Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5435 0 пікір 25 Наурыз, 2016 сағат 11:32

САЙЛАНҒАНДАРДЫҢ САПАСЫ СЫН КӨТЕРЕ МЕ?

Кешелі-бері жұрт назары сайлаудан «сүрінбей» өткен сайланушылардың тізімінде. Пайымға да, парыққа да қайшы парадоксқа толы осы сайлаудың дүлдүлдері айқындалып, әр партия өздеріне тиесілі мәжіліс креслоларына отыратын мандат иелерінің тізімін жариялады. Іштерінен іліп алар азаматтар ілеуде біреу демесең, алалауы аз емес аламанда аттарын ел естіп, жұрт көрмеген кандидаттар мәжіліске аттанды.

Пайым парасатымыздың өресінде Мәжілістің жаңа құрамына шолу жасап көрелік енді.

Әуелі билік басындағы «Нұр Отан» партиясының депутаттарына тоқталсақ.

Ертеде ескі таққа отырып, бір ауыз үн шығармаған депутаттар бұл тізімде аз емес. Мысалы, Аронова, Звольский, Жайылғанова, Казанцев, Каракен, Клименко, Шишигина сынды депутаттармен қатар, есімдерін ел білмейтін: Яковлева, Чирков, Хитуева, Шиповских, Щегельский, Унжакова, Суслов, Скляр, Симонов, Мусин, Нуркина сынды бірсыдырғы жап-жаңа депутаттар қосылды қатарға. Жоғарыдағы біз тізімдеп шыққан азаматтар Мәжіліс мінберінен орын алардай қандай еңбек сіңірді? Шын мәнінде халық осы кісілерге дауыс беріп пе еді?

Хош, отырсын делік, сонда бұл тізімдегілер ертең мінберден қандай мәселелер көтереді? Сөздің шынтуайтына келгенде біз бұл «кісілердің» саяси бағдарламаларымен неге таныс емеспіз? Халық өз болашағын өзі танымайтын тұлғалардың қолына ұстата қоймасы анық. Ендеше ешкім естімеген есімдерді кімдер сайлады деген доғал сұрақ туады.

Бұл ғимаратта бұрыннан келе жатқан «мәжілісмендердің» ішінде Парламенттің соңғы партасында отыратын, БАҚ алдында бір ауыз мәлімдеме жасап көрмеген  кей депутат қайта сайланды. Мысалы, Ольга Шишигина, Владимир Олейник дегендер не бітіріп жүр?

Күні кеше ғана қазақстандық ауыр атлеттер допинг дауыны іліккенде, Парламент мінберінен бір ауыз үн қатпаған Ольга ханым, үшінші мәрте депутат атанды. Ольга ханымның Парламенттегі негізгі міндеті дөп осы спортшылардың жоғын-жоқтау емес пе? Ол кезде Ольга ханым қайда жүрді?

Әуелгі бас партия ұсынған 127 адамның ішінен әртістері мен атлеттерін есептемегенде экономика, құқық саласында ісі мен сөзі өткір азаматтар неге сызылып қалды?

Өткен жолы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында зейнет жасына жеткен шенеуніктерге орындарын босату туралы нақтылап ескерткен еді ғой.
«Зейнетке шығудың нақты мерзімі бар, мен ондайлардың Қазақстан бойынша қаншасы отырғанын жақсы білемін. Бұл саяси мемлекет қызметкерлері үшін де қарастырылуы керек. Ал Президент тағайындайтын саяси қызметкерлердің кету мерзімін Президент өз шешімімен 1-5 жылға соза алатын ерекшелік бар», — деп нығырлап қойған-тын.

Өзі айтқандай-ақ, Мәжілістің жаңа құрамына бірнеше зейнеткер де енген екен. Қуаныш Сұлтанов, Серік Үмбетов пен Бақтықожа Ізмұхамбетов секілді алпыс пен жетпістің үстіндегі ақсақалдар туралы асылық сөз айтуды ерсі көрдік. Себебі, бұл кісілердің кейбірінің қызметтік мерзімін Елбасы өзі ұзартып берген.

Айтпақшы, бас партияның биылғы тізімінде көрер көзге оғаш тигені тағы бір жаңа есім – Артур Платонов.

Еліміздегі телеарнаның тілшісі әм тележүргізушісі Артур Станиславұлының Мәжілістегі майлы орынға жайғасуына қатысты жұрт пікірі екі ұшты. Википедиядағы өмірбаянында өнертанушы деп жазылған бұл азаматтың (ендігі шенеунік) Мәжілістегі міндеті қандай? Ол туралы алдағы уақытта кеңірек баяндай жатармыз.

