Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 5523 0 пікір 16 Маусым, 2016 сағат 12:38

БІЗ ҚАЛАЙ АРАБТАРДЫҢ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚАҚПАНЫНА ТҮСТІК?

Осыдан 10-15 жыл алдынғы біздің рухани жағдайымыз кімнің есінде? Біз үшін мойнымызға тұмар тағу, көлігімізге көз тиюден сақтайтын дүниелерді асып қою, ата-бабамыздың әруақтарына құран оқып, олардан медет сұрау біз үшін күнделікті өмір салтымыздағы бар нәрселер болатын.
Қыдыр болсын жолдасың!
Ісіңді Тәңірім оңдасын!
Әруақтар жар болып,
Кәміл де пірлер қолдасын! - деген бата-тілектерді осындағы отырған барлығымызда ауылдағы кез-келген қарттың ауызынан естіп жүретінбіз. Ауылымыздағы құрсақ көтермеген келіншектерді әжелеріміз әулиелердің басына жіберетін. 
- Пәленшенің келіні Әзірет кесенесіне барып келген соң көтеріпті!
- Еее, әулиелі жер ғой... - деп ауызашарда отыратын әжелердің әңгімелері әлі күнге дейін есімде.
Қалаға оқуға  кетер уақытта атамның "Қыдыр болсын жолдасың, балам!" деп шығарып салатыны есімде.
Діни сауатымның ашылуына басты себеп - атам болды. Дәлірек айтсам, ол кісімен болған ең алғашқы «конфликтім» осы діннің төңірегінде болды.
Қалада оқуда жүрген кезде, біздің қаламызға алғашқы діни материалдар келе бастады. Оның ішінде әртүрлі құбылыстардың бөліктеріндегі "Алла" деп жазылған белгілерінен бастап, Құранға құрметсіздік көрсеткендердің қандай "ауыр" жағдайларға ұшырағандықтары туралы сан түрлі фильмдер мен еңбектер болды.
Соның нәтижесінде біз бүкіл мектеп болып, намаз оқып, дінді "тани" бастадық. Біз үшін араб тілі деген мың сан қасиетке ие болып, біраз достарымыз интернатта жүріп оны да оқи бастады. Сөйтіп, ондай діни материалдардың легі көбейе түсті. ИК-порт, Bluetooth, СD-R деген заттар ол кезде негізінен діни материалдарды тасымалдаумен айналысып кетті.
Өткен жазбамда бізді өлтіретін нәрсе, ЛингвоЦентризм мен ГеоЦентризм деп айтқан едім. Осы екеуі толық болса, кез-келген халық арабты ұлықтауы оп-оңай. Біз мұсылман дінін ұстанып жүргелі бері Лингвоцентризм болды. Яғни, "Бір дін - Бір тіл" стратегиясы. Араб тілі болмаса, Ислам жоқ. Сондықтан бұл онсыз да біздің танымда болды. Құранды арабша оқуымыз осының бір модулі. Лингвоцентризмге ілікпеген нәрсе біздің халықтың дұғалары мен бата-тілектері еді. Бірақ, соңғы жылдары оны да қойып, дастархандағы дұғаларымызды арабша айтатын болдық. Тіпті, өзіміздегі көркемдік пен құдайға барынша жақын сезіндіретін тілектерімізді ұмытып, араб тіліндегі дұғаларды жаттай бастадық. Қарапайым күнделікті ауыз ашып, бекітердегі дұғаңыз да арабша болып кетті. Сондықтан, діни лингвоцентризмнен құтқарып тұрған соңғы бөлшегімізден де айрылдық.
ГеоЦентризм - дегеніміз қарапайым түрде айтатын болса, белгілі бір аймақты қасиетті етіп, сол жерге назар мен ниетті, ақшаны топтастыру. Біздің жағдайымызда Мекке қаласы. Бұл қала барша мұсылманның қасиетті орны. Парыздардың ішіндегі кез-келген мұсылман келіп өтейтін арнайы ритуалдармен бекітілген арнайы жүйе - қажылық. Әлгі араби идеология Қазақстанға келе бастаған кезде, ЛЦ бойынша мәселе аз екенін көрді. Бірақ, біздің елде ГеоЦентризм бойынша үлкен мәселе бар еді. Біз үшін белгілі деңгейде екінші Мекке деп саналатын Түркістан қаласы бар болатын. Біздің халық үшін Түркістан мен Арыстан бабқа барып қайту деген қажылық жасаумен бірдей қасиетті нәрсе еді. Әлбетте, бұл нәрсе ол топтар үшін өте ыңғайсыз болды.
Әлқисса, біз сол діни материалдарды қарап жүрген кезде келесі бір сарындағы деректі фильмдер шыға бастады. Ол фильмдерде Түркістан мен Арыстан бабқа барып жүргендерден сұқбат алып, оларды ақымаққа балап, "Алла ғана береді ғой, мыналар ештеңе бере алмайды" деген сияқты аят тәпсірлерін беріп, бүкіл халықтық сананы жынды қылды. Тұмар сатушыларға барып, "Өзін қорғай алмаған қасқырдың тырнағы сені қалай қорғайды?" деген сияқты сауалдар қойып, әп-cәтте бәрін ақымаққа шығара салды. Басында өзіміздің молдалар мен имамдар да қарсыласатын еді. Кейіннен олардың өздері мешіттерде жоғарыдағы нәрселердің Исламда тыйым салынғанын айтып, әлгі топтардың сойылын соғып кетті. Дәл осылай жалғасқан медиа жұмыстардың нәтижесінде айналдырған 3-4 жылдың ішінде тілдік және жерлік үстемдіктерімізден айырылған күйі біз араби топтардың тұзағына топ етіп түстік.
Осылайша айналдырған 10 жылдың ішінде локалды дәстүрлі Исламды ұстанған Түркістанға, басқа да қасиетті орындарға баратын, ата-бабасынан медет сұрайтын, әруақтарын құрметтейтін ұлттан, Түркістанға бармас, ата-бабалары медет бере алмас, әруақтары естімес халыққа айналдық. Сәйкесінше, өзіміздің локалды ерекшеліктеріміз діннен алшақтаған соң, біз глобал мұсылмандыққа жақындадық та, олардың барлық проблемалары біздің де проблемаға айналды. Ал, оның әсерінен дәл қазір көпшілігіміз осыдан он жыл алдынғы аталарымыз үшін норма болған нәрселер біз үшін "харам" нәрселер сияқты әсер тудырып кетті. Қазір әруақтар жар болсын деп ойлаудың өзіне қорқамыз. Себебі, ширк деген сөзбен санамыз әлдеқашан шіріп кеткен. Егер дәл осы қалыпта жалғасар болса, әлеуметтік эффект пен діни ахуал нашарлай түсері һәм қазақтардың ішінен терроризм саласының жұлдыздары шығарына еш дау жоқ.
Түркістан - Қазақтың Меккесі! Жаратушы мен қазақтардың байланыс тілі - Қазақ тілі!
МЫНА ҚИЫН КЕЗЕҢДЕ, ЖАРАТҚАН ЖАР БОЛЫП, БАБАЛАР РУХЫ МЕДЕТ БЕРГЕЙ, ӘР ҚАЗАҒЫМА!

Садық Шерімбектің "Фейсбуктегі" парақшасынан алынды

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5656