Жексенбі, 24 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 6870 0 пікір 15 Қыркүйек, 2016 сағат 12:31

ТИМУР ҚҰЛЫБАЕВПЕН СҰХБАТ

Үстіміздегі жылдың 9 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет жұмысының басты басымдықтарының бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру мен жұмыспен қамту ауқымын кеңейтуді белгілеп бергені белгілі. Бұған қоса, агроөнеркәсіп кешенін, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту мен экспорттық әлеуетті әртараптандыру бойынша тапсырмалар берген еді.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға орай Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытудың 10 ілгерінді қадамын ұсынып отыр. Ал біз осы 10 қадамның түйінін тарқату мақсатында Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Т.А.ҚҰЛЫБАЕВТЫ әңгімеге тартқан болатынбыз.


Микронесиелеуді кеңейту – кәсіпкерлікті дамытудың ұтымды жолы


–        Тимур Асқарұлы, қазіргі кезде кәсіпкерлікті микронесиелеу «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары аясында жүзеге асырылып келе жатқанынан хабардармыз. Осы бағдарламалардың артықшылықтары қандай, кемшіліктері бар ма? Болашақта микронесиелеуді қазіргіден де жеңілдетудің жолдары қарастырыла ма?

– Бүгінде бизнесті микронесиелеу, өздеріңіз айтқандай, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылу үстінде. Берілу көлемі жылына 6 пайыздық өсіммен 10 млн теңге. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес жылына 5 пайыздық өсіммен 3 млн теңге беріліп келеді. Бұған қоса, «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингінің тетіктері арқылы микронесиелік ұйымдар тарапынан жылына 9,5/12 пайыздық мөлшерлемемен 3 млн теңгеге дейін несиелеу қарастырылған.

Осындай тиімді қаржылық шарттарға қарамастан, кәсіпкерлер аталған бағдарламалар бойынша кепілмен қамтамасыз ету, талап етілетін құжаттар санының көптігі және ілеспелі жобалардың жоқтығы салдарынан қиындықтарға тап келіп жатады. Мәселен, кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша микронесие алу үшін 13 құжат ұсынуы тиіс. Осыған қарамастан, өткен жылы Микронесиелік ұйымдар (МНҰ) тарапынан жалпы сомасы 120 млрд теңгенің 564 мың микронесиесі беріліпті.

Бұл жерде атап көрсететін бір жайт – ауылдық жерлерді микронесиемен қамту деңгейі төмен күйінде қалып отыр. Ауылдық жерлерде тек 75 МНҰ ғана белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Ал Қазақстанда, тұтастай алғанда, белсенді жұмыс істейтін 342 МНҰ бар. Мәселен, Атырау облысында МНҰ ауылдарда мүлдем жұмыс істемейді, Ақтөбе облысында осындай белсенді екі-ақ ұйым тіркелген, Маңғыстау облысында, тіпті, біреу ғана.

Істерін енді бастаған көптеген кәсіпкерлер үшін микронесиелер мөлшермелердің (орташа алғанда жылдық 40 пайыз) жоғары болуымен байланысты қолжетімсіз болып отыр. Осыған орай үстіміздегі жылдың басынан бері «Атамекен» ҰКП жеке инвестициялар мен жергілікті бюджет қаржыларын тарту есебінен бес қанатқақты облыста микронесиелеуге кірісіп кетті. Олар: Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай және Маңғыстау облыстары.

«Атамекен» ҰКП жүзеге асырып жатқан шешуші басымдықтарға микронесиелеудің кепілдер бойынша икемділігі, кепілдеме ұсыну, кәсіпкерлердің оқудан бастап бизнес-жобалар жасағанға дейінгі аралықтағы іс-әрекеттері, кооперациялар мен тікелей сатудың мүмкіндіктері жатады.

Микронесиелер 5 жылға дейінгі мерзімге жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 15 млн. теңгеге дейінгі сомада салалық шектеулерсіз беріледі. Оның үстіне, кәсіпкерге микронесие алу үшін бар болғаны 5-6 құжат өткізсе жетіп жатыр.

