Жексенбі, 24 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 8843 1 пікір 2 Маусым, 2016 сағат 14:25

ТЕК ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӨНІМ САТАТЫН ДҮКЕН АШҚАН СТУДЕНТ

Астанада «Қазақстанда жасалған. Халық маркасы» деген дүкен ашылды. Онда тек қана отандық өнімдер сатылады. Оны ашқан – 21 жастағы студент Рахима Ғазизова. Іскер қыздың есімі  TOP GENERATION Group оқу орталығы арқылы да білімге құштар жастардың арасында жақсы таныс. Жуықта Лондон университетіне (University College London) менеджмент саласы бойынша магистратурада  оқуға грант ұтып алды. Сондай-ақ, əлемнің үздік бестігіне кіретін Мадридтің бизнес университетіне емтихан тапсырып жүрген Рахима 30 мың үміткердің арасында математика бойынша үздік үштіктің қатарынан табылыпты. Біз Рахимамен арнайы жолығып, танысып қайттық.

Ұлан: Рахима, жетістігіңді естіп қуанып жатырмыз. Студентке сабақпен қатар бизнесті алып жүру қиын емес пе?

Рахима:  Рахмет. Қазіргі кезде ҚазҰУ-дың 4-курсында оқып жүрмін. 2-курстан бастап іскерлік жобалармен айналыса бастадым. Кəсіпкерлікке қызығатын адамдарды жинап, жетістікке жеткен жандарды шақырып, лекцияларын тыңдайтын орта қалыптастырдым. Яғни, əлеуметтік топтың lady club-ын құрдым. Оған танымал дизайнер, маркетолог, диетологтарды шақырдым. Оған қызыққан қыздардың бəрі тегін қатысты. Шақырған қонақтарым қыздарға «үй жағдайында қалай əсем болып жүруге болады немесе аз ақшамен заманауи, əдемі киінуге бола ма?»  деген сияқты кеңестер беретін. Қандай жаттығу жасап, қандай диета ұстану керектігін айтатын. Қыздардың өз-өздерін жетілдіруіне  кеңестерін аямайтын. Халида Əжіғұлова деген қазақтың мықты қызы бар.  Oxford-та оқыған. БҰҰ-да жұмыс істеген. Халиданың лекциясы арқылы талай қыздың көзқарасы, дүниетанымы өзгерді.

2-курста халықаралық  IELTS емтиханына дайындала бастадым. Дайындық барысында өздігімнен оқып жүрген бағдарламамның тиімді екенін түсініп, көз жеткіздім. Тап сол кезде жақсы бір іскер қызды жолықтырып қалдым. Сол екеуміз ақылдасып, IELTS-қа дайындайтын оқу орталығын ашуды ұйғардық. TOP GENERATION Group деген оқу орталығы арқылы өзімнің жеке кəсібімді бастадым.

Бұған дейін істеген шаруаларымды, яғни кəсіпкерлермен ой бөлісу жұмыстарын өзім үшін тегін ұйымдастырып тұрдым. Бірдеңе үйренейін дедім. TOP GENERATION Group арқылы табыс таба бастадым. Ақша табу, адамдарды ұйымдастырып, басқару оңай емес, əрине. Маған бəрі қызықты болды. 2015 жыл аяқталарда өткеніме есеп берсем, білім саласында біршама шаруалар жасаған екенмін. Жастарға тегін шеберлік сабақтарын да жиі өткіздім. Ауылдан келген қыздарға қатты көмектескім келді. Олардың қалалық қыздарға қарағанда мүмкіндіктері аз. Шет тілдерін жақсы меңгермеген, IELTS-тың не екенін біле бермейді. Ауылдың қыздары қаланың қыздарындай өздеріне үлкен мақсат қоя алмайды. Мысалы, мен де Семейден келдім. Семейде жүргенде, ҚазҰУ-ға оқуға түсу мен үшін үлкен жетістік болатын. Алматыға келгенде қала қыздарының ҚазҰУ-ға түсуі біздікіндей үлкен жетістік емес екенін түсіндім. Олар одан да мықты оқу орындарына түсуге ұмтылады екен. Сөйтіп, өз басымнан өткен проблеманы TOP GENERATION Group арқылы жүзеге асырғым келді. Ол жағынан, аз да болса, мақсатым орындалған сияқты.

