Дүйсенбі, 6 Желтоқсан 2021
Білгенге маржан 5962 0 пікір 6 Шілде, 2016 сағат 08:50

АЛМАСБЕК ӘБСАДЫҚ. КОРЕЯ КҮНДЕЛІГІ

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ ТАҒЫЛЫМЫ

 

 І БӨЛІМ. НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ (АСТАНА) – СЕУЛ - KAIST

           

2016 жылдың маусым айының басында «Назарбаев университетінің» ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары басшыларын (топ-менеджерлерін) даярлау және біліктілігін арттыру» курсы бағдарламасына қатысу сәті түсті. Курс «Кәсіпкерлік университет» деп аталып, оның бағдарламасы 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – Назарбаев университетінің жоғары мектебінде, екінші кезең – Оңтүстік Кореяда, қорытынды кезең күз айында қайтадан Назарбаев университетінде өткізу жоспарланған. Оңтүстік Кореяның білім-ғылым саласындағы жетістіктері һәм тәжірибесімен танысу мақсатында Сеул сапары ұйымдастырылған еді...

...СӨЗ БАСЫНДАҒЫ ШЕГІНІС. Бар нәрсенің бір бастауы болады. Асқар таулар аласа бел-жоталардан, ұлы өзендер сылдырлап аққан жіңішке бұлақтардан бастау алатыны белгілі. Сол сияқты Сеул сапарының жүзеге асуы Президенттің «Нұрлы жол» бағдарламасының бір тармақшасындағы бағыт-бағдардан нәр алған еді. «Нұрлы жол» бағдарламасы Қазақстанда жүргізіліп жатқан индустриялды-инновациялық даму бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыру мақсатында еліміздің арқаулы 10 оқу орына мол қаражат бөліп, сол қаражаттың күшімен ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасын заманауи лабораториялармен жабдықтау, әлемнің озық еліндегі тәжірибелермен танысу және солардың ең үздік білім бағдарламаларын оқу үрдісіне енгізу шараларын жүргізуді көздейді. Қазыналы Қостанай өңірінің еңселі жоғары оқу орны А.Байтұрсынұлының атындағы Қостанай мемлекеттік универсиеті «Машина құрастыру» және «Азық-түлік технологиясы» бағытында индустриялды-инновациялық даму бағдарламасына мамандар дайындауға қатысып жатқан жайы бар. Мемлекеттің арнайы қолдауы арқасында университет 2015 жылы профилдік бағыттағы магистратураға бөлінген 124 грантқа жергілікті жердегі азық-түлік өнімдерін өндіретін және машина құрастырумен айналысатын өндіріс орындарының мамандарын тарта білді. Өндірістен практикалық тәжірибесі мол сол мамандарды жаңа индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жұмыс жасап жатқан өндірістергі білікті маман ретінде қайтару мақсатында  шетелдік танымал оқу орындарының оқу бағдарламалары басшылыққа алынып, дәріс беретін профессорлық-оқытушылар құрамы мен өндіріс орындарының мамандары кезең-кезеңмен әлемнің дамыған елдерінің жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтіп жатқан жайы бар. Оқу орны азық-түлік технологиясын жетілдіруге қажетті сынамаларды өткізетін заманауи лабораторияның алғашқы қондырғыларына қол жеткізіп үлгірді. Кезекте машина құрастыру мен мехатроника саласындағы заманауи лабораторияны орнату мәселесі тұр. Заманауи талапқа сай біліктілікті көтеру мүмкіндігі, Елбасының «Нұрлы жол бағдарламасының» арқасында, біздің де пешенемізге бұйырыпты...

