Жексенбі, 24 Қараша 2024
Деп жатыр 4987 0 пікір 16 Маусым, 2016 сағат 13:52

АВТОБУСТАН ҚАШҚАН ӘЙЕЛДІҢ ӘҢГІМЕСІ...

Бұрнағы күні жұмыстан кейін үйге бет алғам. Аялдамада 43 автобустан атып шыққан әйел жан-жағына жалма-жан қарап, кішкентай қызын құшағына қысып, іштей күбірледі. Жұрт бұған не боп қалды деп аңтарылды.    

– Қазір ғана автобусқа балағы қысқа, сақалы бар жігіт кірді. Қолында үлкен қара сөмкесі бар. Жай сөмке емес – әскери сөмке», – деді ентігіп, – беті құрысын, кім біледі, сөмкесінде не барын? Ақтөбеде атысқандар осылар емес пе?..

Біз не дерімізді білмей, үнсіз қалдық. Осы кезде бір ғалымның: «Исламға пайдаларың тимесе де, дінге зияндарыңды тигізбеңдерші тегі...» деген сөзі ойымызға келді. Онсыз да Исламды үрейдің діні етіп көрсетуге тырысып жатқандардың әрекеті аз болғандай, кешегі Ақтөбе оқиғасы тағы да жұрттың жүрегіне екіұдай пікір ұялатты.

Лаңкестер ел ішіне лаң салған соң: «Баламызды мешітке жіберуге қорқып қалдық, дін ұстанбай тыныш қана жүре бергені дұрыс қой», – деген ата-анаға қандай кеңес, қандай насихат айтуға болады?

Бірдің кесірі – мыңға деген бар. Сол сәләфизм мен тәкфиризм идеологиясының ықпалында кеткен азаматтар бейбіт күнде бейбіт тұрғынның өмірін бүлдіріп, жалпақ жұрттың үрейін үдете түсті. Имандылық жолына әне-міне түсем деп, ізгілік іздегендердің ізгі ниетіне тағы қаяу түсірді.  

Ғаламтордан бір кісінің: «Уа, Алла! Сенің дініңді ұстанушылар оны қандай күйге түсірді?» – деген базынасын, жазбасын оқып едік. Мәселе дінде емес – дінді ұстануда.   

Автобустан, дәлірегі – сақалды жігіттен қашқан әйелдің күйі, оның Ислам туралы ойы қандай болды екен?.. Исламда экстремизм, экстремизмде Ислам жоғын түсіндіргенмен, оның түйсігі қабылдай қояр ма?  

Санаулы қазақтың санасын ізгілікке толтыруды, имандылыққа ұйытуды ойластыру қажет болған осы бір сәтте діннің қадірін қашырып алғанымыз өкінішті. Қоғам дінге салқын қараса, ол қалайша дамиды?

Әрине, саф дін қашанда саф қалпын сақтап қалатыны хақ. Ал біз өз тарапымыздан: «Жақсы пенде – қоғамға пайдасы тиген адам», «Мұсылман өзгеге қолымен де, тілімен де зиян тигізбейді», – деген хадисті қоғамға көбірек айта беруіміз керек. Дінді дұрыс түсіндірудегі ортақ үлесіміз осы болсын!

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі

Abai.kz       

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5657