Ұлан: Ал отандық өнімдердің дүкенін ашу идеясы қайдан келді?

Рахима: Адам бір жетістікке жетсе, тоқтап қалмау керек. Үнемі ізденіс үстінде жүрген жақсы. Жазғы демалыста Астанаға барған болатынмын. Ата-анам сонда тұрады. Астанада əртүрлі адамдармен кездестім. IT жобамен, мемлекеттік басқарумен, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарумен айналысатын адамдармен сөйлестім. Сонда біздің ішкі саудамыздың ахуалы мəз емес екенін аңғардым. «Өзіміздің экономикамызды көтеру үшін не істеуге болады?» деп ойландым. Елімізде отандық азық-түліктерді ғана сататын дүкен жоқ екені белгілі. Көп ойланбай, осы істі қолға алуға тəуекел еттім. Бұл Елбасымыздың да тапсырмасы болатын. Бірақ, маған дейін оны ешкім орындай қоймапты.

Ұлан: Сонда сіздің дүкенде не бар, не жоқ?

Рахима: Бізде азық-түліктің бəрі бар. Ет, сүт, ұн өнімдерінің барлығын табасыз. Балық, жүгері, бұршақ консервілері де өзімізден шығады. Шашқа арналған сусабын, бальзам, жуынатын гель, сабындар бар. Барлығы да сапалы, əдемі қапталған. Иістері де сантүрлі. Өкінішке қарай, біз өзімізде өндіріліп жатқан тауарларды біле бермейміз. Өйткені, бізде маркетинг дұрыс жұмыс істемейді. Осы проблеманы шешуге септігім тисе ғой деймін. «Эвита», «Аврора» деген сияқты косметикалық өнімдер шығарылып жатыр елімізде. Сапасы жоғары. Қымбат та емес. Шетелдің қымбат косметикаларын сатып алғанша, отандық таза өнімдерді неге тұтынбасқа? Ақшаны желге ұшырмай, өзіміздегі барды бағалауымыз  керек.

Ұлан: Өзіңіз отандық өнімдерді тұтынасыз ба?

Рахима: Иə, өзім тек қана қазақстандық азық-түлікті пайдаланамын. Өйткені, сапасына сенемін. Косметикалық заттарым да өзіміздікі. Қазақстандық киімдерді кигім келеді. Бірақ, ыңғайлысы сирек. Көбіне тым ұлттық қылып жібереді немесе күнделікті киюге қолайсыз болып  келеді.

Ұлан: Дүкеніңіз Астанада қай жерде орналасқан?

Рахима: Сауда жасауға қолайлы жерде орналасқан. Тұрғын үй кешені көп үйлердің арасындамыз (Қошқарбаев көшесі, 41. М.Жұмабаев көшесінің қиылысы). Қарапайым тұрғындарға қолжетімді, барып тұруға ыңғайлы деп ойлаймын.

Ұлан: Кəсібіңіз қалай жүріп жатыр? Шығынын ақтап жатыр ма?

Рахима: Ə дегеннен бəрі керемет бола кетпейді. Шығынымызды ақтап жатырмыз. Дүкеннің ашылғанына енді екі ай болады. Ақпаннан бастап іске қостық, бірақ арнайы ашылуын наурыз айында жасадық. Сатылым күннен-күнге өсіп келеді.

Ұлан: Ол жерде қанша адам жұмыс істейді?

