Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Сүйінші! 20978 0 пікір 25 Наурыз, 2016 сағат 12:46

АБАЙДЫҢ ЕШ ЖЕРДЕ ЖАРИЯЛАНБАҒАН ӨЛЕҢІ ТАБЫЛДЫ

РЕДАКЦИЯДАН. Бүгін осы материал жарияланысымен оқырмандарымыз хабарласып, "бұл Абайдың емес, Шәкәрім Құдайбердіұлының "Шаруа және ысырап" деген өлеңі" деп нақты дәлелдерін алдыға тартып жатыр. Соған қарағанда ел Қытай ауып, аласапыран заман туғанда қолжазбадан қате кетсе керек. Біз мақала авторының еңбегін ескеріп, материалға түзету енгізуді артық санадық. Бастысы, осы бір өлеңге деген жұртшылықтың ықыласы ауып, әлеуметтік желілерде түрлі талқылаулар болып жатыр. Мұның өзі ұлттық құндылыққа халқымыздың бей-жай қарамайтынын көрсетті. 
Abai.kz порталы

Абайдың күні бүгінге дейін баспа бетін көрмеген бір өлеңін оқырман қауыммен табыстырайық деп отырмыз. Оқырмандар «Абайдың мына өлеңі қайдан шыға келді?» деп сұрақ қоюы әбден мүмкін. Бұған жауап беру үшін әңгімені әріден бастаған жөн.

Өткен ғасырдың басында санаулы әм саналы қазақ азаматтары Шыңжаңның жер-жерінде мектеп ашып, бала оқыта бастады. Солардың бірі – Текес өңірінің ашық ойлы қазағы – Тоғжан Сасықұлы болатын. Өткен ғасыр басында, нақтырақ айтсақ, 1916 жылы Тоғжан Сасықұлы Текестің Қаратоғай деген жерінде медіресе ашып, бала оқыта бастайды. Кейін ол Орта Азия өңірінен Құлжаға келген ноғай оқымыстысы Ахыметбек Әбдүллин деген адамды Текеске көшіріп апарып, Тоғжан медіресесінде бала оқыттырады, әрі Тоғжан мешітінің имамы етіп сайлайды. Дәстүрлі діни оқу мен жаңаша оқытуды қатар жүргізгендіктен Тоғжан медіресесінің атағы алысқа жайылып, біртіндеп Іле өңіріндегі шығыс 5 ауданның әйгілі білім жұртына айналады. Бұл уақиғалар Шыңжаң қазақтарының оқу-ағартуын ұзақ жыл, жүйелі зерттеген белгілі маман, педагог Қабимолла Мәнжібаевтың «Шыңжаң қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер» (Шыңжаң халық баспасы, 1995-жыл 5-ай, 1-басылымы) атты кітабында және «Іле газеті» (2007-жылы 11-шілде күнгі саны, 4-бет) қатарлы газет-журналдарда егжей-тегжейлі жазылғандықтан бұл арада оған тоқтала бермей, Абай өлеңіне қатысты тұстарына ғана кідірейік. Кезінде Тоғжан медіресесінде қыруар кітаптар мен қолжазбалар қоры болған. Бұлардың дені атышулы «Мәдениет төңкерісінде» өртеліп, тоналса да, бірлі-жарым қолжазбалар ел арасында сақталып қалған. Абай өлеңі сондай бір қолжазбадан шықты. Қолжазбаның иесі Сәмен Әлібекұлы деген кісі. Сәмен Тоғжанның «Әлібек батыр» аталған баласынан туған. Сәмен ақсақал 1921 жылы маусым айында Текес ауданының Қаратоғай ауылында дүние есігін ашып, 1998 жылы ақпанда қайтыс болған. 1930 жылдан 1935 жылға дейін Тоғжан медресесінде (кейінгі «Ақжол» мектебі) оқыған. 1944 жылы үш аймақ төңкерісіне қатынасып, орта бағыт армиясында әскер болған кісі. Іле аймақтық сақшы мекемесінде, Текес аудандық ауыл шаруашылық банкісінде қоғамдық қызметте болған. Сәмен дінге тақуа әрі халық арасындағы өлең-жырларды, тарихи деректер мен шежірелерді құнттап жинап, бірнеше қолжазбаны көшіріп сақтаған кісі. Тоғжан ауылында қолжазба көшіріп сақтау дәстүрі әліге дейін бар. Мына Абай өлеңі Сәмен Әлібекұлы сақтаған қолжазбадан шықты. Біз қолжазбаның түпнұсқасына адалдық ету тұрғысынан және оқырмандардың зерттеуіне қолайлы болуы үшін қолжазбаның әуелгі нұсқасын өзгеріссіз жариялап отырмыз.

