Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 9087 0 пікір 21 Шілде, 2016 сағат 13:54

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ. ТАРИХ ТАЛҚЫСЫ – ҮЛКЕН СЫН (жалғасы)

Жалғасы. Алдыңғы бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

Жас мөлшерiмен ақыл-ойы ерте есейген данышпан жалғыз Мұхтар емес. Бұл сөздi жазғанда ол жиырма бес жаста. Бiрақта түңiлiп айтсақ та, асырып айтсақ та мейлi, төл ұлтымыздың бойындағы дертi жөнiндегi уәжi әлi де сол “дерт” қалпында сақталып, ем қонбай жатқаны да шындық-ау. Ол кезде Мұхтар ел басқарып, бiр губернияның төрағасы атанған, мемлекетттiк аппараттың жауапты қызметкерi едi. Сонда да араға тура он жыл салып барып, өзiнiң осы пiкiрiнен бас тартатынын, әрине, пайғамбар емес, сондықтан болжай алған жоқ. 1932 жылы түрменiң құрсауынан құтылу үшiн: “Менiң өткендегi жазушылық қызметiмнiң айқын белгiлерi “Еңлiк-Кебек” пен “Қаракөз” сияқтылар едi. Бұлар бүгiнгi төңкерiс дәуiрiнен алыстаған қазақ салтын көрсетумен қатар, өздерiнiң екшелiп алған тақырыптары бойынша төңкерiс тематикасынан әдейi аулаққа жайылып кеткендiктi және ұлтшыл жазушылардың тобына кеткендiктi бiлдiретiн нәрселер”-деп, өзiнiң алғашқы пiкiрiнен айнып шықты. Уақытша. Бұл өзiнiң бүкiл шығармашылық жолына берген “жалпы бағасы” да едi. Сонда да 1917 жылдың көктем, жаз айларында дүниеге келген “Еңлiк-Кебек” трагедиясынан сыншылардың да, өзiнiң де таптық сыпат iздеуi тым ұшқарылық. Өйткенi, автор белгiлi бiр мақсатты алдына қоя отырып көркем шығарма жазатыны анық қой. Сол үшiн де тарихи оқиғаны таңдап алған.

Себебi...

Тарих талқысы – үлкен сын. Өткенiн ұмытқан, байырғы оқиғаларды санасынан шығарып, одан тағылым алмаған халықтың келешегi үмiтсiз. Тарихи жадтың өшуi, өзiнен-өзi сын көзбен үңiле бiлмейтiн мардамсу – сол елдiң қоғамдық дамуындағы дәрменсiздiктi тудырады. Қазақ қауымының кешiгiңкiреп барып қозғалысқа түскен рухани түлеуi – ұлт өмiрiне серпiлiстер әкелдi. Сананы жаңғыртатын ықпалды күш – өнер болатын. Аристотель: “Трагедия – адамдардың iс-әрекет, қимылын ашады, тарих – деректердi анықтайды. Трагедияның мақсаты – үрей мен жанашырлық сезiмiн ояту, сол арқылы тағдырдың оқыс иiрiмдерiн көрсету, ал тарих – ондай мiндеттi атқармайды”, - деп өнер құдiретiн жоғары қояды. Тарихи тақырыптың көкейкестi заманауилығының күшi – қатты қақтығыстар арқылы адам санасын оятуы. Ел өмiрiндегi өксiктi оқиғаларды алға тарта отырып, творчество иесi өзiнiң көкiрегiне толған ащы запыранды сыртқа шығарады. Бұл жанрда 56 пьеса жазған Шекспирден артық азап шеккен суреткер жоқ. Ол ағылшын, дат, нидерланд, итальян жұртшылығының әр кезеңдерiндегi сұмдық сұрапылдарды трагедия арқылы көрсетiп, жан ашуын жеткiздi. “поэзияның шыңы – трагедия... Өлеңмен жазылған драма – көрермендердi идеялық-психологиялық тұрғыдан тәрбиелеу үшiн аса қажет” - дейдi “Еңлiк-Кебектi” орыс тiлiне аударған ақиық ақын Илья Сельвинский. Жиырма жасар Мұхтардың трагедияны таңдауы да тегiн емес. Бұл “Жолсыз жаза” оның сол кездегi жүрек буырқанысын, санадағы ой сабылысын, көзқарасын жеткiзуге толық мүмкiндiк бередi.

Ол “Еңлiк-Кебек” трагедиясы арқылы бүкiл феодалдық қоғамға, әлi де сол тозған дәуiрден етек-жеңiн жиып ала алмай “феодализмнiң қураған мүйiзiнен” тас қып ұстап тұрған билерге шырға тастады.

