Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2793 0 пікір 16 Қыркүйек, 2016 сағат 18:19

Өнеркәсiбi дамыған Ордабасы

Облыс әкiмдiгiнiң баспасөз қызметi отандық өнiмдердi қолдау мақсатында өнеркәсiбi дамыған Ордабасы ауданына  баспасөз турын  ұйымдастырды.

Қажымұқан ауылдық округiне қарасты Көктөбе ауылында «Kazakhstan Logistics Group» ЖШС  тамшылатып суару технологиясымен 250 гектарға интенсивтi алма бау, 50 гектарға жүзiм  өсiруде. 2013 жылы басталған жобаның құны 876,6 миллион теңгенi құраса, оның 797,1 миллион теңгесi мемлекет есебiнен несие көздерi арқылы алынған. Жоғары өнiм беретiн аласа бойлы көшеттер Италиядан әкелiнген. Оның тиiмдiлiгi сол – биыл ексе, келесi жылы өнiм бередi. «Былтыр алманың әр гектарынан орта есеппен 2 тоннадан өнiм алып едiк, биыл оған қарағанда мол өнiм алатынымызға сенiп отырмыз. Толық жемiс беру мерзiмi келгенде жылына 10000 тонна алма, 500 тонна жүзiм алынады деп күтiлуде» дейдi серiктестiктiң бас директоры Руслан Сазынбек.

Мұнда 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал, науқан кезiнде 30-40 адам еңбекке тартылады. Серiктестiктiң Шымкент қаласында жемiс сақтайтын арнайы қоймасы да бар.

Бадам ауылында 2008 жылдың шiлдесiнен iске қосылған «Ордабасы нан» ЖШС-i тәулiгiне 200 тонна ұн шығарса, биыл диiрменнiң өндiрiс қуаттылығы екi есеге ұлғайтылған. «Бизнестiң жол картасы – 2020» мемлекеттiк бағдарламасының «Өндiрiс—2» желiсi бойынша 6 пайызбен 7 жыл мерзiмге «Даму» кәсiпкерлiктi қолдау қоры арқылы 470,0 миллион теңге  несие алды. Мұнда Түркияның  автоматтандырылған жаңа технологиялары арқылы күнiне жоғары, бiрiншi, екiншi сұрыпты – барлығы 390 тонна ұн өндiрiледi. Бидайды Қазақстанның барлық өңiрiнен сатып алуда. Кәсiпорын ұнға деген iшкi сұранысты өтеп қана қоймай, Өзбекстан мен Ауғанстанға экспортқа да шығаруда. Алдағы уақытта ҚХР-ға да жiбермек. «Үш ауысымда жергiлiктi 104 тұрғын еңбек етуде. Н.Есенбеков тәрiздi мамандардың  жаңа технологияны меңгеруiнiң нәтижесiнде нысан  тиiмдi жұмыс iстеуде» дейдi кәсiпорын басшысы Бауыржан Сапарбеков. 

Осы ауылдық округте елiмiзге сапалы кiрпiшiмен танылып жүрген тағы бiр нысан бар. Ол -- «Агро-V» ЖШС-нiң  қыш зауыты. Заманауи технологиялармен жабдықталып, 2014 жылдың күзiнде «Үдемелi индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында iске қосылды. Оған 526,9 миллион теңге жұмсалды. Инфрақұрылым 148 миллион теңгеге жүргiзiлдi. Қазiргi таңда зауыт күнiне 55 мың кiрпiштi iшкi нарыққа шығаруда.  Директордың мiндетiн атқарушы Қ.Бөрехановтың айтуынша, мұнда жергiлiктi 62 тұрғын жұмыспен қамтылған. Бiр кiрпiштiң бағасы — 35 теңге. Көбiне құрылыс жүргiзетiн компаниялар өтiнiш бередi. Келесi жылдан бастап тәулiгiне 60-70 мың кiрпiш өндiрiлмек.  

Бадам ауылдық округiндегi алты ауылда 13684 тұрғын бар. Жуырда бадамдық әкелi-балалы Жаңабай мен  Мұрат Жолдықожаевтар «Раяна» спорттық ойын-сауық кешенiн ашып, ауылдың жас-кәрiсiнiң тегiс алғысына бөленуде. Бос уақытын жастар бүгiнде спортпен шұғылдануға арнап жүр. «Раянаның» қожайындарының бiрi Мұраттың өзi де спортпен айналысады. Жуырда ол аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. Спорт кешенiнде күрес, дзю-до, бокс залы бар, монша, сұлулық салоны, дәмхана жұмыс iстейдi. Салауатты өмiр салтын ұстануға бар жағдай жасалған. Спорт кешенiне күнiне 30-40, кейде 100 шақты  спортсүйер жас келедi. Оларды арнайы мамандар жаттықтыруда.

Базаргүл ҚАЛБЫР.

Abai.kz     

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5662