Сәмен Әлібекұлы сақтаған қолжазбасынан:

Даңқты Абай марқұмның киім туралы сөздері

Қайтер еді, жігіттер,

тым қымбатты кимесек?

мақтан үшін бүлісті [1],

үсті-үстіне үймесек.

қаладағы байлардың,

ыңғайына билесек.

орта кисек ұрса ма,

біз ешкімге тимесек.

бұзақылық емес қой,

құр нақақтан күймесек.

елтірі мен теріні,

жақсы қылып илесек.

әрі жылы, әрі берік,

жыртылмайды сүйресек.

керім, кербез кей жігіт,

жақтырмайды бүй десек[2].

боламыз ба жазалы,

шаруаны жөндесек?

Әміркенски мәсі, етік[3],

парыз болып шықты ма?

аяғыңды зорлық қып,

біреу оған тықты ма.

өңі жылтыр демесең,

опайкеден [4] мықты ма?

етігіңнен именіп,

жауың қорқып бұқты ма.

пұлды киім борыш боп

алқымыңнан сықты ма.

науқас болып немесе,

қазаққа да жұқты ма.

орынсыз шашқан ысырап,

абұйырыңды жықты ма.

ұрсыңқырап айтамын,

ерегеспей ұқтың ба.

 

Үш теңгелік сөкінадан,

мәліскен[5] берік емес пе.

сыпайы тігіп, жөн пішсе,

қола кобел[6] емес пе.

шәй ішпей-ақ сүт ішсек,

жұтата ма кеңеске.

бал қоспай-ақ май қоссақ,

келген қонақ жемес пе.

мұнша неге құмарсың

түбі пайда емеске.

күміс тұрман тағынып,

мен қалай деп егеспе.

қарызданып күн сайын,

шаруа кетті келмеске.

өкінерсің, көрерсің

не таңертең, не кеште.

Қымбат ішік, қыл шапан,

попыраш[7]тарттым мақтанып.

үстімдегі киімді,

тігінші тіккен ақша алып.

күміс баулы сағатым,

қолымда тұр сақталып.

резинке калошым[8],

аяғыма шақталып.

қуанып өле жаздаймын,

киіміме мақтанып.

бәрі борыш өйткенмен,

бір күн өтіп кетеді-ау,

іш-қарынды ақтарып".

Өлең түпнұсқада “қайтер еді, жігіттер, тым қымбатты кимесек” деген сөздер бір жол етіліп көшірілген. Яғни, 13, 14 буынды бір тармақ етіп көшірілген. Біз өлеңнің 7, 8 буынды жыр үлгісіне жақын екендігін аңғарып, 7, 8 буынды бір жол өлең етіп реттеп беріп отырмыз. Өлең ұйқасына негізделіп шумақтарға бөлдік. Өлең дәстүрлі шұбыртпалы ұйқаспен жазылған. Өлең түпнұсқада 35 жол. Жыр үлгісі күйінше реттегенде, 65 жол өлең болып шықты.

Өлең мазмұнынан Абайдың жігіттерге арнап жазған өлеңі екендігі аңғарылады. Абай айналасындағы жұрттың мінез-құлқы мен харекетінің ғана емес, киім-кешегі мен тұтынған заттарының да үлкен сыншысы болған. Бұл бізге Абай туралы жазылған әдебиеттерден белгілі. Тіпті, Абайдың «ескілік киімі» атты өлеңі қазақтың дәстүрлі киіміне арнап жазылған өлең, өлеңде бірталай көне киім түрлері аталады. Осы мақаладағы өлең мазмұнына тіке қатысты болғандықтан, Абайдың келіні Кәмиляның айтқандарынан үзінді келтіре кетуді жөн көріп отырмыз. (Кәмиля бұл еске алуында «ауылдың үлкен-кішісі Абайды әке дейтіндіктен мен де солай атадым» деп ескертеді) .

«Әкемнің киімдерін мен тігетін едім. Жаңа киім тігіп жатқанымызда қасымызға келіп, тігіп жатқан киімді көріп, тігісі жатық, жақсы екен, үлгісі сұлу, әдемі екен деп мақтайтын. Сол киімді киген соң балаша мәз-мәйрәм болып қуанатын. Әкем кербез емес еді, бірақ киімді өте таза ұстап киетін, «киімің ескі болса да таза болсын, сыны кетпесін, күтіп ки» деп ақыл айтып отыратын.

