ҚЫЗЫЛОРДА "АЗАТЫНЫҢ" ЖЫЛНАМАСЫ
1990 жылдың 28 қыркүйегінде Қызылорда қаласында «Азат» қозғалысын құру жөнінде үш адамнан тұратын Ұйымдастыру комитеті құрылды. Олар – Ғани Көшербаев, Сағат Жүсіпов, Әлібек Баубекұлы. Осы күні «Ақмешіт жаңалықтары» деген листовка шығарылды, оған ұйымдастыру комитетінің мүшелерінің телефондары жазылды. 2 қазанда комитетке тағы үш адам қосылды – Есіркеп Бейсенбайұлы, Фархад Жармұхамедов және Қалдыбек Жанұзақов.
16 қазанда ұйымдастыру комитеті төрағалары атынан Қызылорда қалалық Советі атқару комитетінің төрағасы Ә.Қалыбаевтың атына «Азаттың» қалалық ұйымын тіркеу жөнінде хат жолданды.
6 қараша 1990 жылы Жаңақазалы поселкесінде Қазалы аудандық жол жөндеу басқармасы мекемесінде Қазалы ауданындағы алғашқы «Азат» қозғалысының бастауыш ұйымы құрылды. Ұйым төрағасы болып Мамай Рақашұлы, есепшісі болып Ұзақберген Бұрқашев сайланды. Мүшелер саны 10 адам.
7 қараша 1990 жылы Сексеуіл локомотив депосы жұмысшылары шеруге шығып, онда «Азат» ұрандарын көтеріп алаңда митингі өткізді.
13 қараша күні Қызылорда қалалық Советі атқару комитетінің № 748 қарарымен қалалық ұйым тіркелді.
24 қараша күні қалалық Мәдениет үйінде Қызылорда облыстық «Азат» қозғалысының алғашқы құрылтайы өтті. Оған облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 89 адам қатысты. Құрылтайға Алматыдан Сәбетқазы Ақатаев, Гүлжахан Биболдинова, Мардан Байділдаев, Ақтөбеден «Алдаспан» ұйымынан Серік Ерғалиев, Көшкінбай Ахметов қатысты. Бес адамнан тұратын: Ә.Баубекұлы, Б.Жарылқағанов, С. Жүсіпов, Т. Кеншімбаев, С. Оразбаева төрағалар алқасы, 25 адамнан тұратын Үйлестіру кеңесі, 5 адамнан Тексеру комиссиясы, 5 адамнан баспасөз орталығы, 5 адамнан ақсақалдар кеңесі сайланды. Құрылтайға қатысушылар «Миграцияны тоқтату туралы», «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы», «Облыс азаматтарына үндеу» атты құжаттар қабылдады. Құрылтайдың күн тәртібі: 1. Қазақстан «Азат» азаматтық қозғалысының Қызылорда бөлімшесінің мақсаттары мен міндеттері; 2. «Азат» қозғалысының Низамы туралы; 3. «Азат» қозғалысының басшы органдарын сайлау; 5. «Азат» қозғалысының 1-съезіне өкілдер сайлау;
26 қараша 1990 жылы Қызылорда «Каздорбанкінде» «Азаттың» есепшоты ашылды.
27 қараша 1990 жылы облыстық «Ленин жолы» газеті «Теңдік, егемендік және әділет үшін» деген тақырыппен, «Путь Ленина» газеті «Не так страшен «Азат» деген тақырыппен Құрылтай жайды мақалалар басты.
28 қараша күні қала басшысы Ә. Қалыбаевқа 16 желтоқсан күні Желтоқсан оқиғасының 4 жылдығына орай митингі өткізуге рұқсат сұраған қатынас жолдадық.
1990 жылдың 8 желтоқсан күні облыстық кеңестің қоғамдық бірлестіктермен жұмыс істейтін тұрақты комиссияның мәжілісінде Желтоқсан оқиғасы талқыланып, оған облыстық «Азат» қозғалысының қосалқы төрағалары Б.Жарылқағанов пен С.Жүсіпов қатысып сөз сөйледі.