Енді биліктің «бизнес-партиясына» ауысайық.

«Ақ жол» партиясының Мәжіліске өту-өтпеуі жоғарғы биліктің қалауында болғаны жасырын емес. Партия төрағасы Азат Перуашев мырзаның ел қазынасынан шетелге шығып кеткен 140 миллион долларды елге қайтаруды талап еткендігін біз жазған едік. Осы бір 140 миллионның сұрауы осы жолғы сайлауда үлкен рөл ойнаса керек. Партияның Мәжілістегі орындары «Ауылдың» еншісіне бұйыра жаздады.

Ең алғашқыда 34 кандидат ұсынған бұл партияда да елге есімдері мәшһүр азаматтар табылмады. Партия төрағасы Азат Перуашев мырзадан өзге, қызыл сөзге жүйрік Берік Дүйсембинов мырзаны атап көрсетпесек, өзгелеріне өзеуреп тұрғанымыз шамалы.

Сөздің шынтуайтына келгенде, Парламенттің депутаттығына ұсынылған жап-жаңа тізімді қарап отырып, елге танымал, ұлт үшін, ұлттың тілі мен ділі үшін жанын салып қайрат көрсететін азаматтарды таппай дағдарып қалдық.

Жаңа сайлаудан жаңару күткен ел – «Ақ жол» атынан додаға түскен ақын Қазыбек Исаны күтті. Алайда Перуашев мырзаның шешімі халықтың сенімімен үндеспеген екен.

Алаш арманын ұлттық мүдде жолында қалқан етеміз деп елді сендірген «Ақ жолдың» жеті депутаты (өңшең кәсіпкерлер) алған бағыттан айнып кетпесе игі еді.

Ал Коммунистерде еш өзгеріс жоқ.

Өздерін-өздері мерзімінен бұрын тарқатып жіберуді аттай қалап, атандай сұрап алған ескі Мәжіліс құрамындағы депутаттар жаңа Мәжіліске өздері баратын болыпты. Гереантакратиялық басқару жүйесінің бүгінгі ізбасарлары жасы сексенге жеткен Владислав ақсақалды бастап қайта жайғасты.

Бұл құрамда кімдер не деп еді?

Әуелі Владислав Косаревтан бастасақ, жасы биыл тұп-тура сексенге толды. Владислав Косаервтың зейнет жасын Елбасы ұзартып берді дейтін ешбір құжат жоқ. Алайда, парламенттегі депутаттың еңбегі оның жасына емес, біліктілігіне қарай ескеріледі деген төте теорема бар екенін ескерсек, Косарев ақсақалдың ақылына Жас Қазақстанның заң шығарушы органы мұқтаж дегенді білдіргені ме?

Әлсін-әлсін БАҚ алданда бет көрсетіп жүретін Жамбыл Ахметбеков мырза алдыңғы жылғы Президент сайлауынан кейін-ақ, жұрт назарын өзіне аудара білген-тін. Сол жолғы сайлауға дейін сая-көлеңкедегі депутат енді ең белсенділердің бірі. Хош, еңбек еткендікі.

Коммунистердің тағы бір депутаты Айқын Қоңыров мырза өткен жылы дағдарыс дендеп, қаржы қиындығы туа бастағанда қолапай ұсыныс айтып, көпшіліктің келемежіне айналған еді. Ол кезде депутат мырза, «нан бағасын 300 теңге дейін көтеру» туралы ұсыныс айтқан. Депутат Қоңыров мырза биыл да додада. Сіз бен біз болып, ерсілі-қарсылы ұсыныстарымен назарымызда жүрген Қоңыровтың тісінің арасынан шыққан әрбір сөзге жіті назар аударатын боламыз.

Айтпақшы, осы жолы Тұрған Сыздықов та депутат атанды. Өткен жылғы Президент сайлауында ел басқаруға ниетті екендігін танытқан Тұрған мырзаның мемлекеттік тілге шорқақтығын байқап қалғанбыз. Мемлекеттік тілді ресми тілмен жиі шатастыратын Мәжілістегі депутаттардың қатарын енді Тұрған Сыздықов толтырды.

Біз азды-кемді есімдерін білетін ескі әм жаңа депутаттардың аттарын атап, түстерін түстеп көрдік. Мәжілістеге үш партияның өзге де елге беймәлім депутаттары да біздің назарымызда. Сайланатындар сайланды. Хош көрдік. Енді сайланғандардың сапасы сын көтере ме деген жалқы сұрақ туады...

Нұргелді Әбдіғаниұлы 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377