Жаңа үлгімен істелген киімнің үлгісін Тобықтыға біздің ауыл таратты. Әкемнің балалары киімдерін орысша-татарша киетін. Шолақ пешпет, сым шалбар, әмірқан етікті ең алдымен біздің ауыл жастары киіп еді. Ал, әкем «жаңа киімдердің үлгісіне қарап өздерің де осындай киім тігіңдер» деп бізге ақыл айтатын [9]». Жоғарыдағы үзінділерді оқыған оқырманның Абайдың киім туралы жазған өлеңдерінің астарына бірден бойлай жөнелетіні хақ. Ал, бұған біздың алып-қосарымыз ــ өлең Абайдың ертеректе жазып, еренсіз тастап кеткен бір өлеңі тәрізді. Жыл шамасын мөлшерлеп айтсақ, 1886 жылдан 1896 жылдар аралығында жазылған тәрізді. Өйткені, Абай 1886 жылға дейін жазған өлеңдерін «сорлы Көкбай жылайды, жылайды да жырлайды» деп Көкбай атынан шығарған. «Дала Уәләяты» газетіне де бірер өлеңін Көкбай атынан жариялатады. Абай өлеңінің тек 1896 жылдан бастап қағазға түсіріліп жинала бастағанын білеміз. Ал, Абай жинағы тек 1896 жылы ғана қағазға топталып, жиналатын болған. Ол істі істеген Мұрсейіт емес, Мағауия, Ақылбай, Кәкітай, Көкбайлар. Бұлар алғашқы істі Абайдың өзінің тапсыруымен, сол 1896 жылы бастайды. Сонда 1896 жылға дейінгі Абай өлеңдері қайда кеткен? Ондағы Абайдың қарындашпен жеке қағазға жазған өлеңдері Абай маңындағы жас ақын өнерпаз, хат таныған ақын шәкірттердің, жастардың қолды-қолына тарап кетіп отырған. Кейін 1896 жылы көшірілгенде, сол тарап кеткен өлеңдер жиналған, бірақ, бәрі түгел жиналып үлгірмеген. Сөйтіп, сол кездегі хат таныған адамдардың тірі қалған көпшілігі 1933 жылға дейін, тіпті 1940 жылдарға дейін өз білгендерін ұрпақтарына берумен келді. Немесе солардың балалары әкелерінен жаттаған өлеңдерін жинаушыларға біртіндеп жеткізіп отырды. Ондай өлеңдер Абайдан қалған анық өз мұрасы есебінде ел-елдің ішінен әлі де табылуы мүмкін. Біздің бұрынғы жинауымыздың сан олқылығын сондай қосушылар әлі толтыра беруі мүмкін [10]”. Міне бұл Абай мұрасының жұрт арасына кең тарағандығының, бір талай өлеңнің дерексіз кеткені, әлі табылу мүмкіндігі барының бір айғағы іспетті. Мұхтар Әуезов және айтады: “...Абайдың ақындық еңбектері үш түрлі боп, жайылып тарағанын еске алу керек.

Бірінші жолы – баспа арқылы тарауы, екінші – ел арасында ауызша жатталып, әнмен аралас тарауы. Үшінші – қолжазба түрінде әр көлемді жинақтар боп, көшіріліп тарауы [11] ”. Абайдың біз ұсынып отырған өлеңі Мұхтар Әуезов айтқан екінші түрлі таралуға келіңкірейді. Өйткені, бірінші жолмен баспа арқылы тараған болса, онда бұл өлең Абайдың осы күндегі толық шығармалары жинағынан бой көрсеткен болар еді. Егер үшінші жолмен тараған болса, онда тек Абай өлеңдерінен бір қатире болып жинақталған болар еді.

Мұхтар Әуезовтың жоғарыдағы пайымдаулары кең байтақ қазақ даласының бір бұрышында бір ғасырдай қалып қойған Абай өлеңінің табиғатына сайма-сай келеді. Біз бағанадан ұтылап, өлеңнің соқыр қой ізіндей сорабын тапқандай болдық. Ендеше өлең Текес өңіріне қалай келген? Бұл туралы мынадай үш түрлі болжам айтуға болады.

