Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 5883 0 пікір 7 Маусым, 2016 сағат 14:36

ҚОЖАҒА – СЕРЕ ҚАЗЫ, ҚҰЛҒА – СҮЙЕК-САЯҚ

Ресей, Қытай секілді державалар Қазақстанды тәуелсіздігін кеше ғана алған отар елдердің бірі ретінде әлеуметтік азаттыққа апаратын жолға түскенін қаламайды. Шетелдіктер әр кезде де отар елдерге кіргенде оның байлығына өз үстемдігін ұзағынан сақтап қалу үшін «өкіметтегі өз сыбайластарын» параға сатып алуды мейлінше пайдаланып, бірте-бірте сол елдің экономикалық және саяси жағдайына бақылауды өз қолдарына алуды көздейді. Себебі, жасыратыны жоқ қазіргі кезде қытайлықтар мен билік арасында экономикалық сыбайластық бар.

Ол аз болғандай қазақтың өз ішінен шыққан қытайлықтардың өндірісін жүргізіп отырған «орташа бастықтары» бар күш – жігерін, ақыл-білімін қандастарын (жұмысшыларын) езіп-жаншуға, қытайы қожаларының бетіне жел тигізбеуге жұмсайды. Біз мұны мойындауымыз керек. Осындай мақсатпен енген Қытай мен басқа да шетелдік трансұлттық корпорациялар бүгінде бізді бағынышты етіп ұстау үшін өздерінің бет-бейнесін бүркемелеген отаршылдықтың жаңа жүйесін енгізіп жатыр. Бұл экономикалық бұғау қазірдің өзінде қазақ елін қылғындыра бастады.

Бұл аз болғандай түрлі жолмен ірі көлемдегі жерлерді ұзақ мерзімге жалға алғандардың ішінде жерді екінші деңгейдегі банктерге кепілдікке қойылып, қыруар қаржы несиеге алынып, бірақ қайтарылмай кепілге қойылған жерлердің банк иелігіне өтіп кеткен жағдайы бар. Мәселен, Алматы облысы, Райымбек ауданының біршама жері Эксимбанкке өтіп кеткен. Қазір ол жерлерді не мемлекет өзіне қайтара алмай, не халыққа бере алмай жатыр. Ондай оқиғалар республика бойынша аз болмауы мүмкін. Ал коммерциялық банктерді шетелдіктердің сатып алуына немесе банктің өз мүлкін еркін сатуына ешқандай тосқауыл жоқ. «Банктер кепілге қойылған мүлікті несие қайтарылмаса сот шешімінсіз-ақ сатуға шығаруға мүмкіндігі бар, осы жолмен көптеген жер телімдері шетелдіктердің иелігіне өтіп кетуі ғажап «емес». Құрылтайшысы Ресей болып табылатын «Сбербанкте» қандай меншіктер кепілде барын да текесеріп жатқан құзырлы органдар жоқ.  

Қазіргі күні Қазақстандағы ірі инвестор мемлекет Қытай екені жасырын емес. Әуелгі келісім қалай еді? Көршіміз Қазақстанның Қытаймен шекаралас жатқан Батыс өңіріндегі көмірсутектердің көзін тауып энергетикалық қорғанысты нығайта отырып шикізатты тасымалдау керек болатын. Сөйтіп, қытайлық компаниялар мұнай-газ саласында белсенді жұмыстарын бастап кетті. Қазір еліміздегі мұнай өндірісінің 40 пайызы қытайлық компанияның бақылауында. Оның ішінде CNPC – Ақтөбемұнайгаз көш бастап тұр. Дерек көздерінің айтуына қарағанда Ақтөбе мұнайының 90 пайыз акциясы солардың қолында. Көш бастағанда да заң бұзудан да, экономикалық қитұрқылықтан да көш басында тұрған осы компания. Оның үстіне шетелдiк азаматтардың (қытайлықтардың) Қа­зақстан азаматтарымен некеге тұруы да белгiлi дәрежеде қо­сымша мәселелер туындатады. ҚР «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» заңының 14-бабы бойынша Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер Қазақстан Республикасының азаматтарымен және басқа адамдармен некеге тұрып және оны бұза алады.

Қазақ мемлекеті мұнай газ саласында отандық компаниялардың үлесін арттыру туралы талап қойып, саясат жүргізіп отырса да, «CNPC – Ақтөбемұнайгаз» өзінің негізгі бас компаниясы «CNPC CHINA»-ның қарамағындағы еншілес компанияларды дамытуға басымдық береді. СНПС тің Қазақстандағы еншілес компанияларының құрылымы төмендегідей:

 1. «ChinaPetroleumTechnology&DevelopmentCorporation»

Қызметі: өндіру, тауар және жабдықтарды тасу

Қазақстандағы еншілес компаниялары:

  1. «Восточная Корона» ЖШС;
  2. «Ақтөбе Мұнай Маш Комплект» ЖШС;
  3. «Ақтөбе Нефте Маш» ЖШС;
  4. «Каспий Ойл Тех Сервис» ЖШС;
  5. «Сырдария Нефте Сервис» ЖШС;

