Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3594 0 пікір 17 Қыркүйек, 2016 сағат 17:50

Дақыл ексең, мақта ек

Тоқыма кластерi – өңiр өнеркәсiбiнiң негiзгi бағыты

Осыдан екi-үш жыл бұрын мақта шаруашылығына деген көзқарас едәуiр төмендеп, оның көлемiн мейлiнше қысқарту керек деген ұстаным жасалды. Бұл, әсiресе, негiзгi дақылы ақ мақта болып келген мақтааралдықтар үшiн ауыр тидi. «Сәнiмiз де, әнiмiз де, нәрiмiз де – ақ мақта» деп, көз ашқалы осы дақылды өсiрiп, тiршiлiгiнiң басты қайнары санап келген «ақ алтыннан» айырылу оңай ма? Оның үстiне елiмiз егемендiк алған жылдардан берi мақта саласына Елбасымыз үлкен қолдау жасап келедi. Мақта–тоқыма кластерi дүниеге келдi.

Бүгiнгi таңда өскен шиттi мақтаның 35 пайызы облыстың тоқыма кәсiпорындарында өңделуде. Ендiгi мақсат – 2020 жылға дейiн шиттi мақтаның 90 пайызын облыстың кәсiпорындарында өңдеудi қамтамасыз ету. Сонымен қатар, шиттi мақта көлемiн 54 пайызға өсiру жоспарланған, ол 420 мың тоннаны құрайды.

Бүгiнде өңiрдiң әр ауданында индустриалды аймақтардың құрылысын жүргiзу және дамыту қолға алынған. Осы орайда Оңтүстiк Қазақстан облысында 11 индустриалды аймақ құрылған, оның төртеуi Шымкент қаласында орналасқан. Оның iшiнде, алтауы iске қосылып, онда 143 жобаны жүзеге асырып, 10400 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Республикада бiрiншi болып жұмысын бастаған «Оңтүстiк» индустриалды аймағында 20,4 млрд. теңгенiң 39 жобасы iске асырылып, 3,1 мың жұмыс орны ашылды.

Ал, «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағынан тоқыма фабрикалары iске қосылды. Ғылыми-зерттеу институты, фабрика жұмыс iстейдi. «Мақта саласын дамыту туралы» заң қолданысқа ендi. Ағын су тапшылығын жою мақсатында қыруар қаржы бөлiнiп, Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы атындағы жаңа канал салынды.               

Мақта алқабын қысқарту мәселесi шаруалардың көңiлiне қаяу түсiрiп, еңсесiн басып жүрген кезде облыс басшысы бұл салаға оң қабақ танытып, ерекше қолдау бiлдiруi бiздердi, мақташылар қауымын ерекше қуантты. Биыл бiздiң аймақта 86 мың гектарға мақта өсiрiлiп отыр. Қазiр өнiм қорландыру айы. Көсек толығып, пiсiп жетiлуде. Қозаны күтiп-баптау, агротехникалық шаралар ойдағыдай атқарылуда. Бұл орайда өзiм жетекшiлiк ететiн Ералиев ауыл округiндегi «Төребек» шаруа қожалығында 103 гектар суармалы жердiң 80 гектарына мақта өсiрiп, оны ерекше күтiмге алғанбыз. Өткен жылы да осынша алқапқа мақта егiп, одан орта есеппен 30,4 центнерден ақ ұлпа жинадық. Бiздiң iрiленген қожалығымызға 13 ұсақ шаруа шаруашылығы бiрiккен. Жыл сайын жеңiлдетiлген бағамен аммиак селитрасын, жағар майды уақытында аламыз. Алқабымызды су сорғы стансасынан келетiн ағын сумен суарудамыз. Өсiмдiк зиянкестерiмен тек биологиялық әдiс арқылы күресемiз. Қоза жақсы жетiлiп келедi. Қазiрдiң өзiнде әр жұп қозада 10-12 көсек бар.

Оңтүстiк брендiнiң келешегi кемел болсын десек, мақта өсiру мәдениетiн қалыптастырып, оны тиiмдi бағамен сату, тек шикiзат күйiнде экспорттамастан өңдеп, өнiм шығару, тұқымдық шиттiң сапасын жақсарту секiлдi мәселелерге баса назар аудару қажет. Жердiң сорланып, тұздануын тоқтату үшiн тiк дренаждарды iске қосып, жердiң құнарын арттыру мақсатында фосфорды көптеп өндiрген дұрыс.

Мен Кеңес дәуiрiнде көп жыл жастардың өндiрiстiк бригадасына жетекшiлiк еттiм. Сол кездерде мақтаның әр гектарынан 40-45 центнерден өнiм алдық. Экспорттық әлеуетi жөнiнен бидайдан кейiнгi орынға ие мақтаға көзқарас дұрыс болса, оның келешегi зор деп ойлаймын.

Сайлау Тотықов, «Құрмет» орденiнiң иегерi, Мақтаарал ауданының құрметтi азаматы.

Abai.kz    

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5659