Бірінші, бұл өлең Абай айналасынан тіке жеткен болуы мүмкін. 2011 жылы қарашада шыққан «Балапан шежіресі» атты кітаптың (ішкі материал) Медеу Шөкейұлын таныстырған мазмұнында мынадай деректер айтылады. “Байеке би ел аралағанда, жиын топтарға барғанда көбінде Медеуді ертіп жүреді екен. «Шыбар ағаш» съезіне барғанда Байеке Абайға амандаса барған. Сонда жанында Медеу бар болып, Абай бұл адамдар қайтарында Байекеге ат мінгізіп, шапан жауып қайтарыпты. Ал, Медеуге жас болса да көзінің оты бар, болатын бала екен, деп бір қол гармон беріп қайтарыпты [12]. «Демек, қазір Абай өлеңі табылған өңірдегі (Текес Қаратоғай өңірі) кейбір адамдардың ата-бабалары Абаймен жүздескен, сұхбатында болған. Мүмкін, осындай кездесулердің бірінде Абайдың өзінен не айналасындағылардан бұл өлеңді алған болуы ықтимал. Сол кездегі қазақтың жақсы бір дәстүрі бір жерге барғанда сол жерде жақсы өлең-бәйіт, не ән болса еліне ала кететін болған. Сондай жақсы салттың игі әсері болуы да мүмкін.

Екінші, 1917 жылы Жүсіпбекқожа Шәйхісләмұлы бергі бетке (Қытайға) келіп, Матай елін аралап қайтады. Сол сапарынан қайтып барып, өзі кезіккен Матайдың жақсы-жайсаңдары мен ел билеген басты адамдары туралы бәйіт жазып (қазір бұл бәйіттің қолжазба нұсқасы бар), бәйітті текестегі елге жіберіп берген. Біз сол бәйіттің бәрін болмаса да мақалаға қатысты Тоғжан туралы айтылған деректерін келтіре кетейік:

«...Тоғжанның келіп түстік ордасына,

міні жоқ жігіт екен өз басында.

жайдары жаз күніндей күлімсіреп,

отырды әңгіме айтып өз қасымда»...

деген жолдары бар. Сонда Абайдың біз ұсынып отырған өлеңін Абайды, Абай өлеңдерін және Абай айналасындағы шәкірттерін жақсы білген Жүсіпбектей жүйрік әкелген болуы да әбден мүмкін.

Үшінші, 1927 жылы Таңжарық Жолдыұлы Қазақстаннан қайтар жолында Текеспен өрлеген. Арнаулы Тоғжан медресесіне аялдаған. Мұны ауылдағы ақсақалдар айтады. Жоғарыдағы үш себептен қала берді, өз тұсындағы атағы алысқа кеткен Қарқара жәрменкесі қатарлы дүбірлі жәрменкелер мен Тойекенің асы қатарлы үлкен-үлкен астар қазақ әдебиеті мен өнерінің кең таралуының көпірі болды. Қарқарадағы 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісінен кейін де, қазақтың талайـталай аймаңдай ұлдары Текес өңіріне ат басын тіреді. Сондықтан, баспа бетін көрмеген Абай өлеңінің Текес өңірінен табылуы ешкімді таңғалдыра қоймаса керек.

Енді өлеңнің өз басынан біраз әңгіме өрбітейік. Өлеңнің «даңқты Абай марқұмның киім туралы сөздері» тақырыбынан өлеңді көшіруші адамның қойғаны аңғарылады. Абайды даңқты деп ерекше атап көрсетуінен Абайдың даңқын өлеңді көшіруші адамның жақсы білетіні байқалып тұр. Бұған қосымша дәлел ретінде Текес, Қаратоғай өңірінде өткен Тұяқбек Мәненұлы деген ақынның 1947 жылы жазған «Тоғжан медресесі» деген бәйітінің (бәйіттің ықшамдалған нұсқасы «Іле газетінің» 2007 жылғы 11-шілде күнгі санында жарияланған) мынадай жолдарын айта кетейік:

«...кешегі елді түзеп еңбек қылған,

сөзіне зәңгі Тоқаң барайын да...

...ерлердің еңбектерін ел естісін,

арғындар мақтайды ғой Абайын да»...

