Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 5867 0 пікір 5 Шілде, 2016 сағат 08:59

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫН МӘҢГҮРТТЕНДІРУ – БИЛІКТІҢ БІЛМЕСТІГІ МЕ, ӘЛДЕ БАҒДАРЛЫ САЯСАТ ПА?

Биылғы 2016 жыл елімізді жаппай шарпыған экономикалық дағдарыстың одан әрі ушыға түсуімен және бүкіл білім беру жүйесін әбден титықтатып біткен реформалардың да одан әрі «сәтті жалғасуымен» басталғаны белгілі. Президентіміз осыдан үш-төрт жыл бұрын әлемдік экономикалық дағдарыс жөнінде алғаш рет сөз бола бастаған кезде «бізде дағдарыс жоқ» деп, «шоршып түскені» есімізде. Бірақ, өкінішке орай, дағдарыс біздің елбасынан рұқсат сұрамайтын болып шықты. Қазақ жері қойнауының ұлан-ғайыр байлығын оңды-солды сату арқылы жиналған аткөпір қаржының ауқымды бөлігін талапайлап, шетел асырып, қалған бөлігін елдегі ешкімге керегі жоқ халықаралық форумдар ұйымдастыруға уыстап шашуға ғана дағдыланған билік басындағылар минералдық шикізат бағасының, бірінші кезекте мұнай құнының күрт төмендеп кетуі нәтижесінде пайда болған қаржы тапшылығының орнын толтыру амалдарын іздеп, жанталасып-ақ жатқанға ұқсайды.

Тәуелсіздіктің ширек ғасыры ішінде жарытымды өндіріс орындарының бой көтермеуі кез келген мемлекеттің бірден-бір табыс көзі болып табылатын салық мөлшерінің жетімсіздігін енді-енді ғана сездірейін деді. Минералдық шикізаттың арзандауы тау-кен өндірісі кешенінде жұмыс істейтіндер санын жаппай қысқарту шараларына ұласты, бұл жайт елдегі жұмыссыздар санының бұрынғыдан да көбейе түсуіне әкеп соқтырды. Осылайша әл-ауқаты төмендеген жұртшылықты өткен жылдың тамыз айында «кенеттен келіп жеткен» девальвация әбден титықтатып кетті. Теңгеміздің 80 пайызға дейін бірден құнсыздануы азық-түлік пен жалпылама қолданыс бұйымдардың да күрт қымбаттауына себепкер болды. Үкімет онсыз да «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған қара халыққа көмектесудің орнына, оны одан сайын тұқырта түсті: қаржы жетімсіздігінің орнын толтыру мақсатында сол халықтан алынатын айыппұлдардың саны мен төленетін қаржы мөлшерін еселеп арттырды, қоғам мүшелеріне салынатын салық түрлерін арттыру мен көбейту бағытында да қадамдар жасалуда. Коммуналық төлемдер одан әрі шарықтай түсті.

Тіпті біздің «сүйікті үкімет» қаржы жетімсіздігің орнын толтыруға септігі тиеді деген үмітпен мектепте оқитын жеткіншектерге тәулігіне бір рет тегін берілетін түскі тамақты қысқартуға дейін барды. Көрші елдерден (бірінші кезекте Қытайдан) миллиард долларлап қарыз алу соңғы жылдары белгілі дәрежедегі дәстүрге айналды. Ол қарыздардың қандай шарттармен алынғандығынан жалпылама халық хабарсыз, тек қана әрбір отбасы өзінің бүгінгі мүшелері мен болшақ ұрпақтарының сол қарыз алған елдерге біржолата кіріптар болып қалу қаупі жыл санап артып отырғандығын іштей сезінеді. Үкіметтің жедел түрде Жер қодексіне антихалықтық өзгертулер енгізуге дейін баруына қарағанда, қарыз алған елдерге кіріптарлық проблемасын қоғамның қарапайым мүшелері ғана емес, сол үкіметтің өзі де сезе бастағанға ұқсайды. Кейбір халықаралық тәуелсіз эксперттік агенттіктер соңғы кездері Қазақстан экономикасының дефолттық жағдайға ұшырау қаупінің еселей артып отырғандығын ашық ескерте бастады.