Тартыстың басты тұтқасы етiп ғасырлар бойы халықтың бiрлiгiн iрiтiп, “Алты бақан алауыздыққа ұрындырған” ру арасындағы жiкшiлдiктi алды. Бұл мерез мiнез – елдiң елдiгiн кетiрген ең дерттi мәселе болатын. Ералыдағы Еңлiк пен Кебектiң қабiрi – сол дәуiрдiң қаталдығын әшкерелейтiн заман бетiндегi қара сүйел сияқты едi. Қанды оқиғаның негiзгi айыпкерлерiнiң үрiм-бұтағы тiрi, тiптi Мұхтардың өзiмен аралас, дос-жар адамдар болатын. Кеңгiрбайдың жылқының жал-құйрығын араластырып соққан кешенiне қалың жұрт тәу етiп, әулие тұтып, табынатын кез едi ол. Мұхтардың өзi де сан рет барған. Ал, сол мазардың батысында Нысан Абыздың да қабiрi мұнартып көрiнетiн. Шығысында қос ғашық мекенi, қос төмпешiк-қабiр, иесiз бала еңiреп қалған Ақшоқы биiгi де көзге күйiк боп басылатын.

Тарих құбылысты санада саралау арқылы көркемдiк шындықты шынайы жеткiзу және ондай дәрежеге тұңғыш шығармасы арқылы көтерiлу – кез-келген таланттың маңдайына жазылмаған. “Еңлiк-Кебек” арқылы Мұхтар сол шырқау биiкке көтерiлдi. Он тоғыз-жиырма жастарында “Гец Фон Берлихингендi”, “Қарақшыларды” жазған Гете мен Шиллер өзiнiң iшкi буырқанысын күйттеп, оқиға мен кейiпкерлердiң iс-әрекетiне тарихи аңықтама iздеп әуре болмады. Олар өздерiнен бұрынғы тарихшылардың жазбаларын пайдаланып, сол деректерге көркемдiк шындықтың шапанын қигiздi. Мысалы: бiрде бозбала Гете анасынан: “Кеше мен кiтапханадан сондай қызық кiтапты қолға түсiрдiм. Ендi соның негiзiнде пьеса жазып шығамын. Темiр бiлекте батырды көргенде қорқаулардың көзi қалай шарасынан шығар екен. Қылыш ұстаған темiр саусақ – қандай ғажап” -дептi. Ол кiтап – “Немiс заң ғылымдарының даму тарихының негiздерi” атты зерттеу екен. “Гец Фон Берлихингеннiң өмiрнамасы” деген басылымға сiлтеме жасалады. Гете оны да табады. Бұл – Берлихингеннiң өз мемуары болып шығады. Мiне, осындай бай қазынаны игере отырып пьесаны жазады. Ал Шекспир тарихи драмаларына Уолтер Ричард Графтонның “Ағылшынның қысқаша тарихы” (1562 ж.), 1565 жылы шыққан Джон Стоудың “Тарих-намасы”, Рафаэл Холиндшедтiң “Англия, Шотландия хроникалары” (1587 ж.), У. Болдуиннiң “Әмiршiлерге арналған айнасы (1587 ж.), Сэмтоль Даниельдiң “Альбионның англиясы” iспеттi зерттеулерде баяндалған оқиғаларды арқау еттi. Тек “Ричард III” трагедиясына қатысты Бэконның “Генрих VIII тарихы”, Руздың “Ағылшын корольдарының тарихы”, Полидар Вертилиннiң “тарихы”, Томас Мордың көркем тiлмен баяндалған “Король Ричард III тарихы” атты еңбектерi бар болатын. Осы жазбалардағы деректердi көркемдiк жинақтау қуатты талант иесiне онша қиындыққа түспеген. Бұл материалдар олардың ойына қозғау салған.

Мұндай мүмкiндiк Мұхтарда болған жоқ. Ол өзiнiң қиял-күшiне, рухани түйсiгiне ғана сендi. Қоғамдық дамудың ағымы, қазақ елiнiң басынан кешiрiп отырған әлеуметтiк қарым-қатынастар, жүректе лықсыған ащы ой запыраны қолға қалам алуға мәжбүр еттi. Ол өзiнiң суреткерлiк қабiлетiне, күшiне күмән келтiрмедi. Шығарма жазу – оның, сол кездегi басты өмiрлiк кәсiбiне, рухани мақсатына айналды. Талант өз күшiне өзi сенсе ғана түлемек. Қолға қалам алуға итермелеп, көңiлдегi көп буырқаныстың отын тұтататын тамызық-шақпақ сол сенiм, сол рухани қажеттiлiк. “Мен өзiмнiң барлық ғұмырымда, дәлiрек айтсам, менi сүйiндiрген, күйiндiрген, тiптi назарымды аударған болмашы оқиғаның өзiн образға, өлеңге айналдыруға асықтым, сол арқылы өзiммен-өзiм есеп айырыстым, қоршаған әлем жөнiндегi өз ұғымымды тексерiп-түзетiп, iштей үлкен қанағат тауып отырмын. Поэтикалық дарын кез-келген адамнан гөрi маған аса қажет едi, өткенi менiң болмысым менi бiресе өрге, бiреге көрге жетелейдi. Сондықтан да осы уақытқа дейiн менiң жариялағандарым – азаптан арылуға ұмтылған үлкен құштарлықтың ұшықтары ғана”- дейдi Гете шығармашылық құдiреттiң қажеттiлiгi туралы. Мұндай көңiл күй Мұхтарды да баурап алған едi.