Демек, Абай даңқы Текес қазақтарына ертеден таныс. Өлең тақырыбынан аңғарғанымыз – өлеңнің Абай қайтыс болғаннан кейін, яғни 1904 жылдан кейін көшірілгендігі. Оған дәлел өлең тақырыбындағы марқұм сөзі. Өлең тақырыбынан байқалған және бір ерекшелік –  өлеңді өлең деп атамай, сөз деп атағандығы. Көркем шығарманы жанрға бөліп, жіктеп ат қою бертінгі шаруа. Көне қазақ мақал-мәтелді де, қанатты сөзді де, өлеңді де сөз деп айта беруші еді. Заманында сөз білген қазақтың өлеңі сөз болған да, сөзі өлең болған. Міне осы жақтарынан да өлең тақырыбы өз көнелігін байқата береді.

Өлең ә дегенде «қайтер еді, жігіттер, тым қымбатты кимесек» деп басталады. Бұлайша «жігіттер» деп бастау үлгісі Абайдың өзге өлеңдерінде де жиі кездеседі. «Жігіттер, ойын арзан, құлқы қымбат», «Менің сырым, жігіттер, емес оңай» деп басталатын өлеңдері мен «Сыналар, ей жігіттер, келді кезің» деп басталатын жұмбақтары осыған дәлел. Бұндағы «жігіттер» сөзі бір қаратпа сөз ғана емес, былай қарағанда ақынның өлең бастаудағы бір тұрақты ерекшелігі сияқты.

Сұрау арқылы ойға жетектеп, тақырыпқа тіке көшу де Абай өлеңінде жиі ұшырайтын бір белгі. Мысалы, «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма», «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап?», «Сұм дүние тонап жатыр ысың бар ма?» деп басталатын өлеңдері ойымызды бекемдей түседі. Ақын ашынғанда, өлеңді сұрау тастап бастай жөнеледі де, айтайын дегенін түйдектетіп төгіп-төгіп тастайды. 

Біз ұсынған өлең көтерген тақырыбы жағынан бір мазмұнды төңіректеп жатады. Абай ел ішіндегі кейбір жігіттердің қауқарына қарамай қарызданып қымбат киім кигенін сынға алады. Базардың қымбат киімінен қазақы қолдан шыққан киімнің еш кемдігі жоқтығын ескертіп, «әрі жылы, әрі беріктігін» айтады. 

Ішкерлей үңілсек өлеңде екі жік бар. Бірінші жік – өлеңнің басынан бастап, «өкінерсің көрерсің, не таңертең, не кеште» деген жеріне дейін. Бұл бөлекте ақын бір ыңғай ақыл-кеңес айту, жаны ашу тұрғысынан қалам тербеп, қазақ жігітінің киім киісін сынға алып, ашына толғанып әжуасыз ақылға тізгін береді. Екінші жік – «қымбат ішік, қыл шапан, попыраш тарттым мақтанып» деген жерден бастап өлеңнің соңына дейін. Бұнда ақын бірден ашты әжуаға кетеді. Бұл екі жік мазмұн жағындағы жік емес, қайта ақынның ой бейнелеуде қолданған екі түрлі тәсілі. Бір өлеңде кезіккен екі түрлі тәсіл туралы мынаны айтуға болады. Бірінші мүмкіндік, ақын өлең басында таза шындықты шып шырғасын шығармай ақылдың таразысымен өлшейді де, өлең аяқтала бере аяусыз әжуаға көшіп, өлеңдегі «меннің» шын кеспірін қатал әжуамен қандауырлайды. Екінші мүмкіндік, бұл бір тақырыпқа екі мезгілде жазылған екі өлең болуы да ықтимал. Өлеңнің жоғарыда біз айтқан екінші бөлегі Абайдың:

«Болыс болдым мінеки,

бар малымды шығындап...

...күштілерім сөз айтса,

бас изеймін шыбындап»... деп келетін жұрт білетін өлеңінің мысқылдық үлгісімен бірдей. Екінші бөлек әуелде ұзын бір өлең болуы да әбден мүмкін. Осы екінші жіктен Абайға тән үлгі айқын көрінеді. Абайдың нағашылары Қонтай, Тонтайларға тартқан мысқылшылдығы мен аямас әжуасы анық байқалады.

Өлеңнің буын-бунақ және ұйқас жағындағы ерекшеліктері Абайдың 7-8 буынды жыр үлгісімен жазылған өлеңдерімен ұқсас. «Болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап»... немесе «Патша құдай сиындым, әуел бастан өзіңе. Жау жағадан алғанда, жан көрінбес көзіме»... деп басталатын өлеңдерінің буын-бунақтарымен ұқсас. Бұндай буындық үлгі мен шұбыртпалы ұйқас түйдектеліп келген ойды бейнелеуге жеңіл, тез-тез айтуға аса ыңғайлы.