Мұндай ескертуді билікке қазақ қоғамы да жасай бастағанын биылғы сәуір-мамыр айларындағы митингілер мен халықтық толқулар дәлелдеген сияқты. Шыдамның да шегі бар екендігін, қаншама көнбіс болса да, билік басындағылар шектен шығып кеткен жағдайда «бәрін де өз орнына қоюға» бек қабілетті екендігін халық бір сәтте-ақ дәлелдеп берді. Бұл бейбіт шерулер халықтың билікке деген соңғы ескертуінің нышаны, керек болған жағдайда халық «бәрін де өз орнына қоюға» әрқашан да дайын екендігінің бірден-бір көрінісі екендігі даусыз.

Аталған шерулердің көрініс беруіне тіл мен жер мәселесі, нақтылап айтқанда, биліктің сол тіл мен жерге қатысты антихалықтық саясаты себепші болғандығын, оның жай-жапсарын тәптіштеп жату артық шығар. Бірақ Қазақстандағы сәуір-мамыр қозғалысына түрткі болған жағдайларды саралай келгенде, бір мәселенің мән-жайын ашып алуымыз керек: Білім және ғылым министрлігінің (Е.Сағадиев) «сәбидің санасына үш тілді бірден енгізу» науқаны мен біздің «жасампаз» өкіметтің туған жердің ауқымды бөлігін «шетелдіктерге сату мен ұзақ мерзімге жалға беру» мақсаты – расымен де, халық мүддесін қолдауға емес, сол халықты құрдымға жіберуге, яки қазақ халқының өзіндік ұлттық болмысын бірте-бірте жоюға бағытталған саясат емес пе?

Расында, биліктің жүргізіп отырған саясатында қарапайым халыққа қатысты қисынға келмейтін әрекеттер жиі жасалады. Бұл биліктегілердің басым көпшілігінің біліксіздігінен туындаған келеңсіздік деп топшылайды жұртшылық. Олай деуге негіз де жоқ емес, себебі биік мансаптарға үміткерлер өздерінің кәсіби біліктілік дәрежесіне қарай емес, елбасының қара басына шын берілгендігі, сол кісі жүргізіп отырған саясатты сөзсіз қолдайтындығы тұрғысынан ғана іріктеліп алынып, ел президентінің ғана пәрменімен тағайындалатындығы белгілі. Ал кәсіби біліктілігі төмен, тіпті өзі басқарып отырған сала жөнінде жарытымды түсінігі де жоқ сала басшысының әрекетінен халыққа жағымды қадамдар күтудің өзі – қазіргі саяси билік жағдайында қисынға келмейтін күпірлік. Қисынсыз реформалар мен жөнсіз оңтайландыру шараларын бас-көзсіз жүргізу сондай басшылардың тек біліксіздігімен ғана байланысты болса бір сәрі ғой: мұндай әрекеттер олардың өз қара басы мен ағайын-тумасының «жоғын жоқтау» тұрғысынан, яғни қолда билік тұрғанда әйтеуір қарпып қалу жағынан жасалатындығы мәселені одан әрі ушықтыра түсетіндігі даусыз. Біздегі биік мансап иелерінің жұмыс жасау қадамдары елімізді жаппай торлап алған коррупциялық қатынастарға қатысты шектеулермен үнемі «тұсалып» отыратындығы тағы да қалыпты жағдайға айналып отыр.

Билік басынан бастау алатын сорақылық тек осылармен ғана шектелмейтін сыңайлы. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр ішінде біздің билік іс-тәжірибеге енгізуге тырысқан немесе енгізіп те үлгерген бүкіл «реформалар» мазмұнын жүйелі түрде ой елегінен өткізер болсақ, бұлар жай ғана біліксіздік пен коррупциялық әрекеттер туындысы ғана емес, алдын ала ойластырылған нақтылы бағдарламаны жүзеге асыруға тырысудан туындаған саналы саясаттың нәтижесі сияқты боп көрінеді. Бұл астыртын бағдарламаны жүзеге асыруға мүдделілер елімізге тиесілі ұлан-ғайыр байлықты пышақ үстінен бөліп алуға, ал сол байлықтың шын мәніндегі егесі болып табылатын халқымызды жаппай мәңгүрттендіруге, сөйтіп ұлтымызды ондаған жылдардан кейін жер бетінен мүлдем жойып жіберуге негізделген саясатты жүзеге асыруы да мүмкін деген ойға еріксіз қамаласың. Осы пікірдің тіпті де қисынсыз емес екендігімен жүйелі түрде ойлану қабілетін мүлдем жоғалтып алмаған азаматтар сөзсіз келіседі деген үміттенемін.

