Жұма, 29 Наурыз 2024
Білгенге маржан 7924 0 пікір 5 Шілде, 2016 сағат 10:33

РИОҒА ДЕЙІН ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ТУДЫ КІМДЕР КӨТЕРДІ? (ФОТО)

Ақордада Рио Олимпиадасына баратын спортшылармен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде Қазақстан туын таэквондошы Руслан Жапаровқа табыстады,-деп хабарлады «ҚазАқпарат».

Олимпиада ойындарында ту ұстап шығу үлкен абырой. Және сол спортшыға ауыр міндет. Себебі, Ту көтеріп шыққан спортшы оны жай көтеріп қана қоймай, жеңісімен қайта желбіретіп қайтуға барынша күш-жігерін салуы тиіс!

Кеңес өкіме­ті­нің тұсында бұл құрмет қазақ­стан­дық спортшы­лардың үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін арманы болатын. Міне, Тәуелсіздігіміздің арқасында ол армандар да орындалды.

Қазақстан Тәуелсіздік алғалы қатысқан 5 жазғы, 6 қысқы Олимпиада ойындарында Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев сеніп тапсырған ел туын жоғары көтеріп шыққан спортшылардан тек бір спортшы ғана чемпион атанып, Президентке берген уәдесін орындады. Көтеріп шыққан көк туын абыроймен желбіретіп қайта алып келді. Ол - Сидней Олимпиада­сының чемпионы Ермахан Ыбырайымов!

Е.Ыбырайымов одан төрт жыл бұрын 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында да мемлекеттік туымызды көтеріп шығып, қола медальмен оралған болатын.

2004 жылғы Афины қаласында өткен Олимпиадада көк байрағымызды дзюдошы Асхат Жіткеев алып шыққан болатын. Әйтсе де, Грекия төрінде жүлдеге ілікпеген Асхат араға төрт жыл салып, Қытай астанасы Бейжіңде Олимпиаданың күміс медалін қанжығасына байлады.  


Фотоны Мэлс Етекбаев түсірген

2008 жылғы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында Елбасы көк байрағымызды зілтемірші Бақыт Ахметовке сеніп тапсырды. Өкінішке қарай бұл жолы Бақыттың бағы жанбады.

vesti.kz 

Ал, Лондон Олимпиадасында грек-рим күресінің шебері аса ауыр салмақтағы балуанымыз Нұрмахан Тінәлиевке үміт артып, мемлекеттік туды соның қолына ұстаттық. Алайда, Нұрмахан да туды тапсырып алған кездегі Президентке берген уәдесін орындай алмай қайтты.

 
vesti.kz 

Енді міне, Рио Олимпиадасында таэквондошы Руслан Жапаровқа мемлекеттік туды сеніп тапсырдық.

Осы орайда Руслан Жапаровпен бірге өзге де спортшыларымызға төрткүл дүниенің тарландары бас қосатын додада Қазақ елінің намысын абыройлы қорғап қайтуына тілек білдіреміз.

Риоға дейінгі Жазғы Олимпиада ойындарында ту ұстап шыққан спортшылар мыналар:

Атланта - 1996 жылғы Жазғы олимпиада ойындары - Ермахан Ыбрайымов (бокс)

Сидней - 2000 жылғы Жазғы олимпиада ойындары - Ермахан Ыбрайымов (бокс)

Афины - 2004 жылғы Жазғы олимпиада ойындары - Асхат Жіткеев (дзюдо)

Бейжің - 2008 жылғы Жазғы олимпиада ойындары - Бақыт Ахметов (ауыр атлетика)

Лондон - 2012 жылғы Жазғы олимпиада ойындары - Нұрмахан Тінәлиев (грек-рим күресі).

 

Қысқы Олимпиада ойындарында ту ұстап шыққан спортшыларымыз:

Лиллехаммер - 1994 жылғы Қысқы олимпиада ойындары - Кайрат Биекенов (трамплиннен секіру)

Нагано - 1998 жылғы Қысқы олимпиада ойындары  - Владимир Смирнов (шаңғы жарысы)

Солт-Лейк-Сити - 2002 жылғы Қысқы олимпиада ойындары - Радик Бикчентаев (конькимен жүгіру)

Турин - 2006 жылғы Қысқы олимпиада ойындары - Александр Корешков (хоккей)

Ванкувер - 2010 жылғы Қысқы олимпиада ойындары - Диас Кенешев (биатлоншы)

Сочи - 2014 жылғы Қысқы олимпиада ойындары - Ердос Ахмадиев, (шаңғы жарысы).

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544