Сеул сапары алдында біздер алдымен Астанадағы «Назарбаев университетінің» жоғары мектебінде (мектеп деканы А.Қыстаубаева) Ұлыбритания жоғары оқу орындарының білікті профессорлары Дэвид Локк пен Майкл Смит бір апта бойында дәріс оқыды. Дәріс барысында ҚР Ғылым және білім министрлігінің жоғарғы және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің, Назарбаев университетінің басшылары өздерінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, озық тәжірибелерімен бөлісті. Назарбаев университетінде атқарылып жатқан жұмыстар шетелдік тәжірибеге сүйенген. «Мың естігеннен – бір көрген артық» дегендей, еліміздің маңдай алды жоғары оқу орнына үлгі болып жатқан озық тәжірибелермен танысу үшін екі топқа бөлініп, бір топ Германия-Нидерландияға бет алса, екінші топ Сеулге ұштық. Түн ортасы ауа Астанадан көтерілген әуе кемесі Airbus 6 сағат тоқтамай ұшып отырып, «Тұнық таң елі» (Страна утренней свежести) атанған Корей жеріне таң ата «топ еткізді». Сеулдегі біліктілікті көтеру және озық, өзгеше тәжірибелермен танысу орны - «Корея озық ғылым және технология институты» (ағылшынша аббервиатурасы «KAIST»).

KAIST - экономиканың жоғары технологиялық секторы мен инженерия саласында зерттеулер жүргізетін, сол салаларға мамандар дайындайтын жоғары оқу орны. Ол Кореяның жеңіл өнеркәсіптегі жетекші орнын жоғары технологиялық өнеркәсіпте де  алдыңғы қатарға шығуына ерекше септігін тигізген. Аталмыш оқу орнының түлектерінің басым көпшілігі Кореяның инновациялық кәсіпорындарының жетекшілері, елдің белгілі безнесмендері. Оқу орны ерекше автономияға және өте икемді академиялық жүйеге ие. Кореяның басқа колледждері мен университеттері үкіметтің студенттерді қабылдау талабы мен үлгілеріне, оқу бағдарламаларының талабын орындау міндетті болса, KAIST-тегі оқу жүйесі батыстық үлгіде құрылған. Институт білім министрлігіне емес, ғылым және технология министрлігіне бағынады.

 

ІІ БӨЛІМ. ПРЕЗИДЕНТ ПАК

Корея ғылым және технология институты 1971 жылы Оңтүстік Кореяның Президенті Чон Хи Пактің бастамасымен құрылған. Мұндай жетістіктің жолын салған кісі – Президент Пак. Ол Кореяны өткен ғасырдың 60-80 жылдары басқарған. Пак билікте қатал диктатор, ал қарапайым жұрттың тіршілігіне баянды басшы бола біледі. Табиғатынан еңбекқор, төзімді болып қалыптасқан туған халқының бойына жасампаздық пен құлшынысты, жаңалыққа құмарлықты оятып, әлемнің озық ілім-ғылымын, тапқан тың жаңалықтарын игеруге шақырып, ол мақсаттарды жүзеге асыруға септігін тигізеді. KAIST–ты ашады, оған өзі қамқор болады.

ТАРИХҚА ШЕГІНІС. Генерал Чон Хи Пак (билік құрған жылдары 1962-1980) әскерилердің ықпалымен президенттік билікке келеді. Ол билікке отырған кезеңде Оңтүстік Корея Корей түбегінде бір халықтың «солтүстік» және «оңтүстік» болып бөлінген соғысының нәтижесінде әбден титықтаған, дамудың артқы шегінде қалған аграрлық ел болса, оның билігі аяқталған тұста Корея индустриялды мемлекетке айналып, экономикада таңқалдырарлық табыстарға қол жеткізеді.