Микронесиелеу қызметімен кең қамту «Атамекен» ҰКП-ның инфрақұрылымдарын дамытуды қамтамасыз етеді. Қамтамасыз ету аудандық деңгейде де жүзеге асырылады. Бүгінге дейін облыстық деңгейде 23 Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығы (КҚО), ал аудандық деңгейде 188 Кәсіпкерлікті қолдау орталығы (КҚО) жұмыс істесе, олардың 152-сі аудан орталықтарында, 9-ы шағын қалаларда, ал 27-сі моноқалаларда орналасқан.

 

Халықты бизнестің негіздеріне жаппай оқытқан тиімді


– Қазіргі таңда халықты бизнестің негіздеріне оқытып-үйрету «Бизнес-Кеңесші» және «Бизнес-Өсім» жобалары бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде жүзеге асырылып жатыр екен. Осы мәселені тарқата түссеңіз.

– Осы арада оқыту тақырыбына байланысты «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша оқыту 2 күн ішінде, ал «Бизнес-Өсім» жобасы бойынша 2-5 күн аралығында жүзеге асырылатынын нақтылай кетейін. Бизнестің негіздеріне дайын емес аудиторияны, әсіресе, ауыл халқын осындай пішімде оқыту өте тиімсіз және формальді.

Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қысымды төмендету, сондай-ақ, өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуды қамтамасыз ету үшін нақты іс-шараларды жүзеге асыру шеңберінде «Атамекен» ҰКП ел Үкіметінің қолдауымен Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында екі қанатқақты жобаны – «Bastau Бизнес» және «Bastau Кәсіп» жобаларын аяқтады.

«Bastau Бизнес» жобасы кәсіпкерлікті ауылда дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, ауыл халқының жұмыспен қамтылу деңгейін бизнес-бастамалар мен халықты кәсіпкерлік негіздеріне жан-жақты үйрету арқылы көтеруді мақсат тұтады. «Bastau Бизнес» жобасы бойынша оқыту ұзақтығы 1 айды құраса, бұл бизнеске оқытудың басқа бағдарламалары ұзақтығынан 6-дан 10 есеге дейін асып түседі.

«Bastau Бизнес» жобасы 5 кезеңде жүзеге асырылады: 1) халықты жобамен құлақтандыру және таныстыру; 2) тестілеу жүргізу мен қатысушыларды іріктеу; 3) практикалық оқыту; 4) бизнес-жоспарды жан-жақты талқылау, бизнес-жоспар жасау; 5) жобаны микронесиелеу беруді қоса алғанда, алғашқы 12 ай бойы ілгерілету.

«Bastau Кәсіп» жобасының ерекшелігі еңбек нарығының сұранысына бағдарланғандығында болып табылады. Бұл оқыту және жұмыспен қамту қызметтері арқылы жүзеге асырылады (Naimi.kz сервистік базасының мобильді қосымшасы, біртұтас call-орталық, тапсырыстарды онлайн режімде оқыту және іздеу).

«Атамекен» ҰКП-да «Атамекен Бизнес Академия» онлайн-оқыту жобасы жүзеге асырылып жатыр, сондай-ақ, бизнес-тренерлерді оқыту үшін әдістемелік орталықтар құрылуда.

Ұзақтығы жөнінен оқытудың қысқа мерзімді мемлекеттік бағдарламасынан 6-10 есе асып түсетін «Bastau Бизнес» жобасының тиімділігін ескере келгенде, жобаның икемділігі мен бейімділігі оң бағаланатыны анық. Сондықтан онымен Қазақстан Республикасының барлық өңірлерін кең ауқымды қамту ұсынылып отыр.

«Bastau Кәсіп» жобасын толыққанды жүзеге асыру және кеңейту мақсаттарында Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде оны «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына интеграциялау ұсынылады. Бұл жерде тиісті орталық мемлекеттік органдардың (Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі) ресурстарын аталған жобаны барынша тиімді жүзеге асыру үшін пайдалану қажеттігі де көлденең тартылады.

