БІР СУРЕТТІҢ СЫРЫ
немесе
ҚАҺАРМАН ГЕНАРАЛДЫҢ ҚАЙСАР ЖАРЫ
Назарларыңызға ұсынылып отырған суретте Кеңестер Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, генерал Сабыр Рақымовтың аяулы жары Құралай апайдың Қазақ радиосының сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қалыбек Атжанға сұбхат беріп тұрған сәті. Өзағаңдар өздеріне бұра тартып иемденіп кеткен қазақтың қаһарман ұлын БҰҰ-ға дейін хат жазып, бұлтартпас дәлелдермен нақтылап, ресми түрде өз халқымен қайта қауыштырған нағыз батыр апамыз осы кісі.
"Батырдың ұлты жайлы ізденуді доғарсаңыз, барлық жағдайыңызды жасаймыз" деген билік ұсынысы оны райынан қайтара алмады. Ала тақиялы ағайынның күллі сый-сияпат, қамқорлық құрметінен бас тартып, ұлттық мүддені бәрінен де жоғары қоя білген қазақтың қайсар қызының ерлігі қашан да ел есінен шықпауы тиіс. Оның өзбек үкіметі ұсынған атақ-марапатты мансұқ етіп, ақиқаттың ақ жолын таңдауын өз халқын шынайы сүюдің ұрпақтан ұрпаққа мұра болар нағыз патриоттық үлгі- өнегесі деп ұққан жөн.
Айтпақшы, Құралай Натуллаева халқымызға есімі азамат соғысының тарихынан кеңінен мәлім Әліби Жанкелдиннің қызы. Апайдың өзі де Сабыр Рақымовтың сенімді серігі, адал жары ретінде соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан. Әйгілі қолбасшының двизиясындағы дәрігерлік бөлімде әскери қызмет атқарып, талай жаралы жауынгерлерді ажал тырнағынан арашалап аман алып қалған. Есіл ерге снаряд жарықшағы тиіп қансырап жатқанда өзі де жараланғанына қарамастан басын сүйеп өлімнен құтқарып қалуға барын салған. Өкінішке қарай, соғыстың бітуіне небәрі бір айдан сәл астам уақыт қалғанда даңқты генарал алған жарақатынан есін жимаған күйі госпитальде көз жұмады. Кейіннен Құралай апай Сабыр ағамызға Кеңестер Одағының Батыры атағының берілуіне, сүйегін елге алып келіп жерлеуге елеулі үлес қосады. Ал мына сурет 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданындағы (бұрынғы Ленин ауданы) Сабыр ағаның кіндік қаны тамған Көкбел ауылында түсірілген болатын. Сол жолы немере інісі Шерхан аға бастаған ағайын-туыстары батырдың рухына бағыштап арнайы ас берді. Құралай апайдың жиын соңынан берген қазақтың біртуар даңқты ұлы Сабыр Рақымов туралы шындықпен ширатылып, ақиқатпен өрілген естелік сұбқаты көп ұзамай Қазақ радиосының эфирі арқылы тыңдарманға жол тартқан еді.
Abai.kz