АСТАНА ӘКІМІНІҢ ЕСЕБІ 30 МИНУТТА БІТІП ҚАЛДЫ
Астаналық үлескерлердің әкімдіктен үміті үзілді. Бүгін тұрғындар алдында есеп берген Әділбек Жақсыбеков: «алаяқ құрылыс компанияларына алданып қалған салымшылар мәселесін сот арқылы шешсін», - деді. Бұл жөнінде КТК арнасы хабарлады.
Елорда басшысы арзан баға ұсынып, жұрттың бар ақшасын жинап алатын жалған компаниялардан сақ болуға талай рет ескерткенін айтып ашуланып отыр. Жалпы, Жақсыбеков Астанадағы қоғамдық көліктер, кептеліс, медициналық көмек көрсету сапасына қатысты мәселелерді жарты сағатта тізіп шықты.
Жылда Астанада әкімі елді жинап есеп беретін Конгесс-Холлдың алдында биыл «орын жетпей қалды» деп шулап жүрген ешкім жоқ. Өйткені, қала басшысының баяндамасын тыңдауға келгендердің көбі мемлекеттік қызметкерлер мен шенеуніктер. Арасындағы аз-кем тұрғындардың жылдағыдай Жақсыбековке сұрақ қоямын деп микрофонға таласуына да мүмкіндік болмады. Себебі биыл бірінші рет Елорда басшысы көптің көзінше мәселе шешуден бас тартты. Әкім тек баяндамасынан кейін санаулы адамды жеке қабылдады.
Абай-ақпарат