10 желтоқсан 1990 жылы Сексеуіл поссоветі Сексеуілдегі «Азат» жұмысшы қозғалысын тіркемейтіндігі жайлы жауап берді.
Қазалы аудандық «Азат» қозғалысы аудандық Совет атқару комитетінің шешімімен 10.12.1990 жылы тіркелді.
1991 жылдың басында Сырдария сайлау округі (№ 129) бойынша Алматыға кетіп қалған депутат В.З.Думчевті кері шақырып алу жөнінде мәселе көтердік. Осының нәтижесінде Думчев маусым айында арыз беруге мәжбүр болды.
Облыстық «Азат» қозғалысының мүшелері (1991 қаңтар) Одақтық шартқа қарсы болып, өздерінің балама жобаларын баспасөзде жариялады.
1991 жылдың 5 қаңтарында Гурьев облысының сайлаушыларына арнайы хат жолдап Г.В. Колбинді КСРО депутаттығынан кері щақырып алуды көтердік.
31 қаңтар 1991 жылы қаржыландыру мекемесінде бастауыш ұйым құрылып, төраға болып С.Камалов, қазынашы болып Ж.Демеубаев сайланды.
2 ақпан 1991 жылы Қазалы аудандық «Азатының» құрылтайы өтті. Оған 324 адам қатысты. Төрағалар болып М. Рақашұлы, А.Егеубаев, А. Аймағанбетов,, П. Шындауова, Ш. Үмбетбаевтар сайланды.
5 ақпан 1991 жылы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтында 5 адамнан бастауыш ұйымы құрылды. Төрағасы болып Ә. Тәжібаев сайланды.
8 ақпан 1991 жылы Қызылорда облыстық атқару комитетінде бастауыш ұйым құрылды. Төраға болып Нұрабай Құдабеков сайланды.
18.02.1991 жылы ҮК мәжілісінде Мақпал Мазыбаеваға деп оның қорына ақша жинау жөнінде шешім қабылданды. Бөлімше есебінен 100 сом аударылды.
19 ақпан 1991 жылы қалалық «Қазақ тілі» қоғамында бастауыш ұйым құрылды. Төраға болып Ербатыр Ізбасқанов сайланды.
22.02. 1991 жылы ҮК мәжілісінде Б.Ельциннің теледидардан сөйлеген сөзі дұрыс деп мақұлданды.
1 наурыз 1991 жылы Референдум жайлы халықтың пікірін білу мақсатында «Азаттың» сауалнамасы таратылды.
1991 жылдың 2 наурыз күні Сексеуілде Арал аудандық «Азат» қозғалысының құрылтайы өтті. Оған Алматыдан С. Ақатаев, Ж.Бабалықов, Қызылордадан Ә.Баубекұлы, Ф.Жармұхамедов қатысты. 5 адамнан: У. Жұмағұлов, З. Алиядинов, Ж. Әлиев, С. Жүгінісов, Нұрбай Жүсіповтен тұратын төрағалар алқасы құрылды.
1991 жылы 3 наурызда Қамыстыбаста 107 делегат қатысқан жергілікті «Азаттың» құрылтайы өтті. Оған Қызылордадан Ә.Баубекұлы, Қазалыдан М. Рақашұлы, П. Шындауова, Шиеліден Б. Күлімбетов қатысты.
5 наурыз 1991 жылы Референдумға байланысты «Азаттың» үндеуі таратылып, онда «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деп халықты одақты қолдаудан бас тартуға шақырды.
Наурыз-маусым 1991 жылы «Азат» мүшелері Сексеуілден поселкелік кеңесінде көпшілік дауысқа ие болып Кеңестің төрағасын ауыстырды, сауда басқармасы бастығына (ет көмбесі уақиғасына байланысты) сенімсіздік көрсетіп, оны депутаттықтан кері шақырып алды.
Облыстық «Азаттың» ҮК мүшелері «Семей-Невада» қозғалысының облыстық бөлімшесін құруға тікелей араласты.
