Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
46 - сөз 6510 0 пікір 25 Ақпан, 2016 сағат 09:46

ГАУҺАР ЖҮЗІК


Бірде Ұстазға жас жігіт келіп, былай депті: 
— Маған сіздің көмегіңіз керек. Өзімді өмірде ешкімге керексіз, түкке тұрғысыз бейшара сезінемін. Өмір сүргім келмейді. Айналамдағы адамның бәрі мені қолымнан ештеңе келмейтін бейбақ, ынжық деп құлақ миымды жеп қойды. Сіз Ұстазсыз ғой, не ақыл айтасыз?! 
Бірақ Ұстаз жас жігітке көзінің қиығымен ғана қарайды да, асығыс жауап береді: 
— Кешір, айналайын. Қолым бос емес еді. Саған еш көмегім бола қоймас. Дәл қазір өте маңызды бір істі бітіруім керек, - аз-кем бөгеліп, - бірақ егер сен менің ісіме қол ұшыңды созсаң, онда мен де саған көмектесер едім, -дейді. 
— Құзырыңызға құлдық, Ұстаз, бұйырыңыз, — дейді жас жігіт мұны тағы да ешкім көзге ілгісі келмегеніне іштей қайғырып тұрып. 
— Жақсы, ендеше, — дейді Ұстаз, сол қолының шынашағынан асыл тасы бар бір жүзікті шешеді.
— Кермеде тұрған атқа мін де, қаланың ортасындағы базарға бар. Қарызымды қайтару үшін мына гауһар жүзікті дереу сатуым керек. Тезірек өткізуге тырыс. Бірақ алтын ділдәдан төмен бағаға келіспе. Ал, шап! Жылдам жет! 
Жігіт жүзікті алып шаба жөнеледі. Саудагерлерге жүзікті ұсынады. Бәрі оны қызығып қарай бастайды. Бірақ бағасын естіген соң теріс айналып кете береді. Бірі бетіне күліп кетті. Ақымақ екенсің деді. Тек егде жастағы бір саудагер ғана мынадай жүзік үшін алтын ділдә тым қымбат екенін ұғындырды. Ары кетсе бірнеше күміс тиын болар деді. 
Қарт саудагердің сөзін естіген соң жас жігіттің кәдімгідей жүні жығылып қалады. Ұстазының сөзін жерге тастай алмай базарды біраз айналсоқтап жүреді. Алтын ділдәға өтпеген соң атына мініп қайтып келеді. Ұстаздың бір ісін тиянақты бітіре алмағанына өкінеді. 
— Ұстаз, сіздің тапсырмаңызды орындай алмадым, — деп күмілжиді жігіт оның алдына келгенде. — Сатсам тек бірнеше күміс тиынға ғана өтпек, бірақ сіз алтын ділдәдан кем бағаға келіспе дедіңіз ғой. Ал, жүзік мұншалықты қымбат тұрмайды екен. 
— Сен қазір өте маңызды сөз айттың, балам! — дейді Ұстазы. — Жүзікті сатпас бұрын оның нақты құнын біліп алғанымыз артық болмас. Оны зергер айтпаса, кім айтуы мүмкін? Зергерге барып, жүзіктің құнын біліп кел. Осы жүзікті қаншаға бағалар екен? Бірақ ол қанша десе де, жүзікті оған қалдырмай өзіме қайтадан алып кел, - дейді. 
Жігіт қайтадан атқа отырып, шаба жөнеледі. Лезде зергерге келіп, жүзікті ұсынады. Зергер жүзікті ары да, бері де қарап шығады. Сосын үлкейткіш айнасын әкеп тағы біраз уақыт айналдырады. Әлден уақыттан соң ғана барып жігітке жауабын айтады: 
— Ұстазыңа айтып бар, қазір мына жүзік үшін оған елу сегіз алтын ділдә бере алам. Ал, егер тағы да мұрсат берсе, күткенін есепке алып жетпіс алтынға бағалар едім, - дейді. 
— Жетпіс ділдә?! — Жас жігіттің қуанышы қойнына сыймай, зергерге алғысын айтып, кері қайтады. 
— Мында отыршы, — дейді Ұстазы, жас жігіттің әкелген жақсы хабарын тыңдай отырып. – Бір нәрсе айтайын, сен соны ұмытпа, балам! Гауһар жүзік деген сенсің! Асыл тас, жақұтсың. Сенің құныңды тек танитын адам ғана айтар. Ендеше, неге базар жағалап, құныңды білмейтін, бір кездескен адамның сөзіне сенесің? 

Аударған Шынар Әбілдә

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1514
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3285
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5839