 

Ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту – ілгерілеу кепілі


– Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды тежеп келе жатқан проблемалардың бірі басым жағдайда өндірістің ұсақ тауарлы сипаты болып табылатыны ақиқат. Осы проблеманы шешу үшін қандай жұмыстар жасалып жатқанын білсек деп едік.

– Ұсақтауарлылық проблемасын еңсеру мақсатында өткен жылдың қазан айында «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң қабылданды. 10 қанатқақты кооперативтер құру және оның жұмысын жолға қою бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірлескен жоспары жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, ҰКП тарапынан «200 ауыл шаруашылығы кооперативтері» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі кездің өзінде шамамен 7 мың шаруа қожалығы мен халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарын біріктіретін 283 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді.

Сонымен бір мезгілде, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ауыл шаруашылығы кооперативтері пішінінде ірілене отырып, «арзан» ақшаға қол жеткізе алмау проблемасымен бетпе-бет келуде. Қаржыға қол жеткізу проблемасын шешу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне мыналар ұсынылады:

- халықтың кооперативтерге біріккен жеке қосалқы шаруашылықтарының микронесиелеу басымдықтарын айқындау;

- «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ институттары арқылы жеңілдікпен несиелеудің жаңа өнімін енгізу.

Сараптама қорытындыларына сүйенсек, тікелей сату жүйесінің болмауы салдарынан өндірілген өнімнің 20-40 пайызға дейін қымбаттап кететіні байқалып отыр. Осыған орай желілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері арасында сауданы дамытудың үш кезеңді тәсілі ұсынылады.

Бұрынғы қадамдарды жүзеге асыру бойынша жасалған жұмыстарды ескере келгенде, ауыл шаруашылығы кооперацияларын қолдау жүйесі төмендегіше түзілетін болады:

- жергілікті жерлерде ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

- халықты бизнестің негіздеріне, бизнес-жоспар жасауға үйрету;

- микронесиелеу арқылы қаржыландыру немесе «ҚазАгро» ҰБХ арқылы жеңілдікпен қаржыландыру;

- ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуды/қайта өңдеуді ұйымдастыру.

 

Бәсекеге қабілетті бизнесті ұзақ мерзімді мемлекеттік тапсырыстар есебінен қолдау қажет


– Қалыптасқан экономикалық жағдайда отандық өнімдерге сұранысты ынталандыру маңызды. Аталған үдерісте күнделікті тұтынатын тауарлар, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу, квазимемлекеттік секторларды сатып алу және жер қойнауын пайдалану шеңберіндегі тұрақты сұраныс шешуші рөл атқаратыны белгілі. Осы арада мынадай сұрақ туындайды: күнделікті тұтынатын тауарлардың жыл сайынғы көлемі қандай?

– Күнделікті сұранысқа ие тұтыну тауарларының жыл сайынғы көлемі (киім-кешек, аяқ киім, азық-түлік өнімдері, жиһаз) шамамен 1,9 трлн теңгені құрайды. Бірақ осының ішінде отандық өнімнің үлесі орташа алғанда 30 пайыздан аспайды. Ал мемлекеттік сатып алулардың, квазимемлекеттік секторлардағы сатып алулар мен жер қойнауын пайдаланушылардың жалпы көлемі шамамен алғанда 9,7 трлн теңге болса, отандық деңгейдің үлесі – 57 пайыз.

Осыған байланысты отандық өнім өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін жергілікті мазмұнның үлесін арттыру жолымен жоғарылату бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл үшін жергілікті тауар өндірушілерге ұзақ мерзімді мемлекеттік қолдау көрсетілуі шарт. Қазіргі таңда осы бағытта нақты жұмыстар жүргізіле бастағанын да айта кеткеннің артықтығы жоқ.

 

Шағын және орта кәсіпкерліктің экспортқа бағдарлануы – экономика өсімінің негізгі драйвері


– Бүгінгідей жағдайда экономика өсімін қалай ынталандыруға болады?

