Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 7002 0 пікір 31 Мамыр, 2016 сағат 14:36

Атырауда сот екі белсендіні қамаудан босатты

Атырауда "билікті күшпен басып алу немесе ұстап тұруға және конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақырды" деген күдік бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында екі айға қамалған Ғатауғали Бохан мен Сағынғали Қапизов босатылатын болды, - деп жазады Азаттық.

Бохан мен Қапизовтың адвокаттары Игорь Вранчев пен Ақтолқын Балтабаеваның айтуынша, Атырау облыстық сотының судьясы Мәлік Ерғалиев 30 мамырда Ғатауғали Бохан мен Сағынғали Қапизов адвокаттарының оларды қамауға алу туралы сот санкциясына берген шағымын қараған. Судья 70 жастағы Ғатауғали Боханға қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасын кепілге босатумен, 62 жастағы Сағатбай Қапизовты бұлтартпау шарасын үйқамаққа шығарумен ауыстыру туралы қаулы қабылдаған. Адвокаттары Бохан мен Қапизовтың бүгін түстен кейін босатылатынын айтады.

Атырау қалалық №2 соты 23 мамырда рұқсат етілмеген митингіге заңсыз шақырды деп айыпталған белсенділер Сағынғали Қапизов пен Ғатауғали Боханға қатысты Қылмыстық кодекстің 179-бабы бойынша екі айға абақтыға қамау туралы қаулы шығарған. Ал тағы бір белсенді Құбайдолла Шолақ үй қамаққа алынған.

20 мамыр күні №2 қалалық сотының судьясы З.Қазақбай Атырау облыстық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің 9 басқарма тергеушісі Е. Сабырғалиевтің арызы бойынша сегіз адамның үйін тінту туралы қаулы шығарған. Осыған сәйкес Макс Боқаев, Талғат Аян, Ерлан Башақов, Сағынғали Қапизов, Ғатауғали Бохан, Құбайдолла Шолақ, Әділбек Мұсаұлы, Жасұлан Мұсабековтың үйлеріне тінту жасалып, олардың жеке компьютерлері, мобильдік телефондары мен флэшкалары тәркіленген болатын. Қаулыда құқық қорғау органдарының 17-19 мамырда аталған сегіз адамға қатысты қылмыстық кодекстің 24-бабының 1- бөлімі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 272- бабының 1- бөлімі (Жаппай тәртiпсiздiк) және 179-бабының 2- бөлімі (Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту) бойынша сот алды тергеуінің жүріп жатқанын хабарлаған.

Аталған белсенділер Қазақстан үкіметінің ауыл шаруашылық жерлерін аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру жоспарына қарсы көзқарастарымен белгілі.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036