Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 5258 1 пікір 29 Наурыз, 2016 сағат 08:52

ЖАМБЫЛ БАБАМЫЗДЫҢ ИМАНЫНА КӘМІЛДІГІ

(Баллада)

Жамбыл бабамыз сол кездегі Жұмабай Шаяхметовке: «Қарағым, мен үзбей намаз оқыған адаммын. Мен өлгенде обалыма қалмай жаназамды шығартып, бағымның ішіне қой. Соған уәде бер. Болмаса анау Сталиніңе айтып келісімін аламын», - депті. Кейін Жәкең қайтыс болғанда жасырын түрде жаназасын шығарып, ақыретіне орап, табытқа салып шығарған екен.

Бісмілла, сөз бастадым  Жамбылша мен,

Аллаға ең алдымен салдым сәлем.

Құдайды аузына алған күнәһар боп,

Қанша жан өткен екен зар-құсамен.

 

Бұғаулап дінсіз қоғам, тізгіндеген,

«Құдайсыз «көсем» жолын»  –   нұрлы із деген.

«Дін – апиын» деп санап,  адастырып,

Алланың ақ жолымен жүргізбеген.

 

Сол қоғам қызыл-жасыл, қара сатал,

Қатыны-би, ері-құл,  балаша-шал.

Адамзат жаратылған маймылдан деп,

Сандалған Маркс дейтін қаба сақал.

 

Сол қоғам өзі де лас, сөзі де лас,

Наданы Жаратқанды сезіне алмас.

Абайдан асып айтқан жан бар ма екен,

«Алланың сөзі де рас, өзі де рас».

 

Өрепкіп,  төске шауып, беттен алып,

Жүретін имандыны шетке қағып.

Сол қоғам тексіздері Құдай үйі,

Жіберген  Мешіттерді  атқора-ғып.

 

Пысығы  іші мерез,  сырты жылмаң,

 Арбаған  қылығымен  түлкі бұлғаң.

Тойып ап  арам суға    кекірейіп,                                                                                                              

Намазхан жұртшылықты  күлкі қылған.

 

«Маймылдан адам болып жеткемін» деп

Ақ жолдан адасумен өткені көп,

Соларға қаһарланған батыр  Баукең,

Маймыл емес, тегіміз – Көкбөрі деп!..

 

Десек те,  түске айналды сол бір заман,

Дәстүрді,  Ұят, Намыс, Арды ұрлаған.

Сәждесіне бас иіп өткен мәңгі,

Иманына кәміл жан Жамбыл бабам.

 

Сол Жәкең намазға ұйып Кремльде,

Мейірім,  шуақ тұнған нұр өңінде.

Қаһары да жетпепті қанды қолдың,

 Құлдығынан тұрғызып жіберуге.

 

Кім білсін,  бір ғажаптың сырын ұқты,

Әлде ол мойындады Ұлылықты.

Жәкеңнің  жолбарысы ықтырды ма,

Дәстүрін бұзбалық деп жымиыпты.

 

Ешқашан  құлшылығын жасырмаған,

Алладан өзге ешкімге бас ұрмаған.

Сол Жәкең жанасыз кетем бе деп,

Ойлаған   мәңгілігін  асыл бабам.

 

Тәу еткен  Аллаға емес,  ұлығына,

Сенбеген  «қызыл  қоғам»  былығына.

Жаназамды шығарт деп тапсырыпты,

Биліктегі иманды бір ұлына.

 

Қарашы мына ғажап ғаламатқа,

Білсе де жамаларын жаман атқа.

Жасырын жаназасын шығартыпты ол,

Қиянат жасай алмай – Аманатқа.

 

Жаназа – соңғы сапар мәңгілікке,

Таразы – бағамдайтын қалдырып не?!.

Жаназа –  адал бару Алла алдына,

Пендеге тірліктегі соңғы нүкте.

 

Жаназа –  ақырғы сәт, ақталу ма,

Қиямет көпірінен сақтану ма.

Ол бәлкім бар кінәдан тазалану,

 Кірленген бұл  Жалғанның соқпағында.

 

Жаназа – жеткен бар ма сырына бұл,

Пендеміз, күтер бізді құбыла кіл.

Тірліктен соң өмірдің де бар екенін,

Меңзеген ұрпағына ұлы Жамбыл.

 

Ол солай тексіздіктен сақтандырған,

Заманға қарсылық па, «қақпан құрған».

Ұқтырған ақыретте ауырлығын,

Жанасыз мәйітке аттандырған 

 

... Ағайын аманбыз деп тасымалық,

Еш пенде қаша алмайды басын алып.

Алланың ақ жолымен өткендердің,

Жаназа намазына асығалық.

Серкіжан Қажи

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053