Жалпы, Кореяның ХХ ғасырдағы тарихы өте қасіретті. ХХ ғасырдың басында Корея Жапонияның отарына айналады. 1945 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде Жапония күйреп, Корея түбегінің солтүстігін КСРО босатып, оңтүстігі АҚШ ықпалында қалады. Алғашқыда әлемнің екі алпауыты отарлық қыспақтан шыққан Кореяның біртұтас жеке ел болып қалыптасуына жәрдем беретін болып келіскенмен, артынша ол бақталастыққа,  текетіреске ұласып, 1948 жылы 38 параллель бойы шекара сызығы сызылып, екі мемлекет пайда болады. Түбектің солтүстігінде «Корея Халықтық Демократиялық Республикасы», оңтүстігінде «Корея Республикасы» құрылады. Екі мемлекет арасында (ел деп айтуға ауызым бармайды) 1950-1953 жылдар аралығанда азаматтық соғыс өрті тұтанады. Қасіретті соғыс «Оңтүстік» жақтан 1,3 млн., «Солтүстік» жақтан 1,5 млн. адамды құрбан етеді. Солтүстікте Ким Ир Сен бастаған коммунистік тоталитарлық режим орнықса, оңтүстікте АҚШ ықпалындағы диктатор Ли Сын Ман биліке келеді. Оңтүстіктегі оң өзгерістер 1960 жылы билік басына Президент Чон Хи Пактың келуімен басталады. Президент Пак ұлттық және экономикалық жаңғыру үлгісіне Жапонияның тәжірибесін алады. Корея элитасы үшін экономикалық және саяси жаңалықтар өзегі Жапония болды. Корея Президенті жапонша еркін сөйлей алды. 1965 жылы Оңтүстік Корея мен Жапония арасында қарым-қатынасты жолға қою туралы келісімшарт жасалады. Осыдан кейін Кореяға Жапониядан инвестиция ағыла бастайды. 1965 жылға дейін Кореямен сауда-саттықта АҚШ-тың үлесі басым болса (импорттың 70%, инвестицияның 80%), бір жылдан соң Жапонияның үлесі артып шығады. 1971 жылы Жапонияның Кореяға құйған инвестициялық үлесі 54% жетеді, ал АҚШ-тың үлесі  26%   болады.

Чон Хи Пак экспортқа бағыттталған экономиканы дамытуға күш салады. Бірнеше кезеңдік бесжылдық жоспарлар жасалады. Корей Республикасы экономикада алдымен киім-кешек саласындағы импортты алммастыруға бағытты қолға алып, көп ұзамай өзін-өзі қамтамасыз ете алатын жағдайға жетеді. Сонымен қатар шетелдік өндіріс пен тауарлардың патенттері мен лецензияларын сатып алу жұмыстары жүргізіледі. Бизнес пен инновацияны, ғылымды қолдау саясаты терең орнайды. Президент Пак заманауи экономиканы ғылымсыз, инновациясыз дамыту мүмкін емес екенін түсініп, Корей Республикасының білім саласына ерекше көңіл бөледі. Басқаша айтсақ, Корей басшысы индустриялды экономиканы ғылым мен инновацияның арқасында көтеруді мақсат тұтады. Кореяның білім жүйесіне ағылшын тілі енгізіліп, білікті мамандарды АҚШ пен Жапонияның озық оқу орындарында даярлау тәжірибесі қолға алынады. Олар шетелден алған ғылымы мен ілімін, тәжірибесін туған елінің дамуына жұмсайды. Соның нәтижесінде 50 жыл бұрын арта қалған агарлық ел бүгінгі таңда әлем экономикасында 11 орынға ие дамыған елге айналады. Оңтүстік Кореяның «SAMSUNG», «HYNDAI», «KIA» сынды компаниялары әлемдік брендке айналып отыр.

Оңтүстік Кореяның таңғажайып құбылысына қарап отырып «солтүстікті» амалсыз еске аласың. Оның үстіне біз барған тұста Солтүстік Корея алыс қашықтыққа жете алатын ядролық ракетасын сынақтан өткізді. Солтүстік Кореяның әлем жұртшылығы алдындағы имиджі «Үрей ошағы» ретінде орнығып отыр. Бір халық, екі әлем. Бірі –оқшауланған: кедей әрі ызалы, екіншісі – ашық: бай әрі бейбітшіл. Екіншісінің тәжірибесіне әлем жұртшылығы қызығушылық танытып, ілім-ғылым іздеп, тәжірибе аңдып ағылып жатыр. Біздер де сол жұрттың қатарында едік...