Пікіріміз дәлелді болу үшін, өткен жиырма бес жыл ішінде елімізде етек алған кейбір тосын өзгерістер мазмұнын рет-ретімен тағы бір сараптап көрейікші.

 

Еліміз тәуелсіз мемлекеттер санатына енісімен-ақ ауыл шаруашылығын «реформаладық». Бұл «реформа» мазмұны кеңес кезеңінің жоспарлы экономикасына негізделген ұжымдық шаруашылықтарды жаппай таратуға, сөйтіп бұған дейін жинақталған бүкіл ресурсты жеке адамдарға бөліп беруге негізделгені есімізде. Бөлістің әділетті болмағандығын айтпағанның өзінде, біздің билік әрбір жекелеген ресурсты жеке меншік иесінің тиімді пайдалану әдістемесі мен формаларын алдын ала халыққа түсіндіріп беруді немесе осы бір маңызды мәселені сол жекешелендіру науқанымен қарбалас шешуді қажет деп таппады.

Мұның нәтижесінде ондаған жылдар бойы жинақталып, мелекет тарапынан қызғыштай қорылған мол байлық талан-таражға түсті, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті». Бір отбасының қақпасының алдында трактордың «қаңтарылып қалуы», екінші отбасы егесінің «он қойын айдап кетуі», ал үшіншісінің кенеттен екі бас жылқы малына еге болып шыға келуі оларды өз «байлықтарын» пайдалануға емес, пайдаға асыруға мәжбүрледі. Трактор есік алдында тұрып-тұрып «шіріп кетті» немесе арзан бағасына сатылып тынды; он қой тоқсаныншы жылдардың қиыншылықтары тұсында «бастары мұжылып қалды»; ал қос жылқы соғымға сойылып кетті. Ресурстың тиімді пайдаланылу мүмкіндігі мен оны пайдаға асыруға ғана тырысушылықтың арасындағы осы мазмұндағы айырмашылық аз-ақ жылдар ішінде ауыл шаруашылығының мүлдем тұралап қалуына әкеп соқтырғаны белгілі.

Жеке шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы өнімдерімен қоғам сұранысын қанағаттандыру мүмкіндігі шектеулі екендігі жылдар өткеннен кейін ғана ұғынылды. Сөйтіп еліміздің кейбір аймақтарында ірілендірілген шаруа қожалықтары пайда бола бастады. Өкінішке орай, мұндай қожалық жұмыстарының тиімділігі де ойдағыдай болмай отыр, себебі олардың да «адымын аштырмайтын» кедегілер жетерлік (латуфиндистердің шұрайлы жерлерді «бауырына басып алуы», қоғамды жаппай торлаған коррупциялық әрекеттер, т.с.с. келеңсіздіктр). Нәтижесінде бұрын жылына миллиард пұт астық беретін, кеңес армиясының басым бөлігін етпен қамтамасыз ететін Қазақстан бүгінгі таңда ауыл шаруашылық өнімдерінің жартысынан астамын сырттан таситын жағдайға жетті.

Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізіп, социалистік капиталистік формацияға өтуіне байланысты қоғам өмірінің жеке меншік пен нарықтық қатынастарға негізделуі, әрине, заңды. Сөйтсе де, экономикасы негізінен аграрлық салаға бағынышты республикамыздың ауыл шаруашылығын нарықтық экономика заңдылықтары аясында нақ осылай аса жедел де мүлдем әзірліксіз реформалай салуы кездейсоқ ұйымдастырылған шара ма?!

Қазақ жері қойнауының ұлан-ғайыр байлығын шетел компанияларына басқаруға немесе жалға беру саясаты да, бір қарағанда, қажеттіліктен туындағандай болып көрінеді. Олай дейтініміз, кен орындарының байлығын өз күшімізбен игеруге тоқсаныншы жылдардың бас шенінде мемлекет қаржысы жетімсіздік танытқандығын бір кісідей-ақ түсінеміз.