1990-1991 жылдары өткен «Жігіт сыны», «Наурыз» мерекесіне, ұлттық ойындар спартакиадасына облыстық бөлімше демеуші болды.
1991 жылғы 1 мамыр шеруінде алып шығу үшін қала мекемелеріне, жеке адамдарға Азаттық, Егемеендік,, СОКП-е қарсы бағытталған ұрандар тараттық.
24.05.1991 жылы Қызылорда қаласында депутаттық екі бос орынға Е. Бейсембайұлы мен Алпысбай Жәкеевті ұсындық. Бірақ, протокол дұрыс толтырылмаған дегенді сылтау етіп оларды тіркемеді.
Маусым 1991 жылы Аралда қалалық «Азаттың» құрылтайы өтті.. Қызылордадан С. Жүсіпов, Ж. Әбішов қатысып, 5 адамнан тұратын төрағалар алқасы құрылды.
1991 жылы 22 маусымда Сексеуіл қыстағында жергілікті «Азаттың» басқаруымен 1100 адам қатысқан митингі болып өтті. Онда – Аралды апат аймағы деп жариялау, Семейде атом сынағын тоқтату, Ақмолаға өз атын қайтару мәселелері көтерілді. Бұл талаптар орындалмаса ереуілге шығатыны жайлы айтылды.
Облыстық «Азаттың» ҮК-і облыста мұсылман әйелдерінің ұйымын құруға көмек беруге шешім шығарып, нақты көмек берді.
22 шілде 1991 жылы № 129 сайлау округі бойынша депутаттық бос орынға М. Шахановты ұсынып, оның депутат болуын қамтамасыз ету жөнінде ұйымдастыру комитеті құрылды. Оны басқару «Азаттың» ҮК-е жүктелді.
27 шілде 1991 жылы Алматыдан «Невада-Семей» қозғалысының мүшесі Бахытжан Әділов келіп, алғашқы «Невада-Семейдің» облыстағы бастауыш мекемесінің құрылуына қатысты.
30 шілде 1991 жылы Тереңөзек аудандық кеңесінің У11 сессиясы өтіп, онда аудан депутаттары мен аудан активі Президент Назарбаевқа ашық хат жолдады. Онда М. Шахановтың Қызылорда облыстық «Азат» қозғалысының мүшелеріне еріп Компартияға халықты, ұлтты ұлтқа, басшыны коллективке қарсы қойып «жік салғаны», сүттей ұйып отырған ұямызды бұзып, егінді жинап алуға тигізіп отырған зияны жайлы айтып, оларға шара қолдануды сұрады.
23 тамыз 1991 жылы Тамыз бүлігіне арналған «Путь Ленина» газетінің арнаулы нөмірі шықты. Онда Қызылордада бүлікке қарсы шыққан, Орталық алаңда листовка таратқан тек қана азаттықтар болғаны атап көрсетілді.
29 тамыз 1991 жылы Қызылорда қалалық паркінде «Невада- Семей» және «Азат» қозғалыстарының облыстық бөлімшелерінің ұйымдастыруымен митингі болып өтті. Оған ақын М.Шаханов, ғалым М. Байділдаев, облыс, қала басшылары (Брынкин, Қалыбаев) қатысты. Митингі біткен соң қатысушылар үлкен көшемен топтасып, барлығы орталық алаңға жаяу шерумен барып жиын өткізіп тарасты.
Тамыз 1991 жылы У.Жұмағұлов, З. Алиядинов, С. Арыстанов Семейде өткен «Аттан» акциясына қатысты.
Қыркүйек 1991 жылы Сексеуіл «Азатының» мүшелері Ж.Әлиев, А. Сатыбаев Оралда өткен «Аттанайық Жайыққа» акциясына барып орыс казактарының әрекеттеріне тойтарыс беруге қатысты.
Қыркүйек айында обком үйінің алдында өткен үш күндік пикет облыстық «Азаттың» ұйымдастыруымен өтті. Соның нәтижесінде қалалық партия комитеті мен қалалық атқару комитетінің ғимараттары музыка училищесіне берілді.