ІІІ БӨЛІМ. KAIST КЕРЕМЕТТЕРІ

KAIST-тің оқу кампустары Сеул және Тэджоне қалаларында орналасқан. Даңқты оқу орнының тарихи орталығы - Сеул қаласындағы кампус. Тэджон қаласында орналасқан Даедеок кампусында заманауи талапқа сай оқу кешені мен қатар ғылыми-зерттеу институттары,  жоғары технологиялық, венчурлық компаниялар орналасқан. Кореяның небір атақты бизнесмендерін, компания басшыларын дайындаған даңқты оқу орнымен танысу Сеулдегі кампуста жүргізілген дәрістерден басталды. Бұл кампус тарихи тұрғыда оқу орнының іскерлік қабілетінің ордасы ретінде қалыптасқан. Кампустың ғимараттары биік бел-жотаға орналасқан. Биік белге көтерілу үшін біраз баспалдақтарды артқа тастау қажет. Институттың биік жерге орналасуының да өзіндік рәмізі бар сынды. Себебі оқу орны - Кореяның ең таңдаулы, даңқы асқан білім ордасы. Әлемдік рейтингте KAIST елу озық оқу ордасының қатарында болса, Азия құрлығында ол алғашқы ондықта. Ал инженерлік сала мамандарын дайындау деңгейі бойынша KAIST әлемдегі жиырма үздік оқу орнының қатарына енеді. Таңдандық әрі тамсандық: ғажап табыстың қыр-сырын білуге құмарттық.

Бүгінгі таңдағы 45 жыл тарихында KAIST әлемдік (глобальдік) зерттеу орталығына айналған. Ол шетелдің таңдаулы оқытушылары мен ғалымдарын тұрақты түрде өз шаңырағына тартып отырады. Институт ғалымдарының еңбектері рейтингісі жоғары, әлемге танымал ғылыми журналдарда үздіксіз жарияланады. Профессорлық құрамның беделді тұлғалары АҚШ-тың беделді оқу орындарында білім алған. KAIST профессорлары ұстаздықпен қатар өздері ашқан ғылыми жаңалықтарын коммерциализациялау үрдісіне белсене қатысады. Табыстары жоғары. Оқу орнында бес жыл үзбей  қызмет еткеннен кейін оқытушының бір жыл институт есебінен әлемді аралап, ел көру, жер көру мүмкіндігі бар. KAIST-те талантты студенттерге, олардың қатарында шетелдіктер де бар, гранттық негізде оқуға кең жағдай жасап отырады.

Магистратура мен докторантура бөлімінде сабақ бірыңғай ағылшын тілінде жүргізіледі. Студенттерді кәсіпкерлікке баулу мақсатында Startap, инкубация орталықтары жұмыс жасайды. Онда білімденушілер инновациялық идеяларын жүзеге асырады. Оларға өз бинестері жүріп кеткенше, институт тарапынан қаржылық, материалдық, т.б. барлық көмектер көрсетіледі. Оқу орнын бітірген тұста түлек өзінің фирмасын немесе компаниясының жұмысын нарықта жалғастырып кетуі тиіс. Бір нақты мысал: біздің Аль-Фараби атындағы ҚазҰУ бітірген Екатерина Ли атты отандасымыз KAIST-тің Бизнес мектебінде магистратура бөлімі бойынша оқыған екен. Оқу барысында ол институттағы инкубациялық орталық арқылы медициналық туризммен айналысатын MEDIKAL AVENUE атты агенттік ашып, қазір сол бизнесті дөңгелетіп отырған жайы бар. Сапар барысында оның ақпарттық сипаттағы дәрісін өз құлағымызбен тыңдадық, отандасымызбен жүзбе-жүз  тілдестік. KAIST даңқын шығаратындар оның түлектері. Түлектер өздері жолдама берген оқу орнын үнемі қолдап, қаржылық, демеушілік көмек көрсетіп отырады... Сондай көмектердің арқасында Startap, инкубация орталықтары, жаңа білім бағдарламалары жүзеге асырылады...