Бірақ мүлдем түсінбейтін жайттар да жыртылып-артылады, олар: а) аса ірі кен орындарын ұзақ мерзімге шетелдіктерге жалға берудің келісім-шарттары ширек ғасыр бойына халықтан жасырын түрде сақталу себебі; ә) кеннің де, кен орындарды игеруден түсетін пайданың да басым бөлігі шетелдіктердің үлесіне бұйырып, біздің елімізге шет-пұшпағы ғана қалатындығының себебі; б) «өндірілетін мұнайдың 18 пайызы ғана біздің мемлекеттің құзырында, бүкіл өндірілген мұнайдың 50 пайызынан астамы арнаулы тұрғызылған құбырлар арқылы Қытайға қарай ағылуда» деген мазмұндағы ақпараттардың «астына жасырынған» саясаттың көздейтін мақсаты; в) еліміз қаншалықты мұнай өндірсе де, ширек ғасыр бойына республика аумағында бірде-бір мұнай өңдеу зауытының салынбау құпиясы, осылайша стратегиялық шикізат болып табылатын көмірсутек өнімдерімен елімізді жеткілікті дәрежеде қамтамасыз ету сияқты келелі мәселені шешуді ресейліктердің құзырына басыбайлы беріп қою себебіміз, т.с.с...

Осы «бақырайып тұрған» келеңсіздіктер себебінің бәрін билік басындағылардың жәй ғана біліксіздігімен немесе «адами қателіктерімен» түсіндіруге бола ма?!

 

Бүгінгі күнге жетуіміз, расымен де, билік жүргізіп отырған «бағдарлы саясаттың жемісі» болған жағдайда, қазақ халқының ұлттық рухын тұмшалау мен ұлт өкілдерінің табиғи зердесін бағдарлы түрде кіреукелеу арқылы оларды бірте-бірте мәңгүрттендірудегі негізгі салмақ екі министрлікке – Мәдениет министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне түсетіндігі түсінікті. Өткен жиырма бес жыл ішіндегі осы министрліктер жүргізген «реформалардың» қол жеткізген нәтижелерін сараптар болсақ, ілгерілеу белгілері емес, кері кету нышандарын анық байқаймыз.

Мәдениет, әдебиет және күнделікті ақпарат мәселелері ресми атауы жиі-жиі өзгеріп тұратын Мәдениет министрлігінің құзырындағы салалар екендігі түсінікті.

Халқымыздың ұлттық рухын көтеріп, патриоттық сезімін шыңдаумен тұрақты түрде айналыса отырып, сол халықтың сапалық тұрғыдан кемелдене түсуіне үнемі мұрындық болуы тиіс бұл министрлік шын мәнінде өзі басқаратын жұмысты, бері айтқанда, бей-берекетсіз «өз жайына жіберіп қойып отырғандығын», әрі айтқанда, керісінше, ұлттық рухқа қарсы бағытталған іс-шараларды жарнамалауға жол беріп отырғандығын көзі қарақты оқырман мен көрермен (тыңдарман) бір кісідей-ақ сезінеді деп ойлаймыз.

Еліміздегі мәдениет мәселесінің деңгейі мен халықтың сол мәдениетке деген талабы мен сұранысын қалыптастыру деңгейінің жай-күйін шамалау үшін әлдеқандай қылып «хит» ретінде дәріптелетін әндердің мәтінін ой елегінен өткізсек немесе республикадағы ең «өтімді әнші» Қайрат Нұртас пен «теңдессіз» музыканттардың бірі Сейфуллин Жолбарыс екендігін айтсақ та жеткілікті.