25 қыркүйек 1991 жылы С. Шаухаманов, В. Брынкин, А. Қалыбаев үшеуінің атына компартия мүлкі Мәдениет, Денсаулық және Білім мекемелеріне бөліп берілсін, олай болмаған жағдайда саяса наразылық әрекеттер жасаймыз деген телеграмма жіберілді. Қол қойғандар Б.Жарылқағанов, С. Жүсіпов, Ә. Баубекұлы.
1991 жылы 27 қазанда Арал қаласында митингі өтті. Онда «Арал апат аймағы болып жариялансын», «Возрождение жабылсын», «Шаухамановқа сенімсіздік көрсетілсін» деген қаулылар қабылданды.
Қараша 1991 жылы «Азат» Облыстық кеңес үйі алдында С. Шауқамановқа қарсы пикет өткізді. Соның нәтижесінде Шауқаманов «Азаттың» ҮК мүшелерімен кездесіп, олардың талаптарын тыңдауға мәжбүр болды.
Облыстық кеңестің кезекті сессиясына шақырылған «Азат» қозғалысының тең төрағасы Б. Жарылқағанов сессияда сөз сөйледі.
Қараша-желтоқсан 1991 жылы Арал гарнизонында әскери қызметін өтеп жүрген бір топ қазақ солдаттарынан облыстық «Азатқа» жеделхат келді. Онда солдаттар өздерінің қиын жағдайына назар аударуды сұраған еді. Бұл мәселеге дереу мән беріліп облыстық деңгейде комиссия құрылды. Оған облыстық әкімшіліктен Ш. Сардаров, «Азаттан» Қ. Данабаев және КСРО халық депутаты Т. Маханов кіріп, істің анық-қанығымен барып танысты.
Желтоқсан 1991 жылы қалалық кеңес депутаттығына «Азаттан» Қ.Данабаев, Аманжол Оңғарбаев, Ақылбек Әшімов, Өтеген Жұмахметов кандидаттар болып ұсынылды.
6 ақпан 1992 жылы Қазалы ауданында «Азат» қозғалысының аудандық конференция өтіп, онда № 127 сайлау округі бойынша шығып қалған Жоғарғы кеңес депутаты Ануфриевтің орнына депутаттыққа кандидат болып С. Ақатаев ұсынылды. Бірақ, аудандық, облыстық билікті ұстаушылар конференцияны «заңсыз» деп тауып С. Ақатаевты тіркемеді. Билік өздері қолдаған ЖМК-86 бастығы С. Имандосовты жалғыз өзін кандидат етіп қалдырды.
8-10 ақпан 1992 жылы Қызылорданың Орталық алаңында С.Шауқамановқа қарсы пикет өтті.
23-25 ақпан 1992 жылы Ленинск қаласында Байқоңыр аймағында әскери қызмет етіп жүрген солдаттардың наразылық толқуы болып өтті. Жергілікті «Азаттың» шақыруымен Ленинскіге Алматыдан республикалық «Азаттың» ҮК мүшелері А.Қылышбаев пен К.Досжанов, Қызылордадан С.Жүсіпов, А.Қуанышбаев барып, оқиғаның басы-қасында болды.
Ақпан 1992 жылы Облыстық кеңестің сессиясында кеңестің төрағалығына Е.Белгібаевтың кандидатурасын «Азат» қолдап ұсынды.
Ақпан-сәуір 1992 жылы Облыстық салық инспекциясы бір ай бойы «Азат» қозғалысының шағын мекемесі «Азаттықты» тексерді. Салық инспекциясының бастығы Д.Ысқақовтың «Азаттықты» «әшкерелеген» мақаласын («Бизнес нужно делать чистыми руками») облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести», барлық аудандық газеттер және «Социалистік Қазақстан» көшіріп басты.
Наурыз 1992 жылы С.Шауқаманов әкім болып тағайындалған күннен бастап «Азатқа» қарсы мүмкін болатын барлық астыртын әрекеттердің барлығы пайдалана бастады. Осы күннен бастап «Азатқа» қарсы облыстық газеттерде қарсы мақалалар шыға бастады.