(Дереккөз: CPTDC сайтының түсірілімі

http://www.cnpc.com.cn/cptdc/CPTDCNEW/CPTDCWorldwide/default.htm)

2. ChinaPetroleumEngineeringandConstruction (Group) Corporation

Қызмет түрі: инжиниринг және құрылыс

Қазақстандағы еншілес компаниялары:

  1. «ВСП Интернациональ» ЖШС;
  2. Чжунте Қазақстан
  3. «Арман-Құрылыс» ЖШС;
  4. Қытайлық инженерлік-құрылыс мұнай компаниясы
  5. Қытайлық мұнай корпорациясының құрылыстық жобалау жұмысы бойынша ашылған қазақстандық ЖШС филиалы

3. Great WallDrillingCompany

Қызмет түрі: бұрғылау операциялары

Қазақстандағы еншілес компаниялары:

  1. «ККБК Великая стена» ЖШС
  2. «Восток нефть и сервисное обслуживание» ЖШС
  3. «Батыс-Мұнай» ЖШС

Дереккөз: Great WallDrillingCompany аталған ЖШС лардың құрылтайшы үлесі

4. ChinaNationalLoggingCorporation

Қызмет  түрі: геологиялық және геофизикалық қызмет

Қазақстандағы еншілес компаниялары:

  1. БИДЖИПИ геофизикалық қызмет
  2. КНЛК Интернешнл Қазақстан
  3. М-техсервис

(Дереккөз: http://www.hkexnews.hk/listedco/listconews/sehk/2011/1214/01251_1225624/E106.pdf)

Шетелдік монополистер (қытайлықтар т.б) Қазақстанды шикізаттың қоймасы, капиталын үстемелу және өнімін тиімді өткізудің нарығы, шектен тыс пайданың көзі деп қарайды. Қазақтардың саяси және экономикалық тіршілігне ықпал жасайтын маңызды тетіктері мұнай, газын әбден иеленген олар, енді міне қалған өндірісі мен ауыл шаруашылығын, жеріне (территориясына) қожалық етуге ұмтыла бастады. Қазақстан олармен 24 млрд доллар тұратын 50-ден аса келiсiмге қол қойды. БАҚ құралдары бүгінде Қытайдың 4 алпауыт ауылшаруашылық компаниясы, атап айтқанда CITIC, COFCO, Rifa Holding Group, AIJIU Қазақстанның ауыл шаруашылығы нарығына тағы кiргенін жазды. Ресей елi Байқоңыр ғарыш айлағы және 7 әскери полигондар орналасқан жерлердi сатып алуға мүдделi. Себебi Ресей Бай­қоңырды жалға алғаны үшiн жыл сайын 15 млн. доллар әскери полигондар орналасқан жер үшiн 24 млн. доллар төлеп отыр. Егер ол жерлердi жеке меншiкке сатып алса, оған миллиондаған доллар ақы төлеудiң қажетi болмайды.

Бұған қанаудың капиталистік формасын қабат қолданып жүрген жергілікті жер иемденуші үстем тап, бүгінде 4 млн.га жерге ие болып отырған латифундистер мен олигархтарды, заңды тұлғаларды және қосыңыз. Иелігінде 100 мың, 200 мың, 400 мың, 500 мың тіпті 800мың гектардан жері бар В. Школьник, С. Терещенко, С. Кулагин, В. Метте (марқұм), Р. Мадинов сияқты алпауыттар пайда болды. Дамыған капитализм мемлекеттерінде ұлттық байлықтың 40-50%-нан астамы мемлекет меншiгінде. Нарықтық қатынастарға өткен қытайдың өзінде 90% мемлекет меншiгінде. Мәселен, АҚШ  өз мұнайының 80% табысына ие болса, Ресей 60-65% - қалдырады екен. Ал, Қазақстан мұнайдан түскен табыстың әр тоннасынан бар – жоғы тек 16 пайыз үлес алады екен. «Осындай жағдайды бiле отырып, жер сатудың неге алып баратынын сезе отырып, ҚР Пар­ламентi неге жер сатуға мүм­кiндiк беретiн заң қабылдайды?» - дейді халық. Жер қазақ халқының қолындағы соңғы меншігі, стратегиялық тетігі. Жерінің тұтастығына, халқының бірлігіне, мемлекетінің қауіпсіздігіне төнген қауіпті сезінген қазақ халқы ҚР Жер кодексінің қазіргі нормалары Қазақстан халқының мүдделеріне сәйкес келмейтінін, өз құқықтарының сақталуын талап етіп ереуілдерге шықты.