...ТАҢДАНЫСТАН ТУЫНДАҒАН ШЕГІНІС. Біздің бір байқағанымыз: курс барысында дәріс оқыған, қасымызда жүріп қызмет еткен кісілердің бойында, сондай-ақ қарапайым тұрғындар мен бай-қауатты кісілердің іс-әрекеттерінде патриоттық, отансүйгіштік қасиет мол. Біздер тілдескен профессорлар еңбекқор Кореяның экономикадағы жетістігінде мақтанышты былай қойғанның өзінде, асхана ерекшелігін, мәдениет үлгілерінен «ерекше корейлік» қасиеттерді жеткізіп отырады. Көшеде қарапайым кісіге тіл қатсаң, алдымен корей тілінде жауап береді, түсінбей жатсаң, ағылшын тіліне көшеді. Ізетті, сыпайы. Екі сөздерінің бірі – «аннёнхасеё», «хамсамида», біздіңше, «қош келдіңіз», «рахмет». Мұнда білім-ғылым культі басым. Кореяның атақты SAMSUNG, LG, HYNDAI компаниялары білім ордаларына сый ретінде тұтас корпус, жатақхана, бизнес орталықтарын салып берген.

Кореядағы тағы бір таң қалдырған көрініс – тазалық пен гүл баптау, жасыл желек, көгал күту мәдениеті. Бұл көрініс емес, сурет сынды. Бәрі қолмен қойғандай:тап-таза, әдемі, әсем әрі әр қилы. KAIST-тің оқу кампустары орналасқан Сеул мен Тэджон қаласының арасы 150 шақырымдай жер. Осы екі аралықта автобуспен жүріп өткен біздер жол бойында бір бос жатқан алақандай жер көрмедік: я ол жерге күріш егілген, не жылыжай (теплица) салынған. Суда тұрып пісетін күрішке судың қалай, қайдан келіп жетіп жатқанын да байқамадық. Біз жақтағыдай арқасы күжірейген канал немесе жал-жал болып жатқан арық жоқ, бірақ күріш кешіп тұратын су бар. Қала маңын қосқанда 20 миллионға жуық тұрғыны бар Сеулдің көшелерінен сірескен кептеліс не болмаса жол бойында орын алатын ызың-қызың шу естімедік. Сеулде аспалы жолдар, көпірлер, туннельдер көп. Бір қызығы, аспанға шаншыла ұмтылған биік ғимараттар  жанында ескі Сеулдің аласа үйлері де сақталған. Жеке меншік құқығын қапысыз сақтау дегенің үлгісі деген осы болар.

 

ІҮ БӨЛІМ. ПРОФЕССОР СУНГ ПАК ПЕН КӘСІПКЕР-ПРОФЕССОР СТИФ АН

KAIST-тегі дәріс тыңдау және тәжірибе жинауға жоспарланаған бес күн ішінде көңілге түйген, ойға жинаған нәрселер көп болды. Бәрін жіпке тізгендей айтып шығу мүмкін емес. Бірақ бірнеше ерекше әсер қалдырған тұстарды қысқаша түрде болса атап өткен жөн деп санаймыз. Олардың қатарына профессорлар Сун Пак пен Стиф Аннның дәрістерін, атақты КІА моторс компаниясына жасаған экскурсияны атап өтуге болады. Сун Пак KAIST-тің бизнес мектебінің профессоры. Бакалавриатты Сеул ұлттық университетінен, магистратураны KAIST-та, ал докторантураны АҚШ-тың Мичиган университетінде тамамдаған. Ұстаздық қызмет ете жүріп көп жылдар Кореяның атақты компанияларына басқару мененджменті, ғылым мен инновация жағынан кеңесші болған. Өзінің айтуынша, оқу үрдісіндегі қыңырлығымен талайдың «қытығына» тиген. Бірақ жаңашылдық ұстанымынан қайтпаған. KAIST-тің басшылық қызметінде (вице-президент) де болған. Аты жаман сырқатпен ауырып, басшылық және профессорлық қызметінен де қол үзген. Қазіргі таңда аурудан толық айығып, фермерлік кәсіппен айналысып жүрген жайы бар.

