Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
46 - сөз 7773 1 пікір 31 Мамыр, 2016 сағат 14:24

БІР КӨШТІҢ ТАРИХЫ

Бала кезімізде атамдар айтып отыратын әңгіме бар еді. 

Әлқисса, 1916 жылдың маусымында қалың Албан орналасқан аймақта Қарқара көтерілісі бұрқ ете қалады. Содан (атам әлі дүниеге келмеген) бабам мен үлкен әжем қасап қырғыннан бас сауғалаған біраз жандармен бірге Қытай еліне қарай тау асыпты. Ол жаққа барғанда да май шелпек даяр тұрғаны шамалы болыпты. Қашып келген елді, қытайдың шекарасын күзететін сібе деген жұрт пен қалмақ деген ел талапты.

Атамекенге қайта айналып 1917 жылдар шамасында өтсе керек. Оны өздері "қаш-қаш жылдары" деп отыратын. Ақ пен қызыл айқасқан, бауырлар бір-біріне жау болған нәубетті де бастан өткеріп, ел еңсесі енді тіктелді дегенде, 1929 жылғы "көрнекіге ұстау" деген қырсық жабысыпты. Содан екі бабам тігулі үй, қоралаулы қойын, өрістегі малын тастап, осы күнгі "Шарын шетен тоғайы" деп аталатын (негізінде ел аузында "Сарытоғай" деп аталады. Албан ішіндегі Айт руының атамзаманнан ата қыстауы. Алматы облысы, Шонжы ауылының маңында) жерден түнделетіп тағы да қытай асыпты. Бүкіл отбасы болып, тек 15-16 қоржынбас матамен ғана өтсе керек. Ал, үлкен әжем соның алдында ғана атамды ертіп Нарынқол өңіріндегі жарты руының ішіндегі төркіні Сатаевтарға (Баққожа Мұқаевтың бауырлары) төркіндеп кеткен екен. Содан әжеміз отбасы "қашқын" аталған соң "іңкібіднің" түрмесін де, тергеуін де көріпті. Күйеуі мен жат ел асқан баласының (кіші атам) артынан атамды ертіп шамамен 1931, әлде, 32-ші жылдың көктемінде ол кісі де Қытай асқан екен марқұм. Атамның айтуынша Қытайға бет алған Қызылбөрік руының бір ауылына ілесіпті. Жолай Нарынқол жақта осы күні "Шоғансай" аталған жерде бір ауыл көшінің пырдай боп қырылып жатқан қанды қасабаның үстінен түскен дейді. "Сайдың екі жағынан құрал қойып, түгел қырған қызыл әскер екен. Үлкендер балалар шошымасын деп шапандарының шалғайымен басымызды қанша жапқанымен бәрібір сығалап болса да көрдік. Қырылып жатқан мал мен адамның сол сұмдық суреттерін әлі күнге дейін ұмыта алмаймын", - деп отырушы еді атам марқұм. "Біздің де артымыздан іңкібідінің әскері түсті. Алайда, біздің көште әкелі-балалы екі мерген болып еді. Атқан оқтары құр кетпейтін, көздегенін қағып түсіретін асқан өнерлі екен. Кезеңге бекініп тұрып екеуі мылтықтарын бір-бірден босатқанда артымызға түскен әскердің бірталайы жер құшты. Содан қайтып олар бізге беттей алмады. Ал, Қытай жеріне өткенде көш талауға келген сібелердің де біразын жусатып салып, елді аман алып қалды", - дегені де есімізде қалыпты. Шекараны ары-бері кесіп өтіп, қашқан киіктің күйін кешіп жүргенде атадан ұлы-қызы бар он үш боп туылған атамның екі әпкесі мен өзі ғана қалыпты. 

Бұл бір көштің ғана тарихы. Соншама елді аман алып қалған Аллаға, сосын жаңағы аты белгісіз мергендерге Алла разы болғай. Қанішерлердің қолынан мезгілсіз үзілген жандардың жаны жаннатта, рухтары шат болғай! Алла Тағала Алаш баласына ондай апатты енді қайтып бермегей! Алаш елі күн сөнгенше сөнбегей! 

Адамзат тарихында сирек кездесетін зобалаңнан, апаттан қазақты аман сақтап, осы күнге жеткізген Ұлы Жаратушыға мадақ!

Досым Зікірия

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036