Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 5551 0 пікір 6 Шілде, 2016 сағат 11:42

АСТАНА КҮНІ ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕГЕ АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

Жыл сайын 6 шілдеде тойланатын Астана күні мейрамы – бүкілхалықтық мейрамға айналып келеді. Бұл сөзімізге илану үшін, жәй ғана газет бетіндегі немесе ғаламтор сайтындағы мақаланы оқып қоймай, тамашаны әр адам өз көзімен көруі керек. 4 шілде күні біз осындай тамашаға куә болдық. «Хан шатыр» сауда және ойын-сауық орталығының алаңқайындағы «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты көшпенділер өркениеті фестивалінің аясындағы екі бірдей мерекелік шара көңілімізден шықты. Әсіресе алматылық «Тал бесік» өнерпаздар ұжымының «Тал бесік» атты тұрмыс-салт, музыкалық фольклор думаны жиылған жұрттың құрметіне бөленді.

«Тал бесік» ұжымының қыз-жігіттері қазақ халқының бүгінгі таңда ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерін жаңғыртты. Атап айтсақ, «Бастаңғы», «Аужар», «Құдаласу», «Жарапазан», «Тойбастар» сияқты ұлтымыздың асыл құндылықтарын халыққа түсінікті тілмен, әуелеген әнмен, қазақы қалыппен жеткізді. Шыны керек, әнші, өнерпаздардың ғажайып дауысы, қазақылық бет-бейнесі, үстіндегі киімі, сахнадағы жүріс-тұрысы көпшілікті сүйсінтті. Жарасымды болғаны сол өнерпаздар жиылған халықты фольклор думанына белсенді араластырып отырды. Әже-апаларымыздың аужарды, тойбастарды шырқағаны, кішкене баланың жарапазан айтқаны әсерлі болып шықты.

- Қазір үлкендер де, жастар да кейбір дәстүрлерімізді ұмыта бастады,- дейді «Тал бесік» фольклор думанының мүшесі Есенай Ілиясов. – Мысалы, аужар. Ұзатылатын қыз сыңсу айтқаннан кейін, аужар орындалады. Аужарды сол қызға ғашық болған ауылдағы жігіттер айтатын болған. Тіпті қыздың жеңгелері күйеу жігіттің жақсы немесе жаман қасиеттерін әнге қосып жеткізген. Ұзатылатын қызға деген қимастық сезімдерін ашық білдірген. Бір өкінішті жағдай, қазақтың қыздары қазір сыңсу айтпайды. Айтқан күннің өзінде, мыңнан біреуі ғана кездеседі. Осыған көңілім толмайды.

Есенай Серікұлы «Беташар» салтының да өзінің тәлім-тәрбиелік мәнінен айрылып бара жатқанына қынжылады. Оның айтуынша, бұрынғы заманда қыздың бетін ашатын ақын-жыршылар бір ауылда 10-15 күн жатып, беташар жазған. «Қазіргі  «Беташар» бұрынғынікіне ұқсамайды. Көбінесе оны шоуға айналдырып алдық. Тіптен төрт сәлем салатын беташар деген шықты. Оның өзінде жаттанды, жауыр болған сөздерді қолданады. Ал бұрынғы заманда ақын-жыршылар ауылға 10-15 күн жатып, беташар жазған. Яғни, бұл салтымыздың тәрбиелік мәні, ұлттық реңкі басқаша болған»,- деп ой бөлісті Е. Ілиясов.

-         Ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатымен «Тал бесік» атты фольклорлық топ ашудағы мұратымыз біреу,- дейді ол. – Әр ұлтты салтынан, дәстүрінен таниды емес пе?!. Жаңа ұрпақ «Біз кімбіз? Қандай ұлттық салт-дәстүріміз бар?» дегенде осындай өлмейтін дәстүрлерімізді көрсетуіміз керек. Себебі, тарихы аса бай, баға жетпес ұлттық құндылықтарымыздың бәрі шаң басқан сөрелердегі кітаптарда қалып қоюда. Сондықтан Астана күні сияқты халықтық мерекеге осындай думанымызбен келдік. Ол өткен жылы «Тал бесік» ұжымының «Ұрын бару», «Қыз қашар», «Ұйқыашар» сияқты дәстүрлерді көрсеткенін есіне түсірді.

Есенайдың пікірінше, Астана күнінің Ораза айтымен тұспа-тұс келуінің өзі жақсы ырым. Алайда Айт мерекесін қазақтың әлі жатсынып жүргені рас. «Айт мейрамын да жатсынып жүргеніміз шындық. Айт қабыл болсын айтып, үй-үйді араламаймыз. Бұған қазір биік-биік тас үйлерде тұратынымыз да әсер ететін шығар. Бүгін баратын үйіміздің иелеріне телефон соғып: «Үйлеріңе баруға бола ма? Өздерің үйдесіңдер ме?» дейтіндей күнге жеттік. Ал бұрын әр қазақтың қараша үйіне кім келсе де, есігі ашық болған. Сол себептен ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғырту аса маңызды. Менің ойымша, ұлттық киім киіп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді тек Наурыз тойы мен Астана күні мерекесіне артуды доғару керек. Біз күнделікті ұлттық киімімізді киіп, ұлттық ойынымызды ойнап, ән-жырымызды айтсақ нұр үстіне нұр болар еді»,- дейді Есенай Ілиясов.

Сонымен қатар, көпшілікке есімі танымал «Номад» шабандоздар ұжымы ұсынған «Ат жалында» атты шабандоздар думаны да әсерлі болды. Бұл көріністер Астана күнінің ұлттық мерекеге айналғанының белгісі деген ой түйдік.  

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578