«Қыңыр» профессордың ақпараттық, танымдық мазмұны түрлі-түсті слайдтармен бедерленген кең тынысты дәрісінің (KAIST профессорлары слайдсыз дәріс оқымайды) қысқаша мазмұны мынадай болды: Оңтүстік Кореяның экономика мен ұлттық жаңғыру, өркендеу жолындағы басты табысы білім мен ғылым, инновация арқылы жүзеге асқан. Соның арқасында жарты ғасыр бұрын арта қалған аграрлық ел бүгінгі таңда әлемнің озық елдерінің қатарында. Бүгінгі таңда Оңтүстік  Кореяның SAMSUNG, LG, HYNDAI сынды компаниялары әлем нарығын жаулап алған. Айталық, SAMSUNG нарықтағы теледидар  саудасында жапонияның атақты SONI фирмасын артта қалдырған, ал смартфон жасаудан атақты APPLE-мен жағаласып жүрсе, машина жасау саласында HYNDAI жапонның TOYOTA-сымен тайталасатын жағдайға жетіп қалған. Бұл орайда, профессор кореялықтар «креативтік имитация (тосын  қайталау) жасау – жаман нәрсе емес» деген ұстанымды қолдана отырып, жетістіктер шебінен көрініп жүргенін тілге тиек етті. Ол білімнің әлеуметтік сипатына ерекше мән береді. Білім әлеуметтік инвестиция, ал әлеуметтік сипатқа ие білім-ғылым, инновацияның болашағы жарқын. Кореяда шикізат байлығы жоқ. Бірақ оған олар мойымайды. Бар байлық адам деп есептейді. Сондықтан олар адам капиталын дамытуға жұмсайды. Материаландырылған білім қоғамға зиянын тигізеді. Корея – туысқандық қарым-қатынасты қадірлейтін азиялық ел. Батыстық білім жүйесі оның табиғатына сай келе бермейді, сондықтан оны сол ортаның ерекшелігіне сай модернизациядан (жаңалаудан) өту керек деп санайды.

Ал Стиф Ан - KAIST-тің Тэджон қаласында оқу кампусында орналасқан Startap орталығының жетекші қызметкері, профессор. Ол бакалаврлық білімді Сеул ұлттық университетінен, магистратураны KAIST-те, ал докторантураны АҚШ-тың Стэнфордыннан алған. Ол ХХІ ғасыр басында ол SAMSUNG компаниясында компьютердің оперативтік ес технологиясымен айналысатын бөлімді басқарады. Стиф бөлімде жұмыс бастағанда ақпаратты ешбір кедергісіз қалтаға салып тасымалдай алатын, бәріміз әбден үйреніп алған флэш деген ұғым жоқ болса, ол 7 жыл істеп фирмадан кеткенде, флэш қорапшасы барлығына таныс зат ретінде нарықта орнығып үлгіреді. Табысты қызмет оған теңіз жағасынан сәулетті жеке үй тұрғызуға, шалқып өмір сүруге мүмкіндік жасайды. Бірақ бұл азамат SAMSUNG компаниясындағы аталмыш қызметін тастап, жиһаз жасау кәсібін үйрену үшін Солтүстік Ирландияға аттанады. Одан кейін шарап дайындауды үйрену мақсатында Испанияға барады, одан кейін Австралияны аралайды. Тіл үйрену үшін Қытайда тұрады. Ұзақ жылдарға созылған сапардан кейін Кореяға оралып ірі компанияларда кеңесші қызметін атқарады (Кореяда мемлекеттік қызметте болғандар еңбек стажына байланысты зейнетке 50 жастан бастап шыға бастайды). Зейнетке шыққаннан кейін, KAIST-ке профессорлық қызметке орналасады. Ондағы мақсаты – үздік компанияда, әлемді аралаған жылдары жинаған инновациялық білімі мен тәжірибесін өзгелерге жеткізу, беру. Осылайша ол кәсіпкерлікке қатысты 33 кредиттен тұратын бір жылдық жаңа магистрлік бағдарлама жасайды. Ол алдағы күз айындағы оқу жылында оны іске қосылады. Бағдарламаның пәндерін, онда дәріс беретін оқытушы-профессорлық құрамды Стиф Ан өзі таңдаған. Біздерді Стифтің бойындағы қарапайымдылығы, қажырлығы, ірі бизнестен қарапайым жиһаз құрастырушы, шарап дайындаушы кәсібіне ден қоюы, тіл үйренуге деген құлшынысы таңдандырды. Білім саласына неге қайтып келгенін сұраған біздердің жауабымызға ол: «Адам баласы жинақтаған білім мен тәжірибе әлеуметік маңызы бар құрал, сондықтан ол  ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыруы тиіс»,- деп жауап қатты.