Кешегі Кеңес Одағы кезінде шығармашылық әлеуеті жағынан ең мықты қоғамдық ұйымдардың бірі саналған Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі тыныс-тіршілігінен халық хабарсыз. Әдебиет қайраткерлерінің еңбегін бағалауда билік ұстанып отырған «шөміштің сабынан қысу саясаты» болғандықтан, әдебиеттің озық үлгілерінің бой көрсетуі шектеліп, «сарай ақындары» мен «сарай жазушылары» деген атақты ресми түрде иеленуге шақ қалған санаулы «тұлғалардың» ғана «бағы жануда». Қоғамның жөнделіп кетуіне септігін тигізетін, келеңсіздіктерді «кесіп түсетін» талай-талай шығармалар қазірдің өзінде жазылып жатуы кәдік. Алайда «өзім білемдікке» әбден салынып алған, өзгенің ақылын тыңдауға мүлдем құлықсыз және «қарсы шыққанды қақыратуға» қашан да дайын отырған билік жағдайында ондай шығармалардың жарық көруі, сөйтіп қарапайым халықтың «көзін ашуға» септігін тигізу мүмкіндігі шектеулі екендігі түсінікті. Десек те, әр нәрсе уақытымен құнды екендігін жазушы ағайындардың ұмытпағаны абзал. «Жау кеткен соң, қылышыңды боққа шап» дегенді халқымыз бекерден-бекер айтпаған болуы тиіс.

Күнделікті ақпарат құралдарының ұлттық рухты тәрбиелемек түгілі, оған күнбе-күн кері әсерін тигізіп жатқандығы – соңғы кездері айтыла-айтыла жауыр болған әңгіме. Шамалары келгенше ақиқаттың бетін ашуға тырысатын екі-үш тәуелсіз газеттен өзге күнделікті баспасөз құралдарының жұмысы негізінен ресми биліктің қателіктері мен жаңсақ басқан қадамдарын сынап-мінеуге, сөйтіп жағдайды жақсартуға атсалысуға емес, керісінше, сол биліктің жақсысын асырып, жаманын жасыруға құрылған. Теледидардың халыққа көрсетіп жатқан «құқайын» сөз қылудың өзі артық. Телеарналардың басым көпшілігі Ресейдің шовинистік саясатының рупорлары. Олар қазақтың жоғын жоқтамақ түгілі, олардың арсыздануына, мәңгүрттене түсуіне өздерінің мол үлесін қосуда. Көрсететін кинолары – ылғи бір атыс пен шабыс, қала берді – төсек қатынасы!

Қазақ теледидарының арналарын түрік пен үндінің таусылмайтын киносериялары жаулап алған, олардан босаған эфирлік уақыттың басым көпшілігі музыкалық шығармаларға арналған. Теледидарды қазақ арналарын қосып қалсаңыз болды, кілең бір шырқалып жатқан әннің үстінен түсесіз. Және ән болғанда қандай: кілең бір «аспанға қарағандар» мен «жұлдызды санағандардың» әні! Неменеге жетісіп мәз болып жатқанымызды бір құдай білсін! Елді елең еткізетін, ұлттың тарихын тірілтіп, рухын көтеруге арналған немесе адам жанының нәзік пернелерін дәл тауып, баурап алатын, яки ойландыратын, толғандыратын арнаулы хабарлар мен қойылымдар мүлдем аз.

Елді рухани жүдеулік пен мешеуліктен қорғап қалу мәдениет бағытындағы министрліктің құзырындағы мәселе болса, жас ұрпақтың пайымы мен парасатын, зейіні мен зердесін әрдайым дамытып отырудың, осылайша ел тұрғындарының сапалық көрсеткіштерін үнемі арттыра отырып, олардың ұдайы өркениет өрінен көрінуін қамтамасыз етудің негізгі кілті Білім және ғылым министрлігінің қолында болуы тиіс. Ал бұл министрліктің нақтылы іс-әрекеті ылғи да аталған міндеттерге кері бағытталып отырғандай әсер қалдырады. Мәселен, айдың-күннің аманында бүкіл жаңалық біткенге шын мәніндегі жолбасшы рөлін тамаша атқара білген Ғылым академиясының мемлекеттік құрылым мәртебесінен қоғамдық құрылым дәрежесіне ауыстырып жіберуге бізді мәжбүрлеген қандай қажеттілік?! Осы «реформадан» кейін «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы» деген дардай атауынан өзге осы академияда қандай қадір-қасиет қалды?! Бір орталықтан басқарылуы нәтижесінде талай-талай ғылыми-практикалық жетістіктерге қол жеткізген ондаған ғылыми-зерттеу институттарын тоз-тоз қылып, «ЖШС»-терге (ТОО) айналдырып жіберуіміздің астарында қандай-қандай сырлар жатыр?

