Жексенбі, 24 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 4284 0 пікір 7 Маусым, 2016 сағат 14:17

Етікшіні балғасы мен бізі асырайды

Қарасу ауданының жеке кәсіпкері атанып үлгерген Жолдыбай Осупов – он бес жылдық еңбек өтілі бар аяқ киім тігу шебері.  

Ол бизнесмен деген мәртебеге енді ғана бой үйретуде, өйткені аяқ киім жөндеуге арналған жеке шеберханасын бір ай бұрын ғана ашқан-ды. Бұған дейін сервис жағы біршама ақсап тұрды. Жолдыбайға ауылдастары телефон шалу арқылы тапсырыс беретін, содан кейін ол қоңырау келіп түскен үйлерді аралай жүріп, бүлінген аяқ киімдерді үйіне жинап алып келеді. Ол аяқ киімдерді жөндеуге барын салады: жамайды, тігеді, желімдейді, бір сөзбен айтқанда, өз бетімен үйреніп алған, әрі жылдар бойы шыңдалған әдістердің бәрін қолданады. Үй жағдайында жұмыс істеп келген шебердің клиенттері жетерлік болды. Әсіресе, көктем мен күзде.

Оның бұл таланты аудандық әкімдікке де, Кәсіпкерлер палатасына да жетті. Сөйтіп, Қарасуда Кеңес үкіметі тарағаннан бері аяқ киім жөндейтін бір де бір шеберхана болмағандықтан, Жолдыбайға осы олқылықтың орнын толтыруға ұсыныс жасалды.

Ол «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша грантқа өтініш білдіріп, 660 мың теңгедей қаражатқа ие болды. Бұл қаражатты ол тігін машинасы және басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсады.

«Қазір дүкен ғимаратынан бір бөлмені жалға алып отырмын.  Адам көп жүреді, ал төлем 10 мың теңге. Артықшылықтары көп. Енді клиенттерге өзім бармаймын, олар маған келеді.  Бұдан ел аяғы азайған жоқ, елдер жаңа шеберхана барын біліп алған, күніне 5-6 адамнан келеді.  Бұл табысы жыл он екі ай бойы түсіп тұратын мамандық», – дейді Жолдыбай Осупов.

Бизнесін жаңа бастаушы Жолдыбай мамандардың көмегінсіз жаңа істі дөңгелету мүмкін емес екенін мойындайды.  Бухгалтерлік және салықтық есеп-қисапты Кәсіпкерлікті қолдау орталығының мамандары жасап береді.  Олар кәсіпкердің кез келген сұрақтарына жауап беріп, процесті жеңілдете түседі.

 «Мен қағаз жұмыстарға басымды қатырмаймын, өз жұмысымды атқарамын.  Уақыт өте келе, әрине, барлық қыр-сырын меңгеріп алам», – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлер палатасының филиалында осы жылдың басынан бастап Қарасу ауданының тұрғындарына 300-ден астам тегін бизнес-кеңестер берілген.  Ал облыс бойынша барлығы 6 мыңдай адам кеңес алған. Соның нәтижесінде  220 адам жеке ісін ашып немесе бұрыннан бар бизнесін кеңейтіп үлгерді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602