– Соңғы жылдары ел экономикасы дамуының баялауы бізді өсімнің жаңа драйверлерін табуға интермелеп отыр. Экономикамыз кейінгі онжылдықта ірі компанияларға тәуелді болған болса, бүгінде біз парадигманы шағын және орта кәсіпкерлікке қарай бұруға тиіспіз. Әсіресе, экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға көңіл бөлуіміз керек, өйткені біздің ірі көршілерімізде –  Қытай, Ресей және Иранның ірі нарықтарында біз әлі пайдаланбаған экспорттық әлеует бар.

Шағын және орта кәсіпкерлік секторының да ішкі проблемалары баршылық. Мысалы, дамыған елдерде шағын және орта кәсіпкерліктің экспорттағы үлесі қазақстандық көрсеткіштерден он есе жоғары – 25 пен 50 пайыз арасында болып отыр. Бұл ел кәсіпкерлерінің айтарлықтай бөлігі сауда секторында екендігімен, ал өзге озық елдерде керісінше өндіруші болып отырғандығымен түсіндіріледі.

Бүгінде Қазақстанда экспортты қолдаудың жалпыға мойындалған барлық мемлекеттік қолдау шаралары бар, олар түрлі мемлекеттік мекемелер арасында «шашырап кеткен». Бұл шаралардың келісілмеуіне, экспортты қолдау жөніндегі ұйымдардың арасында бірдей функциялар жүктеуге әкелуде. Органдар арасындағы осы түсініспеушіліктердің бәрінен кәсіпкерлеріміз жапа шегіп отыр.

Сондықтан, экспорттаушыларды қолдау жан-жақты механизм болып саналатындығын және түрлі құралдарды пайдалануды қажет ететінін ескере отырып, барлық шараны бірыңғай әрі жүйелі үдеріске байланыстыру қажет. Бұл үшін Экспортты ілгерілетудің ортақ стратегиясын әзірлеп, қандай компаниялардың экспортқа шығуға әлеуеті бар екенін анықтаудан бастап, өзге елдерде түрлі көрмелер мен алаңдар ұйымдастыруға дейінгінің бәрін қамту қажет.

Түпкі мақсат осы кәсіпорындарды табу және экспорттық нарықтарға ілгерілету болып табылады. Егер олар жеткіліксіз болса, онда олардың қатарын өсіру үшін қалыптасу кезеңінде мемлекеттік тапсырысты ұзақмерзімді негізде (3 жылға келісімшарт) алуы үшін басымдықтар беруге дейінгі түрлі қолдауларды қамтамасыз ету қажет. 

Осыған байланысты экспортты қолдаудың барлық шарасын бір терезе қағидатындағы оператормен бірге шағын және орта кәсіпкерліктің экспортқа бағдарлануы мәселесіне шоғырландыра отырып, Экспортты ілгерілетудің жаңа стратегиясын әзірлеу ұсынылады

Аудан орталықтарына дейін өңірлік  инфрақұрылымы қалыптасқанын, орта және ірі кәсіпорындардың сандық негіздегі базасы, шетелдердің сауда-өнеркәсіп палаталарымен жолға қойылған байланысы бар екенін ескерсек, экспорт саласындағы бірыңғай операторды «Атамекен» ҰКП  басқара алар еді.

 

Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы индустриялық және инвестициялық шешімдер қабылдауға негіз болады


Білуімізше, қазір Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы әзірленіп жатқан секілді. Мұның Индустрияландыру картасынан айырмашылығы неде?

– Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы –  бұл бизнес-навигатрор сияқты эклектрондық портал, онда кәсіпкерлер, кәсіпкерлік қызметке қызығушылығы бар әлеуетті кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін  өзекті ақпарат шоғырланған.

Бизнес-навигаторда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту шаралары туралы ақпарат, елдің барлық өңірі бойынша талдамалық шолу (экономикалық мамандану және әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері) қамтылған. Сондай-ақ порталда нақты байланыс деректері мен бизнес-субьектілер туралы өзге де қажетті ақпараттары бар елдегі кәсіпкерлердің бірыңғай реестрі енгізілген. Осыған орай, өңірлік карта индустриялық және инвестициялық шешім қабылдау үшін нақтылы негіз бола алады. Қазіргі кезде Картада 105 перспективалық инвестициялық жоба бар. Қазірдің өзінде 103-тен аса елдің өкілдері осы порталды қарап отыр.