Жазу – ол үшiн рухани қажеттiлiк. Ой соқтылықтан арылудың ең сенiмдi жолы едi. Қағазға жазылған тарихи шежiре тапшы болса да:

 

                             Өткен адам болады көзден таса,

                             Өлдi, өштi, оны ешкiм ойламаса.

                             Ол кетсе де белгiсi жоғалмайды,

                             Керектiсiн ескерiп ұмытпаса, –

 

деп Шәкерiм айтқандай, Мұхтар атадан балаға ауыз екi әңгiмеленген аңыз, дастандарға сүйенедi. Мысалы:

Пьесадан бұрын дүниеге келген Мағауияның “Еңлiк-Кебек”, Шәкерiмнiң “Жолсыз жаза” дастандарындағы адамдардың да, жердiң де аттары бiрдей. Үшеуiндегi оқиға да, тартыс та ұқсас. Сондай-ақ оқиғаның желiсi де “Жолсыз жазаның” жолымен тартылған. Дастандағы пейзаждардың, тұрмыстық сыпаттардың барлығы сахналық көрiнiске ауысқан. Диалогтардағы сөздердiң арасына Шәкерiмнiң өлеңдерi шумақ-шумақ күйiнше сол қалпында алынған.

Алғашқы шымылдық ашылғанда Нысан Абыз сахнаға шығады. Дастанда абыздың әйелi Таңшолпан жоқ. Пьесада ол да сәуегейдiң бiрi боп көрiнедi. Оқиғаның ұйтқысы “Жолсыз жазада” да, “Еңлiк-Кебекте” де нысанның Кебек батырдың болашағы туралы бал ашуынан басталады. Екi шығарманың жанрлық ерекшелiгiне қарай бiрi – өлеңмен, екiншiсi – қара сөзбен баяндалғаны болмаса мағыналарында ешқандай айырма жоқ. “Еңлiк-Кебектiң” бiрiншi ңұсқасында (1917 жылғы) Мұхтар Шәкерiмнiң  “Жолсыз жазасының” сахналық нұсқасын жасағанын жорамалдауға болады. Кейiн баспаға дайындағанда қайта өңдеп, тың оқиғалар мен кейiпкерлер қосып, дербес шығарма дәрежесiне көтерген. Соның өзiнде де 1922 жылғы нұсқада Шәкерiм дастанының iзi, ұзын ырғасы сақталған. Шындыққа көз жеткiзу үшiн шағын бiр үзiндiнi салыстырумен шектелемiз. Өзге ұқсастықтарды талдау барысында зиялы оқырманның өзi де аңғарар деп үмiт артамыз. Сонымен:

“Жолсыз жаза”, Абайдың толғауы:

 

                             “Шырағым бал аштым деп мал алмаймын,

                             Ол үшiн саған ақы сала алмаймын.

                             Жаман айтсам жабығып қала көрме,

                             Жанның сөзi жасырып қала алмаймын.

 

                             ... Мұнлы қоңыр даусы шықса зарлап,

                             Ықтиярсыз кетедi бой шымырлап.

                             “А” дейдi де тыңдайды анда-санда,

                             Құлағына кеткендей жан сыбырлап...

 

                             ... Нысан абыз қысылып батқан терге,

                             Қарады да сөйледi Кебек ерге,

                             “Ажалың биiк қабақ сұрлау қыздан,

                             Батырым ондай қызға көңiл бөлме.”

 

                             ... Қара жартас түбiнде кез келедi,

                             Шырығым сондай қыздан сақтанып жүр.

                             Әдейi iздеп бармассың кез боларсың,

                             Кез болсаң алыс емес, тез боларсың.

 

                             “Сақтық та қолық жүрмес – деген бар ғой,

                             Сақтанбасаң артқыға сөз боларсың”,

 

 

“Еңлiк-Кебек”, 1922 жылғы нұсқа:

“Абыз: Ал пiрiңмiң, пiрiңмiң – пiрiңнен туған ерiңмiн.

