Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4698 0 пікір 20 Мамыр, 2016 сағат 15:52

«АҚ ЖОЛ»: АУЫЛДЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ – МЕКТЕП

Ауылдың қара шаңырағы – мектеп. Бұл жөнінде,  18-мамыр күні,  мәжілістің пленарлық отырысында, ҚР премьер министрі Кәрім Мәсімовтың атына  фракцияның депутаты Берік Дүсенбинов мәлімдеді жасады.  

Есін жиып, етегін қымтаған елдің ең бірінші қолға алатын басты мәселесі – шекара шебін бекемдеу. Бұл тұрғыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан-ақ қимылдап, қайсарлықпен қайрат көрсетіп, мемлекеттік шекараны шегендеп, халықаралық келісім-шарттарды бекітіп алғаны белгілі.

Бүгінгі халықаралық жағдайдағы тұрақсыз дүрбелеңдер мемлекеттің басты назарын осы мәселелерге аударуды талап етеді.

Бұл тарапта шалғай ауылдардың негізін сақтап қалушы маңызды факторлардың бірі – шекаралық ауылдардағы мектептердің жағдайы.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сай, елімізде орта есеппен жылына 100-ut жуық мектеп жабылады екен. Мектеп, білім ордасы болумен бірге, бүгінге ауылдағы жұмыс беретін орын, ауылдың қасиетті қара шаңырағы. Маңыздылығы жағынан ауылда орналасқан бірде-бір мемлекеттік орган ауылдағы мектепке тең келе алмайды.

Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарындағы шекаралық ауылдардың жағдайы сын көтермейтіндіктен, халықты тұрақтандыру мен шоғырландыру мәселелерін мемлекеттік деңгейде шұғыл қолға алуымыз қажет.

Сонымен қатар, мектептің арқасында ауылға жас білімді мамандар тартылып, болашақта олар ауылдарың тұрғыны болады.

Егер, жыл сайын шекара аумақтарында 5-6 мектеп жабыла берсе, 10 жылдан кейін ауылдардан не қалатынын есептей беріңіз. Жыл сайын жабылған мектеппен бірге, сол ауылдың шаңырағы құлап, ошағы өшті деп санаңыздар. Мүмкін шенеуніктерге жабылған мектеп саны тек қана цифр болса, бізге ол осы ауылдағы адамдардың тағдыры, ауылдың тағдыры.

Мысалы, бір ғана Шығыс Қазақстан облысы бойынша алсақ, 1997-2011 жылдар аралығында ғана шекаралық аудандардағы 45 елді мекен еліміздің картасынан жойылып, 20-дан астам мектеп өз жұмысын тоқтатқаны аза бойыңды қаза қылады. 2012 жылға дейінгі дерекке қарағанда, 15 жыл ішінде Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Үржар аудандарынан 85,1 мың адам көшіп кеткен. Бұл аудандардың барлығы Қазақстанның шекаралық аймақтары. Шығыс Қазақстан облысында тек 2009-2010 оқу жылында балалар санының азаюына байланысты 19 мектеп, 2010-2011 білім беру аралығында 17 мектеп, 2011-2012 оқу жылында 13 мектеп жабылған. 2012-2013 оқу жылында облыс бойынша 20 жалпы білім беретін мектеп жабылып, 6 мектеп қайта ұйымдастырылған. Жалпы, 2009 жылдан бастап облыста 69 мектеп жабылып, 48 мектеп қайта ұйымдастырылған. Қайта ұйымдастырудың да тигізер кесірі коп. Өйткені, 11 жылдық мектептер тоғыз жылдық немесе тоғыз жылдық мектептерді бастауыш мектептер мәртебесіне ауыстырады. Бұл да халықтың көшуіне ықпал етуде. Бұл бұдан 5-6 жыл бұрынғы бір ғана облыстағы дерек.

Бұндағы мектептердің жабылу себебі – мектеп оқушыларының саны тиісті шекті мөлшерге сай келмеуінен туындауда. Қолданыстағы мемлекеттік норматив әрбір ауылдық елді мекенде мектеп жасындағы 5 немесе одан көп бала санымен бастауыш мектептің, 41 және одан көп бала санымен негізгі мектептің және 81 және одан көп бала санымен орта мектептің жұмыс істеуіне кепілдік береді.

Шекаралық аумақтарға орналасқан ауылдардағы халық санының азайу динамикасымен бірге, жоғарыда көрсетілген нормативтер, осы ауылдардағы мектептердің әрі қарай жабылуына өз ықпалын тигізе береді.

Сондықтан, тиісті бағдарлама қабылдаумен қатар, бірінші кезекте шекаралас ауылдарға қатысты орта мектептің нормативтерін 81 баладан 41 балаға дейін түсіру қажет деп санаймыз.

Мысалы, көршілес Қытай, Ресей мемлекеттері шекаралық аудандарын мықтылау үшін бар күштерін салып жатқаны белгілі. Қытай Қазақстанмен шекаралас аудандарына халықты шоғырландырып, мызғымас қамалды қалалар салып тастаса, Ресей Қиыр шығыстағы шекаралық аудандарына көшіп барушылар үшін гектарлап жер телімдерін тегін беруді қолға алып, жақында тиісті заң қабылдады.

Жақында баспасөзде Жапониядағы трамвай мекемесі шет ауылдан қалаға қатынайтын жалғыз оқушы үшін тоқтатылуы тиіс трамвай бағытын екі жыл бойы жұмыс істеткені жазылды. Шет ауылдағы бір оқушы мектебін бітіргенше, жалғыз жолаушы үшін трамвай қатынасын тоқтатпау – Жапонияның жасампаз рухты ел екенін көрсетеді. Ал бізде жалғыз оқушы түгіл, жүздеген мектептер жабылып жатыр.

Содан бері жалпы еліміз бойынша шекаралық аудандардағы халық саны одан сайын кеми түсуде. Өйткені, жыл сайын кемінде 3-4 мыңға жуық тұрғын облыс орталықтарына қоныс аударуда. Егер бұл елдің етегін жалаңаштап жатқан екпінді дереу тоқтатып, шұғыл қолға алмаса, шекара шебімізді қорғайтын халық қалмайды. Себебі, шекараның мықты болуы - ондағы әскерлердің санына ғана емес, шеп бұзбай отыратын халықтың санына да байланысты екені әлмисақтан әйгілі жайт.

Шекаралық аудандардың халық санының күрт азаюы қиын-қыстау кезіміздегі оңтайландырудың оңай тимегенін білдіреді. Шекаралық аудандар тараған кезде жыл сайын көптеген мектеп жабылып, сол кезеңде 80-ге жуық ауыл толық жойылып кеткені баспасөзде талай жазылды.

Қорыта айтқанда, шекаралық ауылдардағы мектептерді сақтап қалу үшін мектептердегі оқушылардың тиісті шекті мөлшерін кемітуді қолға алу керек.

Сонымен қатар, бұл аудандарда кәсіпкерлікті дамытуға, жас мамандардың қияндағы алыс ауылдарға барып, тұрақтап қалуына, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге, сондай-ақ табиғи мүмкіндіктері бар аумақтарда туризмнің дамуына бағытталған  ынталандыру шараларына пәрмен туғызуыңызды сұраймыз.

Құрметтен,

«Ақ жол» ҚДП

Парламенттік фракциясының мүшелері:   

 

Б.Дүйсенбинов

 

А.Перуашев

 

Е.Никитинская

 

М.Қазбекова

 

Е.Барлыбаев

 

Д. Еспаева

 

К. Абсатиров

 

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413