Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 13262 0 пікір 13 Маусым, 2016 сағат 09:54

ЖЕР КОМИССИЯСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ НЕГЕ ӨТПЕЙ ҚАЛДЫ?

Өткен сенбі күні Елбасының пәрменімен құрылған Жер комиссиясының кезекті жиналысы өтпей қалды.

Қазақ жерін шетелдіктерге жалға беру мәселесі сөз болғанда бүкіл қазақ халқы наразылығын білдіріп, рұқсат етілмеген митингтерге шығып, жерге қатысты өз ойларын ашық айтқан болатын.

Бұқараның ашуынан ыққан билік дер кезінде есін жиып, 75 мүшесі бар комиссия құрып, барлық күрделі мәселенінің шешімін бейбіт жолмен ұсынуды Бақытжан Сағынтаев басқаратын комиссияға жүктеді.

Басы әп-әдемі басталған комиссияның отырысы неліктен өтпей қалды? Бұл онсыз да «шықпа жаным, шықпамен» отырған халық наразылығын күшейтіп жібермей ме? Бұл жағдаят комиссияға деген сенімнің сетінеуіне әсер етпей ме?

Осындай сұрақтарға жауап таппақ болып, Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжанға хабарласып едік. Ол кісі жер комиссиясының жиыны неге өтпегенін әлі біле алмай отырғанын айтты.

Ал, саясаттанушы Дос Көшім болса, мұны әзірге шулатпай қоя тұруды жөн санап отырғанын, десе де комиссия жұмысында көңілге қонымсыз шалағайлықтың көп екенін тілге тиек етті.

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Негізі жер комиссиясының отырыстарын өткізу жұмысы Ауылшаруашылығы министрлігіне жүктелген. Отырыстың неге өтпей қалғанын солардан сұрау керек. Меніңше, кезекті жиналыстың өтпей қалуына Бақытжан Сағынтаевтың қолының босамауы себеп болған сияқты. Бәлкім, Ақтөбедегі ланкестік әрекеттің де салқыны тиген шығар. Десе де, қандай жағдай болмасын, бұл отырыстардың өтуі қажет еді, жұмысының тоқтамағанын дұрыс.

Менің көңілім толмайтын біраз дүниелер бар. Өткенде ол жайдың біразының шет-жағасын айттым да. Жер комиссиясының өңірлерде өтетін жиналысы Көкшетаудан, яғни, Ақмола облысынан басталды. Енді Шығыс Қазақстан, Павлодар секілді облыстарда өтпек. Бұл комиссия неге алғашқы жиындарды митингтер өткен Атырау мен Ақтөбеден бастамайды? Неге сол жақтың пікірін алдымен білмейміз? Бұл-  бірінші мәселе.

Екінші мәселе, барлық жұмыс комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаевтің қолының бос болуына байланысты жүргізіліп жатқан сияқты. Комиссияның төрағасы болған соң, ол кісі бүкіл жиынға қатысу керектігі айтылған еді. Негізі мұндай кешенді жұмыс жасаларда арнайы жоба бекітілуі керек. Қай уақытта қандай жиын өтеді, комиссия қандай өңірге барады, барлығы дерлік қатталып, арнайы кесте дайындалуы керек. Мұның бірі де қолға алынбаған. Біз өзіміздің жұмысты қалай жоспарларымызды білмей отырмыз. Мәселен, мен осы айдың 27-інен бастап экспедицияға кетуім керек еді. Егер комиссия жұмысының арнайы кестесі болса, біз бар ісімізді соған ыңғайлар едік. Әр өңірдің азаматтары да комиссия жұмысына араласуға, жиынға арнайы келіп қатысып, өз ойын айтуға дайын отырар еді.

Жиналыс бірінші рет өтпей қалып отыр. Сондықтан, айғай шығарып, мәселе көтерудің қажеті шамалы. Бірақ, елдің комиссияға деген сенімін өшіріп алмау үшін бұдан кейін бұл жағдай қайталанбауы керек деп ойлаймын.

Түйін

Жер комиссиясы құрылмай тұрып, жер жайындағы барлық ақпараттарды халыққа жеткізіп тұру үшін билік арнайы jerturaly.kz деген сайт ашқан еді. Қазір ол сайт та жұмыс жасамайды. Неге?

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377