Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 7710 0 пікір 4 Шілде, 2016 сағат 10:49

РЕСЕЙГЕ ЗЫМЫРАН ҚАЛДЫҚТАРЫН ҚҰЛАТУ ҮШІН ТАҒЫ ДА ЖЕР БЕРЕМІЗ

Қазақстан зымыран қалдықтарын құлату үшін Ресейге жер беретін болды, - деп хабарлайды ҚР Инвестиция  және даму вице-министрі Альберт Рау.

Бұл жерге Байқоңырдан ұшқан «Союз» зымырандарының қалдықтары құлайтын болады. Ол үшін солтүстіктегі көршілеріміз жыл сайын өтемақы ретінде  460 мың доллар төлеп отырады екен.

"Наш Костанай" басылымына сұхбат берген вице-министр Альберт Рау: «Ресей жылына қанша зымыран ұшырса да кесімді бағасын төлеп отыратын болады», - депті.

«Әңгіме құлайтын зымыран қалдықтарының траекториясы туралы болып тұр. Яғни, бұрын қалдықтар Жезқазған аумағына құлап келген болса, енді оның бағыты Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына және Қостанай облысының Жанкелді ауданына қарасты жазыққа ауысқан. Бұл мақсатқа бар болғаны 63 мың гектар жер қарастырылып отыр. Оның 22 мың гектары Ақтөбе облысынан және 41 гектары Қостанай облысынан берілетін болады», - дейді ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау.

Оның айтуынша, Ресей төлеген қаражат бюджетке түсіп, кейін сол зымыран құлайтын аумақта тұратын тұрғындардың әлеуметтік проблемаларын шешуге жұмсалатын болады.

(Жанкелді ауданы Қостанай облысының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Аудан көлемі 37,6 мың км², халық саны - 13 738 адам.)

«Бұл кірісі мол келісім болмақ. Ресей төлейтін қаржы әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалатын болады. Мен картаға қарадым. Онда елді мекен аз екен. Ол аймақтарда тұрып жатқан азаматтардың жаңағы қаржыдан әлеуметтік проблемаларын шешуге болады», - дейді Рау.

Раудың рапортына сенсек, қазір Қазақстанның Парламенті Ресеймен арада жасалған жер беру туралы келісімді ратификациялап жатқан көрінеді.

Естеріңізге салайық, осыдан үш жыл бұрын Байқоңырдан ұшырылған «Протон-М» зымыраны апатқа ұшырап, салдарынан Қазақстан территориясына 600 тонна улы гептил төгілген болатын. Араға бір жыл салмай белгісіз себептермен 140 мыңдай киік қырылып қалды. Қоғам белсенділері, экологтар табиғи апаттың гептилден болғанын айтып дабыл қақса да, билік өкілдері улы заттың табиғатқа мүлдем залалы жоқ екенін айтып, халықты жұбатып келді. Ол кездегі Төтенше жағдайлар министрі болған Божко да былқ етпеді, басқасы да қың еткен жоқ.

(Ырғыз ауданы Ақтөбе облысында орналасқан. Аудан көлемі 41 500 км², халық саны - 15 544 адам.)

Ал бұрынғы экология министрі болған, марқұм  Нұрлан Қаппаров мырза, 2013 жылғы «Пратон» апатынан ел экологиясына 95 миллион доллар шығын келгенін есептеп, айтқан еді ғой.

Қазіргі геосаяси ахуалдарға назар аударсақ, Кремл қожайынының ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрғаны жасырын емес. Біздің территориямызда Кеңес кезінде екі бірдей ядролық сынақ полигоны болды. Ал қазірдің өзінде бес ресейлік әскери полигон мен Байқоңыр бар. Сондай-ақ, Қызылорда облысы онкологиялық аурулар жөнінен көш бастап келеді. Өңірдегі еркек белсіздігі мен әйелдер бедеулігі туралы қазақстандық БАҚ аз жазған жоқ. Уәде етілген, жал құны да дер кезінде төленбейтінімен қоса, біздің жетекші ғарышкерлеріміздің өзі ұшып жақаны шамалы. Ал РФ тарапы, біздің ғарышкер Айдын Айымбетовты біздің ақшамызға ұшырды. Сонда, Байқоңырды Ресейге жалға бергеннен не ұттық?

Енді ертең Ресей зымырандарының қалдықтары қазақ даласына шашылатын болса, не түрлі ауру-сырқаудың, бәле-жаланың пайда болмасына министр  Рау кепіл бола ма, әлде Мұсабаев па?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572