы хабарландырулардан көз сүрінеді. Бұл бұл ма, ардан безген жігіттердің «жігіттерге ғана массаж жасаймын» дейтін жарнамаларын да көзіміз талай көрді. Жалпы алғанда, газет беттеріндегі, сайттардағы массаж туралы хабарландырудан халық үрейленетін дәрежеге жетті. Бәріне топырақ шашудан аулақпыз, арасында шынымен емдік массаж түрлерін ұсынатындар да бар. Алайда, басым көпшілігінің интимдік мақсатта жұмыс істейтіні айтпаса да түсінікті. 

Қанша дегенмен, елімізде жезөкшеліктің заңдастырылмағанын, демек бұның бәрі заңсыз әрекет екенін басты назарда ұстауға тиіспіз. Массаж атын жамылған бордельдердің жұмысын тексеру артықтық етпейді. Сосын осы сарындағы газет беттеріндегі жарнамалар мен хабарландырулардың артында кімдер тұрған зерттеп, жазаға тарту жағын қарастыру керек сияқты. Онда кәмелетке толмаған жас қыздардың бар-жоғына кім кепіл? Сутенерлік жұмысқа қылмыстық-құқықтық жауапкершілік қаралғанын ұмытпайық.

Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Түпнұсқадағы тақырып: "Массажға барамын деп, масқараңыз шықпасын..."

korrespondent.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061