 

Жоғарғы оқу орындарында жүргізілген «реформалар» мазмұны да «әттеген-айға» толы. Кешегі Кеңестер Одағының білім беру жүйесі дүние жүзіндегі ең ұтымды жүйе екендігін социалистік қоғамның қас жауы болып табылатын капиталистік елдер түгел мойындағандығы – тарихи шындық екені енді ғана аталып жүр. Социалистік қоғам бірден ыдырап кетпей, өзінің идеялық қарсыласы болып табылатын бүкіл капиталистік әлеммен жетпіс жыл бойы тіресуге шыдағандығының да бірден-бір себебі – нақ осы білім беру жүйесінің мықтылығы деседі білетіндер.

Ендеше тәуелсіздікке өткен бойда-ақ алды-артымызды жөндеп, бағдарлап алмастан, білім берудің американдық яки еуропалық жүйесіне бірден ауысуымыз ұрпақты біліммен сусындату сияқты келелі мәселенің орындалу сапасын күрт төмендетіп жіберген жоқ па? Өзінің өміршеңдігі мен аса биік сапасын қапысыз дәлелдеген кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғау тәжірибесінен неге ғана өз еркімізбен бас тарттық? Шетелдердің асыра мақталған «PhD» докторлары Кеңес кезеңінің ғылым докторлары түгілі, кандидаттарының «қолына су да құя алмай қалатындығы» неге ескерілмеді? Жалпы Білім және ғылым министрлігінің ағымдағы іс-әрекеті ылғи да «батысқа жалтақтау» идеясына құрылатыны қалай?! Батыстың озық идеяларынан үйренудің артықшылығы жоқ, әрине, десек те, өзіңдегі алтынды құрдымға жіберіп, өзгенің мысына үнемі өрекпи берудің шегі де болуы керек қой!

Капиталистік елдерде білім мен ғылым бір шаңырақтың астында тоғысқан дегенді тілге тиек ете отырып, бұрынғы ғылыми-зерттеу институттары мен жоғарғы оқу орындарын бір-біріне механикалық тұрғыдан телігеннен не таптық?! Осылайша пайда болған оралымсыз органның тиімді жұмыс істеу әдістемесі қандай болуы тиіс, әуелі сол әдістемені жасақтап алмай, мақсат-мүддесі бір-бірінен мүлдем алшақ жатқан екі құрылым өкілдерін бір атаудың астына топырлатқанымыздан табар пайдамыз қайсы?!

Ал бастауыш және орта мектеп қабырғаларында жүргізілген «реформалар» да жағымды нәтижелер бермей отыр десек, қателеспейтін шығармыз. Оқулықтарды түгелімен қайтадан жазғаннан тапқанымыздан гөрі жоғалтқанымыз көбірек сияқты. Әрине, еліміздің саяси тәуелсіздікке қол жеткізуіне байланысты тарих, география, әдебиет сияқты пәндер оқулығын жаңаша жазу қажеттілігі туындағандығын жақсы түсінеміз. Ал математика, физика, химия сияқты жаратылыстану пәндерінің оқулықтарын да түгелдей жаңарту қажеттілігі бар ма еді? Еліміз тәуелсіздік алды екен деп, математика заңдылықтары мен физикалық-химиялық процестердің табиғаты өзгеріп кетпейді ғой.

Мұны айтып отырғанымыз – Кеңес кезеңінің мектептерінде жоғарыда аталған пәндер бойынша пайдаланылатын оқулықтар түсінікті тілмен жазылған, нағыз көкейге қонымды-ақ құралдар болатын. Ал бүгінгі жаңадан жазылған оқулықтардың кейбіреулерін түсіну түгілі, мүдірмей оқудың өзі оңайға соқпайды. Үшінші сыныпта оқитын немересіне арифметикадан үйге тапсырма ретінде берілген есепті шығара алмаған ғылым докторының бұған кәдімгідей назаланып отырғанына күлгенім бар. Ғылым докторы түсінбеген есепті он жасар сәби қалай түсінбек? Ұлт болашағының мүмкіндіктерін әдейі шектеуді, яки оны мәңгүрттендіруді саналы түрде күн тәртібіне қою дегеніңіз осы емес пе?!

 Орынбай ТИЕСОВ

 (Жалғасы бар)

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №26 (343) от 30 июня 2016 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566