- «Азаттың көксегені не?» -Ж.Ерімбетов, 11.02.1992
- «К чему зовет «Азат» - К-О вести, редакциялық материал 13.02.1992
- «Бизнес нужно делать чистыми руками», Д.Ысқақов, К-О вести, 01.04.1992
- Осы материалға резонанс ретінде: О.Бекенов (фермер), К-О вести 06.06,1992
«Ругань – не доказательство в споре», К.Рустемов, «К чему призывает «Азат» - Е.Хан К-О вести 11.06.1992
Наурыз 1992 жылы Қазалы ауданында «Азат» өкілі Мәкен Әлмаханов аудандық депутаттыққа түсіп, қарсыласын жеңіп шықты.
Сәуір 1992 жылы орны босаған 12 облыстық кеңесі депутаттығына биліктегілер 12 басшыны баламасыз түрде ұсынды. «Азат» осы заңсыздыққа қарсы пикет өткізді.
13 мамыр 1992 жылы облыстық мемлекеттік арбитраждың бұйрығымен Қызылорда қалалық салық инспекциясының «Азаттық» шағын мекемесіне салған айып төлемі дұрыс емес деп танылды. Бірақ, құдіретті әкімшілік өз дегенім дұрыс деп шешімге құлақ аспады. «Азаттықтың есеп шотын жапты., барлық ақшасын сыпырып алып қарыз деп жариялады. Артынша қала әкімшілігінің шешімімен «Азаттықты» жапты.
31 мамыр 1992 жылы қаладағы орталық алаңда «Азаттың» басқаруымен ашаршылық пен нәубет жылдарына арналған қаралы жиын өтті. Осы күні қалада митингі өткізіліп оны «Азат» басшылары А.Қуанышбаев пен Е.Бейсенбайұлы жүргізді.
1992 жылы Алматыда 17-24 маусым аралығында республикалық бейбіт акция өтті. Оған Қызылордадан бір топ жігіттер қатысты.
Тамыз 1992 жылы Жаңақорған ауданының «Талап» кеңшарында ҮК мүшесі О.Жақыпұлы облыстық кеңес депутаттығына сайысқа түсіп, аз ғана дауыспен ұтылды.
8 қараша 1992 жылы облыстық «Азаттың» ҮК мәжілісіне Алматыдан Камал Ормантаев қатысты. Алматыда өткен съезд мәселесі сөз болды. Осы кезде облыстық «Азат» бөлімшесі екіге жікке бөлінген кез еді. Ә.Баубекұлы бастаған бөлінген топ ымыраға келіспейтінін тағы да көрсетті.
28 қараша 1992 жылы облыстық «Азат» қозғалысының конференциясы өтті. Оған Алматыдан А.Қадырбаева қатысып сөз сөйледі, көптеген сұрақтарға жауап берді. Конференцияны Айдар Қуанышбаев жүргізді. Конференцияда Ә.Баубекұлы бастаған оншақты адам конференцияны тастап басқа жақта жиын өткізді.
Сәуір 1993 жылы облыстық «Азат» қозғалысының мұрындық болуымен 3 партия, 2 қозғалыс, 3 қоғамдық ұйымның басын қосып «Дөңгелек үстел» құрылды. Алғашқы мәжілісте 31 мамыр күнін атап өту, О.Сүлейменовтың Ресеймен конфедерация құру ұсынысы талқыланып, оған бірауыздан қарсы болды.
1993 жылы 21 мамыр күні облыстық «Азаттың» мұрындық болуымен облыстағы 8 партия мен қоғамдық ұйымдардың басы бірігіп дөңгелек үстел өтті. 31 мамыр аштық құрбандары күні жайлы және О.Сүлейменов ұсынған конфедерацияға қарсы пікірді «Дөңгелек үстел» бірауыздан қолдады.