Рахима: 14 адам жұмыс істейді. Оның 12-сі қыздар. Қыздарды қолдау – менің миссиям (күліп). Отандық өнімдерден дүкен ашуды тап қазіргі уақытта жүзеге асыру керек деп ойладым. Мұны біреу істеу керек қой. Кім бірінші бір істі бастаса, соның қолында жеңіс туы болады деп жатады. Ешкім істемеген істі бастағым келді. Бала кезден бірінші болуды қалайтынмын. Сол да əсер еткен болар. Мысалы, «Магнум» сияқты дүкендер желісін ашсам, оны менің алдымда біреу істеп кеткен. Ал менің бастап отырған ісім  ұлттық ерекшелік, ұлтқа жанашырлық деп ойлаймын.  Кім біледі, кейін мен өмірден өткен соң «қазақстандық өнімдер дүкенін алғаш ашқан Рахима» деп еске алатын шығар (күліп).

Ұлан: Алға қарай ұмтылушылық бала кезден бойыңызға сіңген қасиет сияқты…

Рахима: Анамның айтқанын екі етпейтін бала болдым, əлі де сондаймын. Ата-анама риза болатыным, олар мені ылғи жақсы мектептерде оқытты. 7-сыныпқа дейін қарапайым лицейде оқыдым. 8-сыныпта экономикалық лицейге түстім. Семейдегі ең мықты мектептердің бірі еді. Өскеменге көшкеннен кейін сол қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түстім. 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін староста болдым. Қай мектепке ауыссам да, солай болды. Орыс тілі, ағылшын тілі, химия, математика пəндерінен олимпиадаларға қатысып, ғылыми жобалармен айналыстым.

Ұлан: Отбасыңызда сізден басқа кəсіпкерлікпен айналысатындар бар ма?

Рахима: Анам осы салада қызмет етеді. Бірақ, жеке кəсіпкер емес, компанияда істейді. Анам карьерасын жасап жүрген адам.  Маған үлгі болатын адам – сол кісі. Ол өте қайсар əйел. Ылғи қарап отырып, анам сияқты болсам екен деймін.

Ұлан: Байқауымша, бірнеше тілді еркін меңгергенсіз…

Рахима: Өзім шетел филологиясында оқимын. Орыс, ағылшын, француз тілдерінде еркін сөйлеп, жазамын. Қытай тілі мен қазақ тілінде ақырындап сөйлеп жүрмін. Шынын айтсам, қазақша жақсы сөйлей алмайтыныма қатты ұяламын… Ойымды жеткізе алмай қаламын ба деп қорқамын. Семейде,

Өскеменде көбі орысша сөйлейді. Алматыға келгенде адамдардың басым бөлігі қазақша сөйлеп жүр екен. Сонда қалайда ана тілімді үйрену керектігін түсіндім. Қазір үйде əжеммен бірге тұрамын. Бəрін қазақша айтуға тырысып жүрмін.

Ұлан: Рахима, сізді жақында Лондонға оқуға кетеді деп естідік…

Рахима: Лондонға жəне Мадрид университетіне оқуға тапсырғанмын. Лондон университетінің нəтижесі шықты. Шақырту алдым. Бірақ, өзім Испанияға оқуға түсуді қатты қалағанмын. Өйткені, ол оқу орны  бизнесті оқытатын  əлемдегі  үздік 5 университеттің қатарында. 2 күн бұрын Мадрид университетінің маңызды нəтижесі шықты. Əлем бойынша 120 мың адам тапсырып, оның 30 мыңы математика турына дейін өтіпті. Соның ішінде ең үздік нəтиже көрсеткен үштікке ілігіппін.

Ұлан: Бəрекелді! Құттықтаймыз! Енді Мадрид университетіне жолдама алдыңыз ғой?

Рахима: Əзірге «түстім» деп айта алмаймын. 5-айналымға жіберді, яғни менімен сұхбат жүргізеді. Егер сұхбаттан өтсем, Мадрид университетінің магистратурасында  оқимын. Бұған дейін қазақстандықтардың арасында 2 адам сол университетте білім алған екен.