Жә, мақаланы аяқу алдында көңілде көп сөз қалып барады. Мақаланың алдыңғы бөлігінде Мұхтар Әуезовтан цитата келтіріп Абай өлеңінің жалғасты табылу мүмкіндігін қараңдатқан болатынбыз. Бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз – сол мүмкіндіктің жүзеге асқанын дәлелдей кету, бәрінен де маңыздысы, араға ғасыр салып барып табылған Абай мұрасын зерделі оқырманға аманат ету.

Өлеңнің мазмұндық және кейбір тілдік ерекшеліктеріне тоқталғанда Қожекеңше «не болса да айды аспанға бір шығардым» деген асылық ойдан аулақпыз, ойымыз тек Абай танудың алтын арнасын аз да болса байыту, қатардағы оқушы ретінде ой-пікір айту. Бұл өлең тұңғыш жарияланып отыр, сондықтан ел ішіـсыртындағы мамандар алдағы күндерде бұл өлеңге мәтін тану және тарихи тұрғыдан зерттеулер жүргізеді деген сеніммен мақаламызды аяқтаймыз!

Түсініктер мен Пайдаланылған әдебиеттер:

[1]  бүліс ـ мақпал қатарлы кездемелердің жалпы атауы.

[2]  бүй деу ـ бұлай айту, бұлай деу. Бұл қазақ тіліндегі ескіден келе жатқан тілдік құбылыс. Фольклорда жиі кездеседі.

[3]  Әміркенски мәсі, етік ـ Әмірқан етік. Сол кезде ауыз екі тілде солай аталатын көрінеді. Орыс тіліндегі зат есімді анықтайтын сын есімді немесе сын есімденген сөздерді орысша қосымшасымен бірге қабылдауـ 19 ғасырдағы қазақ тілінің сөз қабылдаудағы бір құбылысы. Абайдың “самородный сары алтын, саудасыз берсең алмайды...” деген өлең жолындағы самородный (табиғи, қоспасыз деген мағынада, Абай тіліне қосымшасымен енген)сөзы бұл айтқанымызға айғақ.

[4]  опайке ـ бұзау терісінен өңделген былғары.

[5]  мәліскен ـ сырттық қалың мақтаның бір түрі. Өлең мәтініне қарағанда сөкінадан мәліскеннің арзан екендігі байқалады.

[6]  қола көбел ـ бұл сөздің мағынасын дәп басып айту қазірше қйын.Бұл көшірілген қолжазба өлең. Қола кобел емес құла төбел болуы да мүмкін. Ұ Әрпі о болып жазылып,  т әрпәның екі нүктесін қосып тез жазғанда к болып кету ықтималдығы да бар. Құла төбел дегені орташа дегені, бұл да мәтіннің мәнінен алшақ кетпейді. Бұл сөзды ойлы оқырманның талқысына қалдырдық.

[7] попыраш ـ орыс тілінен енген кірме сөз, мағынасы ораулы темекі. Орысша папиростың қазақыланған айтылымы.

[8]  разинке калош ـ орыс тілінен қазақ тіліне Абай дәуірінен бұрынырақ енген кірме сөз, қазірге дейін қолданылып келеді.

[9]  Әбділдабек Ақыштай ұлы құрастырған жинақ.«Абай туралы естегілер». 255-бет, Шинжяң халық баспасы, 2009-жылы маусым, 3-басылуы.

[10]  Мұхтар Әуезов.«Абайтану мәселелері». Жинақ. Шинжяң халық баспасы. 1994-жылы 1-басылуы, 62-63-бет. Құрастырушы ـ Әбділдабек Ақыштайұлы.

[11]  Мұхтар Әуезов. «Абай тану мәселелері». Шинжяң халық баспасы. 1994-жылы 1-басылуы, 107-бет.

[12]  Аталмыш шежіреның 207-208-беттері.

 

Қысқаша Түйін: Мақалада қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының қазірге дейінгі басылымдарда жарияланбаған бір өлеңі таныстырылады. Өлеңнің Шыңжаңдағы Текес өңірінен табылғанын сенімді дәледермен көрсетеді. Өлеңнің мазмұны мең тілдік ерекшелігіне талдау жасалады, кей сөздерге түсінік беріледі.

Сәйдінұр Мәуленұлы: (1976-) филология ғылымдарының магистры, Іле педагогикалық университеті Қытай тілдері институтының доценті. Құлжа қаласы, ҚХР, ШҰАР) 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052