Дейтұрғанмен, кәсіпкерлер бүгінде инвестор тарту үшін бизнес-идеяларды техникалық экономикалық негіздеме формасындағы инвестициялық жоба деңгейіне жеткізу ісінде қиындықтарға тап болуда. Кәсіпкерлер ұсынған инвестициялық жобалар әдетте инвесторлардың талаптарына сай келмейді.

Соған орай біз жобаны Индустрияландыру картасына енгізу туралы шешім қабылдар кезде Өңірлік үйлестіру кеңесін  Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасындағы мәліметтерді ескеруге міндеттеуді; «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасына кәсіпкерлердің ТЭН жасау кезіндегі шығыстарын өтеу жөніндегі мемлекеттік қолдау шарасын қосуды; өңірлік карта базасындағы нарық туралы негізгі деректер арқылы аумақтық нарықтағы оңтайлы бос орынды іздеудің құралы ретінде «бизнес-конструктор» қағидаты бойынша кіші жүйе құруды  ұсынамыз.

 

«Үкімет бизнес үшін» сервисін құру маңызды


Тимур Асқарұлы, осы кәсіпкерлерді қолдау шараларын бір қолға шоғырландыруға болмай ма? Осы бағытта нақты бір жұмыстар бар ма?

– Соңғы жылдары мемлекет бизнесті қолдау шараларының инфрақұрылымына бастамашылық етіп, оны жүзеге асырды, қажетті бағдарламалар мен институттарды құрды. Бүгінде осы қолдау шараларын шоғырландыратын, кәсіпкерлерді қолдауды «Азаматтарға арналған Үкімет» сияқты «бір терезе» арқылы ұсына отырып, оларды ыңғайлы әрі тиімді ететін кез келді.

Осы орайдағы, «Үкімет бизнес үшін» жобасы қолдау шараларын «бір терезеге» шоғырландырудан синергиялық әсер тудыруға, кәсіпкерлерге арналған қолдау шараларының қолжетімділігі мен ауқымын ұлғайтуға, қолдау шараларын алу үдерісінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Аудандық деңгейге дейін инфрақұрылымдары мен кәсіпкерлікке сервистік қызмет көрсету тәжірибесі бар екенін ескерсек, Үкімет тарапынан үйлестіре отырып, операторлықты «Атамекен» ҰКП-ға жүктеу ұсынылады.

Үкімет бизнес үшін дегеніміз, бұл – даму институттары көрсететін субсидиялаудан, грант беруден, сертификаттаудан бастап, факторингке, сауда алаңына, арнайы экономикалық аймақтарға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға дейінгі барлық шараларды бизнес үшін біріктіре отырып, кәсіпкерге кеңес беретін, қызмет пен сервисті бірыңғай стандарт пен форматта көрсететін бір терезе.

 

Мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын қайта реттеу керек


– Кәсіпкерлер тарапынан жиі айтылатын шағымның ең негізгісі – тексеру, бақылау шараларының көптігі. Бұл мәселеге қатысты нақты қандай ұсыныстар бар?

– Жалпы республика бойынша бақылау және қадағалау функцияларын 61 ведомство жүзеге асырады (соның 45-і орталық мемлекеттік органдардыкі, 16-сы өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардан).

Мемлекеттік функцияларға жасалған талдау аталған ведомстволар түрлі салада 512 бақылау функциясына ие екенін, бұл тотальді мемлекеттік бақылауды білдіретінін көрсетті. Бұл ретте кәсіпкерлерге қатысты тексеру парағында 18 мыңнан астам талап бар екен (ең көбі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында – 10 мыңнан астам). Сонымен бірге, тексеру парағынан тыс санитарлық нормалар мен ережелердің 8 мыңнан астам талабы бар. Бұлар да мемлекет тарапынан бақыланады.