Ұлан: Сіз сияқты жетістікке жету үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Рахима: Мен əлі өзімді үлгі болуға лайықты жанмын деп айта алмаймын. Маған көп еңбектену керек. Күні бойы үйде бостан-бос отыра алмайтын адаммын. Ең бастысы – қате жасасаң да, бірдеңе істеу керек. «Осыным дұрыс бола ма?» деп ұзақ ойланып, дым істемегеннен гөрі қателесіп болса да, алға ұмтылған дұрыс. Менің ұстанымым – əрқашан əрекет ету. Əртүрлі адамдармен кездесіп, сұхбаттаса бер. Сонда əрқайсысынан бірдеңе үйренесің. Тегін шеберлік сабақтары  көп қазір. Онда айтылатын ақпараттарды жүзеге асыру міндетті емес.

Жетістікке жеткен адамдардың əңгімесін тыңдаудың өзі тынысыңды ашады. Жасөскіндерге өзің ұқсағың келетін адамды тап дер едім. Мысалы, менің ұқсағым келетін адамдарым өзгеріп тұрады. Менің кумирім – Халида Əжіғұлова. Жоғарыда айттым ол туралы. Қазір Халида Англияда докторантурада оқиды. Күйеуі де сонда магистрант. Отбасымен – қызы, енесі, бəрі сонда.  Халида сондай қайырымды жан. Жастарға көп көмектеседі. Сол сияқты болғым келеді. Дидар Мардан деген жөн сілтеушім бар.  Білім саласының эксперті. Мүмкін фейсбук арқылы танитын боларсыз. Сосын менің идеалдарым – анам мен əпкем. Олар да айналасындағыларға көмектесіп жүретін жандар.

Əпкемнің  мейірімділігін, нəзіктігін, ашықтығын бойыма сіңіргім келсе, анамның қайсарлығын үйренсем деймін. Анам ауру балаларға көп көмектеседі. Жасөскіндер үйде бір орында отырмаса деймін. Əрқашан жаңа нəрсені білуге талпынсын. Кем дегенде айына бір кітап оқу керек.

Ұлан: Шет тілін тез үйрену үшін нені басшылыққа алған дұрыс?

Рахима: Қай саладан нəтиже көргісі келсе, сол салада көп еңбектену керек. Басыңа кітап құлап кетіп, білімді боп кетпейсің. Ешнəрсе құрдан-құр саған келе салмайды. Мысалы, мен IELTS-қа дайындалу үшін таңғы 6-дан 10-ға дейін оқитынмын. Университетке барып-келгеннен кейін тағы да 5-6 сағат емтиханға дайындық жасадым. Шет тілін үйрену үшін сол тілде музыка тыңдап, кино көру керектігін жиі айтады. Шын мəнінде олай емес. Бəрі үстірт болып қалады. Тіл оқығанда бар зейінмен тыңдап, сөйлеп əрі жазып отыру маңызды.

Ұлан: Замандастарыңызға көңіліңіз тола ма?

Рахима: Əрине, көңілім толады. Мысалы, менің тобымда 4 қыз оқиды. Бəрі жақсы өмір сүруге талпынып жүр. Сондай-ақ,  Диана Кулакеева деген замандасым бар. Өте мықты қыз. Əртүрлі əлеуметтік жобалармен айналысады. Өте белсенді. Оқу орталығын ашқанда менімен серіктес болған Əйгерім Темір деген құрбым бар. Қазір TOP GENERATION Group-та Əйгерім қалды. Оның да іскерлігіне риза боламын.

Ұлан: Оқудан басқа қандай іспен айналысқан ұнайды? Спортпен шұғылданасыз ба? Қай спорт түріне жанкүйерсіз?

Рахима: Бала кезде каратэге қатыстым. Йогамен кəсіби түрде айналысқым келеді қазір. Анам бокспен шұғылданады. Ал, менбокс қарағанды ұнатамын.

Геннадий Головкин – мен үшін кəсіби тұрғыда да, адамгершілік тұрғысынан да өте биік жан. Былай қарасаңыз, оның ұлты қазақ емес. Илья Ильин екеуіне шетелден өз аттарынан шығуға қанша ұсыныс жасалып жатқан болар. Бірақ, олар туған жеріне, Қазақстанға адал. Сондықтан, мен сондай адамдарды қатты құрметтеймін.

Ұлан: Рахмет, Рахима! Жетістігіңізбен қуанта беріңіз!

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан», №12

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5574