Әдетте шетелдік монополистер азаттық алған елдерде экономикасының ең табысты салаларын - кен шығару, өңдеу өндірісін иеленеді. Сатып алу, пара беру жолымен билік тетіктеріне де мүдделес лоббистерін кіргізіп, көп жеңілдіктерге ие келісім-шарттарға қол жеткізеді. Қолдары жеткесін өз талаптарын зорлап ұсынып, бұл елдерді іштен қанай бастайды. Шетелдік монополистік қанаудың бірте-бірте мемлекеттік монополистік қанауға ұласуы «жұмысшы табын» және халықтың басқа да бөліктерінің наразылықтарын тудырады. Осыдан туындайтын елдегі көпті толғантқан жалпыұлттық дағдарыстар тереңдей келе, бұл әдетте қалың бұқараны белсенді қимылға, ашық қарсылықтарға баруға итермелейді. Монополист шетелдіктердің зорлық-зомбылығы мен жемқорлықпен былғанған жергілікті шенеуніктердің олармен сыбайластығы, өзгеге тәуелділік, экономикалық тапшылық пен тұрмыстағы мұқтаждық, еңбекшілердің әлеуметтік құқықсыздығы «жұмысшы табы» мен «халықтың басқа жіктерін» көшелерге шығарады. Осылай билеуші тап дәрменсіздігінен халқын қанаушы тапқа қарсы арандатады.

Біз бір нәрсені анық түсінуіміз керек. Кешегі Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Семей, Алматы ереуілшілерінің көздегені: жерінің бүтіндігін сақтап қалу, соның ішінде шетелдіктердің саяси - экономикалық басыбайлығынан құтылу болатын. Өзіңнің ырыздық бұлағыңды өзің билеп, өз қалауыңша өмір сүргенге не жетсін. Халықты «екі жақты қанау» дегеніміз осы. Ал, екі жақты қанау тереңдей келе халықтың екінші бөлігінің наразылығын тудырады. Наразылық ушыға келе еріксізден «қаналушы тапты» (бұқара) көшеге шығаруға мәжбүрлейді, бұл АКСИОМА. Мұның емі: үкімет «Жер туралы кодекстің» 170-бабы, 3-тармағы бойынша қанша адамға қанша жер берілгенін есептеп, қаншалықты заңа аясында орындалғанын жұртшылыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария етуі тиіс. Үкіметтің халық алдында есеп беретін кезі келді. Жердi сату, жалға беру мен жер салығының әдiлеттi, экономикалық негiзделген ақысы бел­гiленiп, заңмен бекiтiлуi тиiс. Алдағы бірер жылда пайдаланылмай жатқан және дұрыс игерiл­меген жерлердi толық тү­гендеп, оларды мемлекет меншi­гiне алу мәселесiн бастау қажет. Қазақ халқы ауыл шаруашылығын шетелдіктерсіз өз күшiне сүйенiп көтере алады. Бұған еш күман болмасын.

Бір ғана Ақтөбедегі митингіде әділетсіздіктен титықтаған халық құнарлы жерді аукцион арқылы өзіміздің ғана емес, шет елдің алпауыттарына сатуды көздейтін кодекс баптарын алып тастауды, жалға бермеуді, жердi сату, сатып алу үдepici шаруаның мүддесiн көздеуi керек, жер шаруашылық айналымынан шығып кетпеуі, шаруаның қолынан саудагердің қолына өтiп кетпеуi қажет дегенді көтерді. Жергілікті жұмысшылар мен қытайлықтардың арасындағы жалақы айырмасының теңсіздігін айтты. Олар еңбек жағдайларын жақсартуды және басқа да тиесілі әлеуметтік теңдіктің, жұмысшы мүддесінің өкімет тарапынан қорғалуын, демократиялық құндылықтардың сақталуын, талап етті. Бұдан ешқандай да құбыжық іздеудің қажеті жоқ. Мұндайға олар шетелдіктермен ауыз жаласқан мемлекеттік монополистердің өктемдігін тежеу, өз құқықтарын қорғау мақсатында мәжбүрліктен барды. Те­рең талдау мен мониторинг жасап алмай, халықтың келісімінсіз, ту сыртынан ауыл шаруашылығы саласына шетелдiк жұмыс күшiн тарту бастамалары әлеуметтiк қақтығыстарға ұрындырарын мойындауымыз керек.

Ендеше, «жерінің тұтастығын» ту етіп, іштегі әлеуметтік, қоғамдық қатынастарды ушықтырушы  басты фактордың бірі - шетелдік қанаушы таптың заңнан тыс іс-әрекетіне қарсы наразылық келтірген бұқараның «экономикалық тәуелділіктен» туындаған табиғатын түсіністкпен қабылдағанымыз дұрыс болар еді. «Қожаға – сере қазы, құлға – сүйек-саяқ» күйін кешкен, кешегі көшеге шыққан халықтың көздегені бар болғаны қазақ елінің шынайы экономикалық тәуелсіздігін сақтап қалу ғана болатын. Айтарым, еліміздің тыныштығын, бірлігіміздің бектігін ойласақ Жер Кодексіне қатысты құрылған үкіметтік комиссия жоғарыдағы жайларға баса назар аударады деп үміттенеміз. 

Нұрлыбай Қошаманұлы, Жер кодексіне байланысты Ақтөбе облысы бойынша құрылған үшжақты комиссия мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602