Ү БӨЛІМ. ЖОЛБАРЫС АЙБАТЫ БЕДЕРЛЕНГЕН БРЕНД

Кореяның инженерлік өнерінің бір даңқты саласы – машина жасау. Біздерге атақты КІА MOTORS компаниясының зауытымен танысу мүмкіндігі туды. Қазақстанда корейлік машиналар құрасырылатыны белгілі. Сондай зауыттың бірі Қостанайда да бар. Мұнда корейлік HYNDAI машинасы құрастырылады. Сондықтан біздің қызығушылығымыз ерекше болды.

Зауыт дегенде, біздің көз алдымызға қаптаған жұмысшылар, темір-терсектің салдыр-гүлдір шуы елестейтіні анық. Ал мұнда, біріншіден, зырылдап тұрған автоматты қондырғылар мен конвейерлердің дыбысынан басқа бөтен шу жоқ. Екіншіден, мұнтаздай тазалық. Үшіншіден, адам қарасының аздығы. Төртіншіден, зауыт конвейеріндегі жұмыс орнының замануилығы: компьютер, бел жазып отыратын диван-кресло, сатушысыз дүкен. Тамсанатын жағдайларды осылай санамалап кете беруге болады...

Компанияны 2008 жылғы дағдарыс кезінде HYNDAI MOTORS өзіне қосып алған. Зауытпен танысу барысында HYNDAI маркасының H сипатындағы логотипі азуын кере ашқан жолбарыстың айбарын белгілейтінін білдік. Экономика мен әлеуметтік дамудағы серпілісті жетістіктері үшін әлем жұртшылығы Оңтүстік Кореяны «Азия жолбарыстары» қатарында қарайтыны белгілі. Логотипті жасаған дизайнер осы бағаны ескергені анық байқалады.

Зауыт жұмысымен танысу барысында HYNDAI маркалы автомобильді құрастыру үшін 33 мыңнан астам жабдықтар қажет екен. Оның компания 10 мыңын өзі дайындап, қалғанын 23 мыңнан астам жабдықты сатып алады. Бұл алып компанияның жанында көптеген орта және шағын бизнес салалары өз шаруасын дөңгелетіп отыр деген сөз. Қазақша айтсақ, «Күріш арқылы күрмек су ішеді».

Қазақстанда құрастырылып жатқан HYNDAI маркалы машиналарға біздің орта және шағын бизнес өкілдері компания сатып алатын 23 мыңнан астам жабдықтың бір бөлігін тауып бере алатындай дәрежеге қол жеткізсе, қазақстандық қосылым қатары көбейері сөзсіз. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, тәуекел етсе, игерілмейтін кәсіп, меңгерілмейтін өнер жоқ. Оған дәлел - аграрлық жұрттан дамыған  индустриялды елге айналған Оңтүстік Корея халқының тәжірибесі.

