Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 7154 1 пікір 1 Шілде, 2016 сағат 15:44

«ЖАМАННЫҢ САНДЫРАҒЫ...»

 «Ана тілі» газетінде істеп жүрген кезім. Бір кабинетте 5 адам отырамыз. Төрде бәріміз көке дейтін Сабыржан Шүкірұлы. Оның оң жағындағы бұрышқа газеттің «Алтын дария» деп аталатын мұнайға арналған қосымшасының «кемесіндегі» Құралай Қуатова екеуміз жайғасқанбыз. Оң жағында ақпарат бөлімінің қызметкерлері — Раушан Төленқызы мен Нұрлыбек Сафин.

Раушанның сұхбаттары «хит» боп тұрған кез. Түсі жылы, тілі майда Төленқызы сөйлескен адамның «ішек-қырындысына» дейін ақтартады. Еңбекқорлығы — бөлек әңгіме. Әсіресе «Роза Бағланова және бес патша» деген тақырыптағы әйгілі әншімен сұхбатынан кейін редакцияға жауған хатта есеп жоқ еді.
Мен ол кезде «Таугүлде» тұрамын. Раушан — «нархоздың» жатақханасында. Сондықтан көбіне 12-троллейбусқа мініп, бірге қайтамыз.
Жалғызбасты, кішкентай ұлы бар Раушанның жағдайы мәз емес еді. Бір күні тіпті естанды күйде жүрді. Троллейбусқа мінген кезде сұрасам, жатақханадан қуып жатыр екен. Қазір бара сала, алдынан комендент шығатын көрінеді: «Қашан босатасың?».
— Қайда барам? Жатақханадан шығып кетсем, баламды кімге тастаймын. Пәтер жалдап тұруға, өзің білесің, біздің жалақымыз жетпейді ғой, — дейді ол егіліп. — Өмірден түңіліп жүрмін, — деді сосын, — ана бала ертең мектепке бармай ма? Пәтерден пәтерге көшіп жүрсек, оны қай мектепке апарам...
Мен сасып қалдым. Аузыма түскен сөзді айтып жұбатып жатырмын. Раушан егіле түседі. Мына түрімен мүлде «сынып» кететін түрі бар.
— Раушан, сен үй алсаң ғой, — дедім кенет, — бәріміз қонаққа барып, таң атқанша тойлар едік. Мереке аға былай деп тілек айтады. Қабағымды түйіп алып, бас редакторды сала бастадым. Көке бүй дейді. Ертай мен Төлеген ағалар былай дейді...
Раушан маған аңтарыла қарап қалыпты. Сеніп қалған сияқты. Жанары ұшқынданып, ықыластана тыңдайды. Оны көрген мен орнымнан тұрып кеттім. Троллейбустағы біраз адам бізге бұрыла бастады. Оларды елейтін шама жоқ еді. Нұрлыбектің қылығын салғанымда Раушанның ішек-сілесі қатты. Жұмысты жапырып істейтін Нұрекең жиын-тойда да «аттың басын» жіберетін...
...Аялдамадан өтіп барады екенбіз. Жүргізушіні бір боқтатып, түсіп қалдық. «Раушан, мынау — тегін емес! Сен үй алады екенсің! — дедім мен мұны да жақсылыққа жорып. «Аузыңа май! — деді ол жатақханасына қарай бұрыла беріп. Манағыдай емес, көңілді, аяғын да ширақ басып барады.
Ертеңіне бас редактор Мереке Құлкенов ұжымды шұғыл жинады. Басшы шақырып жатыр деген қайбір жақсы дейсің, тапсырылмаған материалым есіме түсіп, қорғалақтап бардым. Жоқ, Мереке аға жайдары отыр екен. — «Көптен бері қалалық әкімдіктен үй сұрап жүр едім. Бүгін бізге бір бөлмелі пәтер бөлінгені жөнінде хабар келді. Қарсы болмасаңдар, сол үйді Раушан Төленқызына берсек деген шешім қабылдап отырмын, — деді күліп. Біз ду қол соқтық. Раушан орнынан көтеріле бере, сылқ етіп, отыра кетті. Жылап жатыр. Сөйлеуге шамасы келер емес. Енді ше, Үкімет үй береді деген ұғымның жоғалған кезі еді ғой, ол...
«Жаманның сандырағы келеді» — деген рас екен. Мен аяқ астынан әулие атанып шыға келдім. «Ай, ондай қасиетің бар екенін бізге неғып айтпай жүрсің? Үйден де басқа тілектеріміз бар...» — дейді редакциядағы қыздар күліп...
Пысы. Өзінің іші тоңып жүрсе де жұрттың мүддесін қорғап жүретін журналист дейтін жазғанның ең бір талмау тұсы — баспана ғой ғой. Сол үйге тезірек жетіңдер. Мереке күнгі менің тілегім — осы! Мереке құтты болсын!

Бауыржан Бабажанұлы

FB-дағы парақшасынан алынды.

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562