Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 5516 0 пікір 23 Маусым, 2016 сағат 17:43

ДОПИНГ ДАУЫ: САЯСАТТЫҢ САЛҚЫНЫ СОҚТЫ МА?

Халықаралық ауыратлетика федерациясы Қазақстан құрамасын бір жылға жарыстардан шеттету туралы шешім шығарды. Төрт бірдей олимпиада чемпионымыз допинг дауына ілініп, Қазақстан құрамасы лицензиядан құралақан қалған-ды. ХААФ осыған дейін Илья Ильиннің Пекин мен Лондондағы олимпиада ойындары кезінде алынған сынамаларынан допинг табылғанын мәлімдеген.

Ильинге қоса Лондонда алтын алған Зулфия Чиншанло, Мая Манеза мен Светлана Подобедованың да сынамалары оң нәтиже берген. Бұл төрт атлет қазір уақытша жарыстарға қатысудан шеттетілген. Тбилисиде өткен жиында ХААФ (IWF) Қазақстанмен қатар, Ресей және Белорусия атлеттері де жарыстан шеттетілетіні туралы айтқан.

ХААФ-тың шешімі қазір әлеуметтік ортада қызу талқылануда. Ауыратлеттердің аяғы шалынды ма, әлде әдейі шалды ма? Одақтас үштіктің спортшыларының жаппай допинг дауына ілігуінің сыры неде? Қазақстан Риоға спортшы жібере ме? Осыған қатысты Қазақстандағы спорт журналистерінің, сапаршылардың пікірін білген ек.

 Есей Жеңісұлы, журналист:

- Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (ХААФ) Қазақстан мен тағы бірнеше елді бір жылға барлық жарыстан шеттету туралы шешім шығарды. Назар аударатын екі мәселе бар. Біріншісі, айып уақыты нақты көрсетілмеген. Екіншісі, айыпқа жығылған елдің бәрінен Рио олимпиадасының бір-екі жолдамасы қайтарылып алынды. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Айып уақыты Риодан кейін қолданылады. Қазір айыптап жіберсе, ХААФ өнбес дауға қаларын түсініп отырған сияқты. Өйткені, дәл Рио додасы қарсаңында «ежелгі» сынамаларды ашып, айды аспанға қайта шығарған «айыбы» бар. Сондықтан Риоға шектеп қатыстырады, бірақ допинг айыбына ілінген зілтеміршілерді олимпиадаға жібермейді. Бұл ауыр атлетиканы таза спорт жасаудың жолы деп түсіндіріп жатыр. Дұрыс та шығар. Сонда біздің зілтеміршілер биылғы олимпиададан кейін бір жыл жарыстардан шет қалады. Аса көп уақыт емес. Ал олимпиадада 10 емес, 8 ауыр атлетіміз (3 әйел, 5 ер) сынға түседі. Менің түсінгенім осы. 2008-2012 жылдардағы допингті анықтау мәселесінде үлкен астар бар. Оны бізге жуық арада түсіндірмеуі де мүмкін. Сондықтан олардың шешімін қабыл алуға тура келеді, басқа амал жоқ.

Руслан Меделбек, журналист:

- Яғни допинг тексеру барлық заңға сәйкес жүргізілген. Бұл жерде ешқандай заң бұзушылық жоқ. Өйткені, Халықаралық антидопинг агенттігінің ережесі бар. Кез-келген Халықаралық жарыста алынған допинг сынамалары 10 жыл сақталады және  ол кез-келген уақытта қайта тексеріледі. Соған сүйеніп отыр ғой. Бұл ешқандай заң, ереже бұзушылық емес және бұл жерден ешқандай саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Егер де Ресейдің Батысқа салған санкцияларының кесірі тиіп жатыр дейтін болсақ қате болады. Мүмкін дәл осы ауыратлетикаға келген кезде бізден қайтарып алатын үш алтынның үшеуі де Ресей спортшыларына тиесілі болады. Егер Ильин, Манеза және Подоведова қайтарып беретін болса, жағдай Ресейдің пайдасына шешіледі. Ал Ресей атлеттеріне де бұйырмай, қола алған спортшыларға бұйырады десе, онда мүлдем басқа жағдай болады. Сондықтан бұл жерде Халықаралық ауыратлетика федерациясы нақты шешім шығара алмай отыр. Спортшыларымыздың Рио олимпиадасына қатысуы екіталай. Себебі үлгермейді. Барлығы Халықаралық олимпиада комитетінің тәртіптік кеңесінің шешіміне байланысты. Бірақ, ешқашан ауыратлетикада болсын, басқа спорт түрлерінде болсын, жарыстан шеттетілген спортшылардың қайтып келуі өте қиын.  Бұны Ильин де, басқа үш атлетіміз де жақсы түсінеді. Ильиннің Рио олимпиадасына үлгеруі екіталай. Ендігі мақсат – қалған  төрт алтынды сақтап қалсақ, мұның өзі жетістік болар еді. Ал Қазақстан құрамасын бір жылға шеттету айтылғанмен, нақты қай уақытта жүзеге асатыны белгісіз. Яғни шектеу уақыты көрсетілмеген. Рио олимпиадасына қатыспайды деп айта алмаймыз. Оны тіпті Халықаралық ауыратлетика комитеті де шеше алмайды. Шешімді ХОК айтады.  Ондағылар бұны қарап, өз шешімін жақында шығарады. Бірақ, сол бір жылға жарыстан шеттетіледі. Ол мүмкін Рио олимпиадасынан кейін күшіне енуі мүмкін. Бір белгілі нәрсе – Қазақстан Рио олимпиадасына 10 атлет апара алмайды. Ал Ильиннің қатысуы 1 пайызды ғана құрайды. Ильиннің бапкері Ержас Болтаев та бұл жарысқа үлгермейтінін айтты ғой. Мүмкіндік өте аз.  Манеза, Чиншанло мен Подоведовалар қатысып жатқанның өзінде Ильинді жібермеуі мүмкін. Сондықтан, біз жалпы құраманың олимпиадаға қатысуын тілеуіміз керек.

Нұргелді Әбдіғаниұлы 

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570