Сеул көшелерінде жеңіл көлік болсын, жүк көлігі болсын зырғыған корейлік автомобильдер. Автомобильдер ағынында жапон немесе неміс брендтері сирек кездеседі. Отандық өнімді қолдауды корейліктерден үйрену керек екен. Олардың бойында отансүйгіштік сезім мол. Ал отаншыл азамат отандық өнімді қолдайды. Көзіміз осыған анық жетті.

 

ҮІ БӨЛІМ.  КӨНЕНІҢ КӨЗІ - ТУРИСТІК БИЗНЕСТІҢ КӨРІГІ

Кореяның мәдениетін танысу мақсатында Сеулдің тарихи ескі орталығында орналасқан Император сарайы орналасқан кешенді араладық. Паркте Оңтүстік Кореяның кешегісі мен бүгінгі тарихын бедерлейтін экспонаттары бар музей орналасқан. Император сарайы бірыңғай ағаштан қиып салынып, түрлі-түсті бояулармен әшекейленген. Қиыстырылған ағаштың бет-бедеріне корей халқының ұлттық мифологиясынан хабар беретін символикалық оюлар мен мүсіндер бейнеленген. Император сарайы ойдан қырға қарай биіктейтін тау аңғарына салынған. Император отыратын басты сарайдың артынан Сеул тауларының бір биік жотасы «мен мұндалап» тұр. Бірінен бірі кезектесіп өрге қарай ұласа беретін сарайларды жалғастыратын баспалдақтар арасы биік болып келеді. Көтерілетін адам еңкеймен баспалдақтармен көтеріле алмайды. Бұл әдейі жасалған дейді корейліктер. Император сарайына бет алған кісі оның билігін құрметтеп, еңкейе басып келуі тиіс. Корея халқының тарихына арналған атақты көркем фильмдердің басым көпшілігі Император сарайында түсірілгендігіне түсіндік, тереңірек хабардар болдық. Біз келген күн бейсенбі, демалыс күні болмаса да, кешенге келуші туристтердің қатары қалың. Кешенде корейдің ұлттық киімін киген жас ұл-қыздар келушілермен етене араласып жүр. Қыдырушыларды кешенмен таныстырып жүрген ағылшын тілді гидтер қатары да қалың. Жарнамалық фотоға түсіп жатқан арнайы топты да байқадық. Корей елі туристер ағынынан кенде емес екендігі байқалып тұр.

СӨЗ СОҢЫ

Оңтүстік Кореядан бір апта ішінде алған әсер өте көп. Оның бәрін бір мақаланың көлеміне сыйдыру мүмкін емес. Шама-шарқымызша ақ қағаз бетін ой-пікірлер тізіле түскен ала жолға айналдыра алдық. Құмартып осы «жолға» зер салғандар өзіне қажетін алады ғой деген ойдамыз...

...СӨЗ СОҢЫНДАҒЫ ШЕГІНІС. Бізді аэропорттан күтіп алып, сапар соңында шығарып салған Хо Инжин KAIST-тің Бизнес коллежінің қызметкері. Біздер оны қазақшалап «Інжу» деп атап жүрдік. Сүйкімді, елгезек, жылдам, қонақжай. Түр-түсі қазақ қызына ұқсайды. Ағылшынша сайрап тұр. Біздің делегация құрамында Назарбаев университетінің қызметкері Айдана Сіргебаева атты аудармашы қарындас үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) жетік меңгерген екен. Делегацияны бастап барған Айгүл Ақтымбаева іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен тәнті етті. Разы болдық. Бір апта ішінде достасып үлгірген Інжу мен Айдананың қошатасар уақытта бірін-бір қимай құшақтасып, қош айтысқанын көріп толқыдық. Бірнеше тіл білетін жаңа буын қазақ жастары өсіп келе жатқанына марқайдық. Көңілде еркеше ой қалдырған Корея жұртшылығына «Қош сау болып тұр» дей келе, көкірегімізге туған Қазақстанда осындай дамыған ел қатарына тезірек қосылса деген арман-тілекті арқалап ұштық...

Алмасбек Әбсадық, филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің проректоры

Abai.kz

 

 

0 пікір