КӨРШІ АҒАЙЫНДЫ КЕМСІТКЕН ЖОҚ
«Жүз жылдық жалғыздықтан» бұрын «Ақ кемені» оқып шыққанбыз.
Жеті жастағы жетім баланың ересектердің қатігездігінен жалығып, әкесін іздеп, Ыстықкөлдің суына қойып кетуі... Аңыз бойынша, Енесайдан қыз бен баланы асырап, Ыстықкөлге әкеліп, баққан бұғыны кейін мүйізі үшін қырып-жоюды айтсаңызшы. Жылағанда уата алмай қойған балаға бесік сыйлауы. Қырғыз сол бесікке тербеліп өседі, аңыз бойынша. Айтпақшы, Болотбек Шамшев түсірген «Ақ кеме» фильмінің соңғы эпиоздтарында бұғының мүйізін шауып жатқанда бесікті балталап жатқан кадрмен сәтті үйлестіріп береді. Яғни, өзіңді асыраған анаңа қол көтермеңдер, жатқан бесігіңді отын қылмаңдар дегенді Айтматов анық меңзеп тұр.
Арыстанбек министр де осы пәлсапалық ойды бауырлас елді екі рет шайқаған революциямен аналогия ретінде байланыстырғаны белгілі. Мүмкін, ойын оқырман да, көрші халық та «Шыңғыс Айтматов әне, қандай ақылды болған, ал сендер соны ұқпадыңдар» деп түсініп қалатындай қарабайыр берген шығар, сәтсіз салыстыру да болған шығар, бірақ қалай дегенмен «Ақ кеменің» айтар ойы бүгін қай ұлт, қай мемлекетке болсын, артық етпейді.
Бұл ойдың түбірін жақсылықты ұмыту, жақсылыққа шүкір етпеу, әсіреқызыл алакөздену мен тыныштықты шайқау, бейбіт үйлесімді бұзу деп іздесеңіздер де, патша көңілдеріңіз білсін.
Іштеріңіз сезеді, министрдің сөзінде көрші ағайынды кемсіту деген астарлы ой болмады. Көршіні кемсіту арқылы басқаны жоғары қою да мақсаты болмаған секілді. Бірақ, қайтесіз, ол бауырластың тағдырына келгенде саясаткердің суық ақылы, қасаң сөзімен емес, шын жаны ашыған бауырдың сөзі аузынан шыққандай көрінді. Мәскеудің қоғамдық әжетханаларын жуып жүрген жап-жас қыздардың тағдырына жаны ашығанда, саясаттың табы сіңбеген өнер адамының позициясымен, былайша айтқанда, эмоциямен сөйлегендей.
Сосын Ресейде 600 мыңдай қырғыздың жанбағыс пен күнкөріс үшін жүргені, олардың қырғыз экономикасының ІЖӨ-нің 32 пайызына дейін толтыратын ақша жіберіп отырғанын да білеміз. Яғни, Арыстанбек жалған сөйлеген жоқ. Қырғыз өкіметі өз елінде сол әжетхана жууға да лайықты жағдай жасап бермеген соң, жастар жан-жаққа тарап кетті емес пе?
Әйтеуір, анық білетінім, Арыстанбек ағайынды араздастырайын деп емес, қазіргі халіне жаны ашып, тағдырына алаңдап, болашағына тілек білдіру ниетінде айтты. Иә, дәмдеуші сөзі артық кетіп, соңғы түйінін өзі қоймай, басқаларға бергенмен, ниет-пікірі сондай болған сықылды.
Сосын, білуімше, ешбір саяси кланның мүшелігінде жоқ, еш баласы шетелде оқымайтын, Елбасына адал, жұмысына берік министр болса, осы осы Арыстанбек. Әйтпесе, жоғарыдағы сөйлемнің алғашқы екі сипатына сай емес министрлер бізде көп-ақ. қой. Соларға сын жебесін бағыттасақ нетті?
Ерлан Әбдірұлы
FB-дағы парақшасынан алынды