Аз ұл олжай iшiнде – таңдап бiр қоңған жерiңмiн. (Бақсының сарынынан бiр талай сөздi өлеңдетiп айтып келiп, анда-санда маңқылдап, балдырлап) мұндай шiркiн не дейдi?!... Алтын берсең алмаймын, айтқаныңа нанбаймын. (Сiлкiнiп басыңдағы тақиясын ұшырып жiбередi, аздан соң қызуланып тағы сөйлейдi, үйдiң iшi шылдырлайды, аздан соң шаңқ етiп) Қыз?! Қыз ба? Не дейдi? Сұрлау?... Ей... Ой, шiркiн... Жартас дейдi (Үйдiң iшi тағы шылдырлайды, тоқтап терiн сүртiп алып, басын шайқап) батырым! Сұңғақ бойлы, биiк қабақ, сұрлау қыздан ажалың бар. Ол қыз қақпақ жартас түбiнде көз болады, көз болса, кешiкпейдi, тез болады, сақтықта қорлық жоқ, осы сөздi есiңе ал!”

Бiрi – ұстаз, бiрi – шәкiрт есептi екi адамның жазған шығармаларының өзара ұқсап тұруының пәлендей айып-шамы жоқ. Мұхтарға “Жолсыз жазаны” Ақыштың ұзатылу тойына қойылуына рұқсатын берген шәкерiмнiң өзi. Оған делдалдық жүргiзген – Тұрағұл. Сондықтан, бұл арада таңданатын ештене де жоқ. Және дәл сол Жидебайда, пьесадағы кейiпкерлердiң ұрпағының iшiнде тұрып поэмаға қандай да бiр өзгерiс енгiзудiң өзi мүмкiн емес-тiн. Екiншiден, Мұхтардың өз жаңалығы да бар. Ол – оқиғаның өзегiн билер айтысына құрды. Бұл феодалдық қоғамның iрi қайраткерлерiнiң образы арқылы әлеуметтiк жағдайдың сыран ашуға желi тартты. Трагедияның түп тамырын шешендiк өнерiмен, билер кеңесi арқылы ашқан ең үздiк туындының бiрi осы “Еңлiк-Кебек”. Үшiншiден, сол тұста Еуропа мен Ресей сахналары символизмнiң шарпуында болатын. Мұхтардың өзi метерлинктiң абстрактiлi пьесаларын сүйiп оқып, қатты елiктеп “Қыр суреттерi” атты символикалық әңгiмелер жазғаны да мәлiм. Нысан абыз сияқты көрiпкел-балгерлердiң ол үшiн ерекше жұмбақ құбылыстың, iшкi тұспалдың сәттi тоғысындай көрiнуi заңды да. Көзсiз болашақтағы тағдыр зауалы алдын ала анықталып койылғанына қарамастан Кебек пен Еңлiктiң (Метерлиникте – соқырлар) сол дүлей күшке қарсы жүруi де адамзаттың әлдебiр тығырыққа кеп тiрелетiнiн мегзейдi.

Яғни, адам жақсылыққа қанша ұмтылғанмен де жазмыштың пешенеңе жазғанына көнесiң одан аса алмайсың деген тұспал.

Он жетiншi – жиырма жетiншi жылдардың арасында Мұхтар осы бiр түңiлуге толы толғанысты, эмоциялық экзотиканы “шығармашылдығындағы сарыны бөлек көңiл күйi етiп алып едi”. Пьесадағы идеялық нысана, өңдеулер мен толықтырулар, сахналық шешiмдер қақында Рымғали Нұрғалиев пен Бағыбек Құндақбаев өз монографияларында егжей-тегжейлi қарастырғандықтан да, бiз тек тарихи тұлғалардың өмiрлiк деректерiне тоқталамыз. Еңлiк-Кебек оқиғасы қай заманда өттi, оған себепкер болған кiмдер? Бұл да жауабын табуға тиiстi түйткiлдi толғаудың бiрi. Шығарманың өмiрлiк шындығына көз жеткiзу де қызықты жайт. Алайда, одан гөрi ғасырлар бойы екi елдiң арасына сынадай қағылған өмiрдi бiлу үшiн де қажет-ау. Қажет. Мұхтар айтқандай, “сол бiр дерт” – дерт күйiнде қалып отырған қазiргi күнде де “көкейкестiлiгiн” жойған жоқ-ау, жойған жоқ. Сонымен:

                                     Келгенi тобықтының осы маңға,

                                     Мың жетi жүз сексенге тақалғанда.

                                     Елдi бастап әкелген Мамай батыр,

                                     Орда, Көкен, Ащысу, Доғалаңға -

 

деген Шәкерiмнiң сөзiне жүгiнсек, бұл оқиға XVIII ғасырдың жетпiсiншi-сексенiншi жылдары аралығында Шыңғыс тауының алқабындағы кiшi Орданың балақ сiлемiнде өттi.

Iргелес қоңыстанған екi елдi ығыр еткен ерегес, көкiрек қынжылы – жер дауынан тұтанады. Оның түп төркiнi былай.

 

(жалғасы бар)

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5335