Мемлекеттік бақылаудың негізгі міндеті өнім (жұмыс, қызмет)  қауіпсіздігін қамтамасыз ету болуы тиіс. Сапа мәселесі нарықтың өзі арқылы реттелуі қажет, өйткені нарықтың басты діттегені – іскерлік репутация, тұтынушыны тарту және тұтынушыға стратегиялық бағдарлану. Бұл – бәсекелі нарықта істейтін әрбір ұйымға және әрбір кәсіпорынға аса маңызды.

Алайда, елде сапа мәселесі (стандарттар, құрылыс нормалары мен ережелері, гигиеналық нормативтер, типтік қағидалар) мемлекеттік органдар арқылы  тексеріледі және көп жағдайда сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызады.

Осыған байланысты мынадай ұсыныстар бар.

1) тексеру жүргізу кезінде бизнес субьектілерінен талап етілетін талаптарды қысқарту жұмыстарын атқару; 2)  тауардың (жұмыс, қызмет)  қауіпсіздігін бақылау мен тауар (жұмыс, қызмет) сапасын бақылауға қатысты мемлекеттік бақылаудың ара-жігін ажырату; 3) ұсынылатын тауар, жұмыс және қызмет сапасы бойынша бақылау функцияларын бәсекелі ортаға (өзін өзі реттей ұйымдарға – ӨРҰ)  беру, бұл ретте кәсіпкерлік субьектісін тауар (жұмыс, қызмет) сапасы талаптарына сәйкестікке мониторингтеу қорытындысы бойынша ӨРҰ ақпараты  Тауекелдер басқару жүйесінде СУР-да ескерілетін болады, сол арқылы адал кәсіпкерлерге қатысты қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті тексеру санын азайтады; 4) Мемлекеттік бақылауды біртіндеп кәсіпкерлердің тұтынушы алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандырумен алмастыру; 5) Кәсіпкерлік кодексіндегі тексерулер жүргізудің жалпы тәртібінен ерекшеліктер санын қысқарту.   

Жалпы алғанда, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларына ревизия жүргізу қажет.

 

Қылмыстық және әкімшілік заңнаманы одан әрі ізгілендірудің берері көп


Біздің елімізде экономикалық қылмыстарға қатысты заңнаманы ізгілендіру шаралары қолған алынған мәлім. Осы орайда, кейінгі кездері қабылданған кодекстер туралы не айта аласыз?

– Жаңа Қылмыстық кодексте экономикалық қылмыстар бойынша айтарлықтай жеңілдеу байқалмайды. Олардың кейбіріне қатысты жаза кісі өлтіру жазасымен бара-бар. Мысалы, жалған шот-фактура үзіндісі үшін, салықтан жалтарғаны үшін, жалған кәсіпкерлік үшін он жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Жазалаушы шаралардан алдын алу тәжірибесіне біртіндеп келу саясаты жүргізіліп отырғанын ескерсек, экономика саласындағы қылмыстық құқықбұзушылыққа экономикалық жауапкершілік шараларын қолданған жөн.

Жалған кәсіпкерлік жөніндегі қылмыстық процесс барысында обьективтілік және зерттеудің толыққандылығына қатысты заңнама талаптары сақталмайды. «Жалған кәсіпкерлік» құрамының өзі қылмыстың өзге құрамдарын қайталайды (іс жүзінде бұл салық төлеуден, банк несиесін төлеуден жалтарудың, алаяқтықтың бір амалы).

Заңды тұлғаларды (жалған кәсіпорындарды) тіркеуді болдырмаудың кесірлі тәжірибесі қалыптасты. Олардың контрагенттермен арадағы барлық мәмілелері жарамсыз деп танылады. Нәтижесінде, соңғыларына қосымша салық сомалары мен айыппұлдар жазылады.

Қылмыстық қудалау сондай-ақ «жоспардан тыс» тексеру үшін қолданылады және әлі күнге дейін бизнеске қысым жасаудың құралы болып қалып отыр. Егер әдеттегі тексеру үшін мемлекеттік орган бұл әрекетінің негізділігін прокуратурада дәлелдеуі тиіс болса, қылмыстық қудалауды бастау үшін мұндай кедергілер жоқ.

