Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 4992 0 пікір 11 Шілде, 2016 сағат 13:39

НӘПСІҢІЗ ҚАЙ КЕЗДЕ МҰСЫЛМАН БОЛАДЫ?

Діндарлар әлемнің жаратылуын "Алла жасырын қазына еді. Өзін танытқысы келді..." деп басталатын тәмсіл арқылы түсіндіреді. Алайда адамның жаратылуындағы мақсат - Алланы таныту екендігі көп айтыла бермейді. Рас, адам мен жынның Аллаға құлшылық етуі үшін жаратылғандығы туралы аят бар. Сонда біз жаратылу мәні деп ұғындырылатын құлшылықты қалай түсінеміз?

Егер Аллаға жасауға лайық ең басты құлшылықты сәжде деп қабылдасақ, онда біз өмір салтымызды соған лайық етіп құруға тырысқан болар едік. Пайғамбарлар да бізге сондай өмір салтын қалыптастырған болар еді. Демек біз құлшылық мәнін толықтай ұғына қойған жоқпыз. Себебі ғибадатқа бөліп жүрген уақытымыз тым аз. Яғни, біз түсінген Құран аятына үйлеспейді. Сондықтан біз құлшылықты қызмет деп қабылдаймыз. Жай қызмет емес, Аллалық қызмет. Мән берсек, мына әлем Алланың Әмірі арқылы жүзеге асатын қалтықсыз қызметке бағындырылып тұр. Адамға тән барлық іс - әрекеттің негізі - Алла. Оны аталарымыз бір ауыз сөзбен "Құдайсыз қурай да сынбайды" деген. Біз құлшылық деп осы Аллалық қызметтің адамға алмасуын айтамыз. Адамның жаратылыстық табиғаты Раxман Раxимге лайықталған.

Дәлел қажеттілігі үшін айтарымыз, Алланың адамды өзіне ұқсастыра жаратқандығы туралы аят. Қош, сонымен адам Аллалық ол сипатқа қашан қол жеткізеді? Дұрыс. Кәміл иxсан болған кезде. Ал оған біз қалай қол жеткіземіз? Тағы да дұрыс. Нәпсіміз мұсылман болған кезде. Соңғы сауал. Нәпсі мұсылмандығы қалай айқындалады. Иә, Алланың бізді не үшін жаратқанын білген кезде.

Ғибадатымызды құлшылық деп қабылдасақ, оны ұдайы жасап жүрмегендігіміз өзімізге мәлім. Ал басқа тіршілік қамы үшін жасап жатқан іс-әрекеттеріміз жоғарыда біз келтірген аятқа сәйкес келе бермейді. Ол аятты басқаша өз ыңғайымызға орай тәпсірлеуге, кім де болсын тәуекел ете қоймайды. Сондықтан бізге жүктелген міндет Аллалық қызметті атқару екендігін қабылдауымызға тура келеді.

Ұғынықтылық үшін айтайық. Ана баласы үшін отқа да, суға да түседі. Ананың баласына деген осы адами болмыс бүкіл адамзатқа мейріммен қарауға алмасқанда ол Аллалық қызметке ұласады. Ол сипаттардың негізі біздің бойымызда бар. Ол тек біздің жеке мүддемізге қызмет атқарады. Біз тек соны бүкіл адамзатқа жақсылық жасауға лайықты етіп қайта құра алсақ болды. Құлдық қызмет дегеніміз сол.

Ислам діні бұл түсінікті кәлима шаxадатқа кіргізіп жіберген. Қайталап көрейік: "Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұxаммед оның құлы, әрі елшісі."

Біз осы кәлиманың тек құлы деген сөзінің мәнін ашуға тырыстық. Ондай құл болудың үлгісін бірінші xалифа Әбубәкір көрсеткен. Ол барлық адамға ананың баласына деген мейрімінің Аллалық сипатқа алмасқан кезде қандай болатындығын ұғындыру үшін " О, Алла мені тозаққа өзге адам кіре алмас үшін барлық тозақты жалғыз өзім толтыратындай етіп үлкейтші" деп дұға жасаған. Бұл - адамның Аллаға орынбасарлық сипатының көрінісі. Сол деңгейге көтерілген кезде бүкіл жаратылыс адам қамқорлығының аясында тұрады. Біздің адамды тану қажеттілігі туралы айта беретіндігіміз сондықтан.

Жалпы әр адам не айтса да өзін айтады. Дұрысы - көргенін айтады. Әзірге мен олардан біреуге жақсылық жасай қояйын деген ниетті байқай қоймадым. Бәрінде кезенген бір-бір мылтық. Ал ол заңдылық. Соңғы шек жақындаған сайын жең ішінде жасырынған жұдырықтар сыртқа шыға бастайды. Менің оппоненттерім бұдан бір нәрсе түсіне қояды деп ойламаймын да. "Оларға айттың не, айтпадың не, олар түсінбейді. Себебі, жүрек көздері бекітілген" дегенге саятын аят бар. Біз тек соның ашылуын тілеп Аллаға қол жайып дұға жасап қоямыз. Алла Тағала баршаңызға руxаният тағлымын түсініп қалуды нәсіп етсін!

Құдияр Біләл

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5627