3 шілде 1993 жылы Ақтөбеде республикалық «Азаттың» кеңейтілген мәжілісі болып, оған 9 облыстан 62 адам қатысты. Мәжілісте бірігіп жұмыс істеу сөз болды.. Оған К.Ормантай, Б.Дәрімбет, Х.Қожа-Ахмет, А. Зейнуллин және т.б. қатысты. Қызылордадан С.Жүсіпов, А.Қуанышбаев, Ә.Тәжібаев, Ж.Әлиев қатысты. С.Ақатай Ақтөбеге өзі келмей, орнына Е.Мұқанғалиевті жіберіпті. Бірігуге Ақатай жағы көнбеген соң мәжілісте «Азат» пен ҚРП бұдан былай өз алдына дербес, бірін бірі сыйлайтын, қажетті деп санайтын жерде бірігіп жұмыс істейтін болып келісті.
26 шілде 1993 жылы Сексеуіл депо жұмысшылары үш айдан астам айлық жалақысын ала алмаған соң ереуіл комитетін құрып, депо әкімшілігіне өз талаптарын орындауға үш күн уақыт берді. 29 шілде күні талаптары орындалмаған соң депо жұмысшылары таңертеңгі сағат 9-н бастап жұмысын тоқтатып жинала бастады. Кешкі сағат бесте 20 шақты адам темір жолға шығып пойызды тоқтатты.. Бұл жағдай 4 сағатқа созылып пойыздар осы уақытта жүре алмай қалды. Төтенше жағдай Алматыға дейін жетіп ереуілшілердің талабы (91 млн жалақы) орындалады деген уәдені алған соң ғана жолды босатты. Облыстық теміржол бастығы Б.Абылбеков бұл мәселеге басқа көзбен қарап, ереуіл басшыларын (У.Жұмағұлов, С.Арыстанов, Ә.Бекмұрзаев, Ш.Қаналиев) сотқа беріп, олардың үстінен қылмыстық іс қозғады.
19 тамыз 1993 жылы Облыстық сот бұл талап арызды қарап, арыз иесінің талабын қанағаттандыратын шешім қабылдады. Ереуіл басшылары теміржол шығындарын көтеруге міндеттелді.
23-26 тамыз 1993 жылы бұл жай Сексеуіл халқының ашу-ызасын тудырды. Осы күні халық қолдаған азаттық депутаттар У.Жұмағұлов, С.Арыстанов, Ә.Бекмұрзаев Орталық алаңда аштық жариялады. Бір күннен кейін Құлжанов, келесі күні Қ.Оралбаев қосылды. Талаптары: Сексеуілдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін толық шешетін республикалық деңгейде комиссия құрылсын, 19 тамыздағы облсот шешімінің күші жойылсын. Қызылорда теміржол басшылары қызметтегі орнынан босатылсын.
Ереуілді басқару үшін Қызылордадан «Азаттың» төрағасы С.Жүсіпов, ҮК мүшесі Т.Ділманов келді. Депо жұмысшылары жұмыстарын тоқтатуға келісетінін білдірді. Жағдай күннен күнге шиеленісіп қиынға соғатын халге жетті. Қызылордадан облыс әкімінің орынбасары Н.Мұсабаев, Батыс Қазақстан теміржол басқармасы басшылары келді. Акция облыста, республикада үлкен резонанс алып, үкімет орындары ереуілшілердің талаптарын орындауға мәжбүр болды. Аштық 26 тамыз күні тоқтатылды.
1993 жылдың 25 қыркүйегінде облыстық «Азаттың» конференциясы өтіп төрағалыққа С.Жүсіпов, орынбасарлары болып Ж.Егізбаев, Ә.Тәжібайұлы, Р.Сәрсенбаев сайланды.
1993 жылдың 30 қазанында Жаңақазалы стансасында облыстық ұлттық-демократиялық партияның құрылтайы өтті. Оған Алматыдан Б.Дәрімбет, Кәрішал Асанов қатысты. Партия төрағасы болып С.Жүсіпов, орынбасарлары болып М.Рақашұлы, Ә. Тәжібаев сайланды.
