Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 5189 0 пікір 25 Шілде, 2016 сағат 15:53

ПОЛИЦЕЙЛЕР - НАҒЫЗ БАТЫРЛАР

Ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймыз. Бірақ әркім өз сөзіне өзі жауап береді. Алматыда болған қайғылы оқиғалар кезінде көбіміз абдырап, не істерімізді білмей жатқан кезде кейбір адамдар әлеуметтік желілерде полицияға қарсы қара өкпесін төгіп жатты. Бір отбасылары қайғы-қасіретке душар боп жатқанда, адамға көңіл айту – міндет. Табалау – күнә. Тіпті, полиция образдық сөз болса да... Өз басым полиция қызметкерлерін ерекше сыйлаймын. Осы жасқа келгенше мен кәсіби біліксіз полиция қызметкерлерінен гөрі диагноз қоя алмайтын, ақшаны кассаға емес, тартпаға салуды өтініп, ылғи тек белгілі бір дәрілердің тізімін жазатын дәрігерлермен, бір анықтама үшін жүгіртіп, қазақша сұрағыңа орысша жауап беріп, әр сөзіңе немқұрайлы қарап, не жекіріп беретін, мәселені тезірек шешу үшін бір-екі мың теңге дәмететін ЦОН қызметкерлерімен көбірек кезіктім. Ал полиция қызметкерлері – нағыз батырлар! Мен үшін!

Кішкентай кезімде екі полиция қызметкері, бірі – қазақ, бірі – орыс мені жоғалудан аман алып қалған. Шынын айтсам, 15 жыл ата-анам мен ата-әжем Алладан тілеп алған перзентпін. Марқұм атам 60-қа таяған шағында тұңғыш немересін сүйген соң, бұл отбасы үшін қаншалықты қымбат адам болғанымды бағамдай беріңіздер. Ол кезде біз Алматының Алатау совхозында («Қазақфильм» ықшам ауданынан жоғары) тұратынбыз. Үйде екі әжем бар. Қазанда бидай қуырып жатқан. Мектепке де бармаған шағым. Есімді білетін кез, әйтеуір. «Сағыз алуым керек, маманың жұмысына кетуім керек» деген ой келді де, үйден бірдеңе етіп шығып кеттім. Төмен қарай кетіп барам, кетіп барам... Бір көшемен келе жатқандай едім, бір кезде бір жолдың өзі төртке бөлінді. Басым айналып кеткендей болды. Қорқа бастадым. Апамды іздеймін «жүгірмек» деп шыбығын ұстап келе жатыр ма деп... Бір кезде біреу қолымнан ұстап алды. Қарасам, кәдімгі орыс милиционері. Орысша бірдеңелерді айтып жатыр. Түк ұқпаймын. Біраз уақыттан кейін қазақ әріптесін шақырып алды. Қалталарынан «мишка косолапый» деген шоколадты шығарып, қолыма ұстатты. Сол сәтте-ақ жеп алдым. «Қайдан келдің? Ата-анаң қайда?» - деп күлімсіреп сұрап жатыр. Басында әжептеуір жауап беріп жатыр едім, кейін шатаса бастадым. Құдай оңдап, сол маңнан Қапиза апа деген көршіміз жүгіріп келіп: «Ойбай, мынау бала - анау үйде тұратын соғыс ардагерінің немересі! Маған беріңіз!» - деп еді, полиция қызметкерлері қырағылық танытып, «Сізбен бірге барамыз, бұл бала сізді танымай тұр» деп сене қоймады. Содан біраз жер жүріп, екі полиция қызметкері мен Қапиза апа үйдің есігін қақты. Апам шықты. «Немереңіз қайда?» - деген сұраққа «Үйде!» деп жауап берді. «Ал мына бала кім онда?» - деп еді, апам шалқасынан құлай жаздады. Әйтеуір, қан қысымы көтеріліп кетті. Кеште атам «бір балаға қарай алмайсыңдар» деп бәріне ұрысып, есікті сырттан құлыптап кету туралы шешім қабылданды. Сырттан құлыпталған есіктен шыға алмай талай жылағаным есімде. Бірақ бұл оқиғадан кейін полиция мен үшін мейірімді, жақсы балаларға шоколад тарататын адамдар сияқты елестейтін. Бала қиялымызға екі батыр азамат осылай зор әсер еткен еді. 

...Ал 2010 жылы ЕҚЫҰ саммиті өтті. Журналистерді ары-бері полиция қызметкерлері бар автобустар тасыды. Сонда бір полиция қызметкерімен таныстым. Жасы үлкендеу кісі екен. «Сендер, журналистер байсыңдар ғой, жалақыларың қанша?» - деп қояды. Қарапайым, ақкөңіл, әңгімешіл азамат екен. Жалақысы 50-60 мың теңгенің ар жақ-бер жағында екен. Әйелі – қарапайым мұғалім. Екі баласы бар. Астанада пәтер жалдап тұрады. Әйтеуір, тұрмыстық қиыншылықтарын күліп айтып отыр. Бұл барлық полиция қызметкерлерінің ортақ портреті емес пе? Тауқыметі де бір. Кеште журналистер боп қонақүйлерге жиылып, жылы бөлмелерде әңгіме айтып отырғанымызда, терезенің ар жағынан минус 40-тың шамасындағы суықта, қақаған аязда тоңып-бүрісіп полиция қызметкерлері біздің қауіпсіздігімізді бағып тұрды. Қаншасы сол суықта денсаулықтан айырылды?! Терезеден қарап, жаным ашып отырды. Бағанағы әңгімешіл ағаның сол суықта тұрғанын ойлап тағы уайымдай бастадым. 
Мен осы жасқа келгенше патриот, қазақ десе жүрегі елжірейтін полиция қызметкерлерімен көбірек кездескеніме, сұхбаттасып, пікір алмасқаныма қуанамын. Әрине, көбіне-көп жол-жүру ережелеріне байланысты көптеген наразылықтарыңыз бар. Пара дәметеді деп әр жерде тұрған полиция қызметкерінің шешесін оттап өтесіздер... Ал неге сіздер заң бұзасыздар, неге айыппұлды төлеуге ерінесіздер? Еуропа, Еуропа боламыз дейміз. Онда Еуропадағыдай заңдарды сақтаудан, полицияны құрметтеуден неге бәрін бастамасқа?! 

Біз полицияға қарсы топтасқан ұйымдар немесе жекелеген адамдар болса да, қандай да бір шабуылдардың ұйымдастырылуына, қарсылықтың өршуіне жол бермеуіміз керек. Олар қоғамды қорғаудың бірінші сапында тұр! Олар құрметке лайық азаматтар. Қаза тапқан батырларымыздың жандары жәннатта болғай! Алла алдарынан жарылқағай!

Кәмшат Тасболат

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578