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» жаңа кодекстің таяуда қабылданғанына қарамастан, онда шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер қалып отыр.

Бүгінде кодексте жалпы 608 құқық бұзу құрамы көрсетілген, соның 400-ден астамы кәсіпкерлік қызмет субьектілеріне қатысты қолданылады. Кәсіпкерлерге қатысты осы 400 қылмыстық құрамның тек 14 бабы ғана «ескерту» түріндегі жазаны қарастырады.

Сондықтан Кодексте үлкен қоғамдық қатер төндірмейтін қылмыстық құрамдар бойынша ескерту, алдын алу институтын кеңінен қолдану қажет.

Осы мақсатта ең алдымен Бас прокуратурамен бірлесіп, бизнес-қоғамдастықты қатыстыра отырып, Қылмыстық кодекстің шамадан тыс репрессиялық сипатын жою, жазалаудан гөрі, алдын алу  шараларына қарай өту тұрғысынан жұмыстар жүргізу керек.

Екіншіден, Әкімшілік кодек аясындағы ескерту институтын кеңейту жұмыстарын жүргізіп, айыппұлдың бизнес көлеміне байланысты болуын жою, сондай-ақ бизнестің барлық санаты бойынша айыппұлдың ең жоғарғы шегін белгілеу қажет.

 

Нарық қағидаттарының сақталуына ревизия жасау – бәсекелі орта қалыптастырады


– Мемлекет басшысы көптеген нысандарды бәсекелі ортаға беру, олардағы мемлекеттің үлесін азайту міндетін қойып отырған мәлім. Бұл бағыттағы жұмыстарың барысы қалай болып жатыр?

– Үкіметтің 9 қыркүйектегі кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы министрліктердің ведомстволық бағынышты ұйымдары мен ведомстваларға оларды бәсекелес ортаға беру немесе жергілікті қамту деңгейіне қайталап инвентаризация жүргізу керектігін атап өтті. Қазіргі таңда квазимемлекеттік сектордың экономикаға ықпалы шамадан тыс жоғары болып отыр. Мемлекеттің бақылауындағы ұйымдар активтерінің үлесі ІЖӨ-нің 60 пайызына жетеді.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне қарасты Мемлекеттік мүлік реестрі (www.gosreestr.kz) жекеленген мемлекеттік компаниялар үлестестіктің 9-шы деңгейіне дейінгі ұйымдық құрылымдарға иелік етіп отырғанына қарамастан, еншілес және бағынышты ұйымдардағы үлестестіктің 5-ші деңгейіне дейін ғана көрсетеді, сол себепті де мемлекеттік компаниялардың нақты саны туралы дерек жоқ.

Қалыптасқан күрделі жағдайды еңсеру үшін Мемлекет басшысының  Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің тәжірибесі бойынша мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін ІЖӨ-нің 15 пайызына дейін азайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асырумен бірге үкіметтік деңгейде арнайы жұмыс тобын (Үкіметтік штаб) құру ұсынылып отыр.

Жоғарыда айтылған шаралар Мемлекет басшысы белгілеген және жалпы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарынау  кіру стратегиясына, ЭЫДҰ стандарттарын енгізу ісіне толық сәйкеседі деп есептейміз. Осыған байланысты аталған шараларды Үкіметтің Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі жоспарына енгізуді ұсынамыз.

«Атамекен» ҰКП алдағы уақытта мемлекеттік органдармен бірге ұсыныстарды талқылау және жетілдіруге атсалысуға, сондай-ақ егжей-тегжейлі тетіктерді, қажетті есептеулерді, нормативтік құқықтық актілерді өзгерту жөніндегі ұсыныстарды ұсынуға дайын.

Түп-нұсқадағы тақырып: Тимур Құлыбаевтың он қадамы

 Әңгімелескендер

Самат МҰСА, Айбын БАҚЫТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1502
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3273
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5708