30 қараша 1993 жылы Ә.Баубекұлы «төтенше комитет» құрды. Осы күні ол «Азаттың» конторына Ә. Тәжібайұлына келіп, «Азаттың» екі папкасын алып қашып бермей кетті.
1994 жылдың 8 қаңтарында Қызылорда қаласында «Азаттың» кезектен тыс конференциясы шақырылды. Онда сайлауға кандидаттар ұсыну мәселесі қаралып, блыстық мәслихатқа 15 адам, қалалық мәслихатқа 9 адам ұсынылды. Қазалы аудандық «Азат» ұйымы облыстық мәслихатқа М.Рақашұлын, аудандық мәслихатқа 9 адам ұсынды.
1994 жылдың қаңтар-ақпан айында Жоғарғы кеңес депутаттығына тәуелсіз кандидат болып Қазалы ауданында К.Қуатов, Ә.Баубекұлы түссе, Қызылорда қаласында Қазақстан социал-демократиялық партиясының төрағасы Дос Көшімов түсті.
1994 жылдың 7 наурызында өткен сайлау қорытындысы бойынша «Азаттан» А.Қанатбаев, А.Есмұрзаев, М.Рақашұлы, Ж.Әбішев, А.Алматов облыстық мәслихаттың, Жаңабай Бексариев қалалық мәслихаттың депутаты болды.
Наурыз 1994 жылы Арал аудандық «Азат» қозғалысының төрағасы У.Жұмағұлов Сексеуіл кентінің әкімі болып, С.Арыстанов оның орынбасары болып тағайындалды.
Мамыр 1994 жылы «Азат» мүшелері М.Рақашұлы, Т.Үмбетова, Ж.Бексариев, Алматыда өткен адам құқы жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты.
Маусым-шілде 1994 жылы облыстық мәслихаттың екінші сессиясында азаттық депутаттар «Аманат» атты депутаттар тобын құрды.
9 шілде 1995 жылы облыстық мәслихат сессиясында «Аманат» депутаттық тобы облыс әкімінің есебіне байланысты оған қанағаттанғысыз деген баға беріп, С. Шауқамановқа сенімсіздік көрсету туралы ұсыныс жасады.
Тамыз 1994 жылы «Халық кеңесі» газетінде А.Қанатбаевтың «Қолбала депутат болғым келмейді» деген мақаласы жарияланды.
1994 жылдық 25 қараша күні «Азат» қозғалысының төрағасы С.Жүсіповке, 1995 жылдың 12 наурыз күні С.Жүсіповтың сенімді өкілі Ж.Жүсіповке қалалық ішкі істер бөлімі қызметкерлері тарапынан қастандық жасалды. Атап айтқанда, оларға күш жұмсалып зорлық көрсетілді. Түрмеге қамалды. Милиционерлердің заңсыз әрекеттеріне тиісті баға берілмей, мәселені жауып тастады.
1995 жылы 26 наурызда өтетін, кетіп қалған депутат орнына облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттыққа 6 адам түсті. «Азаттан» Ә.Баубекұлы мен С.Жүсіпов түсіп, сайлау нәтижесіз аяқталды. Сайлаушылар түгел қатыспағандықтан есепке алынбай қалған соң сайлау заңы бойынша 2 айдан кейін сайлау тағы да өтуі керек еді. Бірақ, қаражат жоқ деген сылтаумен әкімшілік сайлауды жарты жыл өтсе де өткізбеді
1995 жылдың қараша- желтоқсанның 8 аралығында Парламент сайлауына Аппаз Қанатбаев өзін өзі ұсынумен депутаттыққа түсті. Сенат сайлауына Ж.Әбішев түсті, бірақ облыстық сайлау комиссиясы оны тіркемеді. А.Әбдікәрімовты сенат сайлауына түсіріп көмектестік.
1995 жылдың 7 қарашасында ұзақ аурудан соң «Азаттың» қайраткер азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты Мамай Рақашұлы қайтыс болды. Екі жылдан соң «Азаттың» тағы бір мықты азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты болған Аманқос Есмұрзаев дүние салды...
Әзірлеген – Сағат Жүсіп
Abai.kz